Жануарлар мен құстар туралы жұмбақтар

 Жануарлар мен құстар туралы жұмбақтар

Тоғай - тоғай топтаған,
Тоғай ішін боқтаған.
Біреуі өлсе,
Бәрі жиылып жоқтаған.
Сиыр

Жамаулары болса да білінбейді,
Жансызға ондай нәрсе ілінбейді.
Ала мал

Үлгісіз піштім,
Жіпсіз тіктім.
Ала мал

Андыру мен мәндіру,
Тігісі жоқ қондыру.
Ала мал

Кекендеткен несі екен,
Келіп салған несі екен?
Сорпылдатқан несі екен,
Сорқылдатқан несі екен,
Суырып алған несі екен,
Суы тамған несі екен?
Желідегі биені емген құлын

Керіп қойған немене,
Көкектеген немене?
Малып қойған немене,
Бал татыған немене?
Желідегі құлын, піспек, сабадағы қымыз

Тау астында төрт бала,
Кезек - кезек ойнаған.
Төрт баланың қолына
Төрт айды әкеп байлаған.
Аттың төрт аяғы, төрт тұяғы

Алдымда бар нар қамыс,
Артымда бар нар қамыс.
Отырған жерім ой темір,
Басқан жерім бай темір,
Он қолымда - тең қайыс.
Ат, үзеңгі, қамшы, атқа мініп отырған адам

Алты аяқты,
Екі қарынды,
Екі басты,
Екі қолды,
Төрт көз, төрт құлақты,
Екі мойын, бір құйрықты.
Ат мінген адам

Шиге қамшы байладым.
Белбеуге байланған ат

Шауып келе жатып шақшам түсті.
Аттың тезегі

Жездем желіп бара жатыр,
Жез қалпағын түсіріп барады.
Аттың тезегі

Қарасам, қайдан келдің,
Малы қара сайдан келдің.
Аттың тезегі

Ұштым, ұжмаққа шықтым,
Тептім, терекке шықтым.
Атқа міну

Алды қияқ, арты шалғай.
Аттың жалы

Алыстан қарасам бір қара,
Қасына келсем мың қара.
Жылқының құйрығы

Тауға таяқ қыстырдым.
Түйенің мұрындығы

Жануар бар жапан дала түзде өскен,
Арқасына екі бала мінгескен.
Қос өркешті түйе

Мен көрдім тұтам ақас тау жайлаған,
Тауына тиіп кетсең ойбайлаған.
Үстіне қара орман артып алып,
Барса да қандай жерге той - тойлаған.
Жүк артқан түйе

Төлебайдың баласы төбелесіп келеді,
Егізбайдың өгей ұлы ерегесіп келеді.
Екеуі қарауыл қарайды,
Біреуі шөпшек тереді.
Түйенің аяғы, өркеші, аузы

Тасқа тисе кетілмейді,
Суға тисе ерімейді.
Аттың тұяғы

Кішкене ғана тостаған,
Көтеріп қана тастаған.
Аттың тұяғы

Ана таумен мына тау соғысып келеді.
Аттың төрт тұяғы

Екеуі елеңдеп келеді,
Төртеуі төбелесіп келеді.
Аттың екі құлағы мен төрт аяғы

Отырдым мұнан барып оймауылға,
Ілінді екі аяғым байлаулыға.
Қолыма екі қайыс ұстап алып,
Жүргіздім қайда барсам айдауыма.
Мінген ат

Төрт түп тұт мәуітімен кесіледі,
Үстіне мінген адам есіреді.
Құрдасым, тапқын мұны ойлы көзбен,
Ойласаң тереңірек шешіледі.
Ат

Қоян жақты, тақыр жонды,
Төрт тұяқ, екі аяқты, екі қолды.
Салпы ерін, өзі жүйрік,
Кең омырау, жуан құйрық.
Ат

Түбірлі төртеу,
Түймемен бесеу,
Ерубай екеу,
Мамық жалғыз.
Жылқы

Екі төлдің атынан
Бір төлдің аты шығады.
Тайлақ

Мамам маң басып барады,
Күлшесі қалып барады.
Түйенің ізі

Төрт лаулау,
Екі дің - дің,
Бір шібжің.
Түйенің аяғы, екі өркеші, құйыршығы

Шашылды маржан,
Бағасы арзан.
Құмалақ

Бір тауығым бар,
Жұмыртқасы көп,
Көп те болса жарылмайды.
Түйенің құмалағы

Жоғарыдан көп тас домалайды,
Кезектесіп бірін - бірі қуалайды.
Түйенің құмалағы

Таудан тас домалайды,
Тас бұршақтай сабалайды.
Түйенің құмалағы

Төсек астында төрт күлше.
Түйенің төрт табаны

Төрт кісі төсек сал дейді,
Екі кісі қарауыл қарайды,
Үлкен әйел есік аш дейді,
Кіші әйел төмпештейді.
Түйе, төрт аяғы, екі өркеші, түйенің құмалақ тастағаны

Дүбір - дүбір төртеу,
Есенгелді екеу.
Жағалбайлы жалғыз,
Оның таңы қарбыз.
Түйенің аяғы, екі құлағы, құйыршығы

Екеуі қарауыл қарап тұр
Төртеуі ұйықтап жатыр,
Біреуі қамыр басып тұр.
Түйе

Екі ауылдың баласы еңбектеп келеді,
Төрт ауылдың баласы төбелесіп келеді,
Бір ауылдың баласы шөпшек теріп келеді.
Жайылымнан қайтқан түйенің өркеші, аяғы, ауызы

Бір тақыт бар дүниеде әркім білер,
Ол тақыт қымбат емес, әркім мінер.
Мінерінде төмендеп келеді екен,
Мінгеннен соң жоғары көтерілер.
Түйе, оған мінген адам

Дүниеде ақас бар бек жайлаған,
Жанына адам барса ойбайлаған.
Ақастың адам білер мінезі бар,
Мінгесіп екі бала той тойлаған.
Түйе және оның өркеші

Ұзын - ұзын ұлпаны,
Ішіндегі жұлпаны.
Түйе, бота

Үш тың - тың,
Екі жылтың,
Төрт тап - тап,
Қап - қара сатпақ,
Бір былғаныш.
Түйе

Даусы қоңыр, үні мұң,
Тесіп қойған мұрынын.
Түйе

Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар.
Мойны ұзын, көзі үлкен,
Бұл не, өзің тауып ал?
Түйе

Маң - маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан.
Екі өркешін қом басқан,
Алабота, теріскен,
Мұрындығы келіскен,
``Шөк!``- дегенде, ``бық!`` - деген,
Шешіп үйін жүктеген,
Бұл не деген жануар?
Түйе

Маң - маң басып келеді,
Тапырақтап желеді.
Мойны ұзын, үсті тау,
Ертеден елге бел еді.
Түйе

Таптым - таптым, тап жорға,
Табаны жалпақ боз жорға.
Түйе

Болғанда қоян ерін, шыққан құлақ,
Тұлыбы шоқайғандай жатыр сұлап.
Жүруге қызметкер дайындалса,
Жалшыдай күні біткен кетер жылап.
Түйе

Бір байдың енші алыпты бір баласы,
Алғаны алпыс тоғыз ірі қарасы.
Төрт жерден түлікке желі қағып,
Үш жерден орнатылған мұнарасы.
Түйе, алпыс тоғыз - күйісі, төрт желі - аяқтары, үш мұнара екі өркеші, басы

Айнымай тартқан реңіне,
Жүрген жерінің тұр - өңіне, не?
Кесіртке

Көтере алмай ішкен суын,
Күшеніп жатыр,
Жаңғыртып қамыс нуын.
Әупілдек

Қара түсті қарқылдақ,
Ұшып - қонып жалпылдап.
Қоқыстарды шоқиды,
Жем іздейді там - тұмдап.
Қарға

Бір - ақ сөз біледі,
Өз аты онысы.
Соны айтып жүреді,
Және жоқ қонысы.
Көкек

Секектеп бір тұрмайды,
Өреден құрт ұрлайды.
Сауысқан

Ала шапан кигені,
Сескенгіш болған соң,
Қыпылықтап жүргені.
Сауысқан

Бояуы сан түрлі,
Түрі ұқсас тауыққа.
Бұлдырық

Тұрқы кептерден кіші,
Сарғыш мамық төсі.
Айдары желкесінде,
Өрнегі өр төсінде.
Бұл қандай құс?
Күжіргей

Сазды жер мекені,
Құрт - құмырсқа қорегі.
Кереметтей өнері,
Қанаттан үн береді.
Тауқұдірет

Өзі ұя салмайды,
Мекендейді шатырды.
Бау - бақшаны барлайды,
Зиянкеске батыл - ды.
Жарқанат

Күндіз сөнген шырағы,
Түнде көрер қырағы.
Тікірейіп айдары,
Егін жауын қырады.
Үкі

Шұнтиып қос ұлағы,
Түнде көрер қырағы.
Үкі

Қара жағал кішкене,
Қанаты бар сүйріктей.
Оған теңдес құс кәне?
Тапшы осындай жүйрікті?
Жағалтай

Қызықтырар әрі
Қарай берсең табылар,
Алуан түсті бояудың,
Өн бойында бәрі бар.
Қырғауыл

Үп - үшкір таяғы,
Жылан көзін ояды.
Дәуіт

Көк жүзінде жылжып жай,
Керуен құрған тізіліп,
Ілгек - ілгек шынжырдай,
Қалмайды олар үзіліп?
Тырна

Кеудесі қайқаңдап,
Жүреді байпаңдап.
Қаз

Қиянға қиын небір,
Салатын ұяны.
Өткір көзі шегір,
Бүргенін құртар тұяғы.
Бүркіт

Қауырсыны құлпырған,
Мың бояулы гүл тұнған.
Сайрағанда дауысы,
Әнге бөлер тау ішін.
Қара мына ғажапқа,
Өзі шебер мазаққа.
Тоты

Мойыны сұрақ белгісі,
Бұл қандай көл құсы?
Аққу

Су бетін сызып,
Ақ Құман жүр жүзіп.
Аққу

Көл бетінде қалқиды,
Мақта сынды үйілген.
Үні әсем сан қилы,
Мойны да әйбат иілген,
Мамығын ол тарайды,
Маңғаздана қарайды.
Аққу

Сайрайды бір талмайды,
Әнші құс бал таңдайлы.
Бұлбұл

Жайнаған бақтың әншісі,
Тамсанған оған сан кісі.
Бұлбұл

Ағаш басында,
Тас арасында,
Әр алуан қуыста
Түндіксіз отау.
Ұя

Құрықсыз тұлпар ұстадым,
Кеште құр - құрлап.
Кеште тауықты ұясына қамау

Күн батса қонақтап қалғыған,
Таң атса жерден жем аңдыған.
Тауық

Таңертең қашқан сиыр кеште бұзаулайды.
Тауық

Шелектеп құйсаң да су жұқпас.
Үйрек

Көлде жүрген көп сиыр,
Жетіп барсаң, жоқ сиыр.
Үйрек

Ұзын сирақ, түйе бас,
Жібек жалды қара шаш.
Қарап тұрсаң керуен,
Жасағаны серуен.
Тырна

Айтайын бір жұмбақты саған нұсқап,
Басына бөрік киер қара пұшпақ.
Үстіне ақ камзолын киіп алып,
Тұрады екі қолын артына ұстап.
Ала қарға

Балпаң - балпаң басады,
Адамнан қатты сасады.
Саусақтары салалы,
Қыста жылыға қашады.
Қаз

Ай астында жортқан,
Күн астында жортқан,
Күміс сырнай тартқан.
Қаз, қу

Қызыл жыңғыл түбінде,
Қыздай болып отырмын.
Беті - қолымды жуып алып,
Мұздай болып отырмын.
Қырғауыл

Тұмсығымен ояды,
Ұя салып қояды.
Табыңдаршы, балалар,
Ол қандай құс болады?
Тоқылдақ

Аққу емес, мойны ұзын,
Тырна да емес, сирақты.
Аулайды балық күн ұзын,
Түсіреді еске жирафты.
Балықшы құс

Сөйлесе сөзді,
Айтса ауызды,
Тынысы басқа,
Маңдайы қасқа.
Тоты құс

Меңгіл - меңгіл, меңгілше,
Меңгілде бар тарғылша.
Желіп кетсе жеткізбес,
Жерге түссе табылмас.
Бөдене

Тал басында ағаш үй,
Терезесіз тамаша үй.
Соны мекен етеді,
Қыста алысқа кетеді.
Қара торғай

Даланың көріп пе едің молдаларын,
Тыңдаңыз ол сорлының айтқан зарын.
Жиылып бір араға ойбайлайды,
Кез келген дүниеге ол бір жарым.
Торғай

Қайталап атымды,
Көктемде ән саламын.
Кез келген ұяға,
Жұмыртқа табамын.
Көкек

Мысық бастан,
Жапалақ түстен.
Үкі

Бір құс бар үлпілдеген жүні жұмсақ,
Тұяғы бейне болат алмас пышақ.
Тұмсығы имек, көрмейді күндіз көзі,
Шарықтап көкті кезіп, түнде ұшады.
Үкі .....



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?