Келін қай қылығымен сүйкімді

Келін қай қылығымен сүйкімді

Қазақ халқында келіннің отбасындағы рөлі мен орны өзінше бір бөлек. «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» дейді ата-бабаларымыз. Ұлын ұяға қондырып, шаңыраққа келін түсіру өмірдің ең маңызды ісі саналады. Өйткені ұл өсірген ата-ана үйге келіп түсер келіннің қандай боларына қам жейді. Бойжеткен сүйгені өскен шаңыраққа бас сұғып, табалдырығын аттаған күннен бастап өзінің келін екенін сезінгені дұрыс. «Қызымдай көремін» деген сөзге мастанбай, келіннің қыздан да адал боларын дәлелдеңіз. Осы себеппен біз бүгін cіздерге болашақта өнегелі де, ибалы келін болсын деген мақсатпен «Келін қай қылығымен сүйкімді?» деген тақырыпты ашпақпыз. Келіннің бойыннан қандай жағымды қылықтар табылуы керек?

Келін ашық-жарқын мінезді болуымен сүйкімді. Оның жайдары, ақкөңіл, әрі ашық-жарқын болғаны жақсы. Енді ғана танысып жатқан жаңа туыстарымен дұрыс қарым-қатынас орнатып, жаңа ортаға оңай сіңісіп кетуі үшін мінезінің ауыр болмағаны жөн. Кез келген адам келіннің қабағына қарайды. Қабағы қатулы келіннің тамағын да ешкім іше алмайды. Іші-бауырыңа кіріп, шын пейілмен ізет көрсететін келіннен кім айналмайды?

Келін пысық болуымен сүйкімді. Қыз баланың тұрмысқа ыңғайы келіп тұрғаны кімге болса да ұнайды. Ақ саусақ аппақ келіннен қолынан мың түрлі іс келетін пысық келін әлдеқайда жақсы. Келін келген күннен бастап пысықтығымен сынала бастайды. Келін болғанда қандай тағаммен ата-енеңді тәнті қыларыңды білмей бетің қызарып жүрмеу үшін қыз кезіңде дәмді тағам жасауды үйреніп алған он есе артық. Тағамның түр-түрін жасап, отбасының көңілін ас үйдегі жағымды иіспен алдандыратын келіннің сүйкімі қалай болмасын? Тамақтан өзге үй тұрмысымен де қиналмай айналысу үшін қыз күнде де осы тірліктерді жасап үйренгеннің зияны жоқ. Қыздардың аузынан «Келін болғанда жасаймын» деген сөзді мүлде алып тастау керек. Өйткені келін болғанда сол істі енді үйрене бастаудың орнына, сол істің құлағында ойнап тұру керек.

Келін ана болуымен сүйкімді. Ата-енесін көп күттірмей, денсаулығы жарағанша немере сыйлаудан шаршамайтын келіннің сүйкімі көп. Өйткені қазақ көбейіп, өсіп-өнгенді жақсы көреді. Отауға кеп түскен келін өмірге осы әулеттің көшін жалғайтын ұрпақ әкелуге тиісті. Бала-шаға көбейген сайын оны шу деп емес, той деп білетін келінді қалай сүйкімді демессің?

Келін кішіпейіл болуымен сүйкімді. Кішіпейіл келіннің ырысы мен несібесі көп болады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін келіннің шаңырағын береке пен бақ күзетеді. Қыңыр мінезімен көптің көңілінен шықпайтын келін сол ниетіне сай өмір сүреді.

Келін көпшіл болуымен сүйкімді. Көп болудан қашпайтын келіндердің өзгеден мәртебесі биік тұрады. Көптің көңілін тауып, сол арқылы өзіне жан тыныштығын іздейтін келін кімге болса да ұнайтыны рас қой?

Келін қонақжай болуымен сүйкімді. Қонағын құдайындай сыйлап, үйінде барын алдына тартатын қазақтың келіндері көп болғаны жақсы. Өйткені қонағы мен келім-кетім адамы көп үйде ырыс артады. Үйге келген әр адам өзімен бірге берекесін ала келеді.

Келін күйеуін сыйлауымен сүйкімді. Жолдасының талаптарының бәріне көндігіп, оның шешімдері мен бұйрықтарына құрметпен қарайтын келін отбасындағы тыныштықтың символы саналады. Келіні күйеуіне бағынып, айтқанынан шықпайтын үйде ұрыс-керіс атымен болмайды. Ал ұрыс-керіс ұяламаған ұяға бақ құсы қонып, береке орнайды.

Келін жаулығымен сүйкімді. Жаңа түскен келіннің басына ақ орамал текке жабылмайды. Бұл салт ақ жаулық келіннің бұдан кейінгі өмірдегі серігіне айналсын деген ниеттен туындаған. Басқа орамал тағудан қашудың керегі жоқ. Ол тазалық пен қазақи мәдениеттің бір көрінісі. Келініне орамал тақпай-ақ жүре беруіне рұқсат берген ата-ененің бұл қылығын түсінуге болатын шығар. Бірақ келіннің өз еркімен орамал тастап жүруді әдетке айналдыруы дұрыс қылық емес. Ата-енесімен бірге тұрмайтын келіндер тым болмаса туыстары мен ата-енесінің көзінше және ас үйде орамал тағып жүруі міндетті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?