Қазақ әдебиеті | Бернияз Күлеевтің ақындық әлемі

 Қазақ әдебиеті | Бернияз Күлеевтің ақындық әлемі

Мазмұны
I. Кіріспе...................................................................................3
II. Негізгі бөлім
1 тарау........................................................................................8
Бернияз Күлеевтің ақындық әлемі
2 тарау........................................................................................27
Бернияз - Абай үлгісіндегі ақын
3 тарау........................................................................................38
Ақын поэзиясының көркемдік ерекшелігі
Қорытынды...............................................................................48
Сілтеме көрсетілген әдебиеттер............................................51
Пайдаланылған әдебиеттер....................................................52

Кіріспе
"Білім беру реформасы-Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі" [1] делінген Елбасының 2006 жылғы 1 наурыздағы жолдауында. Бұл жолдау Қазақстанды келешекте биік белестерден көрінуіне себепші болады деген сенімдемін. Соған орай мен диплом жұмысын осы жолдауды басшылыққа ала отырып жаздым.
Қазақ өлеңі туралы байсалды әңгіме қозғайтын уақыт әлдеқашан жетті. Қазақ поэзиясы, қазақтың қара өлеңі Абай мен Ыбырайдан бастау алып, оның жалғасы әсіресе, XX ғасыр басындағы поэзия әлемінде ерекше көзге түсе бастаған еді. Себебі, осы тұста асқақ жырларымен, жалынды үніменен халыққа танымал бола бастаған ақындар қатары көбейе түсті.
«... XX ғасырдың басында қазақ поэзиясында... Сұлтанмахмұт пен Сәкеннің, Мағжан мен Бернияздың кейіпкердің ішкі жан сырына үңіліп, оның қалың қатпарын аздап болса да, ашуға тырысатын өлеңдерімен бірге қазақ өлеңіне лиризм келе бастағанды» [2. 146 бет] деп өз мақаласында Бекділдә Алдамжаров 20 ғасырдың басындағы ақындар жайлы, олардың қозғаған тақырыптары мен өлеңге әкелген жаңалықтарын ауызға алады. Сөз жоқ, аты аталған ақындардың ішінде Сұлтанмахмұт, Сәкендерді, олардың мол туындыларын кешегі мен бүгінгі қазақ баласы түгел дерлік білері анық. Әйтсе де сол ақындар қатарында оқырманға есімі таныс емес, шығармалары халыққа таралмаған, әлі де болса филолог-ғалымдардың тарапынан зерттеуді қажет ететін ақын бар. Ол - Бернияз Күлеев.
Б.Күлеев XX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген, жалынды жырлар жазып, кезінде қоғам ісіне де араласып, өмірден жастай өткен ақын.
Бернияздың өмірбаянына қатысты деректер өте мардымсыз, тапшы. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ газеттеріне шыққан замандастарының бірлі-жарым естеліктері мен бірді-екілі монографиялық еңбектердегі ақын өміріне қатысты айтылған деректер ғана.
«Ақын өмірбаянының алғашқы, негізгі биографы - ақынның замандасы жақын жолдасы Мерғали Ешмухамедұлы. М.Ешмухамедұлының ақын өмірбаянына қатысты алғашқы дерегі оның өмірі мен шығармашылық жолына байланысты жазылған «Еңбекші қазақ» газетінің 1928 жылғы 30 наурыз күні шыққан №72 санында жарияланған «Күлейұлы Бернияз» деген мақаласында берілген.
Бұдан кейін «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы №19 санындағы ақын қазасына байланысты берілген «Бернияз Күлеев» деген азанама - мақаласын, «Тілші газетінің» 1923 жылғы 20-наурыздағы №28 санындағы Мағжан Жұмабаевтың «Бернияз Күлеев» деген мақаласын ақын өмірбаянына қатысты аздап деректер алуға болатын нұсқаларға жатқызуға болады.
1976 жылы шыққан Қазақ Совет энциклопедиясының 6 томында ақын өмірбаянынан қысқаша мәліметтер берілген. Сондай-ақ Қазақ Совет әдебиетінде Бернияз есімі қысқаша айтылып өтсе, «XX ғасырдың басындағы әдебиет» (Хрестоматия. А., 1994), «Екі мыңдық дала жыры» атты жинақта (А., 2000 ж.) өмірі жайлы қысқаша дерек беріп, бірді-екілі өлеңдерін «Қазақ әдебиет» энциклопедиясында сөз етсе, А.Нұрқатов өзінің «Жалғасқан дәстүр» (1980, А.) еңбегінде ақынды Абаймен салыстыра талдау жасайды, «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының 1997, 1990, 2000, т.б. жылғы сандарында мақалалар жарияланып тұрды.
Б.Күлеевтің өмірі мен шығармаларына тереңірек тоқталған Ы.Дүйсенбаевтың «Эпос және ақындар мұрасы», Жәмбеков Сәбит Нұрмухамбетұлының «Бернияз Күлеевтің ақындық мұрасы» деген тақырыпта 1997 ж. қорғалған диссертациясы, т.б. деп атауға болады.
Б.Күлеев 1899 жылы бұрынғы Торғай облысы, Ақтөбе уезіне қарайтын Бөрте болысының №1-ші ауылында (қазіргі Орынбор облысының Бөрте ауданы) Бекен деген шаруаның үйінде дүниеге келген. Жанұясында оқыған, көзі ашық адамдардан тәрбие алған болашақ ақын жастайынан зейінді зерек болып өседі. Талапты да зейінді, Бернияз көркем әдебиет нұсқаларын құштарына оқып, орыс, қазақ татар классиктерінің шығармаларымен жете танысуды мақсат етіп, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Абай, Тоқайлардың өлең-поэмаларын ерекше ынтамен оқиды. Кейінірек С.Торайғыров, С.Дөнентаев тағы басқа өзінің замандас жазушылардың шығармаларына ерекше назар аударып, солардың жеке жинақтарын басып шығару жүмысына белсене атсалысады. Сонымен қатар, М.Жұмабаев, М.Дулатов, А.Байтұрсыновтардың шығып жатқан дүниелеріне зер салып, ерекше назар аударып отырады. Әсіресе, ақын лирикасының болашақ сипатына әсер еткен М.Жұмабаев, С.Дөнентаев және Бөртеде оқып жүргенде Ресейдегі болып жатқан дүниежүзілік маңызы бар әртүрлі қоғамдық сілкіністер ақын сана-сезіміне әсер етіп отырған.
Осындай саналы да оқыған, көзі ашық ақынның өмірі өте қысқа болды. Небәрі 24-ақ жас өмір сүрген ақын өлімі жұртшылықты қайғыландырмай қоймады. Әсіресе, Берниязды туғанындай жақсы көрген ақын ағасы Мағжан Жұмабаев қатты күйзеліп: «А деп бұл қалам ұстап шыққанда оянған үмітіміз біржола бекіп еді. Бернияздың әдебиетіміздің берік бір бағанасы болуына сеніп едік. Бағытты бір қыпып, таспиқ болып тізіліп келе жатқан аз ғана жазушыларымыздың қатарына жас Бернияз да келіп тізіліп еді. Бірақ, не -лаж, таспиқтан сол тас үзіліп түсті» дейді өзінің «Бернияз Күлеев» деген мақаласында.
Егер бар деректерге сүйенетін болсақ, ақын өлімі өз қолынан болыпты. Яғни өз өліміне өзі себепші. Б.Күлеев өзін-өзі атып өлтірген. Енді осы орайда ойға келері - бұлай етуіне не себепші болды. Жап-жас ақын, елінің сүйікті азаматы Бернияздың қолына қару ұстауына не түрткі болды деген ой.
1923 жылы 29 қаңтар күні Бернияз Күлеев кенет дүниеден өткен, қайғылы қазаға өзін атып өлтіруге не себеп болғаны осы күнге дейін құпия. Алайда кейбір деректерге қарағанда Бернияз татар қызына ғашық болып, көңіл қосады. Бірін-бірі сүйген екі жастың қосылуына қыздың ата-аналары қарсылық білдіреді. Сонда екі жас бір бірімізге қосылмасақ, бізге ешкімнің керегі жоқ дейді. «Бұлар түнгі сағат 1-де Бернияздың пәтеріне келеді. Бернияз үстелдің үстіндегі қағазға асыға бірдеңе жазады да, стол тартпасынан наган мен браунингті суырып алады да, екеуін де оқтайды. «Алдымен мені ат» дейді қыз.
Осылай дейді де көзін жұмып қарсысында отырған қызды қақ жүректен атады, екінші оқты өз жүрегіне жұмсайды». Бұл деректі біз Ғалым Ахмедовтың «Бернияздың өлімі туралы бірер сөз» [3. . :] деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған мақаласынан келтірдік. Бернияз өлімі. Оның себебін көрсеткен ең бір нақты дерек көзі де осы болып отыр. Автордың бұл деректерді қайдан алғаны, әрине, бізге мағлұмсыз. Әйтсе де, нақты көрсетуі бойынша құнды материалы екені сөзсіз. Ақынның қайғылы қазасына орай профессор Бейсенбай Кенжебаев: «Кейін зерттеу мақсатымен Қазанға бардым. М.Ғайнуллин, Ермухамедов секілді татар ғалымдарынан мән-жайды тағы да сұрап білдім. Олар Берниязды да, оның жыр мұрасын да аянышты қазасын бәрін де біледі екен. Татар халқы Бернияз бен қыз махаббатына арнап «Наган жыры» дейтін жыр шығарған. Әнмен айтады» [4. ' ] деген дерек келтіреді.
Сонда Бернияздың өліміне осы махаббат драмасы себепші ме? Екі жастың қосыла алмауына бола өмірмен қоштасуға, дәлірек суық қарумен өзіне-өзі қол жұмсауына тек махаббат драмасы ғана себепші ме, әлде басқа бір себептер де болды ма екен?
Бұл ойымызға М.Жұмабаевтың сөздері жауап болатын секілді. «Бернияздың өз өмірін өз қолынан бітіруіне қандай себеп болғаны бізге мағлұмсыз. Алайда, жастықпен, әсіресе, тәртіпті дұрыс тәрбие алмаудан туған бір себеп болуында шұба жоқ. Олай болса, жас жанның мұндай жолға түсуіне өзінен бетер әлеумет айыпты. Түзу жолға сала білмеген, дұрыс тәрбие бере білмеген әлеумет айыпты. Аласұрған жас жанның қолына мылтық беруші сол. Осыны ұғу керек. Үмітті жасымыз неге ерте кетті деп емес, неге ерте кетірдің деп ренжу керек.
Күнә сенікі емес, - көптікі,
Жаның тыныш болғай еді, жас ұлан!» [2. ]
деп аяқталады ақынның мақаласы.
XX ғасыр қазақ қоғамында үлкен сілкініс, ояну дәуірі болды. Халықтың ой-өрісі өсіп, сауатын аша бастаған кез. Оқу-ағарту ісі, баспасөз, мәдениет мәселелері қолға алынды. Еліміздің қаймағы, ұйытқысы болған халыққа жанашыр ұлдары осы жұмыстарды атқарды.
Ресей империясының қоластында қыспағында күн кешкен халық сан ғасырлар бойы бостандықты аңсаумен болды. Өз тілі, діні мен ділін ұмыту қаупі туды. Ресей патшалығы қазақ халқын мәңгүртке айналдырмақ ойда еді. Алайда бұл ойлары іске аса қойған жоқ. Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханов, І.Жансүгіров, А.Байтұрсынов, Б.Майлин, С.Сейфуллин сынды тұлғалар қазақ халқының сауатын ашып, ой-өрісінің дамуына, аяққа тұруына көмектесті. Сол кездегі оқулар орыс, араб, парсы тілдерінде болғандықтан, қазақ тілі тысқары қалып қойды. Сондықтан баспасөзде де, өз еңбектерінде олар мейлінше қазақ тілін пайдаланып, қазақтың өз тілін, дінін ұмытпауына ықпал жасады. Халыққа арналған мол еңбектер жазып қалдырды. Бүгінде осындай талантты, ұлы бабаларымыздың артына қалдырған мұраларын ұрпағы жатқа біледі. Сол арқылы қазақ қазақ болды, тәуелсіздік алды.
Міне, осындай қиын қыстау кезеңде өмір сүріп, жазықсыз айыпталған саңлақтарымыз аз болған жоқ. Солардың қатарында аты аталмай келген, көпшілікке етене таныс емес бір есім бар. Ол - Бернияз Күлеев. Б.Күлеев те XX ғасырдың басында өмір сүрген дарынды ақын, қоғам қайраткері. Небары жиырма төрт жас өмір сүрген ақынның есімі бірді-екілі еңбектерде аталып, ғалымдар тарапынан әлі де болса жан-жақты, нақты зерттелмеген. Ақынның тұңғыш жинағы «Айтшы ақ қайың» деген атпен 1969 жылы жарық көрген.
I тарау Бернияз Күлеевтің ақындық әлемі
«Б.Күлеевтің негізгі шығармашылық өрісі - лирика жанры. Ол махаббат көңіл-күй лирикаларын көп жырлаған ақын.Тіпті ақынның екі-үш поэмасының өзі оқиғалы сюжетке құрмай, бірыңғай лирикалық толғаныстарға құрған. Сондықтан да Бернияздың ақындық қуаты мен шығармашылығының қайнар көздері лирика жанрының төңірегінен табылмақ» (С.Жәмбеков. Б.Күлеевтің ақындық мұрасы. Авторефераты). [5.15 бет]
Бернияз өлеңдерінің шығу, басылу, эволюциялық даму кезеңдері сияқты мәселелерді қарастырудың қажеті жоқ. Өйткені аз ғана — он шақты жыл шамасында шығарылған өлеңдері бас-аяғы жинақы, әрқайсысының бітімі тиянақты, тағдыр оты сөнуге жақын екенін ақын бейне бір сезгендей, өлең жолдарынан іштей серпіліс, бұлқыныс байқалады.
1916 жыл! Қайшылыққа толы, сол бір талайды әрі итеріп, бері шыққан уақытта ол небәрі 19-ақ жаста екен. Бірақ бұл да - болмысынан сезімтал жүректі, сергек ойлы айрықша талант иесі үшін аса бір ауыз ашып, көз жұмарлық аз ғүмыр емес-ау. Керісінше, қоршаған ортаның ағы мен қарасы туралы толғаныс иіріміне түсіп, сезгенін көргісі, көргенін танығысы келетін соншалықты бір тынымсыз, соншалықты бір мазасыз шақ осы ма деп қаласың... («Ойдағым», «Қыздың мінәжәті», «Қазақ қызы»). Туғаннан екі аяғымен тік тұра қалған тірі пендені кездестіргеніміз жоқ. Мұндайда тәй-тәй басып барып сұғұну де, сонысы үшін іштей қиналып «бүліну де» («Зарлық», «Өзіме») заңды құбылыс. Адамзаттың пешенесіне табиғат-ана о бастан-ақ жазып қойған осынау қалыптасу кезеңінен ол да аттап өте алмаған. Бірақ өзіндік бір ерекшелігі -жетістігі де, кемшілігі де сол - түбі қалай болар екен деп салмақтап, артын ойламастан, айналасынан алған әсерін албырт көңілмен қағаз бетіне түсіре берген, түсіре берген...
Соларды сарапқа салып қарай бастасақ, көз алдымызға қазақ поэзиясы деп аталатын үлкен жолға маңдай тіреген қысқа, қысқа да болса жолаушысын адастырмай айқын соқпақ жатады. Жетістігі деп отырғанымыз - осы бір соқпақтың тек қана Бернияздың өзіне тән болып шығуына әлгі қасиеттің тікелей әсерін тигізуі. Сөйтіп бітім-болмысымен бөлек, өзге ешкімдікіне ұқсамайтын Бернияз поэзиясының жасалуы.
«Тақырып жағынан алғанда ақынның төл шығармаларын шартты түрде үш салаға бөлуге болар еді. Бірі - әлеуметтік жырлар, екіншісі жеке басының сезіністерін білдіретін толғаулар, үшіншісі - махаббат сырын шертетін немесе табиғат көріністерін бейнелейтін әсем лирика», деп ақын өлеңдерін өз тұрғысынан осылай бөледі. Ысқақ Дүйсенбаев өзінің «Эпос және ақындар мұрасы» [6. 292 бет] деген еңбегінде.
1914-1916 жылдар - Бернияздың аулында өскен шағы. Балғын жастың толғаныстары мен ойлары, айналадағы дүниені танып-білуі, арман-тілегі тіпті ерте есейген әрі терең. Адамның дәл осы шағында өзінің болмысына жан дүниесіне терең үңіліп, оны жалпы өмірмен байланыстыра толғануы, зерделі ойлар түю жиі кездесе бермейтін құбылыс. Ал Бернияз Күлеевтің өлең иірімдерінен осы күбылыс көрініс тапқан. «Ойдағым» өлеңінде ақын:
Жатсам-тұрсам бір минут ойдан кетпей,
Ішімді өртеп бойды алып аяу етпей,
Ойға, қырға жүгіріп сандалсам да,
Көзім көріп ұстауға қолым жетпей.
Өзі қызық, қымбатты, өзі тәтті,
(Әттең қылған қылығы жанға батты).
Кейде жүзі жып-жылы, мейірімшіл-ақ
Болса-дағы кей шақта көңілі қатты.

Ұшқындай боп талпынып тұла бойым,
Соған жетпек - тек қана жалғыз ойым.
Сол күндерде сау басым сырқат болып,
Қызықтырмас көңілімді күлкі ойын...
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?