Журналистика | ХХ ғасыр басындағы ұлттық әйелдер баспасөзінің тарихы

 Журналистика |  ХХ ғасыр басындағы ұлттық әйелдер баспасөзінің тарихы

Мазмұны

Кіріспе............................................................................................................

І-тарау. Ұлттық әйелдер баспасөзінің тарихы
1.1. ХХ-ғасыр басындағы әйелдер баспасөзінің қалыптасып, дамуы.......
1.2. Қазақ әйел - публицистерінің тұңғыш қарлығаштары........................

ІІ-тарау. Әйелдер публицистикасының ерекшеліктері
2.1. Әйелдер публицистикасындағы қоғамдық-саяси мәселелердің көрінісі..............................................................................................................
2.2. Оқу-ағарту, бала тәрбиесі, жер және салт-дәстүр мәселелерінің әйелдер публицистикасындағы орны..........................................................................

Қорытынды...................................................................................................
Пайдаланған әдебиеттер тізімі......................................................................
Сілтемелер.......................................................................................................

Тақырыптың өзектілігі. Замана доңғалағы зыр айналып келеді. Уақыт талабы, заман сұранысы деп адамдар қолдан жасап алған өзіндік ережелер мен біржақты ұстанымдар қоғамда оңды-терісті өзгерістер орнатуда. Қалай десек те қоғам даму үстінде.
Қазақстанға Тәуелсіздік сыйлаған өткен ғасыр соңы мен еліміздің кемел келешегінен үміт күттіретін үстіміздегі ғасыр әлділердің құралына айналып отырған жаһандану, ғаламдасу сынды үрдіспен ерекшеленіп отыр. Жер шарын мекендейтін адамзат ұрпағына ортақ құндылықтар мен ортақ қызығушылықтарды меңзейтін үрдіс өзіндік оң және теріс жақтарын көрсетіп бағуда. Осы орайда ел ағаларының «Жаһандану – бірлесіп өмір сүру, қиындықтарды әлем адамдарымен бірлесе отырып жеңу» деп оның ұтымды тұстарын сөз етсе, екінші бір ағалардың «Ғаламдасу – сан ғасырғы құндылықтар мен мұралардан бас тарту, өзге, яғни бізге мүлде жат мұраларды мойындау, соған сену» деп дабыл қағып отырғаны белгілі. Әзірге, бір пікірдің толықтай мақұлданып немесе толығымен жоққа шығарылғаны жоқ. Ақиқаттың сайыс барысында пайда болатынын ескеріп, біз де ештемені кесіп айта алмаймыз. Дегенмен, тарих беттері ғаламдық үрдістің ұлттар үшін қауіпті екенін көрсетеді.
Осы орайдағы төртінші билік атанып отырған журналистиканың ұлт мүддесі үшін қызмет етуі аса маңызды екендігін түсінеміз. Менің бітіру жұмысымның тақырыбын «ХХ ғасыр басындағы ұлттық әйелдер баспасөзінің тарихы» деп алуымның негізінде көрсетілген мерзімдегі қаламгер апаларымыздың ұлтым деген жанайқайын көрсету жатыр. Шығыс халықтарының сан ғасырлық ғұрыптары мен дәстүріне жаһандану жетектеп әкелген «гендірлік саясат», «гендірлік теңсіздік» деген желеулер бүгіндері өзекті әңгіме болып отыр.
Тақырыптың өзектілігі – сол тақырыптың қоғамдағы жағдайы мен оған деген сұраныстың айырмашылығынан туатынын ескерсек, көтеріліп отырған тақырыптың актуальді екеніне ешкім де дау тудырмас. Әйел мен еркектің құқын да, қызметін де бірдей етеміз деп жар салып жүргендер кейде бізді іштен ірітейін деп жүргендей көрінеді маған. Әйтпесе, қазақ әйелінің қашан болмасын құқы төмен болмаған ғой. Өткен ғасырда қазақтар арасында болып қайтқан орыстың көрнекті ғалымы В.В.Радловтың өзі де: «Ни девушки, ни женщины закрывают лица. Они принимают участие в каждом собрании, в играх и вместе с мужчинами поют в хоре и при состязаниях певцов. В разговоре мужчины и женщины обмениваются шутками. Более того, казахские женщины позволяют себе общаться с мужчинами гораздо более свободно, чем, например, русские женщины и девушки» демеп пе еді /1/.
Халық арасындағы әйелдерге деген құрметті апамыз Айша бибіге арналған ғажайып сәулет ғимаратынан, қазақтар арасындағы әйел-аналар құрметіне қойылған ру аттарынан да байқау қиын емес. Ендеше, шолақ қамшыдай сартылдап, «әйелдерге толыққанды теңдік әпереміз» деп жүрген өзгелерді қойшы, өз ағайындарымыздың қылығын түсіну өте қиын. Соған қарағанда олар да өздерінің не істеп жүргендерін түйсінбейді-ау...
ХХ ғасырдың бас кезін сөз еткенде елім деп етжүрегі елжіреген арыстарымыздың есімдерін аттап өте алмаймыз. Осы орайда олардың еңбектері, көп жағдайда халықтың сауатын ашу жолындағы туындылары әйелдер жағынан үлкен қолдауға ие болғанын атап өту керек. Елімізде сауатсыздықты жою жолындағы күрес шырғалаңды жолдан өтті. 20-жылдары республикада кең қанат жайып, бұқаралық сипат ала бастаған бұл процесс көптеген қиындықты бастан кешірді. Бұған сол кезде республика партия ұйымын басқарған Ф.И. Голощекин зиянды зардаптарын тигізді. Ұлттық интеллигенцияның А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Әуезов, Ә.Ермеков сияқты аса көрнекті өкілдері қуғын –сүргінге ұшырады. А.Байтұрсыновтың араб әрпінің негізінде жасаған қазақ графикасы «ұлтшылдық» ретінде бағалынып ол 1929 жылы ешқандай дайындықсыз латын графикасымен ауыстырылды. Бұл енді ғана сауат ашып келе жатқан халықты көп қиыншылықтарға ұшыратып, елдің сауат ашу қарқынын төмендетті. Республикадағы 1931-1932 жылғы қазақ халқының тең жартысының жойылуына себеп болған ашаршылық сауат ашу ісіне орны толмас зиянын тигізді. «Байтал түгіл бас қайғы болған» бұл кезеңде сауат ашу ісі жайына қалып, халық тұс-тұсына жан сауғалап кетті. Латын графикасы да қазақтар үшін тиімді болмады. Соның салдарынан араға он жыл өтпей жатып, 1939 жылы халық орыс алфавитіне көшірілді.
Осылайша В.И.Лениннің көзі тірі кезінде басталған сауатсыздықты жою жолындағы күрес кеңес өкіметін орнатудың алғашқы жылдарында түбегейлі нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жылдары баспасөз заман талабына сай түрлі қоғамдық-әлеуметтік міндеттерді ойдағыдай орындады. Қазақ жастарына білімнің алғашқы нұрын шашқан орыс қыздарынан шыққан тәжірибелі ұстаздар Е.Малинская, Ю.Я.Журавлева, Ю.Князева, сондай-ақ, бірде кеңес қызметінде, бірде мұғалім, бірде насихатшы, үгітші болып қазақ сахарасына білімнің нұрын шашқан Нәзипа Құлжанова, Әмина Мәметова, Әмина Кемелова, Қамаш Ярлыкамышова, Ләтипа Өтепова, Мариям Бейсенова, Нағима Арықова, Қазина Нұрымова, Сара Есова, Алма Оразбаева тағы басқа көптеген апаларына бүгінгі жастар борышты /2/. Қазақтың қаракөз қыздарына еріктеріңмен тұрмысқа шығатын жағдай жасаймыз, теңдік әпереміз деп қыз-келіншектерге трактор айдатып, ғарышқа ұшырған Кеңес үкіметі белгілі бір тұрғыда жақсы қадамдар жасады. Осы кездердегі қоғамдағы әйелдер мәселесіне арналған бірқатар газет-журналдардың ашылуы да заңды еді.
Олардың алдыңғы қатарында 1923 жылы қаңтарда «Жетісу әйелі» және 1925 жылы 8 наурызда «Азат әйелі» журналы жарық көрді. «Жетісу әйелі» журналын Жетісу облыстық партия комитетінің әйелдер бөлімі шығарған болатын. Көлемі 32 беттен тұрған журналдың редакторы Сара Есова болатын. Сондай-ақ, 1925 жылы жарық көрген «Азат әйелі» атты журнал да осы өзіндік көрнекілігімен ерекешеленген еді. 1926 жылдары екі-ақ тілші қызмет еткен журналға 150 адам ғана жазылатын. Ал, 1928 жылға қарай тілшілер саны 50-ге жетіп, оқырмандар қатары, яғни жазылушылар 2 мыңнан асты.
Десек те, тек орыс халқын ұлы еткен Кеңес заманы белгілі деңгейде ұлтымыздың ғасырлар бойына қалыптасқан ғұрыптарына залал тигізгені анық. Осындай ашықтан-ашық жасалған озбырлыққа біздің қаламгер апаларымыз қолда бар қауқарын пайдаланып не істей алды? Не істей алмады? Жалпы, не істеулері керек еді? Жұмысты жаза отырып, мен өзіме осындай сауалдар қойдым. Және өз пайымдауыммен осы сауалдарға жауап іздеп көрдім.

Бітіру жұмысының мақсаты. Өткен жылдардағы қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу саяси элитасы жайында сөз қозғалғанда, олар туралы еңбектер жазылғанда қазақ қыздарының есімі аталмайды. Мәселен, қазақ зиялылары туралы зерттеу жүргізіп жүрген тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің, журналист, қайраткер Мұхтар Құл-Мұхаммедтің еңбектерінде апаларымыздың аты-жөні жоқ. Қоғамдағы саяси өзгерістерді, сауаттылықты, отарлық езгінің ұлт тамырына балта шауып жатқанын ашық жазған қазақтың сол кездегі қаламгер қыздарының зиялылар қатарына кірмей қалуы мен үшін жұмбақ қалпында қалып отыр. Бұндай үрдіс сол кездегі тұлғалардың әлі де тарихи бағасын ала алмай жүргенін көрсетсе керек. Әйтпесе, қылышынан қан тамып тұрған Кеңес үкіметінің, Коммунистік партияның өрескел әрекеттерінен қазақ ұлтына келіп жатқан зиянды қоғам назарына алып шығып жүрген қаламгер апаларымыздың еңбегі ерлікпен пара-пар емес пе?! Тақырыбымды шамам келгенше аша отырып, мен осы мәселені көтеруді мақсат етіп отырмын.

Жұмыстың міндеті. Бұл жұмысты жаза отырып, мен өз алдыма мынадай міндеттер қойдым:
- ХХ ғасыр басындағы қазақ әйел баспасөзінің тарихын зерттеген ғалымдардың еңбектерін бүгінгі заман тұрғысынан қарап шығу;
- Әлі де қазақтың саяси элитасы қатарына жатқызылмай келе жатқан журналист апаларымыздың тарихи тұрғыдан тиісті бағасын алуы үшін ағалар құлағына алтыннан сырға ілу;
- Әйел журналистердің жұмыс барысындағы өзіндік психологиялық ерекшеліктерін көрсету;
- Қит етсе «Халық жауы» атанып тұрған кезеңдегі халық игілігі үшін жан аямай қызмет еткен әйел публицистердің есімдерін, еңбектерін насихаттау;
- Оқу-ағарту, бала тәрбиесі, жер және салт-дәстүр мәселелерін насихаттау, сақтаудағы олардың еңбектерін паш ету;

Бітіру жұмысының нысаны. Жұмыстың нысаны ретінде 1920 жылдың ішінде жарық көрген әйелдер басылымдары, нақтырақ айтсақ: «Жетісу әйелі», «Азат әйелі», «Әйел теңдігі» журналдары мен «Теңдік» газеттері алынды. Ондағы келелі мәселелер көтерген мақалалар мен хабарламалар да зерттеу жұмысының нысаны ретінде қарастырылады. Сондай-ақ, соңына сара із қалдырған Нәзипа Құлжанова, Сара Есова, Нағима Арықова, Мәдина Бегалиева, Алма Оразбаева, Базарайым Қасенова, Әмина Кемелова, Шолпан Иманбаева сынды журналист апаларымыздың шығармашылық жолдары қарастырылады.

Бітіру жұмысының ғылыми-әдістемелік негізі. Өткен ғасыр басындағы қазақтың әйел баспасөзінің дамуы туралы Т.Қожакеевтің «Көк сеңгірлер» кітабында, Ләтифа Ахметованың «Қарлығаш қаламдастар» еңбегінде және З.Д.Сағыбаеваның «Қазақ әйелдерінің публицистикалық мұрасы» атты кандидаттық диссертациясында жан-жақты зерттеліп, зерделеніп жазылған. Мен осы еңбектерді басшылыққа ала отырып, ХХІ ғасыр адам тұрғысынан өзімдік баға беруге, талдау жасауға тырыстым.

Бітіру жұмысының жаңалығы. Жұмыстың басты жаңалығы ХХ ғасыр басындағы қазақтың қаламгер қыздарының жарияланымдарының ішіндегі қоғамдық-саяси пікірлердің анық көрсетілуі деуге болар. Сондай-ақ, Мәдина Бегалиева, Әмина Кемелова, Сақыпжамал Тілеубайқызы сынды публицистердің мақалалары талданды. Сондай-ақ, танымал тарихшы ғалым Әлкей Марғұланның «Қазақ публицистикасы тарихын зерттеуді Айғанымнан бастау керек» деген сөзін басшылыққа ала отырып, жұмыс барысында Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғанымның қоғамдық-саяси қайраткерлігі жайында да кеңінен әңгіме болады.

І-тарау. Ұлттық әйелдер баспасөзінің тарихы
1.1. ХХ-ғасыр басындағы әйелдер баспасөзінің қалыптасып, дамуы
Жалпы, еліміздегі әйел баспасөзінің дамуы қоғамға түбегейлі өзгерістер әкелген 1917 жылғы төңкерістерден бастау алады. Әрине, қазақ жерінде Патшалы Ресейдің саясатын жүргізуге ақпараттық қолдау көрсетіп, насихат, идеология қызметтерін атқарған, сондай-ақ біздің публицистикамыздың дамуына өлшеусіз үлес қосқан «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты» басылымдарында да жарияланған апаларымыз болған. Дегенмен, ол кездер қазақтың әйел баспасөзінің дами бастауына қатысы жоқ деп жүрміз.
Қолда бар деректерге сүйене отырып, ұлттық әйелдер баспасөзінің даму тарихын «Айқап», «Қазақ» газеттерімен байланыстырған дұрыс секілді деп ойлаймын. Осы жылдары ойлы мақалаларымен оқырмандарына құнды ақпарат жеткізіп, көпшіліктің көкейіне ой салған Сақыпжамал Тілубайқызының БАҚ беттеріндегі публикацияларын ұлттық әйел баспасөзі тарихындағы алтынмен жазылатын материалдар деуге болар.
Осы кездердегі көпшілік газеттерде әйелдер мәселесіне арналған айдарлар мен арнайы беттердің болуы әйел баспасөзінің пісіп-жетіліп келе жатқанын көрсетсе керек.
Сонымен, жеке әйелдер басылымы болып тұңғыш жарық көрген 1923 жылдың қаңтарында шығарылған «Жетісу әйелі» журналы еді. Жетісу облыстық партия комитетінің әйелдер бөлімі шығарған ол журналдың көлемі 32 бет болатын. Сара Есова редакторлық еткен журнал өзіндік аудиториясын бірден тапты деу шындыққа жанаспайды. Дегенмен, білікті басшылықтың арқасында журнал өзіндік мақсаттарына жету жолында жан аямай еңбек етті.
1925 жылдың наурызынан бастап «Азат әйелі» журналының жарық көре бастағанын да айтып кету ләзім.
1925 жылдың көктемінде С.Сәтбайқызы Қазақстан өлкелік партия комитетінің әйелдер бөліміне нұсқаушы болып ауысты. Сол жылы 5-мамырдан бастап «Теңдік» газеті шығарыла бастады. 1926 жылдың қаңтарынан оның орнына «Әйел теңдігі» журналы жарық көре бастады /3/.
Осы орайда біздің зерттеушілердің жазған еңбектерінде келіспеушіліктер орын алатын секілді. Мәселен, Т.Қожакеев 1926 жылы «Әйел теңдігі» журналын, «Теңдік» газетінің орнына шықты десе, Л.Ахметова бұл журнал 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің қосымшасы болып шыққанын айтады. Сондай-ақ, кей зерттеушілер бүгінгі «Қазақстан әйелдері» журналының тарихын жоғарыда аталған «Азат әйелі» басылымымен байланыстырып, оның туған күнін сол 1925 жылдың 8-наурызы дегенді ұсынып жүр. Бұл орайдағы деректерді зерттей отырып, мен шынымен Л.Ахметованың сөзінің жаны бар екеніне көзім жетті.
Тарихи деректерге сүйенсек, «Әйел теңдігі» журналы алғаш рет Орынбор қаласында 1925 жылы өлкелік «Еңбекші қазақ» («Социалистік Қазақстан») газетіне қосымша болып шыққанын және жеті нөмірінен соң Қазақстанның астанасы Орынбордан Қызылордаға көшкеннен кейін, яғни 1926 жылдан бастап айына бір рет шығатын «Әйел теңдігі» атты көлемді журналға айналғанын байқаймыз.
Дегенмен, журналдың көлемі қазіргідей болмаған, 1926 жылы журналдың 13 саны шықты. Кейбір сандары 122 бетке дейін барған. Жалпы, көркемдігі нашар, суреттің көпшілігі қолдан салынған еді.
Алғашқы жылдары 3000 дана таралымы бар журналға небәрі 150 ғана адам жазылушы еді. Журналдың екі ғана тілшісі болатын. Әйелдердің саяси сауатын ашу мен олардың қоғамдық-саяси өмірге белесене араласуынан үлкен үміт күткен үкімет журналған қолдау танытып, оның дамуына даңғыл жол салып берді. Соның арқасында, 1928 жылы журналдың тілшілер саны 50-ге жетіп, жазылушылар саны 2 мыңға жуықтады.
1926 жылғы сандарына қарағанда, журналдың 1928-1929 жылдардағы нөмірлері әрі көлемді, әрі мәнерлеі, нақышты шықты. Сол кездегі журналдың 49 санының әрқайсысы орташа есеппен 60-70 бет болды. «Әйел теңдігі» журналы оқуға ұмтылған, азаттық алған әйелдерді қырық жетінің қыл шылбырын үзген қыздар деп дауыс көтере мақтан етті. «Әйел теңдігі» күнделікті өмірдің келелі істеріне өз үлесін қосты, сауатты қыз-келіншектер көбейген сайын журналдың таралымы да арта түсті. Журнал тиражы 1926 жылы 3000 дана болса, 1936 жылы 10 000-ға, 1950 жылы – 20 000-ға, 1993 жылы 316 344 данаға жетті /4/.
«Әйел теңдігі» журналына қиын кезеңдерде қол ұшын беріп, оның мазмұндық, сапалық жағының артуына Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сынды еліміздің маңдайалды жазушылары еңбек сіңірді. Сондай-ақ, Б. Кенжебаев, Е. Алдоңғаров, А. Маметов, А. Сегізбаев сияқты көптеген танымал қаламгерлер де өз туындыларымен журналдың таралымын көбейтуге, мазмұны мен сапасының артуына атсалысты. Көзі тіріснде-ақ, зиялы атанған азматтардың не жазып, не қойып жүргендері әріп танитын әр қазақ үшін қызықты болғаны рас.
«Әйел теңдігі» журналының алғаш шыға бастағанда қаншалықты маңызды болғандығы жөнінде «Жас қайрат» журналы былай деп жазады:
«Өмір бойы тұрмыс тұтқынында езілген қазақ әйелдерінің ерік алып, адамшылық белгісіне аттауына алдына ұстаған тұңғыш баспасы – «Әйел теңдігі» журналының бір жылдық өмірін «Жас қайрат» басқармасы құттықтайды.
...Мал есебінде сатылып, көрінгеннің қуыршағы болған қазақ елінің күң әйелдері Кеңес өкіметінің көлеңкесінде теңдікке жетіп отыр. Сол бостандық, теңдік жолындағы қараңғы қазақ әйелдеріне сана саңылау беретін адамшылық тәрбиесін егетін баспасөзінің «Әйел теңдігінің» қадірі қымбат, қызметі ауыр. Ен далада мыңдаған қазақ әйелдері қараңғыны қармалап көзсіз отыр. Ел ішінде шіріген қалдықтары бостандық сәулесін көлегейлеп отыр. Мыңдаған әйелдердің ыңырсыған дауыстары енді айқын шығып, бостандыққа қол жайып, құлаш серпіп талпынып отыр. Осылардың жол бастайтын көсемі әйелдердің баспасөзі «Әйел теңдігі» қазақ әйелдерінің таңы, жаңа туған шолпаны, жаңалыққа жол сілтейтін темірқазығы дейміз.
Жаса, «Әйел теңдігі», жаса!» /5/.
Осы орайда журналдың маңыздылығы жөнінде жастардың өлкелік партия комитеті біржылдық мерекесімен құттықтай отырып, былай деп жазады:
«Қазақ еңбекші әйелдерінің жетекшісі, партия комитетінің тілі «Әйел теңдігі» журналының жыл толып, бір жасқа шығуын, Қазақстан жалпы жастарының атынан құттықтаймыз.
Қазақ халқы шаруа, саясат, мәдениет реттерінен артта қалған, оның ішінде әйелдер одан да артта қалған әр елдің ескі әдеттері жойылып, «Әйел теңдігі» әлі іске аса қойған жоқ. Қалыңмал төлеу, екі қатын алу, қызды жастай күйеуге беру, қызбен санаспай малға сату, ұру, ұрсу, құл есебінде тұту сияқты ескі әдеттер әлі жойылған жоқ. Міне, бұларды жоймай біздің жұртшылығымыз алға баспақ емес...
Осы күндерде қазақ әйелдері үкімет жұмысына араласып жүр ме? Жоқ. Болғанымен, тіпті аз. Олардың көзін ашып, саяси тәрбие беру керек. Бұл реттегі үлкен құрал баспасөзі – «Әйел теңдігі» журналы. «Әйел теңдігі» аз ғана өмірінің ішінде әлі келгенше аянбай, қазақ әйелдерін құлдықтан азат етіп, саяси тәрбие беру ретінде еңбек сіңірді...
Өлкелік жастар комитеті»/6/.

«Әйел теңдігі» журналының алғаш қадамы мен маңызын жастардың өлкелік партия комитеті мен «Жас қайрат» басқармасы осы бір құттықтау телеграммасы арқылы аңғартса, журналдың төрт жылдық тойына байланысты республикамыздың түкпір-түкпірінен келген тілшілер хаттарынан, сондай-ақ «Бостандық туы» газетінің басқармасының құттықтауларынан күллі еңбекшілердің достық лебі аңғарылады.
Журналдың абыройға ие болып, құрметке бөленуі балғын шақтарынан бастап, әйел теңдігі журналына белсенділікпен жәрдемдесіп, кейін сол журналға редактор болған Мәриям Бектенбекова өз естеліктерінің бірінде былай деп жазады:
«Әйел теңдігі» журналы барлық жұмысымыздың арқауы болды. Шаруа әйелдерінің жиналысын өткізген сайын, «әйелдердің кітабына жазылайын деп едім» деген сияқты көп сөздерді жиі еститін болдым. 1927 жылы Қызылжарда партия-кеңес мектебінде оқып жүргенде қалыңмалға арнап жазған және тағы басқа бір топ өлеңдерімді «Бостандық туы» газетінің редакциясына алып келсем: газеттің жауапты хатшысы көп әйелдің суреті басылған кітап оқып отыр екен. Қызыға қарап тұрған маған: «көргің келе ме, әйелдер үшін шығатын журнал. Бұл журналға өлең, мақала жазуға болады», - деп қолыма берді. Сонда бұл менің кітап деп тұрғаным «Әйел теңдігі» журналы екенін білдім. Журналды қарап шыққанда өнер-білімге аңсап, алыстан келгендігі мақсатымныың дәл өзіне жеткендей болдым. Мен секілді қазақ қыздарын өнер-білімге тек осы журнал бастайтындай көрінеді. Бұл еш уақытта ұмытылмайтын, жас өмірімнің және еш нәрсе түсінбейтін надан кезімнің ескерткіші сияқты әлі есімде» /7/.
1927 жылы Қызылжарда партия-кеңес мектебінде оқып жүрген Мәриям Бектенбекова сияқты сауатты қыздардың оның не екенін түсінбей, жаздыртып алуды білмей жүргенде, «Әйел теңдігі» журналының оңайлықпен жарық көрмегенін осы бір кішкентай эпизод дәлелдей түскендей. Тілшілерінің, сондай-ақ жаздыртып алушылардың аздығынан журналдың алғашқы жылдары екі саны, кейде бірігіп шығып тұрды. Журнал шыға бастағанда не бары екі ғана әдеби қызметкері бар еді. Алғашқы екі жылда журналдың әрі хатшысы, әрі корректорлық жұмысын педагогика институтының студенті Шияп Қожахметов атқарды.
Әлеуметтік мәні бар әр кезеңдегі істерге дер кезінде үн қосып, кеңестер беруді әдетке айналдырған «Әйел теңдігі» журналының материалдары сан-саланы, түрлі тақырыпты қамтып отырды. Көпшілігі әйел болған редакция мүшелері әртүрлі кәсіп иелерінен құралған болатын.
Сонау балғын шақтарынан бастап, «Қазақстан әйелдері» журналы аталуына дейінгі аралығында игі іске көлденең сыншы ретінде қарап отырмай, қазақ әйелдерін замана тынысымен хабардар етіп, достық лебізімен еріксіз иіріп, мұңдасы, сырласы, ақылшысы болып келген журнал 1925 жылдан бастап араб әріптермен шығып еді. Ал, 1930 жылдардан бастап, сол кездегі Голщекиннің бастамысмен қолға алынған ...
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?