Ана тілі туралы тақпақтар мен өлеңдер

 Ана тілі туралы тақпақтар мен өлеңдер



Ана тілі

Ойлады ма болсыншы деп тіл аман,
Сонда ғана деді ме ұлт боп құралам.
Сонау жылы тіл мәртебе алғанда
Көзіме жас алдым дейтін бір адам.

Тілдің жайын бар жанымен ұғыпты,
Ана тілі - перзенті үшін тұнық-ты.
Сол перзенттің тіл деп соққан жүрегі
Қуаныштан сонда егіліп тұрыпты.

Ұрпақ үшін кемімеген бағаң да,
Алаңдасаң, тілің үшін алаңда.
Сол кезеңде қайран тілі халқыңның,
Тұрыпсың-ау көз жасы боп жанарда.

Қуанышыңды өз перзентің бірге ұқты,
Жақсы күнді қызың тосып, ұл күтті.
Сонда тілім өрледі деп қуанды,
Содан бері ширек ғасыр сырғыпты.

Ширек ғасыр - өтсе уақыт бедері,
Жүзеге асты кейбір іс те келелі.
Мына әлемде өзің барсың, ана тіл,
Сен бар жерде ұлтың да аман келеді.

Ғабиден Қожахмет



Буынсыз тілің

Буынсыз тілің,
Буулы сөзің
Әсерлі адам ұғылына.
Кісінің сөзін ұққыш-ақ өзің,
Қисығын түзеп тұғырыға.

Сезімпаз көңіл Жылы жүрек
Таппадым деп түңілмес.
Бір тәуір дос Тым-ақ керек,
Ойы мен тілі бөлінбес.

Абай Құнанбайұлы



Қазақ тілі

Сүйемін туған тілді - анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім
Шыр етіп жерге түскен минутімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім.

Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, "құлыным", "жаным" деген
Сол тілменен бірінші білгізілген:
"Ана" деген сүйгендік сөз әм менен

Қылжықтап, алып қашып құрбы бөркін
Сол тілменен ойнадым далада еркін
Сол тілменен бірінші сыртқа шығып
Өмірде ен далада ұққан көркім.

Сұлтанмахмұт Торайғыров



Қазақ тілі

Күш кемiдi, айбынды ту құлады,
Кеше батыр – бүгiн қорқақ, бұғады.
Ерiкке ұмтылған ұшқыр жаны кiсенде
Қан суынған, жүрек солғын соғады.

Қыран құсты қос қанаты қырқылды,
Күндей күштi күркiреген ел тынды.
Асқар Алтай — алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар — асқан жандар ұмытылды!

Ерлiк, елдiк, бiрлiк, қайрат, бақ, ардың, —
Жауыз тағдыр жойды бәрiн не бардың...
Алтын Күннен бағасыз бiр белгi боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тiлi, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тiлiм,
Таза, терең, өткiр, күштi, кең тiлiм,
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм!

Мағжан Жұмабаев



Қазақ тілі

Орта жолда бүріп тастап оқ құзғын,
Құлап жаттым құшағында көк мұздың,
Қасіретімді —қазақ тілін қанат қып,
Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.
Көкірегінен атылса да оқ күздің,
Жаз етіп мен күздің өзін өткіздім.
Шаттығымды — қазақ тілін қанат қып
Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.
Сол тілменен дүниені атадым,
Таптым бүкіл тіршіліктің атауын.
Жатты онда уыз сүті ананың,
Жатты онда аманаты атаның.
Сол тілменен махаббатқа тіл қаттым,
Сол тілменен талай гүлді жырлаттым.
Сол тілменен сәбилерді сөйлетіп,
Талайлардың көз жастарын құрғаттым.
Сол тілменен аспан көрдім,
жер көрдім,
Сол тілменен көгершінге жем бердім.
Сол тілменен дүнисден кетемін,
Сол тілменен дүниеге мен келдім.
* * *
Жарқылдайды алдымызда:
Аспан — қала,
Жұлдыз — шамдар,
Бұлт ұқсайды қарлы құзға,
Борандайды күміс шаңдар.
Қобалжымай ой, өріне
Сол бұлттарды баспалдақтап.
Біз барамыз Ай еліне
Алшаң басып аспанды аттап.
Ата-баба арманының
Жібермейміз жай есесін.
Жердің көкке жалғап жырын
Аралаймыз Ай көшесін.

Cырбай Мәуленов



Ана тілің – арың бұл

Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.

Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!

Қадыр Мырза Әли



Анам тілі

Қадірлі, бағасы алтын анам тілі,
Сенімен бағаланған балаң түрі.
Төрт бөліп түн ұйқысын жұбатам деп,
Сенімен әлдилеген анам мені.

Бесікте белім буып бітіскемін,
Сөйлесіп шешем жүнін түтіскемін.
«Апа», - деп, «Ә», - деп жылап, аузымды ашып,
Емшектен еңбек қылып сүт ішкемін.

Маңымды сеніменен танығамын,
Сеніменен қуанып, налығамын.
Дене ауырлап, жан жалқау тартқан шақта,
«Уһ» деп шаршап, дем алып шалығамын.

Тілегенім, қорыққаным – бәрі де сен,
Сасқанда да жармасам ойбайыңмен.
Апкәусар болса дағы ұжмақтағы,
Тәттілікті көрмеспін сенімен тең.

Ілияс Жансүгіров



Тілім менің

Тіліп түсер білгенге тіл дегенің,
Тілім барда мен басқа түрге енемін.
Тілімнің арқасы ғой әрқашанда,
Бойыма дарыса егер білмегенім.

Кіріп бір сәт тілменен қоғам әрі,
Тіл арқылы тіршілік жаңарады.
Расул Ғамзатов айтқандайын,
Тіл жоғалса ел дағы жоғалады.

Ұқтыратын анаңның жырын,мұңын,
О, жастар тіліңнен түңілмегін.
Шұбарламай түсіріп бір арнаға,
Өз тіліңде сөйлейтін күнің бүгін.

Қасиетті қадірлі тілім менің,
Тілім менің енді алда сүрінбегін.
Жаңаша ойлау,тәуелсіздік арқасында,
Мәртебең биіктеп тұр бүгінде бұл.

Мен ақылсыз оларды кемшін көрем,
Болса жандар өз тілін менсінбеген.
«Құдайың кім?» десе егер,қайран тілім,
Басымды иіп алдыңда: «Сенсің »,-дер ем.

Қазақ тілі ақ сүтпен қанға сіңген,
Жайсыншы бір қайтадан арнасын кең.
Тіл дегенің тілегің,жүрегің де,
Тіл дегенің амандық,армысың дер.

Ана тілім арым да, намысым да,
Бойыма күш, ойыма шабыт берер.
Тіл деп білем тірлікті, бірлікті де,
Тіл деп білем анамның айналғанын.

Тіл деп білем заманды, қоғамды да,
Куә болар жырларым оған мына.
Тіліңмен ұға аласың адамды да,
Тіліңмен шыға аласың көп алдына.

Тағдырың да талантың тіл дегенің,
Жоқ болса тіл мылқаусың,үндемегін.
Тіл емес пе сүйгенге сыр айтқызған,
Тіл емес пе өсірген іргеде егін.

Жайнап кетті-ау, жасарып бүгінде өңір,
Мәртебесі биіктеп тілім менің.
Түңілгенмен тағдырдан,талайлардан,
Қайран тілім,өзіңнен түңілмедім.

Гүлсана Тілеубекова



Төрт ана

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
ТУҒАН ЖЕРІ - түп қазығы, айбыны,
ТУҒАН ТІЛI - мәңгі өнеге айдыны,
ЖАН БАЙЛЫҒЬІ, САЛТ-ДӘСТҮРІ -тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және ТУҒАН ТАРИХЫ.
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана-тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес - күрестердің ұлысы.

Мұхтар Шаханов



Ана тілім ғажап деп айта аламын

Ана тілім ғажап деп айта аламын,
Жәннаттай жан балқыта жай табарым.
Шырқатып ғұмыр бойы айтар әнім -
Келеді толас таппай қайталағым.
Тозбайды сыны кетіп, сұры қашып,
Біз әлі қанған жоқпыз сырын ашып...
Қазағы қадырына жеткен сайын
Жайнайды,
Ертеңге де нұрын шашып.

Мұзафар Әлімбаев



Үйрен ана тіліңді

Өз тіліңсіз көрсең де өз күніңді,
Өз тіліңсіз болсаң да асқан білімді.
Өз халқыңа бола алмайсың азамат,
Білмей тұрып туған ана тіліңді.

Әлде қалай жоғалтса ана баласын,
Бала іздеп таппай ма өз анасын.
Өгей шеше секілді өзге тіл де өгей,
Өз тіліңмен ертерек тап жарасым.

Сенде айып жоқ, тілің де емес кінәлі,
Ешкімнің жоқ болса да оған күмәні.
Үйренбесең, өз тіліңді білмесең.
Жазықсыз-ақ жазғырып ел тұрады.

Қаның жаның, қазақы ұлттық түрің бар,
Сенен үлгі алар қызың, ұлың бар.
Перзентісің еркін, азат халықтың,
Тәуелсіз ел, мәртебелі тілің бар.

Оразақын Асқар



Ана тілі

Қымбат маған ана тілім, бал тілім,
Қымбат маған дана тілім, ар тілім.
Ақ сүтімен бірге сіңген бойыма,
Ана тілім ардақ тұтар алтыным.

Ана тілін жырлап өткен талайлар,
Жырлап өткен Ыбырай мен Абайлар.
Қасиетті менің ана тілімде,
Өшпес мәңгі алаулаған арай бар.

Өлең-жырмен арайланса, тау күліп,
Ардақтымды жырлап өтем ән қылып.
Мағжан, Қасым, Мұқағали жырларын,
Жалғастырып жаза берем мәңгілік.

Ысқақ Әкім





Қажетті сілтемелер (қарап көріңіз):

Тіл туралы мақал - мәтелдер

Сайттағы барлық мақал - мәтелдер

Ұлағатты сөздер

Өнер-білім, тіл туралы қанатты сөздер

Қызықты деректер

Сұрақтар мен жауаптар

Қазақша есімдер

Ертегілер

Жұмбақтар

Өлеңдердің авторлары

Өлеңдер

Анекдот, әзілдер

Жаңылтпаштар



Әлеуметтік


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?