Ғабиден Қожахмет | Ойын баласы

  Ғабиден Қожахмет | Ойын баласы

Ер балалар әдетте қыз балалармен қосылып ойнай бермеуші еді. Бұған үлкендердің ер балалар қыз балалардың ойындарын бұзбасын деп, қадағалап, ескерту жасап жүрулері де себепші болса керек. Үлкендердің тарапынан алдымен қыз балалардың сөзі сөйленіп отырады ғой. Сондықтан ер балалар үлкендерден жасқанады. Мұның өзі әу баста ұлттың табиғатында, дәстүрінде бар дүние болса керек.

Қыздар болса, көктем шыға бере, жерге сызып ойнайтын бір ойындарды ойнап жатушы еді. Дегенмен баланың аты бала емес пе, ер балалар кейде қыздардың ойнап жатқан жерлеріне жақындап: "Біз де ойнап көрейікші!" - дейді. "Кетіңдерші, ей, ойнай алмайсыңдар!" - дейді қыздар. "Ойнай аламыз, ей!"

Ер балалар қыздар секілді епті ойнай алмаушы еді. Кейбіреулері аюша қорбаңдап сызықтарды басып кетеді. Сол-ақ екен, қыздар наразылық танытып, шу ете түседі:

- Шығыңдаршы! Сызықтарды өшірдіңдер ғой!

Ер балалардың мысы құрып, қыздардың мына қылығына ызасы келіп-ақ тұрады.

- Қойыңдар бұларды! - дейді ер балалар. - Бұлар ешкі құсап секектегеннен басқа не білуші еді?! Одан да өзіміздің ойынымызды ойнайық.

Ер балалардың өздерінің ойындары - "соғыс" ойыны еді.
Осы кезде қыздар ер балаларға:

- Біз де ойнайық! - дейді.

Ер балалардың құдайлары беріп қалатын жерлері осы ғой.

- Сендер "соғыс" ойынын ойнап не қарық қылатын едіңдер?! - дейді ер балалар қыздарға.

- Ей!.. Әлия мен Мәншүк те барған соғысқа!..

Мынаны естігенде ер балалар бір-бірлеріне қарап жымың-жымың ете қалады:

- Сендер өздеріңді Әлия мен Мәншүкпіз деп ойлап жүр екенсіңдер ғой?..

Ер балалар манағы өздерінің ебедейсіз қимылдап, сызықты басып кеткен өштерін қыздардан осылай бір қайтарып алып, кішкентай жауырындарын күжірейтіп ұстаған күйі "соғысқа" аттанып кетер еді.

Бірақ ер балалар қыздармен үнемі шәлкем-шалыс келе бермейді. Ол, әсіресе, қыз балалардың өздерінен велосипед сұраған кездерінде.

- Велосипедіңді бере тұрасың ба?! - дейді қыз сондай бір қиылған дауыспен ер балаға.

Мына дауыстың соншалықты бір нәзік естілетіндігі сондай, өзі сияқты ер балаға велосипедін сындырып аласың деп бермей тұрған ер бала қалай келіскенін де білмей қалар еді:

- Ала ғой!

Қыз велосипедке мініп жатып, әлгіден де нәзік, әлгіден де қиыла шыққан дауыспен:

- Жүксалғыштан ұстап жүресің бе?! - дейді ер балаға.

- Неге ұстап жүрмеске?!

Қыз велосипедті қиқалаң-қиқалаң еткізіп теуіп келе жатқанында, ер бала жүксалғыштан ұстап алған күйі, қыз құлап кетпесін деп, велосипедтің соңынан өкпесі өшіп жүгіріп келе жатар еді.

Кейде ер балалармен бөпелі болып, келіншек алып отырған үлкен ағалардың да бірге ойнайтындары бар. "Кәне, біз де ойнайық, - дейді үлкен ағалар ер балаларға. - Сендер ортаға түсіп алып жүгіріңдер. Біз сендерді екі жақтан доппен ұрып тұрамыз".

Ер балалар ортаға түсіп алып, алаңқайдың ана шетіне бір, мына шетіне бір киік құсап зымырап, құлдыраңдап жүгіріп жүргендерінде, алаңқайдың екі шетінде тұрып алған екі аға оларды кезек-кезек доппен ұрып тұрушы еді. Доп тиген бала ойыннан шығып кетуі тиіс. Қарулы білектерден серпіліп ұшқан доп қойсын ба, ер балалардың арқасына қатты тиетін. Сонда ер балалар сылқылдап күліп жатушы еді. Өйткені ер балалар үлкен ағалардың өздерімен бірге ойнағандарын мәртебе көріп тұрады ғой.

Ер балалар есейеді, жігіт болады. Баяғы бірге ойнаған екі ер бала кездесіп қалады.

- Бірге ойнағанымызды білесің бе? - дейді бірі.

- Білмегенде ше!..

- Үйге жүрсеңші! Кластас та емеспіз, бір бірге ойнаған балалардың он жылдық, жиырма жылдық кездесулерін өткізіп жіберетін.

Бірге ойнаған ер балалар әдетте бір жылдың төлдері бола бермейді ғой. Сондықтан айтқаны.

Үйіне ертіп келіп, келіншегіне:

- Біз бірге ойнағанбыз! - дер еді.

- Білем, - дейді келіншегі жымиып. - Бұрында да айтқан едің ғой.

- Айтсам, несі бар?! Тағы да айтам! Бірге ойнағандығымыз рас қой?!

- Рас! - дейді жігіт жымиып. - Ол кезде ойынның небір түрлері болушы еді ғой.

Екеуі өткен шақты еске алып, біраз дуылдасып отырады. Сонан соң шарап толы ыдыстарын түйістіріп:

- Кел!.. Енді қайтып оралмайтын балалық шақ үшін ішейік, - дер еді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?