Балалар арасындағы қызғаныштың алдын алудың 10 жолы

 Балалар арасындағы қызғаныштың алдын алудың 10 жолы

Кішентай сәби шыр етіп, дүние есігін қаққан кезде оның келгеніне қуанбайтын – оның үлкен бауыры. Өйткені, ол бастапқыда «мені бұрынғыдай жақсы көрмейді» деп алаңдауы мүмкін. Алайда, әке-шешесі өз қалпын бұзбай, үлкен баласымен бұрынғыша қарым-қатынасын жалғастырса, тұтанып келе жатқан қызғаныш шоғы жанбай жатып сөнеді.

Әке-шешесі баласының алаңдаулы әрекеттерінен шошымай, сабырмен тыңдаса және табиғи әрекеттерін жалғастырса, бала өзінің алаңдауының орынсыз екенін түсінеді. Яғни, бала өз өмірінде де, ата-анасының махаббаты мен әрекеттерінде де ешқандай өзгеріс жоқ екенін байқаса, қызғаныш сезімі басталмай жатып бітеді. Мысалы, бауыры дүниеге келген бала «әке-шешем мені бұрынғыдай жақсы көрмейді» деп ойлай бастаса, бұл ой қызғаныш сезімінің оянуы үшін жеткілікті. Бірақ, әке-шешесі еш өзгеріс байқатпай, нәрестеге де, қызғаныш сезімі оянып келе жатқан баласына да махаббатын сездіріп, баласының қызғанышқа толы әрекеттерінен әсерленбей, жақсы көруін жалғастырса, бала өз қалпына келеді.

Қызғаныштың ең басты себебі баланың «әке-шешемнің және үйдегі басқа адамдардың махаббатынан айрылып қаламын» деп алаңдауы екенін естен шығармау керек.
Сонымен қатар, үйдегі балалар арасындағы қызғаныштың алдын алу үшін төмендегі қағидаларды ескерген жөн:
- Ең бастысы, қызғану сезімі адамның жаратылысында бар екенін қабылдап, балаларымыздың әрекеттерінен шошымауымыз керек.

- Дүниеге нәресте келер алдында үлкен баламызға «отбасымызға жаңа бөпе қосылады» деп, оны осы жағдайға алдын ала дайындауымыз қажет. Жас сәбидің дайындығына, яғни сәбиге ат таңдау, бесігін дайындау, киім алу секілді дайындықтарға үлкен баламыз да өз үлесін қосар болса, сәби келген кезде оны құшақ жайып қарсы алуы оңайырақ болады.

- Үлкен баламызбен де көбірек уақыт өткізіп, оны қатты жақсы көретінімізді айтуымыз керек және оны іс-әрекетімізбен сездіруіміз қажет.

- Сонымен қатар, кейбір балалар өзі жақсы көретін заттары мен адамдарын қызғануы әбден мүмкін және оларды басқа ешкіммен бөліспеу үшін қырсығуы, кейбір жағымсыз әрекеттерге баруы мүмкін. Бұл да табиғи нәрсе, шошымау керек. Ешқандай бала өзі қатты жақсы көретін ойыншығын басқалармен бөлісуді немесе жақсы көретін досының басқалармен ойнағанын ұнатпайды.

- Баланы қызғаныш сезімі үшін айыптау, кінәлау немесе жазалау – үлкен қате.

- Баланың анасы жүктілік, босану және одан кейінгі кезеңдерде сәбиге көбірек көңіл бөлуге мәжбүр болғандықтан, балаға отбасыдағы басқа біреу, яғни әкесі көңіл бөлгені дұрыс. Босанудан бұрын баланы паркке апарып, бірге тамақ ішіп, жаңа тәртіпке үйретуі тиіс.

- Балаға сәбидің кішкентай екенін, әлі өзі өз қажеттіліктерін істей алмайтынын, көмек қажет екенін түсіндірген жөн.

- Сонымен қатар, бауыры дүниеге келе сала балаға «сен әпкесің, сен ағасың» деу дұрыс емес, оның да әлі бала екенін ұмытпау керек.

- Балалар арасында қызғаныш сезімі сезіле бастаған кезде оларды бір-бірінен алыстатудың орнына оларды жақындата түсетін орта дайындау қажет. Күш жұмсап, қол көтермеген жағдайда ата-ана балалардың қарым-қатынасына араласпауы тиіс.

- Әке-шеше кішкентай балаларын мақтап, көкке шығармауы керек, оларды бір-бірінен бөлетін сөздер айтпауы қажет. Мысалы, «ол сенен ақылдырақ, сен кеш түсінесің; сенің сабағың нашар;сен ылғи осындайсың» секілді сөйлемдер балаларды бір-бірінен алыстатады. Олардың арасындағы қызғаныш сезімі өмір бойы жалғасын табады.

- Ең бастысы, балалар бір-біріне қанша ашуланса да, олар бір-бірінің бауыры, негізінде, бір-бірін өте қатты жақсы көреді. Осыны естен шығармау керек.


Елжас Ертайұлы
"Бақытты отбасы" отбасылық кеңес орталығы



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?