Сайын Мұратбеков | Таңғы шық

  Сайын Мұратбеков | Таңғы шық


Селолық дүкеннің сатушысы Тұраш қамаудан үш ай дегенде босады. Қоңыр сырмен боялған зілдей ауыр ағаш қақпа қарсы алдынан ешбір сықырсыз жайымен сырғи ашылды. Тұраш сыртқа шықты.

Осыдан үш ай бұрын қамауға айдап әкелгенде қыстың күні еді. Көше омбы қар болатын. Үскірік жел суыра соғып тұрған. Арықтағы су көкпеңбек боп безеріп қатып жатқан еді. Содан бері: шалқар аспан жүзіне сақинадай ғана тор көз терезеден қарап, кең дүниені қоршауы биік, тар аулаға күніне бір ауық шығарғанда ғана сезетін. Сонан бері жабырқап, әбден титығып басылған көңіл дәл қазіргі сәтте мың сан құс боп сайрап қоя берді. Көкірегі қуанышқа толып, жарылардай боп кетті.

Буындары сәл діріл қаққан Тұраш көше бойлап келеді. Асықпай басып, жай серуендеген адамша жүруге тырысады. Есіл-дерті сырт көзге қамаудан шыққанын танытпау. Әлсіреген халін сездірмеу.

Автобус станциясына келді. Мұның аулына жүретін автобус жарты сағаттай бұрын соңғы рейспен кетіпті. Енді тек ертең таңертең жүреді екен. Не істерін білмей ойланып қалған Тұраш қалтасында көк тиыны жоқ екенін есіне алды. Қарыз сұрайтын таныс біреу кездеспес пе екен деп біраз қарайлады. Бірақ автостанцияға жан адам бас сұққан жоқ. Тек анадай шетте, көшенің бұрышына ине-жіптен жаңа шыққандай тап-таза киінген қара костюмді жас жігіт тұр. Тықыршып, сағатына қарай береді.

Тұраш не де болса сол жігіттен бірер сом сұрап алуға оқталған. Үркітіп алмайын деп, ақырындап таяп келді. Осы мезетте үстін шерткіштеп, туфлиіне қараған жігіт дереу қалтасынан қызыл шүберекті ала сап, аяғын ысып-ысып қойды. Шүберегін сілкіп-сілкіп, бүктеп қалтасына қайта тықты. Жалт-жұлт еткен қызыл пүліш екен. Тұраштың жүрегі зырқ ете түсті. Теріс айналды. «Түу, ақшасы да, бәрі де құрысын, тезірек кетейінші...» деп шеткі көшемен тауға қарай тартты.

Мұның аулына баратын жалғыз аяқ жол әуелі тауды бөктерлей жүріп, екі-үш белеңді асқаннан кейін үстіртке шығатын. Тұраш сол жалғыз аяқ жолмен жүріп келеді. Қара тер боп үстіртке де шықты.

Аласа қоңыр таудың үсті тақтайдай жап-жазық. Өткен жылғы саржағал бетеге тұтасып жатыр. Түбіртегінде қадалған көк қылтанақтар көрінеді. Аяқ астынан пыр-пыр етіп бозторғайлар ұшады. Көк жүзіне шығып ап шырқырап тұрады да, бетегеге қайта сүңгиді. Тұраштың көкейінен қызыл пүліш кетпей қойды. Сәнқой жігіт әлгі қиықты қайдан алды екен? Әрине, мұның үйінен алған жоқ. Бірақ қайдан алды екен, ә?..

Алқынған Тұраш жүрісін баяулатып жан-жағына көз тікті. Аудан орталығы тау ығында көрінбей кеткен. Қазір қай жағына қараса да мөлдір көк аспанның күмбезі тек тау үстіне ғана төңкеріле қалған сияқты. Анадай жердегі биік-биік қарлы шыңдардың үстінен қол созым ғана көрінеді.

Құдия еңкейген күннің көзі ақшыл сарғыш реңінен біртіндеп сүзіліп енді алқызылданып, жер үстін қызғылт шапақты нұрға мала бастады. Бүкіл үстірт күрең қызылданып жатыр. Аппақ қар басқан шыңдардың ұшар басы жалқын тартып жарқырайды. Тұраштың көз алдына тағы да қызыл пүліш келе қалды. Бойы тоңазығандай дір ете түсті. Онан соң: «қойшы, болар іс болып кетті ғой, құрысыншы»,— деп өзін-өзі жұбата бастады. Бір сәт әйеліне де «заты қызылқұмар емес пе, ол байғұсқа не кінә» деп кешірім еткендей болды. Осыдан біраз күн бұрын артынан тамақ алып келгенде әйелі: «Е, қойшы, сол он метр пүлішке бола соттар дейсің бе, шығасың ғой, аманшылық болса»,— деген-ді. Сонда Тұраш әйелінің осынша парықсыздығына іштей ренжіп қалып еді. Бірақ өзі қамауда жатып, сағына жолыққанда қатты айтып, әйелін ренжіткісі келмеді. Іштей тынды... «оу, мәселе пүліште емес қой. Басқада... Енді неде, бәсе?.. Туу, құрысыншы, мейлі, не де болса еске алмайыншы сол пәлені...»

Тұраш ауылға дейін қанша қалғанын еске алды. Ауыл — осы қоңыр таудың күнгейінде. Тас жолмен айналып жүргенде аудан орталығынан жиырма бес, отыз шақырым, ал тау асып төтемен жүрсе он шақырымнан асар-аспас жер. Miне, Тұраш әне-міне дегенше жол ортасына да жетіп қалды. Анау алда жатқан жырамен құлдиласа, табаңда Тастанның қыстауы бар — нақ жол ортасы. Онан арғы жол ылғи еңіске қарай. Осы жүріспен ел орынға отырмай-ақ үйіне жетіп барады.

Жырамен төмен құлдилай бастады. Неғұрлым күнгей асқан сайын бетеге сиреп, енді ғана бүр жарған тобылғы, қараған жиіледі. Состиған жартастар көбейіп, жалғыз аяқ таспа жол солардың арасымен бұралаңдап кетті. Қорым тас та кезікті. Аттаған сайын салдыр-гүлдір етіп, тау арасының тыныштығы бұзылып келеді. Меңіреу тыныштықтан да осы салдыр-гүлдір ұнады Тұрашқа. Қорым арасында сасыр өсе бастапты. Көк кесірткеше тас қуысынан басы қылтиып тұр, тиіп кетсе жасық иісі бұрқ ете түседі.

Күн қарсыдағы өркеш жотаның тасасына көрінбей кетті. Қызғылт сәулесі тек қарлы шың басында тұр. Жыра іші күңгірт тарта бастады. Еңіске жүру өте қолайсыз еді. Секірме тастардан сүрініп түсе жаздап, Тұраш өз денесін өзі әзер іркіп, зірк-зірк етіп келеді. Тауға шыққаннан да, таудан түскен қиын сияқты. Өстіп әбігер боп келе жатқанда табандағы ескі тас қыстаудың үңірейген терезесінен жылт еткен от көрінді. Өз екпінін ірке алмай аттай түскен, енді қыстау ішінде жанып жатқан от ап-анық боп үлкейіп көрінген. Бойын суық тер басып кеткен Тұраш қалшиып тұрып қалды. Айдалада, тау арасында иесіз қалған ескі тас қыстауда от жағып жүрген кім екен? Төбесіндегі мұржасынан бұрқырап көк түтін көтеріліп тұр. Қатты қорыққан Тұраш не ілгері, не кейін қозғала алмады. Бүкіл тұла бойы шымырлап ұйып барады. Осы кезде қыстау ішінен сыңғырлаған әсем күлкі — қыз күлкісі шықты. Мүлги бастаған тау арасының кешкі тыныштығын тіліп өтіп, күмісше сыңғырлайды. Әлі құрыған Тұраш сылқ етіп отыра кетті.

Әлден уақытта қыстау ішінен қызыл көйлек киген талдырмаш жас қыз шықты. Киіктің лағындай орғыған, ақ маңдайлы, қос бұрымы тірсегін соғады. Басына ақ орамал тартып апты. Ыңылдап ән салып жүр. Анадай жерде үюлі жатқан тобылғыдан құшақтай ала бергенде көзі Тұрашқа түсті. Әуелі сілейіп тұрып қалды да, тобылғысын тастай сап қыстауға жүгіре кірді. Соның артынша әлгі қызбен сөйлескен еркек даусы да естілді. Енді қыстаудан қызға еріп жігіт шықты. Ұзын бойлы, кесек тұлғалы қара торы жігіт. Өз-өзіне келіп, бойын жиған Тұраш қорыққанын сездірмей соларға қарай жүрді. Таяп қалған кезде қыздың:

— Ой, ол кісі емес екен. Тұраш ағай ғой,— деген сыбырлы сөзін естіп қалды. Жігіт те сыбырлап:

— Ол кім? — деп сұрады.

— Ұмытып қалдың ба, мына көрші колхозда дүкенші боп істеп еді ғой?

— Иә, иә, енді түсті есіме. Қамауда емес пе еді?

— Тс-с...

Таяп келген Тұрашқа:

— Сәлеметсіз бе, Тұраш ағай,— деп қыз өзі амандасты.

Таныған кісіше жарқын шыраймен жөн сұрап жатыр. Жігіт те қол ұсынды. Тұраш қыз бен жігіттің түстерін шырамытқандай болды. Бірақ қапелімде бұлардың кім екенін, қайдан көргенін есіне түсіре алмады. Әсіресе қызды жақсы танитын сияқты. Аппақ тістерін көрсетіп, жымия күліп тұр. Таныс кескін, жақсы таныс...

Тұраш өзінің автобустан кешігіп қалған соң төтелете жаяу шыққанын айтты. Енді жөн айтудың орайы қыз бен жігітке ойысқан.

— Біз ауылдан жүрміз, ағай. Биыл колхозшыларға бақша салатын жер мына үстірттен берілген,— деді қыз қарсы беткей жақты нұсқап.— Ашық далада, тау үстінде тоңамыз ғой деп, мына қыстауға келдік.

Тұраш: «қарақтарым, есіз қыстауға түнеуге болмайды ғой» деп айтуға оқталды да, қыз бен жігіттің тіпті жайбарақат қалпын көріп іркілді. Бұл ақылы тым ерсі болатындай көрінді.

Өз жолымен жүре берген. «Апыр-ау осы бір сүйкімді қызды қайдан көрдім? Өзі мені танып тұр. Жігітті де көрген сияқтымын. Қайдан көрдім?» деп ойлады. Едәуір ұзап кеткен, соңынан:

— Ағай! — деген қыздың даусы естілді.

Тұраш артына бұрылған. Қыз бен жігіт қосарлана жүгіріп келеді.

— Ағай, сіз білмеуші ме едіңіз, мына, алдыңыздағы Қасқалдақ тасып жатыр қазіргі уақытта. Таңертең су тартылған кезде өтпесеңіз, қазір елең-алаңда өтуіңіз қиын. Әне, тыңдаңызшы...— деді қыз.

— Иә, таңертең өтпесеңіз, қазір қауіпті,— деп жігіт те қостап қойды.

Шынында Тұраш енді есіне алды. Тау арасындағы Қасқалдақ жазда сылдырап аққан кішкене мөлдір бұлақ қана болғанымен көктемде, тау басындағы қар еріген кезде қатты тасып, жаяу түгілі аттылыға өткел бермейтін. Құлағына енді жетті. Тасыған судың шуылы тау арасын жаңғырықтырып тұр.

— Жүріңіз, ағай, бүгінше бізбен бірге болып, қонақ боп кетіңіз. Жас отаумыз. Түзде жүрсек те, үйде жүрсек те қонақшыл болғымыз келеді. Тойымызда болмасаңыз да, бүгінгі қонағымыз болыңыз,— деді қыз қиыла өтініп. Үлкен қара көздері жаудырап тілек етіп тұр. Ашаң жүзі кешкі қараңғылықта айрықша аппақ көрінді.— Жүріңіз. Аттап өтпеңіз біздің дәмімізді. Шақырсаңшы сен де ағайды, үй иесі сенсің ғой,— деп жігітті бүйірден түртіп қайрап қойды.

— Иә, сөйтіңіз, ақсақал, жүріңіз...— деді жігіт те өтініп.

Бұл кезде ымырт үйіріліп, көз байлана бастаған. Қыстау іші қараңғы еді. Жігіт пен қыз Тұрашты қолынан жетектегендей екі жақтап төрге шығарды. Тастан қаланған жер-ошаққа таяу тобылғының жұмсақ бүрі қалың етіп төселіп, үстіне үлкен кенеп плащ жабылыпты. Әлгінің үстінде қыз бен жігіттің киім-кешектері, буыншақ-түйіншектер жатыр. Бұлардың төрі осы екен.

— Жантайып демалыңыз,— деп, жігіт өзінің мақталы фуфайкасын бүктеп, Тұраштың шынтағының астына тастады.

Қыз тобылғыны үстемелей жағып, кішкене қара шәугімді отқа қойды.

Қыстау іші жып-жылы. Шыжылдап, пырсылдап жанған жас тобылғының ашқылтым түтіні көзді жасауратады. От сәулесінен қыстау қабырғасындағы қырлы тастар көмескі ғана жылт-жылт етеді. Сәлден кейін шәугім қайнап, тасып кетті. Қыз басына тартқан орамалын дастарқан етіп жайды да, түйіншектің бірін шешіп нан турады. Екі стакан алып, қайнаған судан құйып, бірін Тұраштың алдына қойды, екіншісіне өздеріне құйды.

— Ағай, қомсынбаңыз, алыңыз дәмнен,— деді күлімсіреп.

Тұраш еріндерін күйдіре отырып ыстық суды сораптап іше бастады. Ішкен сайын бойы жадырап, тершіп, жан-дүниесі бұрын өзі сезіп, біліп көрмеген рақатқа батты. Ләм деп үн қатпастан шәугімдегі суды ақырына дейін ішті. Егер өздері айтпаса қыз бен жігіттен ештеңе сұрамауға бекінді.

Шайдан кейін ірге жақтан Тұрашқа жұмсақ етіп төсек әзірленді. Ал қыз бен жігіт өздері плащқа оранып жатты.

Ошақтағы қыз толтырған жас тобылғы бықсып, ызылдап, шыжылдап жанады. Әуелде сыбырласып жатты да, сәлден кейін қыз бен жігіт ұйықтап кетті. Бұл екеуінің кім екенін басын қатырып біраз ойлап жатты да, сәлден кейін бойы дел-сал боп езіліп, талмаусырап Тұраш та ұйықтады.

Әлдеқандай дабырдан оянды. Қыстау іші ептеп жарық тартыпты. Кештете туған ай ашық терезеден сығалайды. Қыз үй ортасында қолының ауырғанын айтып жылап отыр. Жігіт оның асты-үстіне түсіп бәйек болуда.

— Кәне, мына жарыққа әкелші,— деп ол қыз білегін ай сәулесіне тосты. Онан соң жұбатқан үнмен:

— Ештеңе де болмапты, ептеп қана...— дей берген қыз білегін ерніне апарып.

— Иә, саған ештеңе де болмаған,— деп қыз қолын жұлып алды.— Екі тастың арасына мыжылып қалды, ал сен ептеп қана дейсің. Аю сияқты теріс қарап аунап, тасты басып қалған сенсің... қолым-ай... қолым-ай... Енді не істейін...

— Әкел жақсылап тұрып байлап берейін.

Жігіт әлдеқандай шүберекті дар еткізіп жыртты да, қыз білегін тағы да ай сәулесіне тосып тұрып, байлап тастады. Үн шығармауға тырысып, тұншыға өксіген қыз орнына қайта жатты. Анда-санда жас балаша қорс ете қалады. Жігіт оны аймалап, басынан, көзінен сүйіп тағы да жұбата бастады.

— Жыламашы енді. Төсекте жатып жылауға болмайды... Қазір-ақ қояды ауырғаны... Қойшы енді. Мына кісі оянып кетеді, әйтпесе. Жыламашы...

— Оянса мейлі, қорқады дейсің бе? — деп қыз күңк ете түсті.— Қолым-ай, солқылдап әкетіп барады... Неткен бақытсыз едім...

Жігіт жұлып алғандай:

— Не, не, не? Қайталашы соңғы сөзіңді,— деп басын көтерді.

Оның түрін көре алмаса да қатты ашуланғанын Тұраш жақсы сезді. Қыз қорыққан болу керек, тырс етіп жауап қатпастан булығып жылай берді. Біраздан кейін тыншығандай болды. Жігіт болса басын көтерген қалпында шынтақтап отырған. Енді қатқыл үнмен:

— Сен немене, өкініп жүрсің бе? — деді қызға.— Қолыңды сылтауратып ойыңдағыңды айтқаның ба?.. Мен саған жалғыздығымды, түгімнің жоғын ескертіп едім ғой о баста. Өзің емес пе едің: бақыт деген екеуміз қол ұстасып жүрген жерде дейтін... Ал енді қосылғанымызға үш күн болмай жатып мұның қалай?.. Бағана аяғыма тікен кірді деп жыладың...

Жігіт шалқасынан түсіп, көкірегін ашып тастады. Сәлден кейін теріс қарап жатқан қыз көтеріліп кеп, басын жігіт кеудесіне салды. Өксіген күйде:

— Ашуланбашы,— деді, жігіттің бет-аузын аймалай сипалап: — Батырым менің... Сен де жылап жатырсың ба?.. Көзіңнен жас ағып жатыр ғой...— Қыз шөпілдетіп сүйе бастады.

Жігіт дірілдеген үнмен:

— Ендігәрі айтпа мұндай сөзді,— деді.

Қыз ерке қылыққа басты.

— Айтпаймын. Ант етемін өзіңе. Қойшы енді, құшақташы мені...

Екеуі де үнсіз ұзақ сүйісті.

— Ерте тұрамыз ба? — деп сұрады қыз.

— Ерте тұруымыз керек.

— Сен оянбасаң, мен ояна алмаймын.

— Екеуміз де оянамыз...

— Күректерді тығып кетіп пе едің?

— Тыққан жоқпын, кім алар дейсің.

Қыз бен жігіт осылай басылды. Біраздан кейін қарлы шыңдарға иек артқан ай жылжып маңдай тұсқа келді. Енді күміс сәуле қыз бен жігіттің бетіне түсті. Екеуі де тәтті ұйқыда. Жігіт шалқасынан жатқан күйде көзін сәл ашыңқырап, ақырын қорылдайды. Қалың түк басқан жалаңаш кеудесі көтеріле басылып бір қалыпты қозғалады. Қыз болса басын жігіт көкірегіне салған, қалың бұрымы ұйпалақ-тұйпалақ шашылып, еріндері сәл ашыла түсіп, бір жақ езуінен аққан сілекейі жылтырап тұр. Маңдайынан бастап бетінің үстімен тамағының астына қарай ноқат жүгіріп өтті. Қыздың жүзі жыбыр қағып күлімсірегендей болды. Енді бірде түшкіріп қалды. Онан соң ұйқысырап күңгірлеп сөйледі. Тұраш ештеңе ұға алған жоқ. Қыз жігіт бауырына тығыла түсіп, сақ-сақ күлді.

Неге екені белгісіз қыз жүзіне қызыға қарап жатқан Тұраштың да күлкісі келді. «Қайран, бақытты шақ-ай» деп күбірледі. Күрсінді. Бір кезде өзі де осындай ыстық бақыттың құшағында болып еді-ау! Қанша жыл өтті, сонан бері... Иә, онша көп те болмапты-ау. Небәрі он жыл ғана. Он жыл!.. Тұраш та дәл мынау жатқан бейтаныс жігіттей қылшылдаған жас еді. Күшті еді. Ол кезде ауылдағы жігіт атаулының арманы болған сұлу қызға үйленді. Қолы жетпеген жігіттер бұған тіс қайрайды. Бірақ бетпе-бет келуге қаймықты. Дәл, Тұраш үйіне келін түсірген түні, ауыл жігіттері жарымес Құсанды өлгенше мас қып арақ ішкізіп, қолына оқтаулы мылтық берді. Той тарқап, үйде Тұраш пен жас келіншегі оңаша қалған. Шешініп, енді шымылдыққа кіре берген кезде терезеден гүрс етіп мылтық атылды. Әйнектер шалдыр етіп шашылып түсті. Үрейі ұшып жылап жіберген жас келіншегін құшағына алып, аймалап сүйе берген... Бір қызығы, алғашқы қосылған кездерінде Тұраш та болымсыз нәрсе үшін төсекте жатып, әйелімен қосыла жылаушы еді. Жылап жатып екеуі ыстық табысатын. Сол шақтар ең бір бақытты кезең екен ғой. Адам сонда бақыттан да жылайды екен-ау! Онан кейін айлар өтті, жылдар өтті, біртіндеп сол бір қосыла жылайтын шақтар ұмытыла бастады. Тіпті сол сәттерді кейінде, әйелі екеуі еске алғанда: «сондағымыз не, ей, біздің? Ақымақ екенбіз-ау!» деп сөкет көретін. Енді Тұраш жылар болса, әйелі жырқылдап күліп, мазақ еткен де болар еді. Өйткені әйелінің қазіргі тілер бақыты мүлдем басқа. Тұраштың өзі де осы соңғы бақытты күйттеп кетті ғой... Көз алдына жылт-жылт етіп қызыл пүліш келе қалды... Күтпеген жерден тексерудің сап ете түскені. Онан соң сарғайып қамауда жатқан үш ай.

«Үш ай!.. Айтар ауызға оңай. Кірпік қаққандай әр сәті қымбат өмірдің үш айын қапаста өткізу кешірілмес күнә емес пе. Қызықпен өтер қаншама күндер, ләззатпен өтер түндер қайтып оралмас боп заяға кетті ғой. Уай, адам қамауда жатып сарғаю үшін емес, бақыт үшін өмір сүрмей ме?! Ал ол бақыты бар болғыр адамның өз бойында емес пе. Апыр-ау, сол бақыттан қалай айырылып қалады...»

Тұраш көз ілместен ұзақ жатты. Қыстау іші тым-тырыс. Ай сілейген күйде білдірмей жылжып, жамбасқа ауды. Қыстау іші үңірейіп күңгірт тарта берді. Қабырға тастардың әрқайсысы өздерінше үрейге толып, құбыжық көріне бастады. Терезе тұсындағы шыңдар да қарауытып, сұстанып кетті. Жартастар жан-жақтан қаумалап төніп тұр. Тау-тасқа жаңғырығып, ысылдай шыққан шуыл естіледі. Бұл — сарқырай аққан Қасқалдақтың шуылы.

Әлден уақытта қыстау іргесіндегі қорым тас салдырлап, тасыр-тұсыр дүбір шықты. Сөйткенше болған жоқ жер астынан шыққандай «У-уф! У-уф!» деген ащы үн естілді. Бүкіл тау-тас уілдеп әлгі үнді жаңғырықтыра жөнелді. Тұраштың тұла бойы түршігіп кетті. Жүрегі дүрсілдеп, алқымына тығылып, айқайлап жіберуге сәл-ақ қалды. Дәл қазір қорқынышты бірдеңе қыстауға кіріп келетіндей боп жатты. Бірақ үрейлене күткенмен, қыстауға ештеңе кірген жоқ. Сәлден кейін әлгі ащы үн «У-уф! У-уф!» деп қайталап шықты да, қорымтас салдыр етіп, қыстау үстінен құс ұшып өтті. «Ух! Жаным-ай үкі екен ғой...» деп күбірледі Тұраш.

Қыз бен жігіт еш нәрседен қаперсіз тәтті ұйқыда, қозғалар емес. Бақыт ұйқысында жатыр.

Рауандап таң білінді. Шығыс жақ көкпеңбек боп, түн қараңғысы батысқа қарай түріле бастады. Тұраш ақырындап тұрып, киінді де тысқа шықты. Ауа қоңыр салқын екен. Тау-тасты аппақ шық басыпты. Кіршіксіз, шыңылтыр таза таңғы шық.

Тұраш өз жөнімен жүріп кетті. Тау арасы тұп-тұнық, буалдыр көк-аяз тұнып тұр. Тобылғы, қарағанның бүріскен бүрлері жақұт тағынғандай жылт-жылт етеді.

Көңілі алып ұшып, қуанышқа толып келеді Тұраштың. Бұрын өз бойында болып көрмеген өзгеше қуаныш.

Біртіндеп, таң аппақ боп атып, күн шалған қарлы шыңдардың басы нұр сәуле шашып, жарқырай бастады. Сәуле төмен қарап сырғып барады. Күн сұлу да бүгін ұясынан сергек тұрған тәрізді. Тұраш ауылға асып түсер өркеш шоқыға шыққан, арт жақтан: «А-а-а!» деп тау жаңғырықтырған дауыс естіледі. Алыста, әлгінде өзі түнеп шыққан — Тастан қыстауының тұсындағы биік шоқының үстінде қыз бен жігіт тұр. Күн нұры оларды қызғылт шапағына орап апты. Тек сол екеуінің қуанышын паш етіп тұрған тәрізді.

— А-а-а!..

Тау жаңғырықты. Қожыр-қожыр жақпар тастардың бетіндегі аязданған таңғы шық айғыз-айғыз боп тамшылап тұр.

Қыз бен жігіт қол бұлғайды. Тұрашты көкірекке сыймас қуаныш кернеді. Осы таңмен келген адам айтқысыз зор қуаныш. Сол қуаныштан жүрегі жарылардай боп шырқырайды. Иә, жүрек шырқырап тұр. Өксіп-өксіп жылағысы келді Тұраштың. Қуаныштан егілу еді бұл. Артына соңғы рет бұрылды:

— Өркендерің өссін!..

— А-а-а!..

Тау жаңғырықты...


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?