Тоқаш Бердияров | Нан

  Тоқаш Бердияров | Нан


Қонысбай ғажайып бір түс көрді. Түсінде қап-қара киім киініп, цирк аренасында тұр екен. Басында күмбез тәріздес қара сәлде, қолында қылтырықтай таяқша, кәдімгі жұрттың көзін байлағыш сиқыршының өзі дерсің!

Ол жан-жағына көз тастап, көпшілік қауымға ойлы көзбен қарады. Бәрінің де жүздері солғын, жадау тартқан. Алдыңғы қатардан «нан» деп жылаған жас балалардың ащы да аянышты даусы естіледі. Қонысбай таяқшасын бір сермеп, селтиіп тұрған цирк қызметкерлеріне ишарат білдірді. Олар табан арасында үлкен бір ақ тандырды дөңгелетіп аренаға шығарды. Сиқыршы бала тандырдың аузын жылтыр қара шүберекпен жапты да өлеңдете жөнелді.

Жомарт тандыр, ақ тандыр,

Мына жұртты шаттандыр.

Әмірімді ал, ұққын.

Қарнын тойғыз халықтың!

Қаптың аузы сөгілсін,

Аузыңнан нан төгілсін!

Айтқандай-ақ, нан дегеніңіз тандырдың аузынан қайнап шыға бастады. Тап-таза бәрі бидайдың ұнынан жасалған, буы бұрқыраған арайлы да ажарлы кәдімгі нан! Түйенің көзіндей күлшелердің асты қаудырақ, үсті том-томпақ, аузыңа салсаң ериін деп тұр әншейін. Шайнамай-ақ жұта салуға болады. Жұрт мәз-мейрам. Бөбектердің қолында бір-бір күлше. Жүздерінде күлкі ойнайды. Бүкіл көрермендер сиқыршы балаға алғыстарын айтып жатыр.

Ақ тандырдың аузынан ытқыған нан әсте бір толастар емес. Нанды жей-жей ыңқиып тойынған жұрт ертеңгі күнін ойлап, қойны-қонышына тегін дүниені тыққыштай бастады.

Қалың көпшіліктің ішінен Қонысбай апасын іздеді. Бірақ о кісі көзіне шалына қоймады. Ол қатты қапаланды, «Қайран, анашым-ай, мына тегін наннан құр қалатын болдың-ау! Қап!..»

Алаңдаған сиқыршы бала шыдай алмады білем, бар даусымен айқай салды:

— Апа, қайдасың?..

— Мен мұндамын ғой, құлыным, жарық жұлдызым,— деп Күмісай жеңгей ұйқысырап жатқан баласының басынан сипады.

— Уф!—деп көзін ашты Қонысбай,—тандыр қайда? Нан қайда?..

— Қайдағы тандыр? Қайдағы нан, ботам-ау?— деді анасы таңданған ішінмен.— Түс көрген шығарсың?.. Бет-алды сандырақтап, шошытпашы мені, құлыным!..

Қонысбай қатты өкінді. Әп-сәтте жомарт ақ тандырдың да, буы бұрқыраған күлшелердің де ғайып болғаны несі? Бұл қалай? Мені, ғажап!..

Таң атып келеді екен. Терезеге қағылған алақандай жалпақ құрсау темірдің ара-арасынан күннің алғашқы сәби алтын шапақтары сығалап тұр. Қисық аяқ, сыры кешкен аласа жұқаяқтың үстінде абажадай дәу сандық. Бұл — Қонысбайдың әжесінің көзі. Үстіне ескі-құсқы көрпе-жастық жиылған. Жадау, жұпыны үй іші қасіретті соғыс жылдарының кейпін аңғартқандай. Қабырғаға тұтылған көне алаша, ескі самауыр, үй иесінің көптен қолы тимеген «Зингер» тігін машинасы — бәр-бәрі де ақылап-үһілеп тұрған тәрізді.

Көзін бір нүктеге қадап, Күмісай жеңгей шай ішіп отыр. Құлағында тұтқышы бар қара құманнан оқта-текте ақшылдау шайсымақ кертік кесеге құйылады. Кесенің шытынаған сызатына темір шеге қағылған. Үйдің ішкі келбеті сықылды дастарқанның беті де күңгірт. Бар болғаны бидай талқан, зиғара (жүгері ұнынан жасалған нан).

— Апа, нан!— деді Қонысбай аузын бұртитып.

— Мә, зағара, ішінде асқабағы бар, тәп-тәтті. Жей ғой, құлыным!..

— Жемеймін, түйіліп қаламын. Би-дай нн-ан!..

Әй, баламысың деген-ау!.. Ана бейшараны отқа да, суға да түсіретін қу перзент қой.

— Апа, апа!—деді Қонысбай тыпыршып.— Әнеубір шегеде ілулі тұрған күлшені алып берші!

— Ол панды жеуге болмайды, төрем.

— Неге?

— Ол ырым, көкешің тістеген нан.

— Майданнан оралған соң, өзі жей ме?

— Ия!

Алаңғасар да елгезек бала: «Егер келмесе ше?» — деп айта жаздап барып, со замат аузын баса қойды. Өз пікірінен өзі қатты сескенді. Оның жас жүрегін қорқыныш қысқашы шымшып-шымшып алғандай болды. Ол өзіне төнген үрейден қашқақтап, жылы да тәтті қиялдың құшағына енді. «Папам неге келмесін? Есен-сау, сөзсіз ауылға оралады!»

Шегеде ілулі тұрған нанға Қонысбай қайта қарады, өзінше ойға шомды. «Ойпырай, көкемнің аузы менің аузымнан да кішкентай болғаны ма, бұ қалай? Тістеген жері тіпті мардымсыз ғой. Мен болсам омырып-омырып жіберетін едім!»

Алғашында қызыл шырайлы, жұмсақ нан біртін-біртін қатқылдана түсіп, әдепкі нәрлі, жасаң өңінен айырыла бастады. Уақыт өткен сайын солған гүлдей қуқыл тартқан Күмісай жеңгей төрде ілулі тұрған осы бір нанмен тағдырлас, сырлас секілді.

Күмісай жеңгей колхоздың әр қилы жұмысын атқарады. Май айының лапылдаған аптабының астында күнге күйіп қоза баптады. Еркектерше шалғы орақпен пішен орды. Балағын тізесіне дейін түріп жіберіп, түнделетіп жүгері де суарды. Тепшіп-терлеп күні бойы мақта да терді. Нән қаптарды иыққа салып, арбаға астық та тиеді... Көк сәтін көйлегінің жамауының күннен-күнге көбеюі, бәлкім, содан да болар!..

Ертеңгілік шай-пай ішіліп болған соң Күмісай жеңгей жұмысқа аттанды. Қонысбай апасының соңынан ұзақ қарап тұрды. Жалт-жұлт еткен кетпеннің жүзі мен тарпылдаған кирзі етіктің дыбысы ұзап бара жатты. Қарауытқан бейне жиде ағаштың тасасына сіңіп, лезде ғайып болды. Қонысбай ауыр күрсінді. Жаңа әлгінде ғана «нан» деп қияңқылық жасағаны өзіне де ұнамады. Бұл әбестігі, керілігі үшін өзін іштей сөгіп, қатты налыды.

— Қонысбай!— деді біреу оның ту сыртынан.

Жалт қарап еді — өзінің құрбы досы Пернебек екен.

Оның қолында нан, қоңырқай бөлке нан. Ұртын бұлтитып, қарбыта жейді. Басында жасыл тақия. Ыстанбауының ұзындығы сонша — тізесіне дейін жетеді. Аузын шәймендетіп таяу келді.

Бөлке нанның сүйкімді, қышқылтым иісі Қонысбайдың танауын жарып барады. Жұтқыншағы еріксіз өздігінен бұлт-бұлт ете қалды. Екі кезі жәудіреп, қайта-қайта тамсанды. Мұны сезген Пернебек хош иісті бөлкенің шетінен сындырып, жолдасына ұстата берді.

— Мә, же! Қарның ашқан шығар?

— Ойпырай, бұл бөлкені қайдан алдыңдар, Ташкенттен бе?

— Кеше, Қарасудан қозыдай бір лақа балық ұстап алып едім, соны апам совхоз жұмысшыларына барып, бөлке нанға айырбастады. Балықтың салмағы алты кило екен, соған үш-ақ кило нан беріпті.

Ол ісініп-кеуініп, байырғы балықшыларша күпілдеп мақтана бастады. Екі қолын екі жаққа арбайтып, балықтың үлкендігін суреттеді, қалай ұстағанын дәлелдеді.

Өтірік пе, шын ба дегендей, Қонысбайдың көзі адырайып кетті.

— Өй, онда бүгін балық аулауға барайық та!

— Жоқ, қолым тимейді, колхозшылардың ешкісін бағып жүрмін. Лақтары еміп қойса, сөз есітемін. Нан жегің келсе, өзің бара бер, бауырым.

Қонысбай ойланып тұрды да, төтенше сұрақ қойды.

— Сенің көкең соғысқа аттанарда нан тістеп кетті ме?

— Ия.

— Тістелген нан төрде ілулі тұр ма?

— Жоқ.

— Енді қайда?

—Біз оны апам екеуміз әлде қашан сорпаға турап, жеп қойғанбыз.

—Шатақ екен.

—Неге?

— Енді сенің көкең майданнан оралмайды...

Пернебек ауыр күрсінді. Пошташы шалдың «қара қағаз» дегені, апасының жылап-сықтағаны, одан кейін де ешкімге сездірмей көзінің жасын оңашада төгіп алатыны есіне түсті баланың. Ахмет молданың «О, сорлы жетім» деген аянышты сөзі де есіне түсті.

— Менің көкем тістеген нан үйде ілулі тұр, — деді Қонысбай мақтанышпен. — Ол әскерден келген соң...

Дәл осы азамат бригадирдің ащы айқайы шықты:

— Пер-не-бек! Қайтар ешкілеріңді! Қозаны жеп қойды ғой... О, кебенек келгірлер... Сойылғырлар!..

Пернебек мұңайған пішінмен сөлбірейіп ауладан шығып бара жатты.

Қонысбай ескі кетпенді алып, дымқыл жерді қаза бастады. Түсі қызғылт, жіп-жіңішке шұбалшандарды саз балшыққа орады да банкінің ішіне салды. Тамның төбесінде жатқан қармағын алып, өзенге қарай беттеді.

Қарасудың суы едәуір тартылып, кемерінен төмен түскен, тұп-тұнық. Жағалауындағы жасыл қоғалар судыр-судыр етеді.

«Бір болса осы жерде болар» деген оймен Қонысбай ағынсыз, тұнып тұрған қайраңның тұсына келіп отырды. Ирелеңдеген шұбалшаңды қармақтың басына қаптады да, сосын, бір түкіріп қойып, суға қарай жытқытып жіберді.

Қонысбайдың сол жағында танауы делиген, сойталдай бір бейтаныс қара бала отыр. Қабағы түксиіп кеткен, аса көңілсіз. Шамасы олжадан құр алақан болса керек. Ол ала көзімен көршісіне бір қарады да, шәйнектей шекесін күнге жалтыратып, аса бір паңдықпен кекірейіп отыра берді.

Қонысбайдың қалтқысы билей бастады. Бір кез бұлтың-бұлтың етті де жоқ болып кетті. «Әуп» деп тартып кеп қалғанда, шамасы, екі-үш қарыстай теңге балық күн сәулесіне жарқ ете қалды. Бірер минуттан соң, мә саған безгелдек, аузы апандай тағы бір жайын ілікті. Балақай қуанып кетті. Со замат оның көзіне хош иісті бөлке нан елестеді. Дөп-дөңгелек, тегенедей кәдімгі ыстық бөлке нан!

Балықтың қызығына түскен баланың дәл құлағының түбінен дөкір де өктем дауыс «самп» ете қалды.

— Су мұрын, тұр орныңнан!!!

Артына жалт қарады ол. Танауы делиген қара бала екен. Ұрысқақ қораздай төніп тұр, әншейін. Жұдырығын тас түйіп алған. Қалтқы сияқты екі ұрты бүлк-бүлк етеді.

— Табаныңды жалтырат! Бұл — менің орным...

Қонысбай қарсыласқан жоқ, орнынан жайлап тұрды да, бейтаныс баланың басынан аяғына дейін бір шолып өтті. Жасы он төрт - он беске келген зіңгіттей балаң жігіт. Қызық-ақ! Мұндай жас өспірімдер, колхозда үлкен күш — қырманда астық тиейді, пішен шабады, арба айдайды немесе кеңседе қызмет істейді. Ал, мұның бұл жүрісі қай жүріс? Дені сау ма өзінің?

Олар дауласқан жоқ, тек қана орындарын алмасты.

— Сүпит!— деді де Қонысбай қармағын өзенге лақтырды. Қалтқы болымсыз қымың-қымың етті де, тына қалды. Аз сәттен соң өршелене бүлкілдей бастады. Әне, жоқ боп кетті. «Құдай» берді, тарт, балақай! Ауп!.. Әттегенай, қармақтың ағаш сабы шорт сынды. Балықшы бала жалма-жан суға күмп берді. Су бетінде біресе сүңгіп, біресе қалқып бара жатқан таяқшаны ұстай алды. Алым-салым боп, жағалауға шықты. Үшінші олжа. Мұнысы керемет үлкен балық екен! Міне, бөлке нан деп осыны айт!!

Қара бала жетіп келді. Қолдарын оқыс сермеп байбалам салды:

— Балықтың бәрін үркіттің... Сен осы жерден кетші өзің!

— Біздің колхоздың жері... Кетпеймін!

— Пішту! Біле білсең, менің бабаларымның жері.

—Өзендегі балықтар да сенікі ме?

— Менікі.

— Ұстап көрші онда, ерлігіңді көрейік.

— Өзің не оттап тұрсың? Қойып жіберіп, қой базарға жіберейін бе, осы?!

— Бойым ұзын деп қоқиланба, қорықпаймын!.. Керек болса ала ғой анау балықтарды. Қармағымды да ал. Шұбалшаңдарымды да ал. Бәрін де ал. Кештім! — деді де Қонысбай ауылға қарай жүріп отырды. Қайран, балақай, жылап барады-ау, қалтқы сияқты екі иығы бүлк-бүлк етеді. Хош иісті бөлке нанның ауылы біртін-біртін алыстай берді, алыстай берді...

Не істерін білмей қара бала сөмпиіп тұра қалды.

***

— Әйда, жүр, масақ тереміз!—деді Пернебек шарбақтың аласа дуалынан қарғып түсіп.

«Сіз не айтасыз» дегендей Қонысбай апасына сүзіле қарады. Мамасы «барсаң бара ғой, қарағым» деген сыңай білдірді. Ақ жарқын, мейірімді, елгезек ана бірталай ескертпе сөздер айтып, ұлының құлағына құйып жатыр:

— Басыңнан күн өтпесін, әкеңнің ескі қалпағын киіп ал. Табаныңа тікенек кіргізіп алма, абай бол, жаным!..

Тікенек демекші, осы жуырда мынадай бір оқиға болған-ды. Колхоз жүгерісінің ішінде Қонысбай бөдене ұстау үшін жиырма-отыз тұзақ қойған еді. Соны көру үшін бір күні кешке таман барса, міне қызық, жүгеріге сылқия тойып алған төбеттей нән бір борсық шалқасынан емін-еркін шәниіп жатыр. Төрт аяғы төрт жаққа көсілген, қарны көрік сияқты бір көтеріліп, бір басылады. Тіпті, танауына шөп жүгіртсең де байқамайтын тәрізді. Бала ә дегенде қатты сескенді. Сосын, сосын қолындағы таяқпен періп жіберді. «Борс» ете қалған ауыр дыбыс шықты. Түк емес! Борсық орнынан ұшып тұрды да, алды-артына қарамай, митыңдап қаша жөнелді. «Қап, қақ тұмсықтан соғып, сілейтпеген екем, бәлемді» деп қатты өкінген Қонысбай борсықтың соңынан тұра қуды. Борсық зытып барады. Бала қуып барады. Аралары екі-үш-ақ адым. Ұзақ жаяу жарысынан кейін борсекең қалың қамыс ішіне зып берді. Ызаланған балақай таяғын ақтық рет бір сермеп қалды. Не пайда? Таяқ қамысқа барып тиді.

Бұл оқиғадан соң Қонысбай бір жетідей төсекте жатып алды, яғни жүре алмады. Қызбалықпен жүгіре берген баланың табаны күлтілдеп, ісініп кетіпті. Табанында — шошқа тікен, жантақ, шөңге дейсіз бе, бәрі де бар, Бәрі де табылады...

Екі дос қаптарына қауын-қарбыз салып алып, қырға қарай тартты.

Аспан шайдай ашық. Күн ыссы. Бел-белестерде жөңкілген сағым теңізі әлдеқайда сусып-зымырап барады. Айналадағы зыңылдаған әуездер әсте бір толастар емес. Ұзын сырық қурайлардың бойындағы алқызыл гүлдер алыстан көзге шалынады, Сусыз адырдың тұңғиықтағы өзегінен старт алған бұл гүлдер жарық дүниеге бажырая қарайды. Қурайға қонған бармақтай сары шымшық дәулетті адыр өмірін, күннің қуатты сәулесін бүкіл аймаққа паш еткендей шықылықтап сайрап-ақ кеткені.

Шақырайған аптап астында екі бала көп сенделді. Масақ дегеніңіз ада болған, жердің шаңы шығып жатыр. Қой-ешкінің құмалағынан басқа ешнәрсе де жоқ.

Алыстан қырман көрінді. Қыбырлаған жұрт. Әсіресе орамалды адамдар көп. Тау-тау болып үйілген қызыл бидай.

— Міне, нан! — деді Қонысбай насаттанып. — Шіркін-ай, бір қап бидайды диірменге ұн қып тартса, қанша тандыр болар еді?!

Досының мына сөзін Пернебек жақтырмады.

— Босқа қиялданып қайтесің? Онан да жүр, анау орылмаған бидайға баралық. Шаруа өндірелік.

— Қорықшы көріп қойса, қайтеміз?

— Неден қорқасың? Көп болса қамшымен бір тартар... Сол ма?!

— Брезент қамшы болса мейлі ғой, ал сегіз өрмелі болса ше?

— Түуһ!.. Нан жегің келе ме өзіңнің?

— Әрине.

— Түс алдыма! Бас аяғыңды! Жылдам!

Олар сай қуалап, орылмаған бидайдың ішіне енді. Бұқпантайлап жүріп, өнімді де тиімді шаруаға кірісті. Әбден жетіліп, қауызынан дәні төгілген есіл бидай болымсыз желге судыр-судыр етеді.

— Ой, апа! — деді Қонысбай, белеңге шыға келген салт аттыны көріп. Ойпаңдау жерге екеуі де зым-зия бұға қалды. Аттың дүбірі біртін-біртін бұларға жақындай берді, жақындай берді... Ең соңғы адым, міне, тоқтады! Қамшы күтіп жатқан кішкентай екі жауырын кірпідей жиырыла бастады. Көлшіктің беті сияқты дір-дір етеді.

— Иә, балалар, жасырынбақ ойнап жүрсіңдер ме?.. Тұр орындарыңнан!

Екі дос ырсылдап, пысылдап, күрсініп, аспай-саспай түрегелді.

Жақсылық ағай екен! Протезін сықырлатып, ердің үстінде қисайып отыр. Сәл көңілсіздеу болғанымен, жүзі онша сұсты емес, сабырлы, инабатты. Бұл кісі биыл көктемде бір аяғын беріп, кемтар боп майданнан оралған. Мына тұрған екі «тентектің» әкелерімен түйдей жасты еді. Балалық шағын солармен бірге өткеріп, Ұлы Отан соғысына да бірге аттанған-ды. Міне, мүгедек боп ауылға қайтты. Қарап жатқан жоқ, колхоз басқармасынан өзі сұранып, қорықшылық жұмысын қолға алды. Астықты алқапты аралап жүруінің себебі де сол.

Ат үстіндс мықшиып отырған Жақсылық әрқилы ойда. Тесік тамақ үшін күнге күйіп, сары адырда сандалып жүрген мына шермік қарын жетімектерге қайтіп кемістік білдірмек? Қайтіп қолы бармақ? Тәртіп бойынша бұларға өз сыбағаларын жақсылап тұрып беру керек еді. Бірақ... Қорықшы ағай ауыр күрсінді.

— Шырақтарым,— деді ол байыппен, атының жалын сипап жатып,— бұл үкіметтің астығы. Майдандағы көкелеріңе нан керек. Ашық аспан астында олар Гитлер фашизмімен соғысып жатыр. Кім үшін? Сендер үшін. Сендердің болашақ бақыттарың үшін!.. Біз ауылдамыз. Быламық ішсек те, талқан жесек те өлмейміз... Масақ тергілерің келсе, комбайн жүріп өткен аңызаққа барыңдар, бәріңе де жетеді... Екінші рет бүйтіп бейбастық жасамаңдар!..

Ол қойнынан бір нан алып балаларға берді. Сөйтті де атын шоқырақтатып жөнеп қалды. Оның оң аяғындағы ағаш протезі салақтап бара жатты.

* * *

Қол диірмен көксау қойдай қыр-қыр етіп айналады. Айнала жиегінен аппақ ұн бұрқырап шығып жатыр. Күмісай жеңгейдің оң қолы тұтқада, сол қолымен табақтағы бидайды уыстап алып, қол диірменнің ұңғылына құяды. Ана алақанынан сауылдап төгілген қызыл бидайға Қонысбай телміре қарайды, қызыға қарайды. Кеше ғана қауызында торсиып жатқан қайран дән, бүгін екі тастың арасына түсіп, мап-майда ұнға айналды. Комбайн мен қой-ешкінің тісінен аман қалған әр бір бас бидай алдымен масақ боп терліп, қапқа түсті. Сосын, жуан тоқпақпен аяусыз тоқпақталды. Сабағымен, мұртымен, қауызымен, ең әрісі қурайдың дәнімен де біржола қош айтысып, тас диірменнің азуында ұнтақталып, кәдімгі аппақ ұн болды. Нан етіп тандырға жапсаң да, қамыр илеп етке салсаң да дайын тұр.

Күмісай жеңгей шаруасын тәмамдап, баппен, әдемі иленген қамырды шойын табаның ішіне салды. Аузын жауып, үстіне тезек қалап, от жақты. Жиырма-отыз минуттан соң шымшуырмен табаның қақпағын ашты. Ой, аллай! Қып-қызыл нан!.. Керемет!!!

Табадан жаңа шыққан бір үзім ыстық нанды аузына жұпалақтап тығып жатып:

— На-н!—деді Қонысбай жымиып.

Анасы сүйсіне қарады оған:

— Жей ғой, құлыным, жей ғой...

— Шіркін, бетіне сары май жағар ма еді!

— Бәрібір еріп кетеді.

— Ерісе саусақтарыма ағады. Ал мен саусағымды жалайтын едім.

Мамасы жеңілгендей, күлімсіреп жерге қарады. Қолда жалғыз лақ жоқ, сары май қайдан болсын?

Ана мен бала бүгін бір тойынып қалды. Кешке олар ет асып жеді. Семіз үш бөдененің еті қой етінен кем соққан жоқ. Сорпасы да тәп-тәтті!

Ә, демей-ақ, астық жинау науқаны аяқталды. Масақ теру мәселесі де бітті. Қуанышты, тоқшылық күндер зып беріп өте шықты. Қара талқанның өзі де азайып бара ма, қалай?..

Қонысбай мен Пернебек басқа кәсіпке көшті. Олар біраз уақыт балық аулаумен шұғылданып жүрді. Еш қандай олжа түсіре алмаған соң, екі дос ақылдаса келіп, колхозшылардың жеке меншігіндегі қой-ешкілерді бағуға келісім берді.

Бір күні екі шопан қойларын Қарасу түбегіне айдап салды. Шаңқай түсте жиденің көлеңкесінде отырып, өзен толқынына сүзіле қарап, шүйкедей екі бала — екі дос бір-біріне сыр-мұңын шақты.

— Пернебек!

— Әу.

— Саған бір нәрсе айтайын ба?

— Айта ғой.

— Көкем тістеген нан бар еді ғой...

— Ия.

— Соны біз кеше апам екеуміз ыстық сорпаға қосып, турап жеп қойдық!

— Шатақ болған екен,— деді Пернебек мұңайып.

Қайғы-қасіреттің қара құсы — ыстық жас Қонысбайдың кірпігіне қонақтай бастады. Ол өксіп-өксіп жылады.

«О, бейшара қос жетім» дегендей өзен жиегіндегі нән, жасыл құрбақа «құрқ-құрқ» етіп, әппақ бұғағын қайта-қайта бүлкілдетті.

Facebook


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?