Антон Чехов | Анюта
Жалға берілетін "Лиссабон" бөлмелерінің ең бір арзанқол кішкентай нөмірінде үшінші курстың студенті, медик Степан Клочков бұрыштан - бұрышқа әрлі-берлі жүріп, өзінің медицинасын жаттап жүр. Жақ жаппай, тынымсыз жаттаудан әбден тамағы тобарсып кеткен, маңдайынан шып-шып тер шықты.
Шет-шетіне қырау тұрып, неше түрлі өрнек түскен терезе алдында, жайдақ орындықта оның пәтершісі Анюта отыр, жасы жиырма бестер шамасында, сүйегі ұсақ, өзі ап-арық, кескіні қара торы, өңі құп-қу, жәудіреген қоңыр көздері, тіпті, монтаны. Жауырынын бүгжитіп, еркек көйлегінің жағасына қызыл жіппен кесте тігіп отыр. Жұмысы тығыз. Дәліздегі сағат құмыға күңгірлеп түскі екіні соқты, ал бөлме іші әлі жиналған жоқ. Умаждалған көрпе, әр жерде жайрап жатқан жастықтар, кітаптар, әйелдің көйлегі, үлкен легеннің ішінде мөймілдеп көпіршіген жуынды, оның бетінде қалқыған шылым тұқылдары, еденде ыбырсыған қиқым-сиқым - осының бәрі бір жерге үйіліп, әдейі қойыртпақталып, былығып жатқан сияқты...
— Оң жақ өкпе үш сайдан тұрады... — деп жаттайды Клочков. — Шекаралары! Үстіңгі сайы көкіректің алдыңғы бетінде 4-5 қабырғаларға дейін барады, бүйір жақта 4- қабырғаға дейін... артқы жақта Spina Scapulae1-re дейін...
Клочков осы қазір ғана оқыған нәрсесін көз алдына елестетпек болып, көзін шұқшита төбеге қарады. Айқын елестете алмай, жилетінің сыртынан өзінің үстіңгі қабырғаларын шұқылай бастады.
— Бұл қабырғалар рояльдің клавиштері сияқты, — деді ол — Есебінен жаңылысып қалмас үшін бұларға қайткенде де жаттығып алу керек. Адамның қаңқасына және тірі кісінің денесіне қарап отырып, жаттап алуға тура келеді... Кәнеки, Анюта, бері келші, бағдарлап көрейін!
Анюта кестесін былай қойып, кеудешесін шешті де, сымдай боп тұра қалды. Клочков оған қарама-қарсы отырды да, қабырғаларын санай бастады.
— һім... Үстіңгі қабырға қолға білінбейді... Ол бұғананың астында... Міне, мынау екінші қабырға... Солай де... Ал мынау үшінші... Ал мынау төртінші... һім... Солай де... Сен неменеге қымсынып тұрсың?
— Саусақтарыңыз суық екен!
— Жә, жә... өлмейсің, шошаңдама. Сөйтіп, мынау үшінші қабырға, ал мынау төртінші... Сыртыңнан қарағанда сен ап-арық сияқтысың, ал бірақ қабырғаларың қолға әрең білінеді. Мынау екінші, мынау үшінші... Жоқ, бүйткенмен шатасып кетесің де, көзге айқын елестете алмайсың. Суретін салуға тура келеді. Менің көмірім қайда?
Клочков бір түйір көмірді алып, Анютаның қабырғаларына тұспа-тұс қатарластырып, көкірегіне бірнеше сызық сызды.
— Тамаша. Бәрі де алақанға салғандай... Жарайды-ақ, ал енді тықылдатып көруге де болады. Түрегелші!
Анюта орнынан тік түрегеліп, иегін жоғары көтерді. Клочков оның о жер бұ жерін саусақпен тықылдата бастады, бұл шаруамен әуреленіп кеткені сонша, тіпті жаурап қалған Анютаның еріндері, мұрны мен саусақтары көгеріп кеткенін де байқаған жоқ. Анюта дір-дір етеді, бірақ дірілдегенімді медик байқап қойып, денемді көмірмен сызғылауын, тықылдатуын тоқтата қояр, содан кейін масқара қылып, емтиханды нашар тапсырар деп қорықты.
— Енді бәрі де түсінікті, — деді Клочков тықылдатуын тоқтатып. — Сен мына көмірді сүртіп тастамай осылай отыра тұр, мен әлі де аздап жаттаңқырайын.
Сөйтті де медик әрлі-берлі жүріп, жаттай бастады. Анюта, бейнебір кеудесін инемен піскілеп сурет салғандай қара сызықтармен айғыздалған күйі, суықтан бүрісіп, ойланып отыр. Ол әдетте аз сөйлейді, көбінесе үндемей, ылғи ойға батып жүреді...
Ол Клочков сияқтылардың жалдамалы бөлмесінде тұрып өткізген алты-жеті жылы ішінде бес адамды білді. Қазір олардың бәрі де оқуларын бітіріп, адам қатарына кірді және, әлбетте, инабатты адамдар болғандықтан, мұны баяғыда-ақ ұмытып кетті. Біреуі Парижде тұрады, екеуі доктор, төртіншісі суретші, ал бесіншісі тіпті профессор болып кетіпті дейді. Клочков алтыншы... Ұзамай бұл да оқуын бітіріп, адам қатарына кіреді. Сөз жоқ, болашағы тамаша-ақ, сірә, Клочков түбінде үлкен адам болатын шығар, бірақ қазіргі тұрмысы тіпті нашар: Клочковта темекі де жоқ, шай да жоқ, төрт-ақ түйір қанты қалды. Мына кестені тезірек бітіріп, тапсырыс берген әйелге апарып беру керек те, содан түскен ширек теңгеге шай мен темекі сатып алу керек.
Есіктің ар жағынан дауыс естілді:
— Кіруге бола ма?
Анюта жүн орамалды үстіне жамыла қойды. Суретші Фетисов кіріп келді.
— Мен сізге өтінішпен келдім, - деді ол Клочковқа маңдайына түскен шашының астынан сұғанақ көзбен тесіле қарап. — Маған бір жақсылық істеп жіберіңізші, өзіңіздің мына әсем бойжеткеніңізді маған бір-екі сағатқа бере тұрыңызшы! Мен бір сурет салып жатыр едім де, денесіне қарап салатын әйел болмаса ешбір реті келетін емес!
— Е, бәрекелді, ала қойыңыз! - деп Клочков келісе кетті. - Жөнел, Анюта!
— Онда мен не бітірмекпін! — деді Анюта жайлап қана.
— Жә, жетті! Бұл кісі еріккенінен сұрап тұр дейсің бе, өнер үшін сұрап тұр ғой. Қолыңнан келіп тұрғанда, көмектеспейтін несі бар?
Анюта киіне бастады.
— Қандай сурет салып жатырсыз?
— Әумесер әйел Сюжеті жақсы, бірақ біртүрлі шықпай жатқаны; әртүрлі әйелдердің денесіне қарап салуға тура келеді. Кеше бір аяғын көгерген әйелге қарап салдым. Сенің аяқтарың неге көкпеңбек деп сұрадым. Шұлықтан бояуы шыққан дейді. Ал, сіз ғой, жаттайсыз да жатасыз! Бақытты адамсыз, ерінбейсіз.
— Медицина деген сондай нәрсе ғой, жаттамайынша ешбір болмайды.
— һім... Кешіріңіз, Клочков, тұрмысыңыз шошқаның тірлігіндей, тіпті, масқара екен Қалай тұрсыз мына жағдайда!
— Не қалайы бар? Басқаша тұруға мүмкіндік жоқ... Әкейден айына он екі-ақ сом аламын, ал мұндай ақшаға адам сияқты тұруға бола ма?
— Солайы солай ғой... — деді де, суретші мұрнын тыржитты, — бірақ қайткенмен де тәуірірек тұруға болады... Көзі ашық адам міндетті түрде эстетик болуы тиіс. Солай емес пе? Ал сіздің тұрмысыңыздың не екенін сайтан білсін! Төсек-орын жиналмаған, жуынды ма - ау, қоқыс па, кешегі ботқа да тәрелкеде әлі тұр... тіфу!
— Ол рас, — деп медик қипақтап қалды, — бірақ бүгін Анютаның үй жинауға қолы тимеп еді. Ылғи шаруадан босамайды.
Суретші мен Анюта шығып кеткен соң, Клочков диванға жатты да, сол жатқан күйінде сабағын жаттай берді, содан кейін байқаусызда ұйықтап кетіп, бір сағаттан кейін қайта оянды, сол күйінде жұдырығына басын сүйеп жатып, көңілсіз бір ойға кетті. Көзі ашық адам міндетті түрде эстетик болуға тиіс деген суретшінің сөзі есіне түсті де, өз тұрмысынан өзі жиреніп, бір түрлі безінгендей болып кетті. Ой көзімен шарлап, өзінің болашағын көз алдына елестеткендей, күндердің күнінде өзінің кабинетінде отырып, келген ауруларды қабылдайтын кең асханада, өз әйелінің, салиқалы бәйбішесінің қасында маңғаздана шай ішіп отыратын кездерін айқын көргендей болды, сол-ақ екен, мына бір жуынды құйылып, бетінде темекі тұқылдары қалқыған леген бұған одан сайын жиіркенішті болып көрінді.
Анюта да ұсқынсыз, салақ, бейшара болып елестеді... Бұл енді одан қайткен күнде де, дереу айырылмақ болды.
Анюта суретшіден қайтып келіп, тонын шешіп жатыр еді, бұл орнынан түрегеліп, мәттақамдай сөйледі:
— Мәселе мынадай, сүйіктім. Отыр да сөзді тыңда. Біздің айырылысуымыз керек! Қысқасы, мен енді сенімен тұрғым келмейді.
Анюта суретшіден сондай шаршап, қалжырап қайтып еді. Ұзақ уақыт қақиып тұра-тұра көзі шүңірейіп, жағы суалып, иегі шошайып кетіпті. Медиктің сөзіне ләм деп жауап қатқан жоқ, тек еріндері ғана дір-дір етеді.
— Өзің ойлашы, күндердің күнінде бәрібір айырылысуымызға тура келеді ғой, — деді медик. — Сен жақсысың, ақкөңілсің, ақылсыз да емессің, сен түсінесің...
Анюта тонын қайта киді, тігіп отырған кестесін үнсіз ғана қағазға орады, ине-жібін жиыстырып алды; терезеден төрт түйір қант ораған бір кішкентай түйіншекті алды да, үстел үстіндегі кітаптардың қасына қойды.
— Мынау сіздікі... қант, — деп ақырын ғана айтты да, көзінің жасын білдірмей, теріс айналды.
— Жә, сен неменеге жылайсың? - деп сұрады Клочков.
Өзі де қысылғандай, бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүрді де, сонан соң былай деді:
— Сен қызықсың, осы... Біздің айырылысуымыз керек екенін өзің де білесің. Өмір бойы бірге тұрмаймыз ғой.
Анюта өзінің буыншақ-түйіншектерін алып, енді қоштасу үшін қайта бұрыла беріп еді, бұл оны аяп кетті. "Қойшы, тағы бір жеті тұра тұрса қайтеді, — деп ойлады бұл. Расында да, әлі де тұра тұрсын, бірер жетіден кейін кет дермін".
— Жә, сен неменеге тұрсың! Кетсең кет, ал кеткің келмесе, тоныңды шеш те қал Қала ғой!
Анюта үндемей ақырын ғана тонын шешті, сонсоң тағы да ақырын ғана сіңбіріп, бір күрсінді де, ешбір дыбыссыз, өзінің тұрақты тұғырына - терезе алдындағы жайдақ орындыққа қарай жүрді.
Студент өзінің оқулығын қайтадан қолына алып, бұрыштан-бұрышқа ерсілі-қарсылы жүрді.
— Оң жақ өкпе үш сайдан тұрады... — деп жаттай бастады. — Үстіңгі сайы көкіректің алдыңғы бетінде 4-5 қабырғаларға дейін барады...
Дәлізде біреудің бажылдап айғайлаған даусы естілді:
— Григорий, самауыр!
Аударған Ж. Ысмағұлов
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?