Жұмағали Саин | Тар кезеңде

  Жұмағали Саин | Тар кезеңде

1942 жыл. Июль айының бас кезі. Біздің батальон Украинаның оңтүстік-батыс майданында. Дамылсыз қақтығыстар, ұсақ шайқастар жүріп жатқан майдан үсті кенет тым-тырыс бола қалды. Күндіз ойламаған жерден оқ жаудырып, барлау жүргізетін дұшпан «тентек» мінезін өзгерте қойды, түн жортуылын да тоқтатты... Сөйтіп, майдан даласында жайма-шуақ бір мезгіл туды.

Мұндай майдан тыныштығын сіздің кергеніңіз бар ма? Егер көрген болсаңыз, есіңізге салыңызшы!

...Сен тау төбесінде, жан-жағың шың мен құз, тастай қараңғы түн ішінде жолсыз, бұрын жүріп көрмеген қиян-қияттармен келе жатқандайсың. Бойың сергек, әр қадамың сақ, алды-артыңды аңдап, жан-жағыңа күдіктене көз жібересің. Маңайың түпсіз шыңыраулар тәрізді, енді бір бассаң құздан құлап жоқ болатындай, үнемі үрей, қорқыныш... Кей кездерде майдан тыныштығы дәл осы бір көрініске қараңғы түндегі тау төбесіне ұқсайды. Осы бір «тыныштық» кездеріңде аяғыңды жаңылыс бассаң, тұңғиық түпсіз шыңыраулар сені тартып әкетердей. Немесе бір жағыңнан әлдеқандай жыртқыш бассалғалы тұрғандай...

Бұл кездерде ұрыс деңгейінде тұрған біздің әскер бөлімдерінде дамыл жоқ. Барлау, дұшпанның ішіне бүккенін табу қамы дамылсыз жүріп жатады. Қорғаныс бекіністерінде жер-жерге құпиялар қойылып, күзеттер күшейеді. Осынау сезікті тыныштықты майдан тілінде «дауыл алдындағы толас» деседі.

Майданның осындай бір шағында біз рота командирі, кіші лейтенант Голубев екеуміз блиндажда отырдық. Екеуміздің де өңіміз жүдеу тартқан, сұрымыз қашқан.

Түн ортадан ауған шақ. Окоптарды аралап жаңа ғана қайтқанбыз. Блиндаж іші қара көлеңке, сықсиып қана май шам жанады, ескі ауылдың, ескі өмірдің бір ұшқыны осы май шамға ілесіп бізбен бірге майдан шебіне келген тәрізді. Май шамның жыпылықтап жанған әлсіз сәулесі менің жүрегіме әлдебір алыстағы ауыр күйді, мұңды елестерді әкелгендей. Мен ақырын ғана күрсіндім.

Менің күрсінуім себеп болды ма қалай, Голубев маған қарап:

— Қалай, комиссар? - деді. Қалжыңдаса да дауысында қауіптің белгісі тұр.

— Тыныштық. Өз халың қалай?

— Бөтен ештеңе сезілмейді, солдаттар сақ.

— Иә, солай. Менің аралаған окоптарымда бірде-бір солдат ұйықтаған жоқ. Түн қауіпті сияқты. Кейбір мәліметтерге қарағанда, фашистер бүгін-ертең шабуыл жасамақ. Сақ тұрған жөн ғой.

— Иә, сақ тұрған жөн. Сен кеше де кірпік ілген жоқсың, жатып көз шырымын ал, мен екінші взводқа барып қайтайын, Гриша, жүр!

Рота командирі өзінің байланысшысын ертіп блиндаждан шығып та кетті. Мен орнымда отырып қалдым.

Енді мені кенет жалғыздық билегендей. Менің байланысшым Корчуганов бір бұрышта ұйқыға кеткен. Тек қана білтелі май шам өзінің менімен ежелден таныс екенін хабарлағандай, көзін сығырайтып маған қарайды. Кейде менімен ойнағандай сығырайған көзін жыпылық-жыпылық қағады. Мұның бәрі маған бала көздерімнен таныс, сонау алыста, ескі далада сөніп жоқ болған құбылыстар ғой, соғыспен бірге блиндаждан уақытша орын тепкенін көрмейсің бе? Соғыс та тынар, ескінің сарқыны май шам, сен де сонымен бірге жоғаларсың!

Планшетімді ашып, қойын дәптеріме бірнеше сөздерді жаздым да, пистолетімді басыма жастап қисая кеттім. Көзім ілігер емес. Әлденелер елес бергендей елегіземін. Анда-санда құлағымды түріп тыңдаймын. Дала жым-жырт. Әне, бір бұрышта Корчуганов әлі ұйықтап жатыр.

Кішіректеу келген, пысық, өні жұқа, бұйрықты тез орындайтын осы солдат, Жамбыл облысынан. Ұйқыда жатып әйелінің атын қайта-қайта атайды, шамасы түс көріп жатқан болар. «Мишенька, дорогой мой» дейді, бұл баласы, оның жалғыз ұлы бар. Сағынып жүрген баласын түсінде көріп, құшақтап, сүйіп жатқан тәрізді. Менің де жүрегімде әлденендей сағыныш сезімі тұтана кетті. Ойыма үй-ішім, әйелім түсе қалды. Бір жасар қызым, өзім соғысқа кеткеннен кейін он үш күннен соң туған ұлым бар. Сағынам, көрсем екен деймін, оның келбетін көз алдыма келтіремін: өзіме ұқсаған кең маңдайлы қара бала маған қарап күлімсіреп, «Папа!» деп ұмтылады, мен кәдімгідей жас баланың нәзік, қымбат даусын естігендей боламын. Құшағымды жая, балама қарай ұмтыламын. Ұйықтап кетсем керек... Бір кезде жер солқылдап, аспан астаң-кестең болды. Тревога!

2

Герман фашистері бізді артиллерияның астына алып жатыр. Снарядтар жан-жағыңнан, алды-артыңнан бірдей жарылады. Мен жүгіріп оң қанаттағы бірінші бөлімшеге келдім. Қорғаныс шебінің алды-артынан бұрқылдаған шаңнан басқа, жарылған снарядтардан басқа әлі ештеңе көре алмайсың. Міне, артиллерияны бомбардировщиктер ауыстырды. Ойылған жер қыртыстары бірінен бірі озып көкке атылады да, қайта жерге түседі, тастар мен снарядтар қоса жарылады. Бомбардировщик- тер кезек-кезек түйіледі, тізбек-тізбегімен бомбалар лақтырады, бомбалардан жер төңкеріліп кетер ме екен деп ойлайсың...

Осылайша кескілескен соғыс басталды. Енді фашистер біздің окоптарға лап қойды. Жүріп келе жатып автоматтардан оқ жаудырады. Біздің «Максим» мен «Дегтярлар» сөйлеп кетті. Оқ қардай борады. Қорғаныс шебінің біресе оң қанатында, біресе сол қанатында «Отан үшін алға!» деген взвод командирлерінің айғайы естіледі. Мен дамылсыз окоптан окопқа жүгіремін. Серт — бір елі кейін шегінбеу! Фашист қарақшыларына қатты тойтарыс беріп кейін қуу!

Біз жаудырған оқ боранынан беті қайтқан гитлершілдер топырлап құлап жатыр, кейі жан тапсырып, кейі бой тасалайды. Бізге қарап жаңа ғана қаптай ұмтылған солдаттар орнын енді түсі суық танктер басады.

«Танктер шабуылын тойтаруға әзірлен!»—деген дауыстар бір окоптан екінші окопқа лезде жетеді. Жауынгерлер ентіге дем алады. Әрбір солдат адам танығысыз өзгерген, қарсы алдында тұрған, күнде өзің көріп жүрген қарапайым солдат емес, ызалы арыстан сияқты, екі көзі от болып, екі иіннен үздік-үздік қатты дем алады, бұл неге де болса мықтап бел буған адамның түрі. Өзі өлмей, бір де бір жау танкын, бір де бір жау солдатын ілгері бастырмауға серт еткен ерлер тұлғасы осы. Менің қасымдағы кішкентай Корчуганов гранаттар байламын қысып ұстаған күйі тұрып қалыпты. Ол менің көзіме қазіргі қалпында бір ғажап батыр адамның сұсты да, айбатты бейнесін елестетеді. Әні, пулеметші Еремеев, міне сержант Чельцов, анау тұрған тәжік Маматов, оның аржағында қазақ жігіті Ғабдолов — бәрі де осы минутта бір-бір гранаттар байламын қолдарына қысып ұстап, қарсы алдарына қарап телміре қалған. Осылайша, от ішінде, жалын ішінде үш күн, үш түн өтті. Біз шегіндік.

3

Біз ағаш ішінде отырмыз. Жан-жағымыз қаптаған фашистер. Мақсат — солтүстік Донец өзенінен әрі өту. Бұл нысанаға жету үшін жергілікті адамның көмегі қажет. Донец жағасына жолсыз жермен, гитлершілерге соқтырмай бастап апаратын адам керек. Біз жан-жаққа барлаушылар жібердік. Олардың міндеті — орман жиектеріне жақындап барып, баспалап жергілікті адамдар қарастыру.

Күн де еңкейіп барады. Мен күнбатысқа қараймын, батар күннің табағы бұрынғысынан үлкен тәрізді. Батыс қан қызыл... Аспан әлемі әлденендей бір тұйық сырмен сұрланып тұнжырайды. Жан-жақтан атылған мылтықтың дыбысы естіледі, жарылған снарядтар даусы шығады.

Соғыс, қанды соғыс сыры осы. Үш күндік сұрапыл ұрыстан кейін біздің де қатарымыз селдіреген, көп жолдастар көз алдымызда жоқ. Батальон командирі капитан Фахрутдин Хайрутдинов (башқұрт), комиссар Павел Петрович Луковников әне, картаға қарап отыр, бұл осы облыстың картасы, олардың зерттеп отырғаны алдағы жүрер жолдар, кездесер бөгеттер. Жол да, жүк те ауыр, алдымыз толған қауіп пен қатер, бұл сапарды тек қана өз басын Отан жолында құрбандыққа шығарған жандар ғана кешпек, советтік еліне шын берілгендер ғана осы бір тар жолдардың ауыр салмағына шыдамақ. Мен де олардың қасына келдім. Батальон жорықтарының алдағы шайқастары, асар белдері қызыл қарындашпен карта бетінде қоршауға алынған екен, штаб бастығы кіші лейтенант Соболев маған қарап:

— Қалай?— деді.

— Қалай екенін өмір, алдағы болар ұрыстардың, өздері айтар,— дедім мен.

4

Бізді жолсыз даламен түн ішінде ақ сақалды, кең жауырынды украин шалы алып жүрді. Түн тастай қараңғы, аспанда не бір жұлдыз жоқ, не жарық дүниенің титтей нышаны жоқ, кердей қараңғы. Дәл осы мезетте әлденендей ғажайып күштің құдіретімен барлық тіршіліктің тынысы үзіліп кеткендей... не ұшқан құс, не жүгірген аң жоқ, қалың шөп арасынан қаптай ұшатын шегірткелер әлдеқайда жоқ болған, жан-жағың зым-зия. Осы елі дүниенің жансыз кеудесінде жүз қаралы совет солдаты жүріп келеді. Жүз адам бір деммен тыныстап, бір қимылмен ілгері басады, жүз кеудедегі ыстық, ер жүректер бір соғады. Барлық қару оқтаулы, жүріс ете сақ, құлақтар мейлінше түрулі. Жалғыз ғана адамның — алда келе жатқан командирдің бір ғана сөзімен жүз адам неге де болса бел буғандай.

Бізді Донец жағасына бастап келе жатқан украин шалы осы сәтте қанды ұрыс басталып кетсе, ол тағдырдың өз басына ұсынған кесімін біздің қолымыздан қабыл алмақ. Қазір біз қауіп үстіндеміз, жау қолындағы ашық даламен келе жатқан бір топ солдаттың күйі қайдан жақсы болсын! Уақытша да болса, үстемдік етіп тұрған гитлершілдер тұтқиылдан шабуыл жасай қалса, бізді талқан етуі сөзсіз. Бірақ жау қолына тірідей берілетін бұл топта бір де бір солдат жоқ. Айқас, атыс! Бір оғың қалғанша, ақтық демің кеудеңнен шыққанша жауға қарсы қимыл жасау, міне, бұл топтың девизі осы.

Бастап келе жатқан ақ сақалды украин шалының кескін-кейпінен ерекше бір табандылық, істер ісіне шешіне кіріскендік сезіледі. Оның жүрісі батыл, бет ажарында толқу, жасқану жоқ, ұлы жігер мен кектің белгісі бар. Кімге ызасы қайнап, кімге арнап кек сақтағанын қазір біле қоюың да қиын, аласапыран кезінде кім кездеспейді?! Советтік Отанын шын сүйген намыс пен ар ұлы ма? Жоқ өлім арасынан бақ іздеп жүрген сұмырай ма, кім білсін, әйтеуір біз тағдырымызды осы бір кең жауырынды, ақ сақалды адамның қолына тапсырған тәріздіміз. Басталған істің аяғы да болмақ, сондықтан ақырын күтеміз де! Әзірге аса бір сақтықпен ілгері басу қажет. Қайтсек те Донец бойына жету керек, мақсат осы. Донецтен әрі өтпей жаумен ұрыс жүргізуге болмайды.

Отан түні өзінің үркердей аз ғана жауынгерлерін жау көзіне көрсетпейін дегендей аспанды қап-қара пердесімен жаба түседі. Біз әлі жүріп келеміз, асынған мылтық, арқалаған пулеметтердің бірде-бір дыбысы білінбейді. Маңымызды қоршаған жау бізді кермейді, дәл осы сағатта, осы түнде өздерінің арасында совет әскерлері жасырын жүріп келе жатыр деп қайдан ойласын.

Міне, Донец! Біз де келдік. Енді нысана жақын, Донец жағасы қою ағаш, біз соған кірдік. Бізді бастап келген украин шалы шын патриот екен, енді оған көзіміз жетті, шетімізден қоштасып сүйіп жатырмыз, кейбіреулердің көздерінен жас тамады, шал да ауыр күрсініп, еңкілдеп жылап алды.

— Балаларым менің! Енді мен қайтайын, арғы жағадан көз алмай қарап тұрыңдар! Мен қайық жіберудің амалын қарастырайын. Хош! Менің аты-жөнім Микола Харченко,— деді қарт. Біз де қоштасып қала бердік. Біз кетіп бара жатқан Микола қарттың артынан ұзақ қарап тұрдық. Дәл осы минутта туысқан украин елінің осы бір қарт адамы менің көзіме қаһарлы боран мен дүлей дауылдарға иілмес қарт емендей көрінді, сұрапыл соғыс дауылына қарсы кекпен, ызамен аттанған ер ұлдардай, жер үстінде ешбір зұлымдық күші жеңбейтін біздің советтік жас Отанымыздың ер қайратты, емендей берік ұлы, қайсар, балуан тұлғасындай көрінді.

Микола тез адымдап ілгері кетіп барады. Оның тіп-тік бейнесі, шалқақ жауырыны менің көз алдымда достық пен бірліктің мәңгі өшпестей шұғыласын қалдырды. Оның артынан қарап тұрған маған, менің жүрегіме, сарқылмас күш орнады. «Күрес! Отан жерінде жаудың бір солдаты қалғанша күрес!»—дегендей болды ол маған.

Микола, сен қайдасың бүгін!

5

Жау тылында, жорық жолында шеру тартқалы бүгін бір айға жуық болды. Осы біраз уақыттың ішінде талай қанды ұрыстар өтті. Фашист басқыншылары: «Ағаш арасында совет әскерлерінің бір дивизиясы қимыл жасап жүр»,—деп жария етті. Енді қайтсін! Қалаларға тағайындалған бургомейстрлері мезгіл-мезгіл жоғалып кетіп жатса, кейбір гарнизондар мен шаруашылық роталары партизан қолынан қирап, күйреп жатса, дивизия бар екен демей, не десін!

Бүгін август айының бас кезі. Біздің отряд Айдар өзені жанындағы кішіректеу бір ағаш арасында дем алып отыр. Жан-жаққа барлаушылар жіберіп, тосқауылдар қойғанбыз. Ағаш арасы қандай көркем! Астың да, үстің де көкпеңбек, күннің әдемі нұрымен бірге құбылып ағаш іші бір түрлі көркем түске бөленеді. Сары маса ызың қағып ән салады, тек қана орман көркі құстар жоқ бір бұтақтан екінші бұтаққа секіріп ән салатын бозторғай, толып жатқан әнші құстар бұл ағаштан үркіп жоқ болған. Бұл да соғыс зардабы, соғыс құдіреті. Күндіз-түні дамылсыз атылған артиллерия мен аспаннан түскен бомбалар әмірі осылай болмақ!

Мен ақ қайың түбінде шылым орап отырмын. Дәл осы қайың менің туған аулымды есіме салады. Жаз айларында жидек теріп жүріп талай рет ақ қайыңның бауырында отырған күндерім есіме түседі. Дәл осы қайың, соның әдемі жапырақтары алақандарын жайып менің бетімнен сипайды, тап сол кездердегі өз сарынымен желге қосылып судыр қағады. Мен тыңдаймын, тыңдаған сайын алыстағы ауылды аңсаймын, жел сыры мен жапырақтар сыбыры маған таныс бір күйлерді құлағыма сыбырлағандай, мен Кемер үстінде, бұлақ жағасында отырған секілдімін... Балалық шақ, құрбы-құрдас, сүйген жар, өскен ел бір-бірлеп көз алдымнан өтіп жатыр... Солардың бәрін осы бір ақ қайыңның таныс кескіні, баяу сілкінген әдемі көркі, самалмен бірге ойнаған сансыз жапырақтары елестеткендей болады. Бірақ маңайым толған балалар емес, қарулы солдаттар, олар да бір жамбастап жатып әлдеқандай ұзақ ойларға шомған тәрізді, олардың ойлары да тым алыста, сонау өз елінде, әз үйінің, өз жарының сағыныш күйінде. Кімге де болса сағыныш лебін алып келген осы бір тоғай ішінің балбыраған баяу өмірі.

6

Сағыныш пен үміт тегінде егіз туған болар, бұлар тек адамды мұңды күйге ғана бөлемейді, сүйеу, қайрат береді, өз ұяңнан айырған зұлымға қарсы ыза мен кекке шақырады. Мен өмірдің бұл сырын осы бір минуттарда ғана сезгендеймін. Алыста қалған туған елімді, үй-ішімді, қадірлес дос, сыйлас ағаларды менен айырған кім? Менің қасымда қаруларына сүйеніп отырған солдаттар жүрегіне ұялаған не? Бәрі де маған қазір ап-айқын. Бәрінде де сағынышпен қатар жауға деген ыза-кек бар, өз үйін, өз жерін тез көрсем-ау деген үміт пен сенім бар. Үміт пен сенім қараңғыда адасқан адамның қарсы алдынан бір сәтте жарқ етер от ұшқыны тәрізді, сені жетелеп, қақпайлап ілгері, алысқа бастай береді, сен жанған оттың анда-санда жарқ еткен ұшқынын көріп, қазір-ақ жетермін деген үмітпен сол бір сәулені қуалап бересің, қуалаған сайын жете алмай шаршайсың, талығасың, бірақ жетермін деген сенімің жойылмайды.

Дәл осы сәтте менің және қасымдағы бір топ жауынгерлердің көңіл күйі осы бір күйге ұқсас еді. Біздің ойымызда сағыныш пен үміт, жүрегімізде жауға деген ыза мен кек жалыны тағы бір ұлы күшпен лаулап маздап жана бастаған болатын.

Біздің барлаушылар осы жолмен немістің бір топ жазалаушы «СС» отряды келе жатқанын хабарлады. Біз ұрысқа дайындалдық. Фашистерді Айдар өзені өткелінің бойында қарсы алмақпыз. Жазалаушылар бізді бұл маңнан кездестіреміз деп келе жатпаған болар, өйткені біз бұл өзеннің бойына түнде ғана келгенбіз, сондықтан біздің отрядты олар басқа жерден, яғни шыны заводының маңайынан іздеуге тиіс. Адамдарға лезде тиісті бұйрықтар берілді, олар орындарына бекінді, капитан Хайрутдинов минашыларға бұйрығын беріп жөнелтті. Біз, отряд комиссары Павел Луковников екеуіміз, менің ротамда қалдық.

Біздің көзіміз жол бойында. Өзенге таянған кезде жол қалың ағашты қақ жарып өтеді. Не ағаш арасында, не жол үстінде бір де бір тіршілік сезілмейді, жан-жақ тым-тырыс. Күн еңкейе бергенде немістердің, алдыңғы тобы көрінді, бұлар — барлаушылар, бұлардың артында негізгі күш бар. Офицерлері өте таза киініпті, бүгін күн жексенбі екен ғой. Олар жексенбі күндері таза киініп, араққа сілейе тойып алады да, партизандарға қарсы шабуылға шығады. Тегінде, бүгін де сол жексенбі жорығы болар, фашистер тым көңілді екен, самбырлап сөйлеген сөздері құлаққа анық естіледі. Алдыңғы тобын өкшелей, міне, артқылары да жетті, көпірден өте бергенде мина жарылмақ, сол аласапыранды пайдаланып біз бар қарудан оқ жаудырмақпыз.

Немістер көпір үстінде, менің екі көзім соларда, мина жарыла ма, жоқ па?! Тұла бойым діріл қағады, қаным басыма тебеді, жүрегім жиі соғады, бұл — барлық отряд адамдарының халы. Ұрыс тағдыры минаның дәл мезгілінде жарылуында, әйтпегенде бізден үш есе көп бұл баскесерлерге төтеп беру мүмкін емес. Егер мина жарылмай қалса, алдағы біздің сенеріміз — батып келе жатқан күн. Түн құшағы біздікі. Неміс фашистері түнгі ұрыстан қашады, ол ежелден бізге мәлім. Әне, машиналар көпір үстіне таянды, алды көпір бойлап жүріп бара жатыр. Иә, сәт, мина дер кезінде жарылса екен!

Жарылды! Бірінің артынан бірі жарылған екі мина көпірді үстіндегі машиналармен қоса аспанға атты. Осы бір сәтті күтіп, іштен тынып тұрған біздің солдаттар тұс-тұстан оқ жаудыра бастады, фашистер есін жия алмай, сасқалақтап қым-қуыт болды.

Пулемет, автоматтың жан-жақтан жауған оқтары «СС» «сабаздарының» талайын жер құштырды. Бір кезде жау ретсіз тұс-тұсқа оқ ата бастады.

Алғашқыда аранын ашқан ажал қаупінің қай тұстан төнгенін білмей, сасқалақтаған жау енді есін жиып та алды. Міне, бір тобы қатарын түзеп тәртіппен атыса бастады, әне, тағы бір жерден бізге қарсы оқтар жауа бастады, осылайша ұрыс үдеп, қыза берді... Күн батуға жарты сағаттай мерзім бар, ұрыс басталғанына да біраз уақыт өтті. Біздің қатарымыздан да жараланғандар көріне бастады.

Бірақ ұрыс толастар емес, барған сайын ұлғайып барады. Салмақ біздің сол қанатымызға ауған тәрізді. Менің құлағыма сол қанатта жарылған гранаттар даусы естіледі. Бұл — жаудың сол жағымыздан сұғына бастағаны болар. Жау қоян қолтық келерде, гранаттар жұмсалмақ, бұл да бір ежелден белгілі соғыс қағидасы. Бір пулемет расчетын алып, комиссар сол қанатқа кетті. Ұрыс барған сайын қыза түсті. Немістер жақтан ойбайлаған дауыстар, жалынышты үндер келеді. Фашистердің жаралы болса, ойбай салатын ежелгі әдеттері.

Күн де батып барады, жау кейін шегіне бастағандай, олар жақтан атыс сирейін деді, біраздан кейін қарсыласуын тоқтатып, қаша бастады.

Трофеялар жинап жүріп, мен капитан Хайрутдинов пен Луковниковқа кездестім. Олар бастарындағы кепкаларын қолдарына алып, төмен қарап тұр екен. Мен қастарына келдім, қарсы алдымызда екі бірдей адам өліп жатыр. Мұның бірі — пулеметшілер бөлімшесінің командирі лейтенант Федор Щербаков, екіншісі — пулеметші қазақ жігіт Әбдеш Ғабдолов. Осы бір екі жастың қайғылы өлімі менің жүрегіме ауыр іздер қалдырды, көзіме жас толып, үнсіз, әрең тұрдым. Өте ауыр хал, ауыр өлімі Бірі — пулеметші, бірі — командир, «өлсек те бір қабырда болайық» деген достардай құшақтасып жан тапсырған. Бұл не, ертегі ме, болмаса біздің советтік өмірдің қатал шындығы ма? Әрине, шындық, өмір шындығы. Ұрыс үстінде ауыр жаралы болған солдатын жауға бермей қауіп ортасынан алып шығамын деп қаза тапқан мынау лейтенанттың жарқын келбеті, адамдық ұлы жүрегі біздің заманның мақтаны емей немене! Бұл көрген жанның жүрегін тебірентер әрі қымбат, әрі аянышты күй ғой. Екеуі де жас, балғын тірі адамдай өңдері бұзылмаған, құшақтасып ұйқыға кеткен жандар тәрізді.

Ерлік деген бір сөз бар, осы сөзді жазушылар көп айтады. Газет беттерінде: «Бәлен ерлік істепті, түген ерлік жасапты»,— деген сөздерді көп оқимыз. Бірақ соның негізі неде, туған анасы, түрткі болар қуаты қайда? Қарсы алдымызда өліп жатқан екі жас өлер алдында не ойлады? Ерлік істейміз деді ме? Жоқ басқа бір күш, басқа бір сезім осы адам айтқысыз ерлік мұнарасына алып келді ме? Егер солай бола қалса, ол күштің атын не дейміз?

Меніңше, оның аты — борыш! Отан алдында, өзінің қарулас жолдасы алдында адамгершілік борышын тапжылмай орындау «заңы» ерлікке әкеледі. Әрбір қымбат жанның, адал ұлдың жан тебірентер әрекетінде, тіпті көз жұмар шағында да өз борышын адалдықпен орындаудан басқа ой, басқа тілек болмақ емес!

Біздіңше, ерлік дегеніміз -— өзіңнің Отан алдындағы, жолдасың алдындағы борышыңды ажалдан да тайсалмай адал, мүлтіксіз атқару.

Біз ұзақ тұрдық. Соғыс үстінде өлім көп кездеседі, сағат сайын болып жатқан өлімдер, Отан үшін жан берген құрбандар өте қымбат, өте аянышты. Бірақ, мына екі жастың өлімі бұрынғы құрбандықтар мазмұнына тағы бір ерекше мазмұн қосқандай, адам жүрегінің тағы бір қымбат сырын ашқандай. Мен ұзақ ойландым. Менің көз алдыма әлі де жазылмаған достық дастаны елестеді. Менің жүрегіме жаңа жырдың бұлағы құйылды, бірақ ол жырды осы ержүрек, асыл азаматтардың ескерткішіне лайық етіп жазу үшін ұлы ақынның ұлы жүрегі керек. Менің бүгінгі жазар жырын келешек жырдың баспалдағы, келесі жазылар жырдың түрткісі болмақ.

Екі өлікті асығыс бір қабырға көміп, біз ілгері аттадық, дәл сол минутта «Есімде Айдар өзені» деген өлеңнің бір шумағы менің ойыма келіп еді. Екі асыл адамға арналған бұл жырым менің ең соңғы жырым болмас, әлі де бұл тақырыпқа талай жырлар, талай дастандар жазармын.

Ел іші аяз қарыған темірдей ызғарлы. Жау қоршауында қалған осы бір жерлерде соғыс дауылы басқа бір ізбен, басқа бір сарынмен өршіп, үдеп жатқандай. Тұрғын адамдардың жүріс-тұрыстары, кескін-кейіптері аңдап қараған адамға өте терең, өте мағыналы халық сырының бір ұшығын көрсеткендей; «Жаумен күрес бұл жерде әлі біткен жоқ, тек тағы бір леппен өршігелі тұр»,— деген сияқты. Кейбіреулер ағаш арасына кетіп, партизандарға қосылса, ал енді бірқатары әлдеқайдан аттан!» дабылын күткендей құлақтарын түріп, өздерін сергек ұстауда.

Қатты шайқастардан кейін біз кірген қалаларда осындай ашынған жандар бізді қуана қарсы алады. Біз Жау тылында ұлы коммунист партиясы, ұлы Совет Армиясының өкілі есебінде ұрыс жүргіземіз, ел бізді солайша жылы, нұрлы жүзбен қабылдайды.

Айдар бойындағы ұрыстан кейін біз із тастап келеміз. Бүгін екінші күн, хал ауыр, жау қаһарын төгуде, дұшпан отрядтарының саны да көбейіп барады. Ызалы жау бізден кегін алмақ, шамасы келсе құртпақ.

Ағаш арасындағы кең алаңда бүгін командирлер кеңесі» шақырылды. Міне, керекті адамдар біртіндеп келе бастады. Бәрінің де түстері суық, жүрістері шапшаң, әлдеқандай ауыр халдың ызғары әр адамның жүзінде қыраудай жабысып, әр адамның жүрегінде мұздай қатқан. Осы бір суық түстерден қорқыныш, үрей белгісінен гөрі шешінгендік, қаталдық сипаттары сезіледі, кейбір «бос белбеулер» де бүгін белдігін қыса байлап, қаруын жинақты асынған. Әркім өз жүрегімен сырласып, п.і шешімін дайындап келе жатқандай...

Алаң ортасындағы қойтасқа жұрт жағалай отыра бастады. Анау тау мұрынды, орта бойлы, денесін тік ұстайтын күрең түсті адам Фахрутдин Хайрутдинов. Бұл ісіне мықты, алған бетінен қайтпайтын бір мінез, ашуға шапшаң, қайтуы да тез, ақкөңіл, ер кісі. Оның белінде жалаң ғана пистолеті бар. Оған қатар отырған әдемі ақ сары жігіт Павел Луковников. Ол салқын қанды, батыл, мейірімді, соғыс басталар алдында Ленинград қаласындағы саяси қызметкерлер даярлайтын Энгельс атындағы мектепті бітірген. Ол үнемі автомат асынып жүреді, кейде мақтанудан да құр емес. Оған таяу — политрук Корябкин, лейтенанттар — Савинов, Демберген Жұмағалиев, Заболоцкий, Калугин, кіші лейтенанттар — Соболев, Петренко, Шаповалов, Каленченко тағы басқалар. Бұлардың кейбіреулері асынған автомат, тағынған пистолеттері аз болғандай, белдеріне екі-екіден гранаттар қыстырып қойыпты. Енді біреулер пистолеттерін қабынан босатып алып, белдігіне сұға салған. Бұлардың бесеуі взвод командирлері. Бәрінен асып түскен лейтенант Калугин, ол барлаушылар тобының командирі, үстінде «СС» обер лейтенантының су жаңа мундирі (барлау жұмысынан жаңа қайтқан беті ғой), жиналғандардың аяқ жағын ала бір төмпешікке отыра кеткен. Сондықтан сырт қараған адамға осы топ қолға түскен неміс офицерінің тағдырын шешкелі отырғандай әсер етеді. Міне, бүгін жиналын отырған «Соғыс кеңесінің» негізгі мүшелері осылар.

— Біз жүргізген қанды ұрыстар өзінің «жемісін» берген секілді. Ашынған жау бізге қарсы жаңа күштерін төгіп, біздің отрядты құрту шарасына мықтап кіріскен тәрізді. Старабельск, Миллерова қалаларынан топтаған жазалаушы отрядтар шыққан. Соңғы алынған хабарлар осыны дәлелдейді. Сондықтан жаудың бұл қимылына қарсы тығыз шаралар қолдануымыз қажет. Ол шаралардың негізгісі, меніңше, мынау,— деді отряд командирі.

1. Жау тылынан өтіп, біздің әскерге хабарласу үшін адамдар аттандыру.

2. Жазалаушы отрядтарға қарсы күрес жүргізуді Кременнойдың қалың орманына кіргесін бастауға тиістіміз, сондықтан бүгіннен бастап ұрысты тоқтатып, бой көрсетуді тыю керек. Барлау ісін халық, арасында да жасырынып, түнде жүргізетін боламыз. Бет алысымызды жергілікті адамдардың бір де бірі сезбеуге тиіс, барлауға бұдан былай тек қана офицерлер баратын болады... Жазалаушылар тым жақын, сақтық бұрынғыдан екі есе күшейе түссін, жау қатал, мейірімсіз. Ұлы Отанымыздың Ұлы Армиясының жау тылындағы өкілі деген ардақты атты жоғары ұстайық, солдаттар күтпеген жердей кездесетін алдағы оқиғаларға әрқашанда дайын болсын! Осы кішкене топта лениндік партиямыз бен әскер басшыларының өкілдері бар, сондықтан бұл топ бұдан былай «соғыс кеңесі» деп аталсын. Біздің алдағы жолымыз, өткен күрес жолдарынан анағұрлым қауіпті, ақтық тынысымызға дейін Отан жолына арнадық!

Командир мен комиссар осы сөздерді айтып, үнсіз отырып қалды. Біз де сөз араластырмай, бәріміздің жүрегімізге ортақ осы бір сырды, ортақ арманды қалтқысыз қабыл еттік.

Біздің армияның негізгі күшімен хабарласуға кіші лейтенант Голубев бастаған екі адам даярланды. Олар — Корчуганов, Федотов. Бұл екеуі де қандай қиындыққа болса да шыдайтын, батыл, ер солдаттар. Осы қорытындыны қабылдап, біздің «соғыс кеңесі» тарады. Мен өз ротама қайттым, кіші лейтенант Голубев, Федотов, Корчугановтар да менің қасымда келе жатыр, үшеуі де соғыс басталған күннен бастап менімен бірге от пен суды қатар кешкен, өлім зарын, өмір дәмін бірге татқан достарым. Мынау секпіл бетті жирен Голубев рота командирі, анау жаурынды, сом денелі ақ құбалау жігіт Федотов үшінші взводтың солдаты, автоматшы. Мынау менің серігім, қайда барсам да, қайда жүрсем де, ұйықтасам да, ояу отырсам да қасымнан екі елі қалмайтын кәдімгі Корчуганов. Енді мұнымен де айрылысар кез келді, соғыс дауылы домалатып әкеліп бір кемеге тыққан екі солдат, талай штормдарда дауылға қарсы бірге алысқан екі жан, енді сол дауылдың тағы бір қатты құйынымен айрылысқалы тұр. Өмір шіркін, не деген ғажапсың, не деген құдіреттісің, сенің әміріңе бас имес пенде, бағынбас жүрек бар ма!

Неткен ғажап, айрылар шақ, сенің жалының! Сенің тілсіз ыстық жалыныңды жаңа сездім ғой. Корчугановпен бірге өткізген күндерім менің жүрегіме өзінің ауыр таңбасын сала берген екен-ау! Күн сайын екі жүрек туысып, екі қан тамырдың соғуы біріге берген екен-ау! Осы бір солдатқа ана құрсағында бірге біткен егізімдей туысып кеткенімді осы сәтте ғана сезінгендеймін, жез қармақпен әлдекім іліп алып, әлсін-әлі тартып тұрғандай жүрегім шаншып ауырады, алыс, ауыр, қанды сапарға аттанғалы тұрған досымның алдағы тағдыры жез қармақтай менің жүрегіме бойлайды. Бұрын сезінбеген, бұрын байқамаған осы бір күйді айырылар шақтың аяусыз да ыстық жалыны менің тұла бойыма лезде таратты, мен теріс қарап көзіме жас аламын, жас баладай еңкілдеп жылағым келеді. Досыңнан, қымбатыңнан айрылар шақтың ләззаты мен қайғысы осылай екен! Мен жаңа түсіндім...

Корчуганов екеуміз бір котелектен тамақ ішіп отырмыз, олар күн бата сапар шекпек. Аспан шайдай ашық, тек қана менің жүрегімді әлденендей қайғы бұлты шарлағандай, алдымда отырған досыма не айтарымды, не деп қоштасарымды білмей қиналудамын, аузымды ашсам, көз жасым көлдей құйылғалы тұр. Шіркін-ай, шап беріп құшақтап, өксіп-өксіп жылар ма еді!

Бір мезет одан көз аударып жан-жағыма қарадым, әр бұтаның түбінде солдаттар қаруларын тазалап, жорық сапарына дайындық қамына шұғыл кірісіпті. Күн бата бұл жерден біз де аттанбақпыз.

— Комиссар! Прости меня, если что, не вспоминайте лихом! Мне трудно растаться с Вами...— деп Корчуганов сөздерін бөліп-бөліп айтты да төмен қарады. Мен ұшып тұрып, құшақтап сүйдім.

Кішкентай Корчуганов, сенің жүрегің неткен таза еді! Мүмкін сенің алдыңда менің борышым көп шығар, мүмкін мен қызу ұрыстар үстінде сені ажал оғына талай тосқан болармын, кешір мені!

Күн батысымен үш солдат біздің лагерьден Отанға, біздің туған елге қарай бет алды, бұлар біздің ұядан ұшқан үш қарлығаш тәрізді, жау тылында өліммен арпалысып жүрген бір топ совет жауынгерлерінің тіршілік хабарын партияға, елге жеткізбек. Жол ауыр, қауіп күшті, қара құрттай қаптаған жау әскерінің арасынан өтіп елге жету екінің бірі орындайтын іс емес. Бұл үш жауынгердің тағдыры бәйгіге тігілген, не өлу, не өту! Тағдырдың салар барлық ауыртпалығын үш солдат мойындарына алған. Ендігі тілек сәтті сапар, қуанышты жол!

Ұлы Отан құдіреті, сүйікті туған жер, өз ұлдарыңды аман сақтап, армандарына жеткіз! Сапарларың оң болсын, менің қадірлі достарым!..



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?