Әзиз Несин | Таксидің есігі
«Куртулушқа барамын!» — деп шофер айқай салған сәтте-ақ мен таксидің есігіне жармаса кеттім. Добалдай тұтқасынан шап беріп бұрай бастадым, бірақ есік ашыла қоймады. Тұтқа тырп етпей тұрып алды.
— Солға бұра! — деп ақыл берді шофер.
Солқылдатып солға қарай тарттым. Былқ етпеді.
Шофер:
— Солға деп отырмын ғой, бей-ay, солға! Сен, немене, солдатта болған жоқ па едің? — деп айқайлады.
Апырым-ау, мен оң жағым қайсысы, сол жағым қайсысы екенін шынымен ұмытып қалғанмын ба деп ойладым.
Біздің долмұштың соңынан жеткен жеңіл машиналар, автобустар, жүк машиналары іркес-тіркес ошарылып қалыпты. Жол сілтеуші шыбын жаны шырқырап ысқырып тұр.
Солға қарай бұрасаңшы!
— Бауырым-ау, бұралмай тұрған жоқ па!
Шофер созып қол ұшын тигізді де, есікті аша салды, мен кіріп отыра қалдым. Машина орнынан қозғалды. Шофер да бұрқырай жөнелді: «Үлкеннің тамағын ішіп, баланың ісін істейтіндер толып жатыр! Ата сақал ауыздарына біткенше оң мен солын айырмайды. Солар-ақ шашымды ағартты. Түкке тұрмайтын нәрсе: солға бұрап қалсаң болды,— есік ашық...»
Мақтанды дей көрмеңіздер, мен — жер қозғалса да мыңқ етпейтін жанмын, қате өзімнен болса, азаннан ақшамға дейін балағаттағанға да мән бермеймін.
Ал шофердің жағы семер емес:
— Тым құрыса есік аша алмаған соң, несіне тірі жүрмін дейді екен, түк түсінсем бұйырмасын, өл де маған!..— дейді.
Ұялып өліп барамын. Шофердің сөзін жөн емес дер шамам жоқ. Жолаушылар да шоферді құптай бастады:
— Осының бәрі олақтықтан,— деп тұжырды бір төртпақ.— Қазір жұрт немқұрайды боп кетті,— деп және нықытып қойды.
— Осылар-ақ шашымды ағартып болды. Сірә, бұларды жиып алып, өздеріне бір курс ашып, оқыту керек шығар. Есікті қалай ашуды сонда ғана үйренер...
— Одан пайда жоқ, бауырым, бұ жұртты оқытып қарың бола алмайсың, одан түк шықпайды. Зердесіз боп туғандарға еш дауа жоқ!
Эминеню алаңына жеткенімізде төртпақ түсетін болды. Қырсыққанда есік тағы ашылмады. Шофер енді оған айқайлай бастады.
— Оңға бұра, бей, тұтқаны оңға бұра!
— Бұралмайды, бауырым!
— Өй, сен солға бұрап тұрсың ғой!.. Тіфу, нағылет!... Кірерде солға, ал шығарда оңға қарай бұралады.
— Бауырым-ау, мына құрып қалғыр былқ етпейді. Не солға, не оңға бұралмайды.
Шофер тағы да еңкейіп қолын созып, есікті ашты. Төртпақ ырсылдап әрең шықты. Түтіккен шофер дүниені жат қылып отыр, ата-бабадан құлдап сыбайтын да түрі бар. Құлағым тұнып барады. Куртулушқа дейін-ақ түсіп құтылайыншы деп ойлаймын, бірақ шығам деуге дәтім жетпейді, есікті аша алмай тағы қор болармын деп қорқамын.
— Өңшең ынжық! Бозөкпе!
— Шофер, мен түсемін...
Тұтқаны ұстап, оңға қарай бұрап қалдым. О, тәңірім-ай, сәті түсті! Шофердің есікті қалай ашқанына текке қарамаппын ғой.
...Мен тағы да такси тосып тұрдым.
— Куртулушқа ма?
— Иә...
Машина дәл жаныма тоқтаған. Шофер ұрсып жүрмесін деп тұтқаға тезірек жармасып, солға қарай бұрай бастадым. Былқ етпейді. Қос қолдап тұрып бұрадым. Тіпті қолым қарысып қалды.
— Жоғары тарта көтер, жоғары! — деп айқайлады шофер.
Тұтқаны жоғары тарта көтеріп едім, есік ашылды. Ол шофер да осал емес екен:
— Стамбулдықтар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай,— деді.
Жолаушылардың бірі қостай қалды.
— Көшеде көлбеңдеп жүргендеріне мәз бұлар.
— Таксидің есігін аша алмаған соң, сірә, тірі жүрмін, мен адаммын деудің не қажеті бар?..
Ондай қорлыққа шыдау қиын-ақ, бірақ, қайтейін!
Шофер да, жолаушылар да мені ақымақ етіп отыр.
Қаракейде біреу түспекші болды. Есік тағы ашылмады.
— Көтер жоғары! — деп шофер барқ ете түсті.
— Көтерілмейді!
— Қос қолдап көтер!
— Қос қолдасам да болмайды!
Шофер есікті ашты, әлгі жолаушыдан қалмай мен де түстім, өйткені кейін есікті тағы аша алмай жүрермін деп қорықтым. Сөйтіп, Қаракейде қалдым. Сандалып жүріп бір таксиді әрең таптым. Оның есігінің тұтқасын солға да бұрадым, оңға да бұрадым,— ашылмайды, көтеремін,— ә-әуп, басамын — ы-ых! Тырп етсеші.- Шофер тілін тісіне жани бастаған шығар. Тұтқаны оңды-солды бұрап-ақ тұрмын.
— Итерсеңші, итер деймін!
— Қай жаққа итерейін!
— Қай жаққа итеру керек болса, сол жаққа итер! Сен немене, итеруді білмейсің бе? Ішке қарай итер!
Ішке қарай итергенде ашылатын есікті көрсем,— көзім шықсын.
— Ей, сен есікті итерме, тұтқаны итер!
О, құдайым, есік ақыры ашылды-ау. Ал шофер ше? Ол аузын ашпай отыр деп ойлайсыз ба?
— Жолаушылардың бәрі де ақпақұлақ...— деп бастады ол.
— Адам емес, парықсыз бірдеңелер,— деп қыстырылды, ең алда отырған жолаушы.
— Есік жабылған жоқ!— деп шофер дүңк етті.
Әлгі жолаушы есікті ашыңқырай түсіп қайта тартып қалды. Жабылмады! Тағы тарс еткізді, тағы жабылмады.
— Қаттырақ тартсаңшы,— деді көршісі көсемсіп.
Тарс! Тұрс! Тарс!
— Ақырын жап, ақырын! — деді шофер зекіп.— Өзіңе жиырма бес куруш айып салып сорлатайын ба осы?!
Шофер есікті өзі жапты, бірақ аузын жапқан жоқ:
— Есікті апта сайын жөндеумен-ақ есім шықты. Тапқан-таянғанымның бәрін осы жұтады. Жұмыс емес, сор болды... Сендердің үйлеріңде ырымға есік жоқ па, немене? Мынау әп-әдемі жабылатын есік, тек сәл-пәл демеп қалса болды...
Жолаушылардың біреуі Галатасарайда түсуге ыңғайланды.
Есік тағы ашылмады. Тағы айқай-ұйқай, у-шу, тағы да оң жақ, сол жаң, жоғары, төмен... өлдім-талдым дегенде барып ашылды. Жолаушыға ілесе ол таксиден тағы ытқып шықтым...
— Куртулушқа ма?
— Иә, кел, отыра қал.
«Отыра қал» деу оп-оңай-ау, кәне, қайтіп отыр дейсің!
Тұтқаға қол салдым. Жоғары-төмен жылжымады, оңға-солға бұралмады, итергенге де болмады... О, құрып қана кеткір! Қара терге түстім. Түйе балуан Жүсіп тіріліп келіп бұраса да ашылар есік жоқ!
— Өзіңе қарай тарт!
Е, мұның құпиясы басқаша екен ғой! Шофер соны білмегенім үшін санама ине шанша бастады... Қой, қо-о-ой, жетер енді!
— Әй, ағайын, бері қара,— дедім шоферға. — Әр машиналарыңның есігі әрқалай ашылады. Соларды, немене, біз сөйтіп қойды дейсің бе? Біреуінікі оңға, біреуінікі солға ғана бұралады, үшіншісін көтеру, төртіншісін басу керек... Енді біреуін итеру керек, енді біреуін тарту керек...
Шофер да шалқалап жөнелді:
— Түкке тұрмайтын бірдеңені түсінбей тулайтындарың не осы? «Форд» маркалы машинаның есігі солға қарай бұрасаң, «студебеккер» оңға қарай бұрасаң ашылады, ал «шевроленің» тұтқасын итеру керек, «хильманның» тұтқасын тарту керек, «фиаттың» тұтқасын оңға бұрап тұрып басу керек. «Бьюиктердің» есігін ашу тіпті оңай: тұтқасын әуелі солға, содан кейін — оңға бұрайсың, сонсоң сәл-пәл тартасың, сонсоң — аздап көтеріңкірейсің де, сылқ еткізіп түсіріп кеп жібересің, содан кейін — тағы да сәл-пәл тартыңқырайсың да, төмен баса итеріп қалсаң,— бітті — ашыла салады...
Шофер автомобильдердің түр-түрін тізіп айтып, есіктері қалай ашылатынын сипаттап сампылдап келеді. Мен құлағымның құрышы қана тыңдап келемін! Ол баяндамасын аяқтап бола беріп:
— Осындай ұсақ-түйекті білмеу дегенің — тұп-тура кещелік! — деп тілін сұғып-ақ алды.
Жолаушылардың бірі оны шашбаулап жатыр: - Рас, айтасыз, әпендім, нағыз кещелік! Біздің елде небәрі отыз түрлі ғана автомобиль бар. Стамбулда тұрып соларды ажырата білмеген соң, теңізге барып тұншығып өлу керек қой!..
— Әрине,— деп көңілденіп кетті шофер.— Өйтіп тірі жүргені құрысын!
— Иә, атауын ішсін!
Менің жер-жебіріме жеткен жолаушы Тәксім алаңында түсуге ыңғайланып есікті аша бере ойбайлап қоя берді.
— Не болды?
— Не боп қалды?!
Шоқ керек, хайуан сол! Бармағын есікке қысып алыпты. Қолынан қаны сорғалап, балағаттап тұлан тұтып тұр.
— Қарғыс атқан қырсық есік! Мұндай шарқышты өмірі көрген жоқпын!— дейді.
Оның қақсағанын шофер қашанғы тыңдасын, машинасын жұлқынта жөнелді. Зымырап Харбиеге де жетіп қалдық. Онда бір жолаушы кездесіп, машинаға отырмақ болды, бірақ бұ дүниеде ашық-шашық жатқан есік бар ма. Автомобильдің есігі тас қамалдың қақпасындай тарс жабық. Қаланың қақпасын аптасына бір рет ашпаса көңілі көншімеген Мехмед Фатих сұлтанның да шамасы жетпес оған! — рас айтамын.
— Бас! Бассаңшы!— деп барқырады шофер.
— Неменені басайын!
— Сен өміріңде машинаға бірінші рет мінгеннен саумысың! Түймешікті бас!
— Қайдағы түймешікті?
— Тұтқаның түймешігін бас, қара басқыр сол!
Айтқан түймешігі қайда екенін білесіз бе? Білмейсіз, біле де алмайсыз. Онысы машинаның ішкері жағында, терезе шынысының жақтауы тұсында. Іштен мен түймешікті бастым, жаңағы жолаушы сырттан тұтқаны басты,— есік ашылды. Дереу ытқып шықтым.
Одан ары қарай жаяу кетейін деп ойладым.
Сол әредікте бір машина келіп тоқтай қалды.
— Қайда барасыз, бей?
— Куртулушқа.
Шоферға көз салдым. Егде кісі екен, е, бұл беталды балағаттай қоймас деп түйдім. Машинада үш жолаушы отыр. Жолым болды. Есігін аша алсам... Жырынды болып қалған жоқпын ба, тұтқасын ұстамас бұрын:
— Бұл қай маркалысы?— деп сұрадым.
— «Де сото!»
«Де сото!» Бұ пәленің есігі қалай ашылады десеңші. Тіпті тұтқасы да жоқ...
— Итер!
Итердім.
— Бас!
Бастым.
— Тарт! Өзіңе қарай тарт! Бұра!
— Бұрадым.
— Неше рет?
— Екі рет.
— Тағы да бұра. Үш рет бұрау керек...
Шофердің өзі де кірісіп жатыр, есік сонда да ашылмады. Жолаушылар да көмектесе бастады. Төртеуі іштен, мен сырттан жұлқылап әрең аштық. Ал енді жабылсайшы! Шофер екеуіміз кезек-кезек тартқылаймыз — болмайды. Жыным ұстап кетті де, жұлқып-жұлқып қалдым, қаусап тұрған машина қалтаң қақты... Бірдеңесі салдыр-гүлдір етті.
— Ә, бәлем, жабылды,— деп шофер қатты қуанды.
Жүріп кеттік. Шофер сөйлеп кеп кетті. Машинасының құны елу мың лир екен, ал жолаушылар оны бас-аяғы бір жылдың ішінде шағып тастапты! Машинаға қалай отыруды, есігін қалай ашып-жабуды білмейтін миғұла жұртқа не дауа. Ай сайын жөндеп жүргені... Сол сияқты хикаяларын айтып шофер-екең ал сарнасын! Әйтеуір, менің жолым болғанда, оның былапыт сөздері маған бағышталған жоқ.
Ақырғы аялдама — Куртулушқа жеттік. Жолаушылардың біреуі есікті аша қоймақшы болды. Көргені көп мен бейбақ оған көсемси бастадым:
— Бұл «де сото» маркалы машина. Сен тұтқаны әуелі көтер, сонсоң солға қарай бұра...
Екінші жолаушы да, үшіншісі де іске кірісті. Жағы әлі сембей отырған шофер да ұмтылды. Есік тырп етер емес. Бәріміз ұмар-жұмар боп екінші жақтағы есікті бассалдық,— ол да тырп етпеді... Шофер жанталасып, бет-аузын тер жуып, тілінің жеткенінше сыбай бастады... Енді біріміз оң жақ есікті, біріміз сол жақ есікті тоқпаштауға кірістік. Өлдім десең де ашылатын түрлері жоқ, ертегілердегі сиқырлы есік сияқты.
— Түймешігін суыр! Бас! Итер!
Машинамыздың соңына трамвай, автомобиль тіреліп тоқтап,азан-қазан болып жатыр. Жол сілтеушінің ысқырғышы шыр-шыр етеді. Шофер машинаны жол шетіне бұрды. Ащы тері шыққан жолаушыларымыздың бірі пенжагын шешіп те тастады. Енді біреуі ыңқ-ыңқ етіп есікті тепкілеп тұр. Арамыздағы жолаушы әйел:
— Құтқарыңдар! Өл-өлді-ім!— деп шыңғырды.
— Қойыңыз, бикеш, мұныңыз не?! Пәле тілемеңіз. Сырттағылар біз сізді ұрлап алып қашқан екен деп қалар.
Полицей жүгіріп жетіп келді. Жұрт анталап жиналып жатыр.
— Не боп қалды?
— Есігі ашылмайды. Іштегілер шыға алмай тұр.
Әйел солқылдап жылай бастады. Шофер есіктерін істен шығарған баяғы жолаушыларды қайтадан сыбауға кірісті. Сырттағылар қарқ-қарқ күледі...
— Балта керек, ешқайсыңда балта жоқ па?
— Балтамен аша алмайсың, бұған балға керек.
— Ең дұрысы — слесарь шақырған.
Күн кешкіріп барады, біз омалып отырмыз. Қызықтаушылар мен ақылшылар үсті-үстіне көбейе түсті. Есіктер былқ етер емес. Іштен тоқпашта, сырттан тоқпашта — бәрібір. Сырттан бір шофер ұсыныс жасады:
— Әй, достым, сен Жаңашаһарға тарт. Онда Янко деген әйгілі шебер бар, сол ашады. Кеше мен Бүйікдерге бір жолаушыларды апарып қайтамын деп, тура осындай халге ұшырадым. Есіктерімізді аша алмай сілеміз қатты. Шеберханалардың дәп бесеуіне бардық, ешкім аша алмады. Янкоға жетіп жанымыз қалды.
Біз Янконың шеберханасын іздеп Жаңашаһарға жөнелдік. Ол, әрине, үйіне кетіп қалыпты. Жалынып-жалпайып шақырттық. Машинаның ішінде өлердейміз. Бір сағат па, екі сағат па тостық. Әлде заманда шебер келді. Есіктерімізді ары шұқылап, бері шұқылап көрді де:
— Тарлабашыға барыңыздар, онда Ибо деген шебер бар, тұтқаның тілін сол біледі, сол ғана аша алады,— деді.
Ибоны іздеп иттей болдық.
— Тұтқаның тілі есік қапталындағы дөңгелекшенің иір тісіне кіріп, мүлде кептеліп қалған,— деп түсіндірді ол.
— Енді не істеу керек?
— Түнде ештеңе істей алмайсың. Құдай оңдаса, күндіз бір амалын табармыз.
Біз шулап қоя бердік:
— Айналайын Ибожан, бізді құтқара гөр! Бар сенгеніміз — бір өзіңсің! Ақыңды жемейік, жүз десең де, екі жүз десең де төлейік...
Әйел байғұс зар еңіреді.
— Енді мен не болдым? Күйеуіме тым құрыса хабар бере алмай құрыдым-ау...
Ибомыздың жаны ашып кетсе керек, ақырында іске кірісті. Бірақ түнгі сағат он екі шамасында ол да қалжырап құлады.
— Түк істей алмаймын. Бұл бүгін-ертең бітпейді. Терезесінен шығып көріңдерші.
Әуелгі жолды әйелге бердік. Терезеден басын шығарысымен сырттағылар оны олай құшақтап тартып, бұлай құшақтап тартып, сойған түлкідей етіп, әйтеуір әрең суырып алып тынды. Келесі жолаушы бөшкедей еді, оны терезеден қалай шығаруға тіпті ақылымыз жетпеді. Сонсоң оны қоя тұрып, мені сопаң еткізіп суырып алысты, өкпеме азаттық ауасы барып, адам қалпыма түстім! Менен кейін жұрт әлгі төртпақты тағы айналдыруға кірісті, мен де көмектесіп бақтым. Әупірімдеп жүріп орта беліне дейін шығарып едік, одан арғы жағы терезеге кептеліп қалды да, не сыртқа, не ішке қарай жылжымай қойды. Ақыры жартысы сыртта, жартысы машинада қалды.
— Құтқара көріңдерші! — деп жалынады бейшара.
Оны тым болмаса қайтадан итеріп ішке түсіре алмадық.
Біраздан кейін мен өз жайыма кеттім, ол оқиғаның қалай аяқталғанынан бейхабармын. Ал содан бері менің Куртулушқа тек жаяу барып-келіп жүргенімді өздеріңіз сезіп те отырған шығарсыздар.
Орысшадан аударған Ғаббас Қабышев
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?