Хан Шалқан

 Хан Шалқан

Баяғы бір өткен заманда елге қатал Шалқан деген хан болыпты. Ол бір күні ерігіп отырып, іші пысқаннан кейін, жанына тазысын ертіп, сауыт-сайманын киіп, боз жорға атқа мініп, серуен құрып, саяхатқа шықты. Жолда келе жатып, бір дөңнің астынан жұмыртқадай аппақ, әдемі бір жалғыз үйді көреді. Бұрын бұл жерде ешқандай қоныс орналаспаған, мидай жазық, жапан далада жалғыз үйдің тұруы өте бір керемет нәрсе екен. «Неде болса мен бұл үйдің мән-жайын білейін» деп, хан үйге келеді. Үйге келсе, бір жалғыз адам отыр екен. Ол сондай асығыс түрде алтындай жарқырап тұрған үлкен дастарқанның үстіндегі тау-тау болып үйілген қағаздарды бірінен соң бірін ақтарып, реттеп, өзі-өзімен әлек болып жатыр. Хан не айтарын білмей, мына адамның асығыс түріне қарап, таң қалды да тұрды. Кісіден ешқандай жауап болмағаннан кейін, Шалқан хан өзі жөн сұрай бастады.

— Жарқыным, өзіңіз тіпті асығыс түрде екенсіз, жауап күтіп әлі отырмын, бір ауыз сұрамауыңызға жол болсын. Сіз жөн сұрауға ерінсеңіз, мен сұрайын, рұқсат етесіз бе? – дейді.

Кісі:

— Сұраңыз! – деп қысқа жауап қайырады.

— Менің сұрайтыным, сіздің жөніңізді білгім келеді? Бұрын бұл жерде адам түгіл аң да болмайтын, мұнда тек дию-перілер ғана мекен ететін. Сондықтан да сіздің қайдан келгеніңізді, бұл жерге не себеппен тұрғаныңызды және маған не себептен үн қатпауыңызды сұрап, білгім келеді? – дейді.

— Бұл, білгіңіз келсе, Құдайдың өлі мен тірінің есебін алатын тіркеу орны болады. Мұнда өлген адамдарды бір тізімдеп, тірі адамдарды бір бөлек тізімдеп және кімнің қандай адамға баратынын, кімнің қандай адамды алатынын бөлек-бөлек, рет-ретімен жазып отырады. Менің асығыс түрде сізге жауап қайырмай отыруымның себебі - осы, мен үшін бір минут уақыттың өзі - шығын. Сондықтан да маған таудай болып үйілген қағаздарды реттеп болғанымша, үндеуге болмайды, – дейді.

— Жарқыным, менің жалғанда көрген жалғыз қызым бар еді. Көзімнің ағы мен қарасындай қарашығыма кім бұйырып тұр екен. Соны тізімнен қарап берсеңіз қайтер екен, аз ғана уақытыңызды мен үшін бөліңіз, – деп жалынып сұрайды хан. Кісі қынжыла-қынжыла отырып: «Бір елді билеп тұрған хан екенсіз, көңіліңіз қалмасын, қарасам қарап берейін», – деп, сары ала алтын дастарқанның үстіндегі таудай болып үйіліп жатқан қағаздардың ішінен бір топ адамның тізімін алып шығып, жазулы кісінің атын жоғарыдан төмен қарай бір қарап шығып, былай деді:

— Сенің қызың Қараөткел шаһарында тұратын Байшат деген ханның қолында бір күң бар, қызың сол күңнен туған құлдың баласына барады екен, – деп жауап береді.

Ханның төбесіне зіл қара тас түскендей, не айтарын білмей, аңырып тұрды да қалды. Әлден уақытта хан өзіне-өзі: «Жоқ, жоқ! Бұл өтірік, қызымды мұндай адамға қосқанша, қылышыма ақылдасармын», – деп, кісімен қош айтысты да, үйіне қарай жүрді де кетті.

Солай қалың ойға шомылған хан үйіне келді, жүзі суық, көңілі қаяу, еш адамға сырын айтпайды, бірнеше күн ұйқы-күлкі көрмей күн өткізеді. Күндердің күнінде ханның ең жақын дос, сенімді уәзірі ханға:

— Жарқыным, сіз неге жүдеп кеттіңіз? Осынша неге уайымда жүрсіз? Кәне, сырыңызды маған айтыңызшы, қолымнан келгенше орындаймын, сіздің табаныңызға кірген шөгір менің маңдайыма қадалсын, – деп, ханның алдына келді.

Хан:

— Өзімнің жақын досым едің, сенен не сырымды жасырайын, – деп, Шалқан хан ішіндегі барлық сырын айтты. «Ал, бұған қандай ақыл айтасың?», – деп ақыл сұрады. Сонымен Шалқан хан уәзірімен күні-түні ақылдасып, ақыр аяғында, қайдан тапса да сол Қараөткелдегі шаһарға барып, күңді өлтіру керек болды. Осы мақсатпен Шалқан хан мен уәзір Қараөткел шаһарына бет түзеп, жүріп кетті. Бірнеше ай, бірнеше күн жүріп, арып-ашып, шаршап, әрең дегенде Байшат ханның еліне келді. Сонымен бұлар тұп-тура Байшат ханның алты қанат ақ үйіне келіп түсті. Байшат хан үйіне келген қонақтарды құрметпен қарсы алды.

— Бірнеше күн жол жүріп шаршап келді ғой, тамақты ауыздан қалатындай етіп, жақсылап пісір, – деп, Байшат хан екіқабат әйелге бұйырады да өзі қонақтардың қасына келіп отырады. Қонақтар өздері дуылдасып, өткен-кеткеннен жөн сұрап, қызу әңгімеге кірісумен болды. Әлден уақыттан кейін күң әйел әдепті, сыпайы жүріп келіп: «Тақсырлар, тамақ ішіңіздер», – деп, айтты да шығып кетті. Қонақтардың өмірінде көрмеген неше түрлі астары екен. Өздері де әбден шаршап, шалдығып келгендіктен, күңшенің даярлап әкелген тамағына қайран қалып, үсті-үстіне соға берді.

Шалқанның есі-дерті күңді қалай қолға түсіру болып отырды. Бір мезгілде Шалқан:

— Япырым-ай, мынау менің өмірімде жеп көрмеген тамағым екен, өзі күңнің білімпазы ғой, неше түрлі тамақты ойдан шығарған ба, қалай шебер жасайды. Осы күні өзіміздің елдің тамағы жақпай жүр еді, он күнге күңіңді бере тұрсаңыз қайтер еді. Менің де күңдерім үйренсін, – деп, Байшат ханнан сұрайды.

— Мен басқа кісінің істеген тамағын іше алмаушы едім және күңім өте ақылды еді. Сіз бұрын көрмеген жат қонақ болғандықтан ғана амалсыз беремін, – деп, қиналып отырып жауап қайырды. Күңді қолына түсіріп алғаннан кейін, Шалқан хан еліне жүрмекші болды. Бейшара күңді арбаға салып алып, қонақтар еліне беттеп жүріп кетті. Жүріп келе жатып, бір биік жардың жиегіне келгенде, күңді өлтіріп, ішін жарып, жардың жиегіне қалдырып, өздері алға қарай жүріп кетті. «Ал, бәлемнің көзін құрттым, енді оған бұйырып тұр ма екен, тағы барып Құдайдың тіркеу орнын көрейін» деп, үйіне тез жету үшін асығып келеді. Бірнеше ай жүріп, қуанышпен үйіне келіп, Құдайдың тіркеу тізімінен тағы да барып біліп еді. Баяғы құлдың баласы деп жазулы тұр. Бірақ хан өзінің көзі жеткендіктен, нанбай жүре берді.

Күңді өлтірген жардың жиегінде бір қараша үй бар екен. Онда өте кедей бір кемпір мен шал тұрады екен. Бір күні кемпір тезек теріп жүріп, жардың ішінде ішек-қарны ақтарылып жатқан әйелді көреді. Ішек-қарнымен араласып, шырылдап жылаған баланы көріп, кемпірдің зәресі ұшып, сасқанынан ойбайлап, шалына айқай салады. Шал кемпірді қасқыр жарып жатыр ма деп, аңқалаңдап жүгіріп келсе, әлгіндей сұмдықты көреді. «Япыр-ай, бұл бейшара байғұсқа кім қастық істеді екен?» деп, шал жылауға әлі келмей, әлсіреп жатқан жас нәрестені ішек-қарыннан арылтып, жиренбестен баланы көтеріп алып, әйелді көміп, үйіне келеді. «Я, Құдай, дүниеде бала бермеп едің, енді даладан бердің, не де болса, бұл баланы қолымнан келгенше, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмаймын», – деп, баланы жуындырып, киіндіріп, еміздікпен сүт беріп, мәпелеп, аялап өсіре береді. Баланың атын Жарболат қояды. Жарболат атына сай құрыштай берік, құрыш білек, асқан шебер, талантты, ержүрек болып өседі. Сөйтіп, кемпір мен шалдың еңбегін ақтаған баланың білімділігі, тапқырлығы жер-көкке жайыла бастайды. Осылайша баланың даңқы жер жарады. Күндердің күнінде хан бір түс көреді. Бірақ не көргенін өзі ояна келіп ұмытып қалады. Әрі ойланып, бері ойланып, ойына түсіре алмайды. Сонан соң елге жар салады:

— Дүниеде кімде-кім ұмытып қалған түсімді тауып жорып береді. Егерде осы ұмытқан түсімді тапқан адам болса, соған дүниедегі жақсылықты басына орнатамын, – дейді. Осы сөзді естіп, бір сұмырай мыстан кемпір ханға келіп, былай дейді:

— Тақсыр, осында бір кемпір мен шалдың қолында асыранды баласы бар, сіздің түсіңізді бір тапса, сол айтар, – дейді. Хан баланы шақыртып, мән-жайын сұрап, ұмытып қалған түсін айтқызады.

Бала ханның түсін айтып, былай жорып береді:

— Сіз түсіңізде бір үлкен дария көріпсіз, оның екі жағы биік жар, жардың бір жағында қырық жылан, екінші жағында қырық айдаһар тұрады екен. Судың ортасында өзіңіз екен және бір қарлығаш анда-санда сіздің аузыңызға су құйып тұрады екен. Міне, осыны көріпсіз, – деп бала сөзін бітіреді. Хан: «Я, дәл өзі, осылай көргем. Жаңа есіме түсті ғой. Енді осыны жорып бер?» – деді. Оны бала былай жорыды:

— Қырық жылан қырық әйелің екен, олар сізге қас екен. Қырық айдаһар қырық уәзірің екен, олар да сізге дұшпан екен. Дария – бақытыңыз, қарлығаш – жалғыз қызыңыз, сол ғана сізге дос екен, – деп жауап береді. Хан балаға қайран қалып:

— Сен кімнің баласысың, әкеңнің аты кім, шешең кім? – деп, баланың тұқым-тұқымына дейін сұрап еді, бала жөнді жауап қайтармады. Сонан соң хан баланың әкесін шақыртып алып:

— Жаныңның барында, мына баланы қайдан алдың, әкесінің аты-жөнін айт? – дейді. Шал сырын айтпауға тырысқанымен, еркіне қоймаған соң, амалсыздан, қорыққанынан баланың мән-жайын айтады. Оны қалай асырағанын, әкесін де, шешесін де білмейтінін айтты. Хан баланың жөнін білгеннен кейін, «мұның көзін дереу құрту керек екен» деп, өзінің баяғы уәзіріне былай деп қағаз жазып береді:

«Мына баланың көзін құрту керек, бұл анада өзіміз өлтіріп кеткен күңнің ұлы екен, тірі қалған. Егер өлтірмесең, қызым осыған бұйырады. Өлтір, өлтір!» – деп жазып, баланың өзіне ұстатып, уәзірге апарып бер деп, қоя береді. Қараңғы түн еді, бала әбден шаршап келе жатып, бір жарық түсіп тұрған терезенің алдына келіп, демалып отырып, сол жерде ұйықтап қалады. Бұл жарық түсіп тұрған терезе ханның қызының үйі екен. Қыз терезеден жарқырап түскен бір сәулені көріп, таңырқап далаға шықса, алтындай нұры жарқыраған бір жап-жас бала, көп жүріп қалжыраған пішінмен ұйықтап жатыр екен. Қолында бүктеулі қағазы бар. Қыз қағазды алып оқыса, ішіндегі жазуды көріп, ғашық болып, талып қалып, есін жинады да баланы оятып, құрметтеп үйіне алып келіп, баланы неше түрлі дәмді тағамдармен сыйлайды. Қыз балаға өзінің ғашықтығын айтады. Сөйтіп баланың қолындағы қағазды қыз керісінше былай деп жазып береді:

«Мына балаға қызымды қос, қырық күн ойын, отыз күн тойын қылып, құрметпен өткіз!» – деп жазып, әкесінің қолындай қылып, қолын қойып береді. Сөйтіп балаға: «Мынаны тез уәзірге апарып бер», – деп, қоя береді. Бала қағазды уәзірге береді. Уәзір қыз бен баланы бір-біріне қосады да отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, құрметпен өткізіп жатқанда, хан тойдың үстіне келеді. Бірақ басқа лаж таба алмаған хан еріксіз қызын беруге көнеді.

Сөйтіп, Жарболат қызды алып, жақсы өмір сүріп, дүниеден өтіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 955



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?