Әбдіжәміл Нұрпейісов | Қан мен тер қалай жазылды
Шығарма жазылып бітті.... Кітап боп басылып шыққалы да әлдеқашан. Енді, міне, қайта-қайта басылып та жатыр. Шамасы, сірә ұзақ жылдар көз майыңды тауысқан осы кітапты алғаш рет жазсам деген ойдың басыңа қашан, қалай келгені хақында және қалай жазылғаны хақында ой толғайтын уақыт та жеткен сияқты. Шынын айтқанда, осы сауалдың бұдан бұрын да бір рет алдымды тосқаны бар. Бұнан бұрын да дәл осы сауалға жауап бергем. Ол, ұмытпасам, 1970 жылдың көктем айы еді. Алматыға белгілі сыншы Леонид Теракопян келді. Совет романдарының сериясында шыққалы әзірленіп жатқан «Қан мен тер» трилогиясының алғашқы екі кітабы — «Ымырт» пен «Сергелдеңге» алғы сөз жазбақ боп, арнайы келген сапары еді.
Қонақтың қалауы бойынша біз көбіне сыртқа шығып, кісі-қара аз, тыныш көшелермен көктем шуағын бетке ұстай жүріп әңгіме шерттік. Байқауымша, мына жігіт бұрын біздің жақта болмаған. Жолға шығарда қыс ызғары әлі де қайта қоймаған Москва маңының ауа райына қарап киінгені байқалады. Ал, біздің жаққа биыл көктем ерте кірген-ді. Қыс ызғары қала түгіл көшеге шықсаң-ақ көз алдыңа көлбеп тұрып алатын сонау тұла бойы түп-түгел қардан арылып, кіреуке мұнар арасында көкшіл жотасы көк тіреп жататын заңғар таудың өзінен де сезіле қоймайды. Оның үстіне биыл қыс ызғары бір лезде сынып, қардан арылған қаражон дала қала іргесінде бусанып, ертелі-кеш көңіл ашар қоңыр жел тау қойнауынан есті де тұрды. Әлден бүр жара бастаған терек бұтақтарында үйме-жүйме боп отырған торғайлар да ерекше сайрауық. Қонақ үстіндегі қыс пальтосын ауырлап, қос өңірін бағана біз кездескенде-ақ серпіп ашып тастаған-ды. Дала түгіл қала көшелерінен де кәдімгідей анық сезіле бастаған ерте көктем тынысына сергек әсерленіп келе жатты да, кенет ол менен кітап жайында сұрады. Бірден-бір білгісі келгені осы кітапты жазсам деген ойдың басыма қалай келгені хақында. Бұның жауабы көкірегімде сайрап тұрса да, мен салған жерден шешіле қоймай, өткен күнге ой жүгіртіп іркіле түстім. Сонда менің ойыма сонау 1947 жылдың сарша тамызы орала кетіп еді. Күн аптабы кісі тынысын буып тұратын өзіміздің өрттей ыстық Арал өңірі мен жиырма үш жасар бала жігіт қапелімде көз алдыма кеп тұра қалды. Кешегі сұрапыл соғыста бала жігіттің әкесі өзіне тетелес екі бірдей інісімен қаза тапқан. Өзінің де әскерден босанып келгеніне көп бола қойған жоқ. Төрт жылдан кейін қайтып оралған жігіт ошағы сөнген үйін көрді. Соғыс біткелі екі жыл өтсе де бәрінің бірдей ер-азаматы орала қоймай, еңсесі түскен елді көрді. Қай үйге бас сұқса да кешегі соғыста тірлігі титықтап, жүдеп-жадаған жесір қатын, жетім бала алдынан шықты. Балықшы колхоздарының да әлі еңсесін көтере қоймаған шағы. Қайда барса да көргені - жүдеу жүз, жабырқау көңіл, жұпыны өмір. Тірлік үшін күн-түн қатып тырбанып жатқан жас бала, жесір қатын, кемпірлер, шалдар. Ара-тұра соғыстан жараланып қайтқан жарымжан мүгедектер ұшырасады. Бір жолы ол қалаға кетіп бара жатқан ат арбаға ілесіп кете барды. Арбакеш кәрия жол бойы жұмған аузын ашқан жоқ. Түсін бермей тұнжырап алған осы кәрия тым тұйық. Жол қысқартқысы кеп жалтақ-жалтақ қараған сайын бұған сыртын беріп отырған сұсынан қаймығып тоқтап қалады. Оның қалғып отырғаны, не әлде ғұмыр бойы қусаң да жеткізбей жүйкеңді құртып болатын алдамшы үміт тәрізденіп, ауылдан шыққалы қыбыр-қыбыр қозғалған ат тұмсығының алдында ирелеңдеп, бір белден соң тап сондай тағы бір белден ақсиып асып түсіп жатқан осынау дала жолына телміріп қарап қалғаны белгісіз. Доңғалағы майланбаған ескі арба ғана жол бойы жағы бір сембей шиқылдап, зарлап келеді. Жол ұзақ. Күн ыстық. Ауылдан шыққалы талай уақыт өтсе де, бұл екеуі бір-біріне әлі тіл қатқан жоқ. Кедір-бұдыр жерлерге келгенде селкілдей жөнелетін арба үстінде бұ да қосыла секектеп, жұлыны үзіле жаздап бара жатқасын әбден мазасы кеткен бір кезде жерге қарғып түсті. Ботинкасын шешіп қолына алды. Ат соңында ақырын айналған арба доңғалағының ізін басып ілбіп келеді. Ыстық қоламтадай топырақ табанын күйдіріп бара жатқасын ара тұра жол жиегіне шығып кетеді. Шөл қинаған кезде, бағана ауылдан шыға бере аузына салған құртты тілімен арылы-берілі үйіріп, екі ұртын кезек бұлтылдатып, тамағын дымдап алады. Оқтын-оқтын көзі талғанша көкжиекке қарайды. Қай жағына қараса да таспа боз кер жусан күн көзінде қуарып, қуқыл реңге ауысқан жұпыны дала жолаушы көңілін жүдетіп, құсаландыpa түседі. Дүние дүние боп жаралғалы өз сырын өзінен ұрлап жым-жырт боп жатқан осынау меңіреу далада тірлік нышаны тіпті сезілмейді-ау... «Апыр-ай, — деді бала жігіт ішінен. — Қандай құдіретінің барын кім білсін, бір жанға ықыласын бермей, айы тартылып кеткен тас емшек желіндеп, безеріп жататын да қоятын осы мына елсіз-сусыз құба дала, қу медиен қашан көрсең де көзіңе оттай ыстық басылып, ет жүрегің елжіреп тұратыны несі? Адам мекен еткен айдай әлемде күші асқан қиянаткердің зорлығы мен зәбірінен қан қақсаған бұнан да басқа жер бар ма екен? Бұл басынан кешкен ғасырлардың қазасыз күні мен азасыз айы болып па? Жүзі суық жау бірде жеріне шығыстан тисе, бірде батыстан тиіп, ылғи қапылыста қан қақсатып кететін, талай-талай ұйқыңды бұзып, ұйтқыңды шайқап ұйпа-тұйпаңды шығарып кеткенде, оты сөнген ошақтан өмір жалғасындай әлсіз бір тірлік әрқашан қылтиып қайта көрінгенше өзегің талатын. Иә, мына тусыраған тұл даланың үстінен ту-ту бағзы заманнан бермен қарай сансыз ұрпақ көшіп өтті. Осы дала бізден бұрын да талай ұл мен қызға атамекен бопты. Өзіміз сияқты олар да осы дүниеге әр қилы асқақ арманмен құлшынып келіп, бірақ бірде-бірі дегеніне жете алмай, опасыз сұм жалғаннан күңіреніп өтіпті. Және ізсіз өтіпті. Біз сияқты олардың да тағдыры талқыға түсіп, тірлік үшін тайталасқан жағаласта бірде жау қолында шалғайы кетіп, дар-дар жағасы жыртылып жатса да ел намысы үшін арпалысқан ерлері арын бермепті, күші басым жаудың бірде астына түссе, бірде үстіне өзі шығып алыс-жұлыспен өмір кешкен азғантай халық осы далада бағзы заманнан бермен қарай мал бағып, егін егіп, балық аулап күн кешіпті. Олар да өзіміз сияқты түндік астында түтін түтетіп, осы даланың бір аруына ғашық болған. Жар құшқан. Перзент сүйген. Осы мына өмір бойы өрттей ыстық күн астында қаназасы кеуіп жатқан қу медиен бізге мекен болғалы қаншама қасіретті ананың, қаралы жесірдің, қорғансыз жетімнің көз жасы көлдей ақты?! Осы даланың келешегі үшін қиғылық ұрған қаншама асыл боздақтарымыз қанын, терін төкті... Иә, қаны мен терін төкті... Қан мен тер... қан мен тер... Жас жігіт «қан мен тер» деп әлдеқалай аузына түскен дұғадай ішінен күбірлей берді. Осы бір ауыз сөз бір дегеннен жүрегін шоқтай шарпып өтсе де, балаң жігіт бірақ оның түп астарындағы анық мәні мен мағынасын әлі ұға қойған жоқ-ты. Сол күні кешке қарай Арал қаласында тұратын жақын ағасы — Байқабылдың үйіне кеп жетті. Сол бойда столға отырып, қолына іліккен бір жапырақ қағазға «Қан мен тер» деп тұңғыш рет түсіріп еді. Өзіңнің, аз ғана халқыңның болашақ бақыты үшін қаны мен терін төккен ата-бабалары жайында күндердің күнінде сәті түсіп шығарма жаза қалса, оның атын дәл осылай атармын-ау деген ой бала жігіттің басына сол арада алғаш рет келіп еді.
Әлі бір жолы да жазылмаған, бірақ түбі тірі болсам жазармын деген дәмені көңіліне қатты медеу қылған ол сол түні ұйықтай алмай шықты... кітаптың әлгіндей аты келешекте жазылатын шығарманың соңырағы күні көтеретін азаматтың ауыр жүгі мен онда сөз етілміш дәуірдің әлеуметтік сипатын салған жерден-ақ анықтап берген сияқты. Оны айтасыз ба, соңырағы күні үш кітаптың тұла бойында көп-көп жағдайда оқушы жүрегін сыздатып тастап отыратын аянышты ауыр халдер бұл шығармада басымдап көрсетіліп, осы дүниеден өмір жолын іздеген кейіпкерлердің де арпалыс, алыс үстінде қолымен істеген әрбір ісін үнемі ішінде тәптіштеп, тебіреніске түсіп кететін баяндау сипаты да кітап атынан белгілі боп қап еді.
Әрине, ол кезде бұның бәрі бастағы ой еді. Басыңа келген ойды соңырағы күні хатқа түсіріп, халыққа ұсынудың жөні әлдеқайда қиын. Шығармаға отырар алдында тәуекелге бел байлаған әрбір кісіге таланттан басқа тағы екі нәрсе керек: бірі — білім, екіншісі — тәжірибе. Ал, шынын айтқанда, сол кезде менде осы екі нәрсенің екеуі де жоқ еді. Құдай оңдап, мен әйтеуір бір дегеннен бар болмысымды баурап әкеткен әлгіндей салауатты ойдың салмағын қатты сезсем керек. Бұған жастық алаңғасарлықпен ыссылай ұрынуға болмайтын еді. Жөні түзу жазушы болу үшін кісі алдымен білімдар болу керек дедім ғой. Ал, менің не бәрі бітіргенім — он жылдық мектеп. Және орта мектеп бізге өндіріп білім бере алған жоқ. Ол кезде бізге сабақ берген оқытушылардың ішінде жоғары дәрежелі білімі бар кісі ілуде біреу. Мәселен, Ақтөбе педучилищесінің бірінші курсын ғана бітірген кісі біздің мектепте жоғары кластарға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Әдеби сауатым мен ой-өрісімнің түйтелігін сезгесін мына шығарманы жазуға тіпті асыққан жоқпын. Арал өңіріндегі өзіміздің атамекенде балықшылардың арасында тұра бердім. Кешегі соғыста өз басымнан кешкен, көзіммен көріп куәгер болған оқиғалар хақындағы шығармамды асықпай ақырын жаза бердім. Қолым қалт еткенде келешек жазатын кітабыма да тірнектеп тарихи деректерді қарастырып қоям. Сол кездің өзінде-ақ мен соңыра жазылатын үш кітапта қамтылатын көл-көсір оқиғаның аумағы мен әлеуметтік салмағын, тап пен таптың, ру мен рудың және қыруар қаһармандар арасындағы қым-қиғаш қақтығыстардың сипатын шамалап сезіп едім десем артық айтқан болмас едім.
Ілгеріде осы кітапты жазам деген ойдың алғаш рет басыма қалай келгендігі хақында айттым ғой. Қазір сол кітаптар жазылып бітті. Кейінгі бірер жыл ішінде қазақ тілі мен орыс тілінде, тағы талай тілдерде жарық көріп жатыр. Енді қазір бір кез кейінгі жаққа көз тастап, артында жосылып жатқан азабы мен мехнаты мол ауыр жолдың ен бойын шолып өтуге болатын шама бар. Алайда, өз басым осы ойды тудыруға шын себеп болған сол кездегі құдірет күштің сыр-сипатынан әлі күнге бейхабармын. Айтса айтқандай, бұл өзі не? Кісі жанының аяқ астынан рухтанып, қанаттануы ма немесе әлдеқандай оқыс от алған ұшқыр сезім бе? Мүмкін, бұл кешегі ұзақ төрт жылға созылған сұрапыл соғыста қырылған қыршын жандар мен солар төккен қасиетті қанды, қайғы-қасіретті көріп, жас жүрегі сыздап қайтқан бала жігіттің бойында сыртқа шығуын тосып булығып жүрген кекті ыза ма? Сол ызаның дүмпуі ме? Сол ыза енді қазір шілде айының осынау ми қайнатқан өрттей ыстық күні астында, өздерінен басқа тірі бір жан жоқ шексіз сары далада жалғызсырап, көңілі құлазып келе жатып іштей тебіреніп ойлаудан, толғанудан кейін басына келген ой ма? Қалай болғанда да өзінен өзі оқыс басына келген ой бар болмысыңды баурап алады. Сен енді көкірегіңді кернеп, арылмас арманыңа айналған творчестволық ойың қашан осыдан қағаз бетіне түсіп, көркем шығармаға айналып, үш кітап боп стол үстінде томпайып жатқанша тыным таппайсың. Сенің бұнан былайғы жердегі бар ойың мен арманың қанша құс қанаттанып көтеріліп ұшып, аспан астын шарлап кезіп кетпек болса да, соның бәрінде де қайта-қайта оралып кеп соға беретін жері — осы ойдың төңірегі. Ендігі жерге сен бұрынғыша таң атырып, күн батырып қаннен-қаперсіз өмір сүре алмайсың. Сен ендігі жерде темір қазыққа мықтап байлап қойған ат тәріздісің. Неғұрлым босанып шыққың кеп бұлқынған сайын солғұрлым әлгі оқыс киліккен оқшау ойға бар сезіміңмен шырмалып орала бересің, орала бересің. Алда алты жыл оқуың бар. Оның үстіне жақында ғана үстіне шаңырақ көтерген жас семьяның бірі жетсе, бірі жетпей етек басты күйбең-күйбең тірлігі қолыңды байлап, көзіңді ашып-жұмғанша он бір жылдың қалай өте шыққанын сезбей қаласың.
Бұл жылдары кітапқа білек сыбанып кірісіп кете қоймасам да, творчество адамында ықтияр, еркінен тыс болып жататын іштей даярлық үздіксіз жүріп жатқаны даусыз. Оның үстіне осы он бір жыл ішінде кітап арқауына қолма-қол кіретін тарихи дәуірдің арғы-бергі жағын әжептәуір қазбалап, екі салада материал іздедім. Бірі — сол дәуір сипатын танытатын тарихи деректер. Бұл ретте, әрине, тарихи тақырыпқа қалам толғаған кісіге Ключевскийдің сөзімен айтқанда: «Көне дүниенің рухани бейнесін» білу - әбден қажет еді. Ал, әрбір дәуірдің бейнесі мен болмысын, сыры мен сипатын сол дәуірде тірлік кешкен ірі-ірі тұлғалардың ісі мен әрекетінен, әсіресе анығырақ көресің. Араға ұзақ жылдар түсіп, көз бен көңілден қашықтап кеткен кешегі ата-бабаларымыздың бастан кешкен сан-сапалақ өмірін қазіргі оқушыларға сол қалпында бұлжытпай қайта тірілтіп әкелу, әрине, оңай шаруа емес-ті. Институт қабырғасында өткізген бес жылда ара-тұра библиотекалар мен архивтерді қарап, буда-буда қағаз арасында біздің көзімізден қағыс қап жатқан көне заман сырына жіңішкелеп жол тапқандай болдым. Азамат соғысының оқиғаларына қолма-қол қатысқан белгілі кісілердің біздің елде ертеректе басылған мемуарлары мен күнделік қойын дәптерлерін таптым. Мәселен, Колчак жөнінде бізден бұрын да, біздің дәуірімізде де көп жазылғаны белгілі. Азамат соғысының тарихында әлемге аты шулы болған осы сол дәуірдің сойқан тұлғасы менің де болашақ шығармамнан қағыс қалмайтыны анық еді; азамат соғысының тарихынан хабардар кісілерге аян — Сібірдегі Омбы үкіметінің басына ол кездерде құдіретті ағылшын империясының қолымен апарып қоя салған адмирал Колчак «піссіміласынан» бастап, ақырғы күніне дейін ағылшындардың дегенінен шықпаған кісі. Ағылшынның Омбы үкіметіндегі өкілі Нокстың бар дегенін бұлжытпай орындап отырды. Сол Нокстың әмірі бойынша Колчактың әйгілі Түстік Армиясы қазақ даласына күнбатыс жақтан қарақұрттай қаптап кіргенсін-ақ басқа бір жаққа мойын бұрмастан Ақтөбеден бастап, Аралға дейін тұп-тура темір жол бойымен ұрыс сап ілгері жылжыды да отырды.
Демек, Қазақстанның батыс өлкесіндегі азамат соғысын суреттегенде Колчакты ауызға алмай үнсіз өтіп кету мүмкін емес-ті. Ал, Колчак жөнінде көп жазылды. Соларды болмашы бір оқиғалармен жаңғыртып қайталағаннан гөрі, әрине, қолдан келсе Колчак образын жасағанда басқа жұрт білмейтін психологиялық жаңа штрихтар енгізіп, оқушы ұғымында бұрыннан қалыптасқан таныс бейнені тың бояумен толықтыра түсу керек еді. Колчак жөнінде өз тұстастары жазған көптеген мемуар ішінен баяғы патша заманында генерал-лейтенант болған барон Алексей Будбергтің күнделігі көңіл аудартады. Барон Будберг Омбы әскери үкіметі құрылған күннен бастап, ақырғы күйреген күніне дейін Колчакпен тақым жазбай қызмет істеп, Жоғарғы Ставкада бас интендант болған кісі. Соның жазғанына қарағанда Колчак қолағаштай ірі мұрынды кісі болған. Және ол ұзын бойлы арық кісі боп еді деп жазады. Кезінде аралас-құралас тірлік өмір кешкен кісінің дәл мынандай ақиқат кәміл білетін штрихін қалай кәдеге асыру керек? Колчак образының бізге белгілі бұрынғы болмысына кішкентай да болса соны бір жаңалық қосып, ол туралы осы күнге дейінгі түсінігіміз бен ұғымымызды кеңейте ала ма, соған септігі тие ме?
Үшінші кітапты жазу үстінде, көлденең біреудің көзімен адмирал Колчак былай суреттеледі: «Генерал Чернов мырс етіп күліп қойды. Колчак кең кабинетті кезіп жүр. Алдынан ерсілі-қарсылы өткен сайын адмиралдың қара хром етік киген тертедей ұзын аяғы ерең-серең етіп қайта-қайта көзіне түсе берді. «Тырна аяқ екен ғой» деп ойлап, сонан анау қашан өз орнына барып отырғанша кеудесіне түскен басын көтермей, өз-өзінен ыңғайсызданып, қысылып бітті». Немесе сол кітаптың екінші бір жерінде Колчак өзі көңілдес боп жүрген Омбының атақты актрисасының қолын сүймек болғанда ернінен бұрын адмиралдың қолағаштай үлкен мұрны тиіп кетеді де, келіншек тыжырынып, қолын тез тартып ала қояды. Әрбір тарихи тұлғаның образын толықтырып, жандандыра түсетін әлгіндей ақиқат анықтама деректер кейінірек жазушы қаламына іліккенде оқушы көкірегіне қона кететін әдеби штрихқа, аса қажет детальға айналуға тиіс. Тағы бір мысал: «Қан мен терге» материал іздеп жүрген кез-ді. Өзіміздің елге жылда жазғы каникулға келіп-кетіп жүрген бір сапарымда Аралдың әр нәрсеге назар аударып ізденіп жүретін Сағи Жабасов деген бір зерделі интеллигентінен Азамат соғысының белгілі әскери қайраткерінің бірі - Фролов хақында жақсы дерек таптым. Ал, Фролов — Кронштадт морягі. Азамат соғысының алғашқы жылдарында төтенше мандатпен Қазақстанға келген кісі. Сол кезде Қостанайда атты әскер полкін ұйымдастырушылардың бірі. Сонан бір кезде Колчактың Түстік Армиясына Красноводск маңын иемденіп жайлап алған ағылшынның экспедициялық әскері қосылмақшы болды ғой. Қазақ жеріне Орскі жақтан баса-көктеп кірген қарақұрттай қалың қол бұл өлкенің ел-жұрты сирек кездесетін, суы тапшы шөл даласында өздерінің көңіл түбіндегі көз тіккен нысанасына жеткенше енді тек Орынбор — Ташкент темір жолының бойымен ғана ілгері жылжып отырып, Арал теңізіне де жетеді. Бұл кезде қызылдар да қол қусырып қарап отырмай, жан-жақтан асығыс жинаған әскер құрамаларын Арал қаласының күнбатыс жағына топтап, ақтарға осы арада тойтарыс бермек болады. Осы бір қиын-қыстау кезде жаңағы Кронштад морягі Фролов та Түркістан майданының төтенше мандатымен Аралға кеп жатқан еді.
Бұл арада тағы бір айта кететін нәрсе мынау: XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласының алыс түкпірінде жатқан Арал теңізінің жағалауында алғаш рет промысел ашқан орыс купецтері — Марков пен Мокеев, Кисин — берегірек кеп қалталары қалыңдап, қоң жинап алған соң, бір ыңғай балықтан түскен табысты місе тұтпады. Арал теңізінің арғы бетінде жатқан Хиуа хандығының тай-тай мақтасы мен матасына бергі жақтан қол созады. Сол сол-ақ екен, Арал теңізінің айдынында ірі-ірі кемелер мен кебеже құрсақ баржалар пайда бола бастады. Түркістан майданы төтенше мандатпен жіберетін Фролов Аралға келген бетте әлгі көк теңіздің көкжалдары — Марков, Мокеев, Кисиндердің кемелерін күшпен дереу жинап алады да, олардың палубасына пулемет, пушка орнатып, соғыс флотилиясын қолма-қол құрып жібереді. Өзі сол флотилияға комиссар болады.
Байқаған шығарсыздар — комиссар образын жасайтын кісіге мына кронштадтың моряк құйып қойғандай дап-дайын әдеби прототип. Оның бойында комиссарға лайық, қажет қасиеттің бәрі бар. Көзі тірісінде көре алмасам да, оның сол дәуірде түскен фотокарточкасындағы кескін-келбетіне қарағанда, сырт бейнесі, түрі мен тұлғасы тап бір комиссарға лайық — жазық кең маңдайлы, өткір көзді. Бүткіл сырт келбетінде ақылды, парасатты әрі мейлінше ұстамды кісінің пішіні байқалатын. Азамат соғысының қаһарлы күндерінде аяқ үсті жүріп әлдеқалай көз іліндіріп алатын, бар өмірі арпалыс пен алыста өткен кісінің қатулы қабақ астынан қарайтын үлкен көк көзінде де сабырлы салмақ бар-тын. Іздегенге сұраған дегендей, біз іздеген бар жақсылықтың бәрі бір өзінің бойынан табылып тұрғанына қарамастан мен бірақ, бұл кісіден, комиссар Дьяковтың бойынан иненің жасуындай ештеңе алғам жоқ. Оны трилогияның үшінші кітабын оқыған кісі байқауы кәміл, «Күйреудегі» комиссар Дьяков мына Фроловқа өмірбаяны жағынан ғана жақындастыра түсетін кейбір ортақ ұқсастықтары табылып қалса да, сырт түрі мен психологиялық жәйттері бір-біріне кереғар, алшақ. Сонан болар, әйтеуір, сырт қараған кісіге бұл екеуі табиғаты екі бөлек жандар.
Автор өзінің комиссарын қайткен күнде де мына Фроловқа ұқсатпай, қайдағы бір қарама-қайшы образ жасаудың қамын көздеген сияқты. Шынында да, ондай ой менде болған жоқ. Мен, әрине, Азамат соғысы туралы тербеген әрбір суреткердің комиссар бейнесіне қайткен күнде де соқпай кетуі мүмкін емес екенін білдім. Сол бір отты жылдарда қызыл комиссарлар партиялық көрегендік пен қырағылықтың, саясатта да, соғыста да шым-шытырық арасынан сүріндірмей жол тауып алып шығатын кемеңгер ақылдылық пен ұйымдастырушылық қабілеттерімен қоса жаңа заман әкелген зор адамгершіліктің жарқын үлгісі бола білген жандар еді ғой. Орыс жазушылары жаңа әлеуметтік шындықтың рухани дидарын ашуда Қызыл Армия комиссарларының сан алуан сұңғыла бейнелерін жасады. Олар бұл ретте орыс әдебиетінің өз дәуірінің алдыңғы қатарлы озық ойлы өкілдерінің бейнесін жасаудағы көп ғасырлық жемісті дәстүрлерін шебер пайдалана білді. Орыс прозасы тудырған комиссарлар бейнесіне, дос былай тұрсын, жаудың өзі табынбауы еш мүмкін емес-ті. Совет оқушыларының әлденеше ұрпағының санасында парасат пен ер жүректіліктің, жігер мен қайраттың, кемеңгер, көсемділіктің қиыннан қиысқан кемел жарасымы ретінде қалыптасқан кесек бейнесін жасауда әлгіндей айтулы дәстүрдің өміршең қағидаларын ескермей кетуге де, сол сияқты үйреншікті үрдісті қуалап, көп сүрлеу көне машыққа ұрынуға да болмайтын. Кей ретте әдеби канонға айнала бастаған комиссар бейнесін жасауда оқушы қауымды селт еткізер жаңа сипат, соны бояу табу қапелімде оңайға түсе қоймағаны рас. Мен оқушы санасына көптен ұялап қалған комиссар бейнесінде ә дегеннен жақсы ашылған азаматтың кемелділік пен рухани қайсарлықты, кісілік сипаттарды сол күйінде қалдырып, бірақ комиссар болса — үстіне сықырлатып қара сүрік кигізіп көрсететін оңай әдісті малданғым келмеді. Бірақ ұзақ ойлап, ұзақ толғаудың үстінде сырт нобайы айқындала бастаған өз комиссарымның өзі тектес өзге бейнелерге ұқсамайтын басқа бір бөлек бейнесін көңілім танығанмен, көпке дейін дәл үстінен дөп басып көзге елестете алмадым.
Сөйтіп жүргенде бір топ жазушы боп Гурьев облысына бара қалдық. Күздің қара суығы еді. Алғаш қар жауды. Каспий сыртындағы көл-көсір жазықта ұйқы-тұйқы боран көтерілді. Желеңдеу киініп шыққан біздер әрі-беріден кейін қалтырап, тоңа бастадық. Арамызда суық тигізіп алғандар да жоқ емес. Әсіресе, сырт жақта болып қайтқан бір егде жазушы екі иінінен дем алып әзер отыр. Әдетте қарлы борасын түгілі темекінің түтінін жаратпайтын оған мына тұтқиылдан тап болған суық оңай тиіп келе жатқан жоқ-ты.
Жол-жөнекей бір балықшы колхозында кідірдік. Дастархан үстінде әлгі кісімен қатар отырып қалыппыз. Үлкен бөлмеде, қапелімде тым-тырыс тыныштық орнады. Сол бір қас пен көздің арасында жым-жырт үнсіздікте менің көршімнің көкірек сырылы құлағыма шалынды. Оны өз ішімнен аяп, жүзіне жалт-жалт қарай бердім. Ол күні бұл мінезіме өзім де түсінгем жоқ. Арада біраз уақыт өткен соң, Алматы көшесінде алдымда кетіп бара жатқан бір дімкес кісіні көзім шалды. Ұзақ жылдар бойы сүйекке сіңген сартап дерттен әбден қажыған сол бір адам өр аттаған сайын алқымынан алып арпалысып келе жатқан ажалмен айқасқа түсіп бара жатқандай көрінді маған. Өмірге құштарлық пен қайсарлықтың шынайы көрінісі астаналық қонақ үйінің алдында, күзгі кеште, міне, тағы көз алдымда қалт-құлт басып кетіп бара жатты. Мен үйге жетісімен жаңа ғана көшеде көргендерім мен көңілге оралғандарымды қойып дәптеріме түсіре бастадым. Ол кейін үшінші кітапта Еламанның Дьяковты алғаш рет көшеде көретін жеріне сол қалпында түп-түгел кірді. Осындай денсаулығынан түгел айрылған, кеудесінде тек шықпаған жаны жүрген дімкәс адамның жас республика тағдырына орасын зор қауіп туған қиын-қыстау кезеңдегі мінезі мен әрекетін көрсету алғаш рет сонда ойыма келді. Өн бойындағы барша күш-қуатын ақтық тамшысына дейін адамзат болашағына сарқып берген қайсар жан неге комиссар болмайды деп ойладым. Шынында да, Қызыл Армия алғаш ұйымдастырылғанда ондағы саяси қызметкерлер тепсе темір үзетін жастардан ғана тұрмағанына, олардың қатарында абақты мен астыртын күрестің барша тауқыметін тартқан кешегі «көксау каторжниктердің» де болғанына тарихтың өзі куә емес пе?! Байқаған боларсыздар, комиссар бейнесін жасауда, өз басым, ескі сүрлеу арасынан соқпақ іздегім жоқ. Не де болса көкірегімде бас көтерген осынау бір оқшау ойдың етегінен ұстағым келді.
Әрине, автордың алдына қойған мақсаты қағаз бетіне түскенде қаншалық оның бастапқы ойлаған қалпында мөлдіреп құйылып шығар-шықпасы өз алдына — бір басқа. Қайсыбір сыншылардың сол тұста трилогияның тек соңғы кітабында ғана оқиға желісіне кіретін көксау комиссардың басындағы әр алуан әлеуметтік іс-әрекеті әр қырынан көрінсе де, ал енді оның жеке басының отбасында өткізген өз үлесіне дербес тиетін кесер-келдесіне қатысты өмірі оқушы қаперінен үнемі қағыс қала беретіні хақында айтқан пікірі көкірегіме қонады. Олардың пікірін өзім де іштей қостай отыра, бұл тұста әйтсе-дағы бір айтарым бар: шығармамда бейнелемек болған әлгіндей кісілердің осы тірлікте аз жасаса да, көп жасаса да өздерінің жеке басы жөнінде жан қиналтып ойланбастан, әрқашан өз табының басына ғана бұлт үйірілген қиын-қыстауда бойындағы азаматтың ар-намысымен бірге бар жалынын, жігерін де, күші мен қабілетін де, көкірегіндегі ыстық сезімін де, білімін де адам баласының жарқын болашағы жолындағы күреске сарп қып бергендері сөзсіз. Соған о бастан-ақ мойын ұсынып көнген жандар. Сондықтан да, ондай саналы перзенттердің өздері мұрат қып тұтынған қатал қағидасына қайшы келетіндей бірде-бір қылығы, бірде-бір әрекеті болмаса керек. Ендеше, әлгіндей тілек білдірген сыншыларға айтсам деп көптен бері көкірегімде сақтап жүрген бір ойым мынау еді: бұндай тұлғалардың тағдырын жеке бастық өмір деп, қоғамдық өмір деп, арасына жік бөліп жатуға келмейді. Ол өз өмірінің талай-талай күндері мен түндерін өткізген сыз қабырғалы көрдей қараңғы абақтының азабы мен тозағы — қаласаңыз бар-ау, ол үшін әрі жеке басының етене тағдыры әрі үлкен мұрат жолындағы өрелі әлеуметтік күресінің өзекті мазмұны болғаны даусыз.
II
Әр жазушының творчестволық тәсілі әр басқа. Болашақ шығармаға материал іздеуден бастап, оны ой елегінен өткізіп, сұрыптан таңдап алуы, жинақтап қорытуы, болашақ шығарманың геройларына алдын ала прототип әзірлеп, характерлер сипатын бас-басына даралау тәсілдері әр жазушыда әр қилы. Бұл жөнінде барлық жазушының бәріне ортақ, бәріне күні-бұрын белгіленген канон жоқ. Ілгеріде өмір сүрген дүниежүзілік әдебиет классиктерінің творчестволық тәжірибесін айтпаған күннің өзінде, біздің тұстастарымыздың өнеге аларлық үлгілері аз емес. Соғыстан кейінгі үш-төрт жылдың ішінде менімен әдебиетке қатар келген қаламдас жолдастарымның қайсыбірі өзі тірлік кешкен өмірден көргенін, білгенін, есіткенін әрқашан бір мысқал да болса бойына сіңіріп, басына жинап, жүрегіне түйіп қап отырады. Ол ешқандай алдын ала материал жинау, қойып дәптер жүргізу дегенді білмейді; ылғи өзінің жадына тез тұтып, тез қоздайтын ұшқыр қиялына сенеді. Оның болашақ шығармаға керек деген әсерлері мен ойлары көңілінің бір терең түкпірінде көзге көрінбей қордаланып жатады. Ал, екінші бір жазушылар болашақ шығармаға күні-бұрын қам жасап, әзірлік жүргізіп жүрген кезінде қаламын қолдан бір сәт шығармай, көңіліне оралған ұрымтал ой мен ұтымды штрихқа дейін дереу қағазға түсіріп отырады. Мен өзімді осы екінші топқа жатқызам. Әрдайым өз әсерлерімді жазып жүрем; басымнан өткен қандай ахуал да қағаз бетінде із қалдырады. Оның бәрін, негізінен, Еламанға пайдаландым. Еламанның кейбіреулерге сылбырлық сияқтанып тұратын ұстамдылығы, көрінгенге көкірегін аша бермейтін тұйықтығы, сырт көзге қой аузынан шөп алмайтын момын кісідей сезілетін ұяңдығы мен ұялшақтығы, не істеп, не қойса да іштей елеп-екшеп, сананың сарабына сап жүретін сарабдалдығы, ең азы, отының басына деген ықыласына дейін өз басымнан кешкен өмірімнің дәлме-дәл көшірмесі болмағанмен де, мен үшін айрықша жақын құлық пен қылық секілденеді де тұрады.
Менің әкем Кәрім — ұсынғаны мүлт кетпеген мерген кісі екен. Кейін ол балық колхозынан аудан орталығына ауысқасын да дәйім бір ат пен бір жүйрік тазы ұстады. Қашан соғыс басталып, майданға аттанып жүріп кеткенше әкем әрбір демалыс сайын қала сыртына шығып, ұлы құм ішінен аң аулайтын. Біздің жасырақ кезімізде әкемнің: «Аңға жетпейтін ит болмай-ды. Әңгіме аңды шалуында емес, алуында», — деген сөзі құлағымда қапты. Әлі есімде: ұясына жеткен күшікті ауыздандыратын кезде ол кісі әрқашанда аяқ жететін жерде отырған ауылдардан қайда бір қуған аңға адымын аштырмай жетіп, іліп түсетін әрі жүйрік, әрі ұстағыш құмай тазы сұрап әкеп, осы бір үздік қасиетке күшігінен баулушы еді. Ол кезде онша мән бермесем де, әке сөзінің шындық сырына көзім кейін жетті. Кім болмасаң ол бол, өнерге талпынған жағдайда қуған аңды бауырын аштырмай, қас пен көздің арасында іліп түсетін құс қанатты жүйріктік пен үздік шеберлікке буыны қатпай тұрып, жас талантты бауырын жаңа-жаңа көтерген бала кезден баулығанға не жетсін!
Ұлы Абай сөз өнерін дертпен тең деді. Дерт болғанда да кісі қашан өле-өлгенше сүйегімен бірге кететін нақ бір арылмас та айықпас азап, осыдан қашан қолыңнан жорғалаған қаламың сылқ етіп, жазу қағазына құлап түскенше кісіні тоқсан толғантып, дөңбекшітіп болатын толғақ. Жүйрік атты үнемі бабына келтіріп жаратып ұстап, бәйгеге жиі қосып тұрмаса, жабы боп кетеді. Байқап отырған боларсыздар, бұл арада мен әдебиет тарихында өзіміз жақсы білетін ұлы классиктердің творчествосындағы өнегелі тәжірибесін әдейі айтпай отырмын.
Әдебиет босағасынан аттаған әрбір жазушы өзінің алдындағы дүниежүзілік әдеби жақсы үлгілерден жастайынан тағылым-тәрбие алып, ерте ауызданғаны қажет. Өз басым шеберлік өнерін әжептәуір есейіп барып, буыным қатып кеткесін ғана үйренгендіктен бе, көркем шығармаға қойылатын негізгі заңдарын кеш аңғарып, кейін ұқтым. Оның толып жатқан себебі бар: 1942 жылы июнь айында оныншы класты бітірген бойда бізді әскерге алды. Төрт жыл өткесін, 1946 жылдың күзінде босанып елге қайттық. Әскерге алғанда ата-ананың ыстық құшағынан басқа ештеңе көрмей қағусыз өскен көк шыбық бала едік. Әскерден босанып қайтқанда кешегі алып ұшқан құс қанат көңіл бастан өткен сонау сұрапыл төрт жылда әжептәуір ширығып, шыңдалып қайтты. Бұл жылдары біз қираған қалалар мен қырылған қыршындарды ғана көріп, кешегі жарқылдаған жастық көңіл күрт тұнжырап, жабығып қана қайтқан жоқ. Сонымен бірге біз от ортасынан қантөгіс атаулыны өлердей жек көріп оралдық. Соғыстың адамгершілік табиғатына атымен сыйыспайтын сұрқия сипатын бұрын да сезетінбіз. Бірақ бұ жолы оны адам мен халыққа, әділдік пен ізгілікке, өмір мен бақытқа қаншалықты келтіре алатындығын, адам тағдыры мен қоғам тарихындағы күйретушілік кесепатын өз көзімізбен көріп, өз жүрегімізбен түсіндік. Бейкүнә төгілген қан мен көз жасының құны мен мәнін түбегейлі түсіндік. Бүл соғыстың тұсында әділдіктен хабардар, адал жүрек әрбір пенде өмір мен өлім тайталасын көре жүріп, адамдық тіршіліктің барша рухани, әлеуметтік, моральдық қасиеттерді өз арының таразысына сап, сараптай алар тұрлаулы азаматқа айналды. Осындай өрелі сананың соғыстың бастапқы кезіндегі қиыншылықтардан шығарған парасатты қорытындысынан азаттыққа құлшынған шынайы отаншылдық сезім туды. Басқыншылық езгіге бас ұра алмайтын халық қаһары осындай әр жауынгердің көкірегінде оянған ар мен намыстан тұтанды. Халық қаһармандарын шынайы азаматтық сана, перзенттік намыс тудырды. Бірақ бұл кезде бұрынғы алаңсыз көңіл бәрімізден қалған, сол анау жан алып, жан беріп жатқан тайталас ұрыс ішінде қылтылдаған таразы басына Отанымыз, халқымыздың, қала берді, бүкіл адам баласының тағдырымен бірге, дәл сонда біздің өзіміздің де келешекте жер басып жүрер-жүрмесіміз таласқа түсіп жатқанын ұлан байтақ қазақ даласының алыс түкпіріндегі кәрі-жас түгел сезген еді. Осынау ұлы аласапыран жалпы халықтық соғыста бір-бірін жоқ етуге ұмтылған екі армия ғана бір-біріне қарсы соғысқан жоқ, сондай-ақ, мұрат-мүддесі тұтастай қарама-қайшы екі идеология да жанталас үстінде жағаласып жатқанын біз көңілімізбен ғана түйгеміз жоқ, көзімізбен де көрдік. Міне, осы алапат соғыс талай-талай халықтық ірі тұлғаларды, ардагер азаматтарды туғызды. Елі мен жері үшін қасық қаны мен шыбын жанын пида етуден тайынбаған талай-талай ерлердің санын шығарды арасынан. Солардың ішінде, әсіресе, астана түбіндегі арпалыста өзінің азаматтық ірі тұлғасымен мейлінше қатты көтеріліп жарқырап шыққан шын мәніндегі халықтың перзенті гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы еді. Ауыз әдебиетінің дәстүрінен де іргесін алыс сала қоймаған халық сол анау астана түбіндегі сұрапыл ұрыс ішінде шыбын жанын шүберекке түйіп, қанқұйлы жаумен арыстанша алысып жатқан батыр ұлдарын бұл жақта аңызға айналдырып, әні мен жырына қосып, ауыздан-ауызға тарап жатты. Соның арқасында қазіргі соғыста әлі де ауыл көлемінен ұзап шыға қоймаған балалардың санасындағы ұғым мен түсінік баяғы жыраулар айтатын фольклор мен қиссалардағы батырлардың мың сан жауға жалғыз шабатын көзсіз ерлігі тәрізденетін.
Кейін соғыс бітіп, 1947 жылы әскер қатарынан босанған бойда соғыс жайлы шығарма жазғанда өзіміздің кісілерді әлгіндей есіріп, оқ өтпес, қылыш кеспес елден ерекше ер ғып көрсетуден аулақ болдым. Бұл арада, әрине, қанша дегенмен профессионал қазақ әдебиетіндегі озық үлгілер, әсіресе, сол кездің өзінде Европа әдебиетімен иықтасып тұрған Мұхтар Әуезов прозасының құдіреті біздің бәрімізге де ықпалын анық тигізген еді. Бұнан, әрине, біздің шығармамыз сол кездің өзінде төрт аяғынан тең басып тұр еді деген ой тумасқа керек. Біздің осалдығымыз басқа түрде болатын. Оны ілгеріде айттым. Тұңғыш туындымның өн бойына арқау боп тартылған оқиғаның өзекті желісі — өзім қатысқан Курляндиядағы соғыс еді. Сондықтан да, бұл шығармада басынан аяғына дейін қатысатын бар геройлардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, сезімі мен арман-ойы, тартысы мен тағдыры — бәрі-бәрі өзім жақсы білетін жәйттар. Өлі күнге дейін ызғары мен сызын сәл-пәл есіңе алсаң болғаны өліде сай-сүйегімізді сырқыратып қоя беретін қарлы окопта оқ астында тақым жазбай қатар жүрген қарулас жолдастарымның басынан кешкен оқиғаларды алдым. Соның бәрі де ұрыс ішінде жүріп өз кезіммен көрген, өзім куә болған жақсы білетін жәйттер еді; соған қарамастан тұла бойы тұңғыш шығармама өзек боп енген өмір шындығынан гөрі қазіргі күні жұрттың көзі мен көңілінен қашықтап кеткен сонау арғы көне дүние хақында жазылған кейінгі үш кітаптағы шындық менің жүрегіме әлдеқайда жақын және жып-жылы тиіп тұрады.
Ал, осы қалай? Бұның сыры неде? Өз басымнан кешкен оқиғалар жөнінде жазылған осы кітапты әр тұста аударайық деп ұсыныс болған сайын өз басым соған онша ыңғай бермей, кегежектеп кейін тарта беретін себебім неліктен?
Бұл сауал біраздан бері ойландырып жүр. Араға біраз уақыт түсіріп жіберіп қатал. сын көзімен қайта қарағанда тұңғыш шығарманың тұла бойынан толып жатқан кемшілік көрінетін сірә-дағы әдет қой. Әсіресе, бүгінгі күнгі өскелең әдебиеттің талабы мен талғамының тұрғысынан қарағанда көңіл толмайтын көп-көп олқылықтар көзге ұрып тұрар-ақ. Біздің елде халық басы құралған жиын арасында қылжаң жігіттердің күлкіге айтатын бір-екі ауыз өлеңде «шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең» деген жол бар-ды. Көргенің мен білгеніңді көкіректегі қатты талғамның тезінен өткізіп, тап бір тонналаған руда арасынан сіркедей-сіркедей жылтырақтарды сығып алып сом алтынға айналдыратын зергерлікті дәстүр ғып дағдыланбаған жағдайда, тегі сірә, әдебиет босағасынан жаңа аттаған әрбір жас талапкердің бәрі де шөп пен шөңгені көрсе де жіпке тізе беретін болу керек. Ал, енді осы бейпілдік менің де тұңғыш шығармама салқынын аз тигізген жоқ. Көңілге оралғанның бәрін оңды-солды кітаптың қойны-қонышына көбірек тыққыштап жібердім де, небір шиыршық атқалы ұшқындап тұрған оқиғалар от алмаған мылтықтай жіпше тарқатылып жөніне қалды, соның салдарынан шығарма сюжеті болбырап, бос белбеулікке апарып соқтырды да отырды. Сондықтан оқиға желісіне арқау ғып алған негізгі конфликттен бастап, сол бір қызыл қырғын ұрыс ішінде қылыш жүзін жалаң аяғымен басып жүрген әрбір жауынгердің жанкешті ерлігі мен ісі, ширыққан сезімі шартпа-шұрт оқиғалардың үстінде де жуық арада өрістеп дамып болмай, болбырлық оқушы жүйкесіне тиіп ызаландырып отыратын, қайсыбір кезде көркемдіктің қатал таразысынан өткізіп жинақтап қорытылмағандықтан, көргенің мен білгеніңді сол қалпынан құйттай өзгертпестен қолға ұстатқандай ғып қағаз бетіне түсіре салмақ болғандықтан, шынын айту керек, қалам алды тұңғыш шығармада фотографиялық нақтылық басымдап кете беретін. Қандай нақышына келтіріп, көзге елестетіп, қолға ұстатқандай дәлдікпен жазылған табиғат суреттері мен адамның ішкі-сыртқы көрініс-келбеттері де сылбыр, салқын болатын. Байқап отырған шығарсыздар, бұл майдан өмірін жете білмегендіктен туып отырған кемшілік емес. Бұның тегі басқа. Бұл қолына тұңғыш қалам алған әрбір жас талапкердің піссімілдасын бірден үлкен шығармадан бастаған-да болатын сәтсіздік.
«Аузы күйген үріп ішеді». «Қан мен терді» ә деп қолға алғаннан бастап тұңғыш шығармада көбіне-көп тәжірибесіздіктен кеткен кемшіліктерді бұнда қайталамауға тырыстым. Және бұл бүгінгі күннің шындығы емес, баяғы ата-бабалар өмір сүрген көне заман жөнінде жазылатын тарихи роман болғандықтан да маған дәуір сипатын (нравственный образ века) жетік білу керек еді. Ал әрбір дәуірдің сыры мен сипаты, сол дәуірде өмір сүрген адамдардың мінез-құлқына, арман-мүддесіне, дүниеге көзқарасы мен алдына қойған әлеуметтік мақсатына тікелей байланысты. Қоғам келбетін қай дәуірде болмасын адам баласының алдына тұтқан арманы мен мүддесі анықтаған.
Бұл арада бір айта кететін нәрсе мынау: қазақ халқының сонау ғасырлар қырынан арман асып кетіп жатқан көне тарихы мен кешегі революция қарсаңынан басталатын бергі тарихының арасында бір-біріне мүлде ұқсамайтын күрделі сананың ықпалы анық сезіліп тұратын әлеуметтік жаңа сапалы құбылыстар бар. Кейбір үстірт ойлап тон пішкен кісілерге салсақ, қазақ халқының кешегі революция қарсаңындағы тірлігінде түк өзгеріс болған жоқ сияқты. Тымық теңіздің сеспестен тұнып қалған түбіндей өзінің ежелгі жым-жырт бойкүйез тірлігін түйе қомы мен ат арқасында тербетілген бесікше бір әуен, бір ырғақпен әлдилеп өткізіп жатқан ел. Олардың көз алдына қазақтың ұшы-қиыры жоқ кең даласы мен сол далада ызғып көшкен, үйір-үйір мал, жел айдап қалбаңдаған қаңбақ, табақ-табақ ет, зерең-зерең қымыз елестейді. Мықтағанда ру мен ру арасындағы партиягерлік, алыс-жұлыс, барымта, айтыс, тартыс. Бұл, әрине, үстірт ұғым. Революция қарсаңында жаңа заман сарынына елеңдеп делебесі қозып жатқан халықтың әлеуметтік ақуалы тек қана осындай күйде еді десек, бұл ең алдымен тарихи шындықты бұрмалау болар еді. Сол кездегі дәуір келбетін дәл осындай етіп суреттесек, ата-баба аруағына көрер көзге қиянат істеп, кемсітіп, қаламымыздың ұшы азамат намысына қате тиіп кеткен де болар еді ғой. Тарихи тақырыпқа қалам толғаған соң, құлқың құй қаласын, құй қаламасын, сен енді бір ыңғай адам жанының иірімдерінің арасынан ата-бабаңның ізін іздеп, сезім шиырын шарлап, күйттеп, отбасы, ошақ қасында айналақтап қалуға қақың жоқ.
Ол суреткер позициясын бір жақтылыққа соқтырмай қоймайды. Ал, сыңар жақ суреткер қоғам келбетін құдды қисық айнадан көргендей бүтіл болмысын бұзып жіберуі ықтимал.
Бағзы бір замандағы байырғы Қазақстан кешегі революция қарсаңындағы қазақ тірлігінде салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр, үрдіс жағынан түк айырмашылық болмаса да, ұлттық сана-сезімінде күрделі өзгеріс байқалатын. Әуелі революция тұсын, онан азамат соғысын басынан кешірген қазақ даласында тірлік кешкен ата-бабамыздан от басында ошарылып отырып қалмағаны сияқты, бүтіл бар тілегі мен көрген-білген қайраны қара бастың құлқынында болған жоқ. Со сияқты, бойындағы бар жалыны мен жігерін, барлық қайратын қоғамдық құлықпен шектеп, тірліктің басқа құбылысына көзін тарс жұмып алған қатал тағдыр құрбаны болмағаны анық. Бұл кездегі қазақтың түп-түгел бәрі болмаса да, арасынан ара-тұра оқыған көзі ашық азаматтар шыға бастады. Сонымен бірге он алтыншы жылғы халық кегін қатты ширықтырған қанды оқиға тұсында кешегі мал соңында күн кешкен жалшылардың ойы, санасы өсіп, оңы мен солын тани бастады, сүйтіп шым-шытырық өмірден көтеріліп қап еді. Қайсыбірі қоғам алдында, өзінің ары алдында ісі мен қылығына есеп бере алатындай жауапкершілік иесіне айналды. Менің есебім бойынша Еламан да артығы жоқ, кемі жоқ, дәл осы дәрежеге ғана көтерілуге тиіс қаһарман еді. Бас кейіпкердің образының жан-жақты диалектикалық өсіп-жетілуін және әдеби тұлға боп қалыптасуын әңгімелей отыра сөз арасында оқушы қауымның өзіне белгілі тағы бір тарихи шындықты айта кетпекпін: Октябрь революциясына дейін Қазақстанда оншалықты жұмысшы табының бола қоймағаны баршамызға белгілі. Демек ұйымдасқан саналы халық күресі болған жоқ дей аламыз. Осы шындыққа сүйене отырып, мен де қолдан келгенше шығармада әлгіндей ел тірлігіндегі ерекше сипатты сол езінің сылбыр баяу қалпында сақтауға тырысқам-ды. Көшпелі халықтың самарқау оянып келе жатқан сана-сезімі мен ежелгі ескі қоғамның рушылдық-феодалдық сал бөкселігінен әлі де болса шындап арыла қоймаған мимырт тірлігін тезге салып тездетіп әкеткім келмеп еді. Трилогияны жазу үстінде талай жылдарға созылған жігерсіз күндерімде қалам тербеген сол анау тарихи дәуірдегі халқымыздың есу жолын шамадан тыс әсірелеп өсіріп жібермей, өзінің бір ырғақты баяу әуенінде суреттеуді бүйірімнің бір жағында қатты ұстағам-ды. Менің ойымша, кешегі мал баққан жалшының саналы жолға түсіп, қызыл жалаулатып революционер болғанын көрсеткеннен көрі, оның осы жолғы қалай келгенін, себебі мен салдарын көрсеткім келді. Осы жолда басынан кешкен зіл батпан ауыр азабы мен қиянаткерлерден қысқа күнде қырық рет шеккен зәбір-жапасын көрсету әлдеқайда көңілге қонымды сияқтанған. Бірақ сол кезеңге жазылған шығарма болса, қашан бас кейіпкердің қолына қызыл ту ұстағанша көңілі көншімейтін кейбір шыдамсыз сыншылар осы тұста Еламанды біраз бөріктіріп алды. Сонымен бірге сыншылардың қамшысы асықпайтын авторға да тиіп кетіп жатты. Олар көбіне-көп бас кейіпкердің алғашқы екі кітабы аяқталса да, әлі баяғысынша сылбыр дамып, шабан өсіп, халық қозғалысының қаһарлы сапына көш басшы боп өзге жұрттан сөгерлігі артып суырылып шықпағанын сынады. Ал, бұл образды жасаудағы менің мақсатым басқаша еді. Мен күрделі уақыттағы қым-қуыт оқиғалардың ортасында омбылап жүрген қарапайым адамның жан дүниесіндегі диалектикалық қарама-қайшылықты құбылыстарға психологиялық талдау жасауға тырыстым. Қысқасы, бас кейіпкер образын дәстүрлі схема-штамптан аулақ ұстау, бұрыннан жұртқа мәлім образдардан шама-шарқым келгенше өзгешерек етіп шығаруды көздегем-ді. Өзінің сыбағасына тиген осы бір оқшау жолды өмірдің тезі мен тепкісі оны қиын кезде бір қыспақтан кейін бір қыспаққа қақпақылдап салып, қараңғыда көзі байлаулы адамдай жарық сәулені сипалап жүріп табуға мәжбүр етті. Бір есептен, кешегі қарасирақ балықшының осынау адам қоғамы астан-кестең боп жатқан алағайда-былағай заманда өзіндей көзі қарақты кісілердің арасында сең соққан балықша басын тауға да, тасқа да соғып, бірде сүрініп, бірде жығылып адасып кеп, ақыр аяғында жаңа заманда өмірге жарқын жаппай бет бұрып жатқан халық көшінің ұлы дүрмегіне ілесуін көрсетуде үлкен шындық жатты. Қайсы десеңіз, бұл жол — біздің халық арасынан шыққан бірен-сарандаған оқыған азаматтардың саналы мақсат жолы емес. Бұл қараңғы халықтың сол бір қиын-қыстау кезде сипалап жүріп тапқан жарқын болашақ жолы еді.
III
Осы трилогияның соңғы, үшінші кітабының жазылу процесінде біраз қызық жағдай болды. Алғашқы екі кітап — «Ымырт» пен «Сергелдең» жазылып біткесін араға ұзақ уақыт салмай үшінші кітапқа кірістім. Трилогияның соңғы кітабына жақындаған сайын осыған дейінгі сан салалы оқиғалар да кенет етек-жеңін жинақтап, дөңгеленіп бір арнаға құйып қапты. Бұрынғыдай емес, бұл кезде кәдімгідей қатары кеміп қалған адамдардың ақырғы кітапта аяқталуға тиісті тағдырын соңырағы күні қалай жинақтап, қалай түйіп тастаумен үшін алда тұрған қиын мәселе еді. Қай уақыттағы қандай жазушыға, сірә да өзінің кітабын аяқтау оңайға соқпайтын тәрізді. Бұл қиындық сюжеттің логикалық дамуын білмеуден немесе оқиға арқауын шатастырып алғаннан тумаса керек. Менімше, ол өзің қоян-қолтық араласып бауыр басып кеткен геройларыңнан айырылғың келмеуден, оларға деген қимастың сезіммен сабақтасып жатқан сияқты. Ілгері екі кітапқа қарағанда мына соңғы кітапқа отырар алдында ұзағырақ ойлануға тура келді. «Күйреудің» сюжетіне арқау боп енетін тартыстармен бірге тағдырларды ойластырып, адамдардың арақатынасын анықтап, әрбір оқиғаны алдын ала егжей-тегжейіне дейін басымда әбден пісіріп алсам керек, бір кезде қарасам құдды қағазға түскен шығармадай жадымда сайрап тұрған сияқтанды. Соның әсері ғой деймін, бұл кітапты жазуға отырғанда қол-аяғымнан тұсау түскендей еркіндік сезілді. Жазуға отырғанда да әдеттегі дағдылы машық бойынша басынан бастамай, қаламым кітаптың кейінгі жағына қарай тартты да тұрды. Сөйтіп «Күйреудің» әуелі соңғы тарауын жаздым. Оны бітіре сала дереу соның алдындағы тарауға отырдым. «Күйреудің» бас жағы әлі жазылмағанына қарамастан, кейінгі жағындағы әзір боп, бітіп тұрған екінші және үшінші тараулардың жолма-жол аудармасын тез жасатып алдым да, келісіп қойған уәде бойынша «Дружба народов» журналына жібердім. Жолма-жол аударманы бас редактордың орынбасары, сыншы Леонид Теракопян оқып шығып, маған былай деп хат жазған еді: «Кітап сөз жоқ сәтті шыққан. Онда қапысыз жазылған ұтымды сәттер өте көп. Бірақ.өз басым бүкіл бөлімнің ажарын ашып тұрған Тәңірберген басындағы ақтық сахналар деп білем. Бұл баяндаудағы шеберліктің асқан үлгісі, кейіпкердің жол көрсетуші боп шеккен тауқыметін баяндайтын сыртқы сюжет соншалықты шытырман, соншалықты салиқалы аса бай ішкі мазмұнға ие болған. Мұнда адамға тән тіршіліктің соншама тұңғиық философиясы соншалықты терең ашылыпты. Сен жас мырзаны өзінің кісі ретінде барша сыр-сипатын ақырына дейін сарқып ашатындай қысталаң халді жақсы ойлап тапқансың. Әсіресе, өз ауылындағы, ауылға жақындағандағы, өлім алдындағы сахналары жаныңды түршіктіреді. Меніңше, мырза өмірінің соңғы сәтін ашатын линия — сенің творчествоңдағы бір биік. Философиялық тереңдік пен ойдың өткірлігі мұнда нағыз шырқау биікке көтерілген. Мен бұл тарауларды соншалықты сүйсініп, соншалықты қуанып оқып шықтым. Үшінші кітапта Еламан да мейлінше нанымды, мейлінше шынайы. Кенжекейге үйленетін эпизоды жақсы табылған. Мен Еламанға одан асқан сәтті қосақ таба алмас ем. Еламанның бұл қылығы — оның санасындағы үлкен ержетудің, бұған дейін көрген тауқыметі мен толғаныстарының заңды нәтижесі болып табылады... Алайда, мен Еламанға байланысты көңіліме оралған екі ескертпемді айтпай кете алмаймын. Бәлкім, бұл үшінші кітаптың қолжазбасын оқымағанымның (менің қолымда бірінші бөлімнің қолжазбасы жоқ) салдары шығар. Ескертпелерімнің ұзын-ырғасы мынау: соңғы сахнада Еламан тым аз көрініпті. Бұл сенің сүйікті кейіпкеріңмен қоштасатын сәтің емес пе? Бірақ сол қоштасу сәтін тым күзеп жіберген сияқтысың. Ол оқ тиіп құлайды. Меніңше, бұл эпизодты бір-екі бет бұрынырақ берген дұрыс болар еді. Ал, Еламанның өтіп бара жатқан ғұмыр туралы ойларына, мен болсам, бұдан гөрі көбірек орын берген болар едім, тіпті өткендегі бір оқиғаларды ойына түсіртер едім. Өйткені, қарапайым кейіпкер емес, бас қаһарманмен қоштасқанда оқушы көңілін ойсырата түскен дұрыс қой. Мұндай жерде бояуға, ойға, кейіпкердің құштарлық сезімдерін ашуда сараңдық жасау қаншалықты орынды бола қояр екен. Ол тек өліп бара жатқан жоқ, өз өміріне өзі қорытынды шығарып, өсиет қалдырып бара жатқан да жоқ па?
Тіпті, Еламанның жараланатын кезінде де кісі тебірентерлік штрихтар қажет сияқты. Құр баяндаудан гөрі, көңіл қозғарлық пафосқа көбірек назар бөлген дұрыс. Пафос болғанда, онсыз да түсінікті жағдайды онан сайын қазбалай түсетін әсіре романтикалық қызыл сөз емес, сезімге шабар ұтымды детальдар табылғаны жөн секілді. Тіпті, Еламанның өлім алдындағы көңіл-күйін мейлінше тереңдеп ашатын асқақ ноталардың өзінің ешқандай ерсілігі жоқ. Өйткені, шығармадағы басты қаһарманмен қоштасу оқушы жанына бұдан гөрі қаттырақ батуға тиісті».
Еламанның өмірінің ақырғы сәтін күшейте түсу керектігі жөнінде «Дружба народов» журналының сол кездегі проза бөлімінің бастығы, сыншы В. Оскоцкий де осы пікірде екенін айтып хат жіберген-ді. Бір жерден шыққан екі сыншының пікірі көкейге қона кетті. Еламанның қатерлі түнде кірпік қақпай шығатын жердегі тебіренісі мен толғанысын қайта қарап, оның өмір және өзі турасындағы ойын тереңдете түсу керек болды. Бұ да толқын тепкісіне түскен қу қайықтай өмір теңізіне көз ашқалы басы былғақтап, тау мен тасқа соғып келе жатқан жан. Жау қолы жағасынан кетпеген алыс-жұлыстан оның осы жолы бір сәт бұлқынып босанып, жапан түздегі жалғыз жаппаның астында жым-жырт түнде ұйықтай алмай дөңбекшіп жатқаны осы дүниеден өзінің орнын іздейтін нағыз ыңғайлы түс екен. Соны сезгесін қайта қарадым. Қайта отырғанда Еламанның Түркия жерінде үсіп өлген інісі мен кәрі әжесін қабырғасы қайысып еске алатын тұсын қостым. Енді бір кез оның өз қасында қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан кішкентай балаларына көзі түскенде көңілі тағы бір тосын күдікпен дір етіп, мына шіркіндер ертеңгі күні ержеткенде қандай адам болады, өздері қанын, терін төгіп, қанша жан өмірін құрбан етіп жүріп қиындықпен орнатқан осынау жаңа дүниенің келешекте қайсысы қандай кәдесіне жарар екен деп тебіреніп кететін жерлерін де Оскоцский мен Теракопянның әлгі хаттарынан кейін қосқам-ды.
Ілгеріде үшінші кітаптың әуелі соңғы жағы бұрын жазылғаны әңгіме болды. Ал, солай болуының себебі неде? Қандай шығарма болмасын басынан бастайтын күллі бар қаламгердің бәріне ортақ үйреншікті дағдыдан «Қан мен тер» трилогиясының ақырғы кітабы тұсында айнып кетуге себеп болған күштің көзі қайда жатыр? Расын айтсақ, ол кезде бұл сауал басыма келген жоқ. Ол кезде ұзаққа созылған көлемді шығарманың ақыры ойламаған жерден дәл бұлайша аяқталғанына ғана қуанғаным есімде. Жұмыс үстінде тосыннан туған жаңағы оқшау қылыққа мен көп кейін ойландым. Шамасы, сірә, ұзақ-ұзақ жолдан шаршаған жолаушының итініп-соғынған жүрістен зықы кеткенде әрқашан көзін де, көңілін де үнемі ілгеріге қадап, барар жерінің топырағына табаны тиетін сәтті аңсап болатыны сияқты, талай жылын сарп еткен мына көлемді шығарманың ақырын көру мен үшін арманға айналып, көңілдің көк дөненіне ілескен қалам да ілгері қарай сүйрелеп отырған шығар-ау. Онан да басқа бір мықты себеп бар еді. Оқыған кісінің қаперінде болар «Қан мен тердің» соңғы сексен беті түп-түгелдей Тәңірберген мырзаның басына бұлт үйірілген драмалық ауыр ситуацияға құрылатын. Жас мырза осыған дейін өзге жұрттың басына қара күн тудырып қойып, қызығына көлденеңнен қарап жүретін жігіт-ті. Енді бүгінгі күні дүние кезектің көбі өз басына келіп, бар ақыр заман бір өзінің үстіне төнгенде жас мырзаның жан даусы шығатын жерін көргім келген де болар. Оның үстіне, бір заманда бай ауылдың барша жаны алақанына сап мәпелеп өсірген жас мырзалардың басынан бағы тайған кезде душар болған қиындықта бәрі бірдей жаңа жағдайдың ыңғайына түсіп қалыптаса алмай, қайсыбіреулері баяғы өздерінің өр көкірегінен қайтпай қасарып тұрып алатынын білуші едім. Олар басынан бағы тайғанын, дәурені өткенін, тіпті заман өзгеріп, адам баласының құлқы мен пиғылы бөлектене бастағанын да мойындамай, халық пен қоғам ағымына көндікпей қарсы тұрам деп күрт кетіп мертігіп қалатын. Осы бір трагедиялық жағдай менің бір жақын туысымның басында болды. Ол әрі бай, әрі болыс болған. Бірақ ертерек дүние салған. Артында қалған үш баласының үшеуі де жас болғандықтан, артында қалған қыруар мал ұстағанның уысында, азулының аузында кетіп, аз ғана уақыттың ішінде ап-сап боп, сіңірі шыққан көп кедейдің біріне айналды.
Ағайынды үш жігіттің үлкені мен кенжесі басқа түссе баспақшылдың кебін кептеп, ыңғайы келген жұмыстың бәріне білек сыбанып кірісіп, балық аулап, аң аулап, балалы-шағалы үлкен үйдің аш-жалаңаш жандарының аузына қарсы базар ас әкеп салып жүреді. Ал, ортаншысы қашан соғыс жылы әскерге алынып, Сталинград түбінде хабар-ошарсыз жоқ боп кеткенше баяғы қаршадай бала кезінен қанына сіңген бай мырзаның тәкаппар құлқынынан құтыла алмай-ақ дүниеден өтті. Оның көрерге көз керек сұлу келбеті мен қоң етін кесіп жатқанда да қыңқ етпейтін уыздан дарыған табиғатындағы тәкаппар дегдарлығын Тәңірбергенге алғаным анық. Кейін әлгі үш ағайынды жігіттің үй іші Шалқарға көшіп келді. Қаладағы ағайын-тумалар сауаты бар ғой деп ортаншысын нан сататын дүкенге орналастырмақ болады. Бәрі келісіліп қойғанына қарамастан және қалаға жаңа ғана көшіп келген балалы-шағалы үйде ішер астың жоқтығын көре тұра әлгі ағамыз, бұл жолы да бір кездегі бай мырзасы екені есіне түсіп: «Енді әйелдер құсап үстіме ақ халат киіп, прилавканың арғы жағында нан сатып тұрам ба?» — деп, балалы үйдің сорына қарай, өзінің ежелгі намысына басты да кетті. Сол ширыққан бетінде бір кісінің тілін алмастан ол жас келіншегін алып Алғаға тартып кетті. Алғадағы тасты топандап сындыратын карьерге қара жұмысшы болып орналасты. Қанша қайратты, өжет жігіт болса да, бір айдан кейін қос алақаны көк мүйізденіп, қу сүйегі қалған ағайымды көргенде көзіме жас құйылып кетіп еді...
Бұл арада бір айта кететін нәрсе: мал баққан қазаққа баю қиын болса да, байлығынан жұрдай боп айырылу оңай-ақ еді; көбіне-көп қазақ малы жау бір шапқаннан немесе жұт бір соққаннан қалмайтын-ды. Қандай мыңғырған байларын да жау мен жұттан кейін не қорадағы, не өрістегі малынан тігерге тұяқ қалмай, көзді ашып жұмғанша қу тақыр кедей боп шыға келетін. Сондықтан да, қазақта «батыр — бір оқтық, байлық — бір жұттық» деген мақал бар. Кешегі төрт құбыласы теңеліп, шаршысына кеп шалқып тұрған талай байлар бір күнде бар малынан айырылып жер соғып отырып қалғанда, олардың күні есігінде жүрген кешегі қарасирақ кедейлерден әлдеқайда төмен болатын. Өздерінің осыған дейінгі болып-толып тұрған бақытты, базарлы күнін ойлап, қазіргі қор халіне азарланып іштерінен азып бітетін-ді. Көрілерінен гөрі бұндай кезде, әсіресе, бай ауылдың бұлғақтаған жас мырзаларына қиынырақ. Үш ағайынды жігіттің әлгі ортаншысы секілді олар да өздерінің басына түскен қатал тағдырдың темір тұяқ тепкісіне тірлікте көнбей қасарысып қиғылық ұрып бағады. Үйінде ішер асы болмаса да, бағы тайған мырзалар баяғы сәні мен салтанатын жұрт алдында сақтауға тырысады. Баяғыдай тәуір киім киіп, таңдап тәуір ат мініп қатарынан қалмауға тырысқан сайын, сорлылардың жұпыны тірлігі жұрт көзіне көбірек түсіп, ауыл ішінде оларды сыртынан сықақтап, күлушілер көбейетін. Сыйлағаннан гөрі енді оларды ішінен аяушылар көбейді. Бергі жағынан бөрісініп желке жүнін күдірейтіп тұрғанның өзінде күні өткен мырзалар бұл күнде өздерінің күшік құрлы қауқары қалмағанын қатты сезініп, ішінен у ішкендей боп тұратын-ды. Октябрь революциясынан кейін қазақ даласында осындай күні өткен мырзалар көбейді. Не санда жоқ, не санатта жоқ дәл осындай шермендер прослойкасы күн сайын қауқарынан айрылып, құдды кісі қолына қараған жетім баладай жұрттың қасы мен қабағына қарап, үнемі райын аңдып отыратын. Кешегі төбесімен көк тіреген Тәңірбергендердің бізге жеткен сиқы, міне, осындай еді. Дәл осындай аянышты бір тағдыр біздің өзіміздің оттың басында да болғасын ба, әйтеуір трилогияның үшінші кітабына отырғанда Тәңірбергеннің тарауы менің ықтияр еркімді қоймай өзіне еліктіріп тартты да тұрды.
IV
Ілгеріде мен тарихи деректерді архив арасынан қалай іздеп тапқаным жайында біраз әңгімеледім. Жаңа ғана сөз қылған мырзалардың берегірек келгесін өздерін бір кездерде мәпелеп өсірген ортасынан табаны тайған жағдайда қандай күйге ұшырағаны хақында айтылған әңгімеде шындығы сорғалаған тарихи дерек-ті. Ал, бірақ тарихи шығарма жазғанда кісі тек қана деректің дәлдігі мен айғақтардың ақиқаттығын, нақпа-нақтығын сақтап қазіргі күні көз бен көңілден қашықтан кеткен сол деректер, сол фактілер, ситуациялар шындығынан жаза баспасы бар мұраттың бәрі орындала ма? Меніңше, тарихи тақырыпқа қалам тербеген жазушыға бірден-бір керек нәрсе — адам рухының тылсым сырларын ашу болса керек. Өткен заманның өзімен бірге бойында ала кеткен ақиқат шындықтың бейнесін айнытпастан қайта тірілту тіпті де қиын емес, ал мәселе сол фактілер астарында жатқан қоғам мен адам рухының беймәлім сырларына жан бітіріп көркемдік қуат беру, көз алдыңа күні бүгінгі шындықтай елестете білу кез келгеннің оң жамбасына келе бермесі ақиқат. Ол үшін жазушыға ерекше зерде, айрықша ақыл-парасат, ең бастысы, суреткерге тән сезімтал жүрек қажет-ау деймін. Фактілер мен деректердің ығы мен көлеңкесінде қалып қоймау үшін өткендегі оқиғалардың менің бүгінгінің ғана емес болашақтың да талғам-таразысы тұрғысынан саралай, салмақтай білген дұрыс сияқты. Сонда ғана кез келген тарихи тұлға жаңаша сипатқа ие болып, нанымды да сенімді шығатындай. Мен Судыр Ахмет образын жасау үстінде болған адамның әрекет-характерін сол қалпында бұлжытпай беруге ғана тырысқан жоқпын. Бұл характер басқа халықта да бар. Бұның көңілдірек әрі ақ еден елгезек түрі — әйгілі дед Щукарь мен елпек Момын. Бірақ, алайда бар-ау, осы мінездес образдың бойында сырт көзге зәредей де зал алы жоқ сияқтанып тұрып та кей-кейде күтпеген жерден зұлымдығы жеңіңкіреп кетіп отыратын анық паразит қулық бар. Осы тақылеттес образ қазақ топырағына баяғы бір мал баққан көне заманнан бермен қарай еншілес боп, ентелеп бауыр басып, ұлт бойына исі сіңіңкіреп қалған сияқты. Судыр Ахмет өмір сүрген сонау арғы заманнан бері қанша уақыт өтті. Заман өзгерді. Ел жаңарды, жер жаңғырды. Салт-сана мен ішкен ас, киген киімнен бастап, қазіргі кісілердің мінез-құлқы, ісі, пиғылы мүлде өзгеріп кетті. Ал, бірақ біздің арамызда су аяқ Судыр Ахметтердің қатары кеміді ме? Меніңше, кеміген жоқ. Осындай образ, мінездер туған топырағының төл перзенті болған жағдайда, ол сірә, осы дүниеден жуық арада із-түссіз жоғалып кете қоймаса керек. Оны айтасыз ба, бұндай кісілер, соңырағы күні жазатайым өмір өзгере қалса да жаңа жағдайдың ағымына басқа жұрттан бұрын тағы да осылар теп-тез икемделе кетуге ыңғайланып тұрады. Бұны, әрине, оның жаңалыққа жаны құмарлығынан деп қарамау керек. Бар болғаны — жан сақтаудың қамы. Бұ да өз ортасының бояуына қарай түрі мен түсін өзгертіп, сырт бейнесін өмір сүруге лайықтап теп-тез ыңғайлана қоюдың бір тәсілі. Мәселен, Октябрь революциясынан кейін іле-шала қырда жатқан халық бұрын-соңды жер бетінде болып көрмеген жаңа сапалы өмірге баяу да болса бет бұрды. Әсіресе, қазақ даласында колхоздастыру басталған тұста кедейлер жаңа жолға жаппай түсіп жатқанда қыр адамдарының бойындағы бұрынғы салт-сана, әдет-ғұрыппен бірге бүкіл психологиялық мінез-құлық та қатты өзгеріске ұшырады. Халықтың құлқы өзгермейінше киімін өзгерткен жаңа сапалы құбылыс бола қоймайтыны белгілі. Ұлы жолға түскен халық өзінің жарқын келешегін бетке ұстап үдеріп тарта жөнелгенде, әдетте тозығы жеткен дүниенің ескі-құсқылары ескі жұртта қалып қоюға тиісті. Сол көп сілімтілердің бірі болмаса бірінің арасында Судыр Ахметтер де замананың жаңа көшінен қажетсіз көне бұйымдай ұмытылып қалып қояр деп едік. Кешегі феодалдық-рулық қоғам тудырған осынау төл перзент, жаңа заманмен бір күн жолдас болуға жарамас деп ойлап едік. Бұл өзі жаңа қоғам бойына мүлде жараспайтын ескі дүниенің жат қылығы мен құбылысы сияқтанатын. Сөйтсе іріп-шіріп біткен ескі қоғамның өзегіне өлермендікпен үңгіп кіріп, ұя салып алған мына ақжарқын алаяқтан адам қоғамы жуық арада арылып бола алмайтын өміршең арамтамақ екен. Бұл, шіркін, басқалардан гөрі әлдеқайда жаңалықтың жетегіне бұрынырақ жабысып, ағым ыңғайына да өзгелерден бұрын икемделіп ала қойды. Басындағы дағдылы киіз қалпақты олар жұрттан бұрын лақтырып тастап, жапырайтып жаман кепканы киіп ала қойды. Пішінін өзгертсе де, ал бұлар бірақ мазмұнын өзгерткен жоқ. Басқа жұрт, мәселен, ликбез мектебіне кәрі демей, жас демей ағылып барып жатқанда, бұлар сырт айналып ықтап кетті. Бірақ олар сауатты кісінің сыйлы екенін, бәрінен бұрын сауатты болудың тірлікте тиімді екенін байқағасын, халық ықыласына бөленіп жүру үшін хат танитын, көзі қарақты кісі боп көрінуге тырысты. Менің баларақ кезімде соғыс алдында біздің ауылда Тілеужан деген бір кісі балық колхозында басқарма болды. Күнде кешке қарай ол үй жанындағы көлеңке басы ұзарған кезде сыртқа төсек салдырады. Шынтағының астына тастаған құс жастыққа жантайып жатып арлы-берлі өтіп жатқан кісі-қараның көз алдында газет оқитын. Газеттен басын көтермей, бар ынтасымен ықылас .қойып оқитыны соншалық қасына келген кісіні жақтырмай шытынап қалатын әдет шығар-ды. Бір күні Мыңбастық Шәрібі деген қуақы кісі басқарма үйінің алдынан өтіп бара жатып, кенет қайырылып тоқтай қалыпты. Бас алмай қадалып қалған қолындағы газетті басқарманың теріс ұстап отырғанын байқаған екен. Көңілі жүйрік қу кісі күлкісін әзер тыйып, қасына келеді.
— Тілеке, қалай, оқып жатырсыз ба?
— Күндіз жұмыс көп, сосын, кешкісін қол босағасын ғана газет қарайсың.
— Дұрыс қой, газетте не жазыпты?
— Не дерің бар ма? Жазатын нәрсе көп қой.
— Әлбетте, әлбетте, — деп қосыла қостайды да, Шәріп басқарма қолындағы газеттің «Социалистік Қазақстан» деп жазған сойдауылдай-сойдауылдай ірі әріптердің басындағы «С» — ны саусағымен басып тұрып, — Тілеке, осы қай өріп еді? — деп сұрайды.
Аңқау Тілеужан қу кісінің арғы жақ көңіліндегі әзілді аңғара қоймаса керек. Қолындағы теріс ұстап отырған газеттің төменгі жағында шалқалап жатқан жаңағы анау-мынау емес, ат тұяғындай «с» әрпіне ол енді шұқшиып о жағынан бір, бұ жағынан бір қарайды. Тақа болмағасын:
— Апыр-ай, ә?! — деп қиналып, — адамның абыройсыз болуы аяқ астында екен ғой. Ал, енді осы өзімнің ең жақсы білетін әрпім және күнде талай оқып жүрген әрпім еді. Қазірде қылп-қылп етіп тілімнің ұшында тұр, — деп газетті лақтырып тастап, жанындағы жастыққа жығыла кетіпті. Осы әңгіме біздің ауылда күні кешеге дейін күлкіге айтылып жүрді. Бір айта кететін нәрсе: бұл басқарма Судыр Ахметтің образын жасауда бірден-бір кәдеме жараған прототип еді дей алмаймын. Судыр Ахметті өзім жақсы білетін тағы үш кісінің бойындағы қылықтарын жиып-теріп, осы образдың өз көкірегімде күні-бұрын қалыптасқан болмысы мен бітімі бейнесіне үйлес келіп, үндес шығып жататын ортақ судырақтықтарын алдым. Сол үшеудің бірі — біздің елдің басы мен аяғы түгел білетін — соқыр Сырғабек. Оның өзінен аумайтын баласы болды. Орта мектепті бітірді. Онан ол киномеханиктер даярлайтын техникумды бітірді. Сөйтіп ол әкесіндей шала сауатты емес, әжептәуір білім алған, көзі қарақты жігіт боп шықты. Аудандық мәдениет мекемелерінде қызмет істеді. Сырт түрі, киген киімінің үлгісі әкесінің үлгісінен бөлек болса да, ал бірақ, ішкі мазмұнында құттай да психологиялық өзгешелік жоқ еді. Сондықтан да, біздің ауылдағы аталы-балалы екеуінің құлқын білетін кісілер «бір көзін ойып алса бұ да аумаған әкесі болғалы тұр», — дейтін.
Әрине, феодалдық-патриархалды қоғамның төл перзенті — Судыр Ахметтердің дүниеге келуіне бірден-бір жағдай жасаған көшпелі өмірдің мал шаруашылығымен айналысқан экстенсивті мешеу тірлігі екені даусыз. Судыр Ахметті мінез ретінде, характер ретінде жекелеп алып қарайтын болсақ, бұл, әрине, мешеу қоғамның айы-күні толып, толғағы жетіп тапқан төл баласы. Бұның тұңғыш рет дүниеге келген түпкі атасы қай дәуірде тірлік кешкенін кім біліпті. Қалайда біздің бір анық білетін нәрсеміз — әрбір қылығы кісі көңілін қытықтап күлкі шақырып тұратын осы бір тумысынан берекесіз траги-комедиялық тоғышар жандардың ұрпағы қай кезде де өмір сүре алатынына көзіміз анық жететін сияқты.
***
Сөйтіп, ұзақ жылдарымды алған үш кітаптың жазылу тарихы, бүгінгі күні өзіңді тізгіндеп, тежеп отырып, барынша қысқаша айтқанда, міне, дәл осылайша болған-ды.

Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?