Айырмашылығы бар ғой

 Айырмашылығы бар ғой

Аударған Қ.Құрманғалиев
Май айы болатын. Ауа райы әлі де біршама салқын. Алайда, табиғат шіркін бұталар да, ағаштар да, дала да, көгалдар да көктемнің келгенін сездіріп-ақ тұр. Көгалдар гүлдерге толы. Гүлдер қолдан жасалған қоршау ішінде де жайнап кетіпті. Ал оның қасында нағыз көктемнің белгісі гүлге малынған кішкене алма ағашы көз тартады. Әсіресе оның жаңа өркен жайған, жас, қызғылт бүршігі енді қауыз жара бастаған бір бұтағы айрықша әдемі еді. Өзінің көріктілігін ол да білетін. Сұлулықты сезіну қасиеті оның түп-тамырына сіңген болатын. Бұтақ сол себептен де жолға кетіп бара жатқан күйме алма ағашының дәл қасына тоқтап, жас графиня бұдан көркем бұтақты табудың өзі киын екенін және толған айдай толысқан көктем сұлудың нақты бейнесі деп мадақтағанда түк таңғалған жоқ. Жұлып әперген бұтақты графиня өзінің нәзік саусақтарымен ақырын ұстап, жібек қолшатырмен күннен қорғап үйіне алып кетті. Қорғанға келген соң бұтақты еңселі, іші дүние-мүлікке толып тұрған бөлмелер арқылы алып жүрді. Ақ перделерді ашық терезеден соққан жел желпіп тұр. Жарқыраған мөлдір шыны ыдысқа алуан түсті тамаша гүл шоқтары қойылған. Жаңа жауған қардан жасалғандай әлгі ыдыстардың біріне алма ағашының бұтағын орналастырып, оның төңірегін айналдыра жаңа ғана жұлып әкелінген үйеңкі бұтақтары отырғызылған. Әдемі болғанда, сондай керемет!

Бұтақ мұрнын шүйіре бастады. Онда тұрған не бар? Бұл өзі әбден әдеттенген, қалыптасқан нәрсе емес пе?

Бұл бөлме арқылы мінез-құлықтары әрқилы көптеген адамдар өтеді. Әрбір келген кісі өз пікірлерін мән-маңызына қарай, өз түсінік-түйсігі мөлшерінде айтуына қақысы бар. Осы себептен де кейбіреулері тіпті ештеңе айтқан жоқ, ал екінші біреулер өте-мөте көп сөйлеген. Бұтақтың білуінше өсімдіктер арасындағы секілді, адамдар арасында да айырмашылық бар екен.

«Біреулері әдемілік үшін қызмет істесе, екіншілері тек қарақан басының пайдасы үшін өмір сүреді екен, ал үшіншілерінің бар-жоқтығынан келіп кетер нәрсе шамалы»деп ойлады бұтақ.

Оны ашық терезеге қарама-қарсы қойған еді. Ол осы жерден күллі бақ пен далаға көрініп тұратын. Сондықтан да ол сан алуан гүлдер мен өсімдіктерге құмарынан шыққанша қарауына да және олардың айырмашылықтары туралы ойлануына да болар еді. Онда бәрі де сәнді салтанаттысы да, қарапайымы да, тіпті өте-мөте қарапайымы да көп болатын.

Бейшара өсімдіктер, – деді бұтақ. Шын мәнісінде, біздің арамыздағы айырмашылық қандай елеулі! Олардың мен және мен тәрізділер сияқты сезіну қабілеті болса, олар өздерін қандай бақытсыз деп білер еді! Иә, олардың арасындағы айырмашылық өте үлкен! Бірақ солай болуға тиіс те, әйтпесе бәрі де тең болар еді ғой!

Бұтақ қыр гүлдеріне біртүрлі күйінішпен қарады. Оған әсіресе күллі дала, тіпті оның ой-шұқырларына дейін қаптап өскен гүлдің бәрі аянышты көрінді. Олар онша көз тартпайтын, оны сол себепті гүл шоғына жинап жүрген де жан жоқ. Оларды тіпті жолға төселген тастардың ара жігінен де кезіктіресің. Қанша жұлып тастасаң да, ол жол тауып қылтия қалатын қайдағы бір арам шөп секілді. Оларға бақбақ деген жексұрындау ат та тауып қойылған.

— Бейшара, қор болған өсімдік! – деді бұтақ. Гүлдің осындай түріне жатқандығына және атыңның соншалық сұмпайы болуына сен кінәлы емессің! Бірақ адамдар арасындағы сияқты, өсімдіктер арасында да, айырмашылық болуға тиіс!

— Айырмашылық! – деп қайталады оның сөзін күн сәулесі және ол гүл жарған бұтақты сүйіп алды. Сондай-ақ ол қырда өскен сары бақбақ гүлін де сүйді. Оның күн сәулесінің өзге туыстары да, небір тамаша гүлдерге қоса осынау бейшара гүлдерді сүюді де ұмытқан емес.

Алма ағашының бұтағы құдай тағаланың жер бетіндегі тірі жанның бәрін бірдей шексіз сүйетіндігі туралы ойланған жоқ-тын. Ол құдай тағала жаратқан тіршілік иесінің әрбірінде жасырын жатуы ықтимал, иә жасырын жатып көзге көрінбеуі кәдік, бірақ ұмытылмаған қаншама сұлулық пен ізгіліктің болуы оның ешқашан ойына келген емес. Мұндай ой оның үш ұйықтаса түсіне де кірмесе ше? Ашығын айтқанда, мұның бәрі үйреншікті іс болатын! Күн сәулесі, жарық сәуле, істің мән-жайын әлдеқайда жақсы білетін.

— Сен өзің көз алдыңдағыны көрмейтін соқыр екенсің! – деді ол бұтаққа. Сен өзің қандай бейбақ өсімдікті аяп жүрсің?

— Сайтан алғыр бақбақты! – деді бұтақ. Олардан ешқашан гүл шоғын жасамайды, кісілер кездескен жерінде аяғымен таптап кетеді, өйткені ондай гүлдер өте көп! Оның тұқымдары, бейне қарлығаштың қауырсыны секілді жол үстінде ұшып-қонып әрі-бері өткен адамдардың да киімдеріне жабысады. Бар болғаны арам шөп!

Бірақ та, әйтеуір, біреуге арам шөп те болу керек қой! Ах, солардың қатарында болмағаным үшін тағдырыма дән ризамын!

Бірде қырға бір топ бала сейілге шықты. Ең кішкентайын арқалап әкеліп, сары гүлдер өскен шөптің үстіне отырғызды. Бөбек көңілдене күліп, тентектік жасап, шөпті аяғымен таптады, аунап, сары гүлдерді үзді, балалық жанының қарапайымдылығынан тіпті оларды сүйіп те алды. Ересек балалар гүлдерді терді, іші қуыс сабақтарды иіп, бір-біріне кигізіп, дөңгелектеді, осындай дөңгелектерді тізбектеп оны мойындарына, иықтарына, белдеріне, кеуделері мен бастарына орады. Бұл бір керемет болды! Мүлде ересек балалар гүлі қураған қауырсынды тәжге ұқсап тұрған өсімдіктерді жайлап жұлып ала бастады. Табиғаттың таңғажайыбының бірі ауадай жеп-жеңіл жібек гүлдерді олар еріндеріне тақап тұрып түбітін бірден желге ұшырып жіберуге тырысатын. Осылай жасау кімнің қолынан келсе, ол Жаңа жылға дейін жаңа көйлек киетін болады. Әжей осылай деген. Бұл жағдайда сүйкімсіз гүл шын мәніндегі пайғамбар болып шықты.

— Көрдің бе? – деп сұрады күн сәулесі. Оның көркемдігін көремісің, оның ұлы маңызын білемісің?

— Иә, бірақ ол балаларға ғана қатысты! – деп жауап қайырды бұтақ.

Қырға шыққан кәрі кемпір де сынған бәкінің ұшымен сары гүлдердің тамырын қазып ала бастады. Бұл тамырлардың кейбірін ол кофеге пайдаланбақшы да, қалғандарын дәріханаға өткізбекші.

— Бәрібір әдемілік бәрінен де биік! – деді бұтақ. Әдемілік әлеміне ену тек таңдаулылардың ғана пешенесіне жазылған! Адамдар сияқты, өсімдіктер арасында да айырмашылық бар екені рас қой!

Күн сәулесі жерде жаратылғанның бәріне бірдей құдайдың рахым-сүйіспеншілігі шексіз екендігі туралы әңгімеледі: жан бітіп, жарық дүниеге келгендердің бәрінін де өткінші уақытта да, мәңгілік өмірде де өзінше тиісті үлесі бар!

— Жо-жоқ, бұлай деп ойлайтын тек сіз ғана! – деді бұтақ. Бөлмеге сырттан кісілер кірді. Олардың арасында жас графиня да бар еді. Ол бұтақты күн сәулесін өткізіп тұрған мөлдір, әдемі ыдысқа әкеліп қойды. Графиняның қолында гүлі бар. Бұл не тағы? Алақандай жасыл жапырақтарға ораған. Жапырақ арасында жатқан гүлдер бейне қорапқа салып қойғандай, ол үп еткен желден де қорғаулы болатын. Графиня оны сондай сақтықпен әкеле жатыр. Ол алма ағашының нәзік бұтағын да бұлай құнттап ұстамаған еді. Ептеп қана жасыл жапырақтарды жан-жаққа кері қайырған мезгілде, олардың арасынан сұмпайы сары гүлдің ұлпа тәжі көрінді. Оның түбіт тәжінен қылдай нәзік қауырсынның бірде-бір талын жел ұшырып әкетпес үшін де графиня оны зор сақтықпен жұлып алып, құнттап әкелген-ді. Графиня оны аман-сау, қаз қалпында алып келді және осынау бар көрік-ажары желдің бір үп еткенінен қалмайтын ғажап гүлдің әдемілігіне, нәзіктігіне, өзіндік жаратылысына таңданумен болды.

Құдай тағаланың жасаған кереметіне қарасаңыздаршы! – деді графиня. – Мен алма ағашының бұтағымен қосып, оның да суретін саламын. Оны жұрттың бәрі тамашалайды, Жаратқанның рахымы түскен осынау бейшара гүл де әдеміліктен кенде емес. Екеуі екі түрлі гүл болғанымен, екеуі де бәрібір әдемілік әлемінің перзенттері ғой!

Күн сәулесі әуелі осы бейшара гүлді, сосын гүл жарған бұтақты сүйді. Сол кезде оның бұтақтары аздап қызара түскен сияқтанды.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 1 161



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?