Қазақ жалқы есімдерінің әлеуметтік мәні

 Қазақ жалқы есімдерінің әлеуметтік мәні

Қазіргі қазақ тіліндегі антропонимдерді тарихи-этномәдени, әлеуметтік
тұрғыдан анықтап, зерттеу олардың тамырының көне түркі (қыпшақ)
кезеңімен сабақтасып қана қоймай, түркі тілдерінің басқа халықтарымен
мәдени-тарихи байланысын, қарым-қатынасын да деректейді. Сондықтан
белгілі ономаст-ғалым В.А.Никонов антропонимика саласының негізгі
міндеттерін кезінде былай деп анықтаған: «Антропонимия может служит
драгоценным источником, помогая выяснить былой этннический состав и
миграциинаселения в прошлом, датировать, локализовать письменные
памятники и т. д... Антропонимика образует в языке особую подсистему,
разобраться в которой бессильны методы только лингвистики без
неразрывного единства с этнографией, историей, социологией, правом». [1,
56 б.].
Кез келген тілдің лексикалық қорының мәнді бір қабатын жалқы есімдер
құрайды. Оларсыз адамзат қоғамының қарым-қатынас қызметі іске аса
алмайды.
Түркі тіл білімінде жан-жақты зерттеліп, ғылыми негізі қаланған
ономастиканың күрделі бір саласы – антропонимика. Антропонимика кісі
аттары, әке аты – patronim (отчество), тегі (фамилия), лақап аттар (прозвища),
бүркеншік аттарды (псевдонимы) зерттейтін ономастиканың бір саласы.
Қазақ тіл біліміндегі тіл мен мәдениет сабақтастығына негізделген
қағидаға сәйкес жүргізіліп жатқан зерттеулерде мәдениеттің өзі метатіл деп
анықталып, оның коммуникативтік, кумулятивтік, әлеуметтік қызметтерін
талдауға қазақ тіл білімінде ерекше назар аударылуда. Осы тұрғыдан
қарағанда, мәдениет метатілін этномәдени негізде сипаттайтын өзекті
арнаның бірі ­ жалқы есімдердің (антропонимдердің) лингвомәдени,
әлеуметтанымдық жүйесі.

Антропонимдер адамдардың өткендегі тұрмысын, қоғамдық-әлеуметтік
құрылысын және материалдық әрі мәдени өмірдің құбылыстарын да көрсете
алады. Олардың кейбір топтары қазақ ауылының ертедегі тіршілік, іс-
әрекетінен және шаруашылық күйінен мағлұмат береді. Мәселен, төрт түлік
малға, шаруашылық, тұрмыстық сөздерге байланысты есімдер. Сонымен
қатар, халықтың әдет-ғұрып, тарихи дәстүрлері мен кісі аттарының арасында
тозбас желі бар. Кісі аттарына байланысты жиналған мыңдаған мысалдарға
қарасақ, олардың әр кез, әр дәуірге тән екенін бірден байқаймыз.
Шындығында бұлай болудың өзіндік сыры бар. Өйткені әрбір кісі аты өзінің
шыққан заманы мен дәуіріне, оның тілдік заңына тікелей байланысты. Соған
орай олардың шығу себебін дәлелдейтін алуан түрлі тарихи жайлар мен сан
қилы оқиғалар бары аян.
Халқымыздың ғасырлар бойы басынан кешірген өмір жолында табиғат
пен аңға, құсқа сыйыну, ай мен күнге табыну, хайуандардан ит, қасқыр, бұқа
сияқтыларды тотем ету – бәрі кісі аттарының қойылуына әсер еттпей
қоймады Мысалы: Айкүн, Айжарық, Айтолық, Айтолды, Күнай, Күнсұлу,
Күнтуар, Бөрі, Барысбек, Арыстан, Бұқа, Түлкібай, Қоянбай, Алтын, Күміс,
Қаршыға, Сұңқар т.б.
Ұлттық мәдениеттің рухани және материалды салалары мен түрлері
жалқы есімдердің этномәдени негізде қалыптасуына ұйытқы болған, сол
себепті көптеген қазақ жер-су аттарының, кісі есімдерінің уәжділік
танымдары мен түп-төркіні халықтың мәдени және рухани байланысында
жатыр. Қазақ тілінің ономастикалық жүйесі қазақ этносының мың ғасырлық
тарихымен, мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен, халықтың дүниетанымымен
тығыз байланыста, сабақтастықта болып келеді. Е.Ә. Керімбаевтың
пікірінше: “Әр халықтың онимиясында мәдени-тарихи ақпарат жинақталған,
қоғамның мәдени тарихына байланысты жалқы есімнің ерекшеліктерін және
типологиялық ұлттық мәдени өзгешеліктерін зерттеу ономастикаға түбегейлі
өзгеріс әкелетін бағыт болу керек” [2, 14 б.].

Сонымен қатар қазақ антропонимдері этноспен, этнос болмысымен, яғни
халық өмірімен, тіршілігімен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен, материалдық
және рухани мәдениетімен жан-жақты, сан-салалы, тығыз диалектикалық
байланыста да екенін ұмытпағанымыз жөн. Осы тұрғыдан келген қазақ
антропонимиясының этнолингвистикалық сипатын айқындап зерттеу – қазақ
халқының болмысын, басқа ұлттарға еш ұқсамайтын өзіндік келбетін тану
болып табылады. Ұлттық болмысты антропонимия саласында таныту –
этнолингвистика мен ономастика (антропонимика) ғылымдарының
шекарасын кеңейте түседі.
Қазақ халқының кісі есімдері олардың наным-сенімдерімен, әдет-
ғұрыптарымен байланысы жөнінде сонау ХІХ ғасырдың өзінде Шоқан
Уалиханов былай деп жазған болатын: “Ырым, яғни әдет-ғұрып деп – алдын-
ала бір нәрседен хабар беру тұрғысында орындалатын салтты айтады.
Мәселен, ұлды болмай, үнемі қыз көретін ата-ана өзінің соңғы туылған
қызына Ұлтуған деген есім береді, мұның өзі кейінгі перзентінің ұл болсын
деген үміт-тілегінен туындайды” [3, 163 б.]
Әдет-ғұрыптардың, үлкенге – ізет, кішіге – құрметтің іспетінде қазақ
келіндерінің қайын жұртындағы туған-туыс, ата-ене, ата-бабаларының
есімдерін атауға тыйым салынуына байланысты, бір әулеттің кісі аттары
қайталанбай, ұқсас болса да, көп балалы қазақ әулеттерінде әртүрлі есім
беріп отыруы қазақ антропонимдерінің көбеюіне негіз болады.
Қазақ антропонимдерінің ішінде осындай антропонимдердің
этнолингвистикалық типтегі әйел кісі аттарына Т. Жанұзақов мынандай
сипаттама береді. “Мұндай түрдегі есімдер барлық түркі тілдерінде келесі
нұсқаларда кең тараған:”… Қазақша Тоқтасын, Тұрсын, Тоқтар, Тоқтамыс
Ұлтуар, түрікменше Турсун, Турды, Иетер (жетер); өзбекше Турсын, Тоқта;
құм Олмес, Қалсын. Егер отбасында бірнеше қыз дүниеге келіп, бірде-бір ұл
тумаса, ең соңғы қызына ендігіде қыз туылмауы үшін Қызтумас деген есім
беретін: құм Қыстаман – қыз тумау немесе Улангерек – ұл керек; қырғызша
Бурулгу – бұрылшы, Тоқтбубу – тоқта бибі [4, 9-10 бб.].

Сонымен коммуникативтік қызметімен ерекшеленетін
антропонимдердің әлеуметтік мәнін ашу қазіргі тіл біліміндегі
антропоөзектік бағытпен сабақтасады.
Ономастиканың теориясы мен практикасын осы бағытпен бір
байланыста қарастырған ғалым Г.Мадиеваның еңбегінде осы сабақтастық
былайша көрсетілген:
- тіл қызметін іске асыратын нақты тілдік социум мүшелерінің
жалқы есімдерді қабылдауы;
- тілдік тұлғаның санасындағы жалқы есімнің қызметі;
- ұжымдық санадағы жалқы есімдердің қызметі;
- жалқы есімдердегі ұлттық танымда бекітілуінің әдісін сипаттау;
- жалқы есімдердің инварианттары мен варианттылығын анықтау;
- тілдік санада ұлттық когнитивтік қорды құрайтын өзекті жалқы
есімдерді анықтау;
- жалқы есімдер жүйесінің ұлттық қорының негізгі элементтері
мен стереотиптерін жіктеу;
- жалқы есімдер мен мифтік танымның байланысы, т.б. [5, 28 б.].
Жалқы есімнің – кісі атының құдыретіне, сөз киелілігіне байланысты
туындаған осындай ырым және антропонимдер көптеген түркі
халықтарының антропонимиясында бар.
Этнолингвистикалық сипаты бар, яғни болмысымен, рухани және
материалдық тіршілігімен нағыз байланыстағы антропонимдердің үлес
салмағы, саны әр тарихи кезеңде біршама болса да өзгеріп тұрады. Әрине,
негізгі этнолингвистикалық антропонимиялық қор ғасырдан ғасырға мирас
болып негізінен сақталып отырады, алайда кейбір тарихи кезеңдерде
идеологияға тәуелді, немесе сырттан келген “интернационалды”, саяси мәні
бар анропонимдердің саны күрт көбейіп кетеді. Солардың “көлеңкесінде”
халық өмірінен, дүниетанымынан хабардар ететін этнолингвистикалық мәні,
маңызы бар қазақ кісі аттары көрінбей, қалып қояды.

Сайып келгенде, тіліміздегі антропонимдердің шығу, даму негізі
халқымыздың өткендегі тіл және азаматтық тарихымен тікелей байланысты
болса, олардың типтерінің шығу, пайда болу жолдарын белгілі бір дәуірлерге
бөліп қарамайынша, тиісті дәрежеде талдау жасауымыз мүмкін емес.
Қазақ тіл біліміндегі тіл мен мәдениет сабақтастығына негізделген
қағидаға сәйкес жүргізіліп жатқан зерттеулерде мәдениеттің өзі метатіл деп
анықталып, оның коммуникативтік, кумулативтік, әлеуметтік қызметтерін
талдауға қазақ тіл білімінде ерекше назар аударылуда. Осы тұрғыдан
қарағанда, мәдениет метатілін этномәдени негізде сипаттайтын өзекті
арнаның бірі жалқы есімдердің (антропонимдердің) әлеуметтанымдық
жүйесі.
Халық есімдерінің жасалу, пайда болу тарихында маңызды орын алатын
мәселенің бірі тарихи-әлеуметтік жағдайлар. Халық тарихындағы бұл елеулі
оқиғалар түрлі қоғамдық құрылыстағы әр түрлі діни ағымға байланысты
болса, кейде көрші елдермен жасаған алуан түрлі мәдени қарым-қатынас,
достық байланыстармен ұштасып жатады. Әдетте, бұл тарихи-мәдени
байланыстардың тіліміздегі есімдер құрамының молая түсуіне,
антропонимдердің әлеуметтік мәнінің жетілуіне зор ықпал жасағаны аян.
Тарихи дереккөздердегі, эпостық жырлар мен фольклордағы,
прецеденттік жүйедегі тілдік деректердің ұлт санасындағы ізін анықтау
мәселесі – қазақ тіл біліміндегі антропонимдердің әлеуметтік бағытындағы
зерттеулердің негізгі арқауы. Осымен байланысты ұлт пен тіл, ұлт пен
мәдениет сабақтастығын қарастыратын үрдіс тіл табиғатын зерттеуде жаңа
сапаға көтерілуде.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?