Серікзат Дүйсенғазы (Әкеме)

 Серікзат Дүйсенғазы (Әкеме)

Әке, сенің жолыңды қуа алмадым,
Қыран баптап, жүйрікті суармадым.
Қансонарда қасыңа серік болып,
Таңсәріден ілесіп шыға алмадым,

Ат жаратып, бәйгеге шаба алмадым,
Үмітіңнің алауын жаға алмадым.
Жыртығыңа жамау боп жамалмадым,
Мылтығыңның тілін де таба алмадым.

Палуан болып күресте жеңе алмадым,
Маған ондай қонбады бедел-бағың.
Жолын қандай табам деп қиналушы ем,
Орындалмай жатқанда көп арманың.

Үйреттің бе, білмеймін бекер бәрін,
Түйсінбедім даланың шекер дәмін.
Өзің құсап алыстан дүрбі салып,
Жер танитын жағдайға жете алмадым.

Көрсететін жоқ қой деп енді ерлігім,
Сең соққандай күн сайын сенделді ұлың.
Тым болмаса бойыма қонбай кетті-ау,
Құралайды көзге атқан мергендігің.

Жанды ауыртқан жалған-ай, жарықтық-ай,
Болдым екен дарынсыз неғып бұлай?
Деп жүргенде ұлыңа әкеңіздің,
Қасиеті ақындық дарыпты ғой.

Солай өмір жалғады көшке мені,
Енді ойлама, әкетай, ештеңені!
Алты ұлыңның біреуі ақын болса,
Әкеңіздің отының өшпегені!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?