22 Наурыз - Наурыз мейрамы


Ұлы күнде тауып мезгіл бір ретін,
Атқарғандай қасиетті міндетін.
Жаратылыс нұрын бөліп Жаратқан,
Жылына бір теңелген сәт Күн мен Түн.

Жан байытып жұрттың жылы лебізі,
Ізгі жолда сайрап жатты ел ізі.
Орындадық нақыштарын Наурыздың,
Салт-дәстүрге бай ұлтпыз ғой, негізі.

Аққа тиіп ағайынның ауызы,
Артты бір күн Наурыз көже маңызы...
Бойындағы нәрін берген аямай,
Табиғаттың адамға жоқ қарызы!

Асыл жандар қысқы сүрден ас қамдар,
Бел алады берекелі бастаулар.
Жақсылықтар жиынтығы әз-Наурыз,
Жамандықты өткен жылға тастаңдар!

Күн-ернімен аспан жерді сүйеді,
Кемсеңдейді бұлт-сақалды иегі…
Жанды-жансыз құбылысты қамтыған,
Мерекелік ұғым – түгел киелі!


Қажетті сілтемелер:




Әз-наурыз думаны

Сөзі: Асқар Наймантаев
Әні: Сапаралы Нысанбай


22 Наурыз - Наурыз мейрамы


Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға,
Сапарға кеткен ұлдарға,
Наурыз айы туғанда.

Наурыз, наурыз күні игі,
Күні игі жердің түрі игі!
Бауыры жылып науат қар,
Бабымен ғана жібиді.

Наурыз, наурыз күні игі,
Күні игі жердің түрі игі!
Шашылып ырыс шанақтан.
Шақырып бір үй бір үйді,
Шаттанушы еді бір игі!

Осынау игі кең жерге,
Наурыз айы келгенде.
Наурыз тойын бергенде,
Көрмегендер де арманда,
Арманда оны көрген де.
Келіп ем өмір-орманға,
Наурыз айы келгенде.


Ұлыс күні

Мақсұт Неталиев

Су жылтырап бүрін ашқан жас талдан,
Бу бұрқырап қатып қалған тастардан.
Күн күркіреп, жасын ойнап аспаннан,
Бар тіршілік Наурыздан басталған!

Ел де тыныш!
Жер де тыныш – бұл күні,
Көреміз тек қуаныш пен күлкіні.
Табысқан жұрт таныс тауып жатады,
Жамалғандай жүректердің жыртығы!

Саф тыйылып Сарыарқаның бораны,
Күн өрлейді күмбезінен жоғары.
Наурыздың жиырма екісі толғанда,
Тоғысады тоғыз жолдың торабы...

Жылғалардан су аққанда сырғанап,
Шаң-тозаңнан тазарады нұрлы алап.
Толтырады шаңырақтың шаттығын –
Наурызбай, Ұлысжандар – іңгәлап?!

Жалғасады жақсылықтар – «Иә, сәт!»
Қарлығаштар үй сыртына ұя сап –
Жүрсе,Бақыт қонатынын хабарлап,
Бұлт көшеді ақ жаңбырын құя сап!

Жат боп бұрын бастары ешбір қосылмай,
Жүрген жандар таныс тапса – досындай.
Ол – осынау Наурыздың арқасы! –
«Ұлыс күннің» шапағаты осындай!


Шәкәрім Құдайберді ұлы

Ұлыстың ұлы күнінде,
Бай шығады балбырап.
Қасында жас жеткіншек,
Тұлымшағы салбырап.
Келіншек шығар керіліп,
Сәукелесі саудырап.
Қыз шығады қылмиып,
Екі көзі жаудырап.
Бозбала шығар бұрқырап,
Ақбөкендей сырқырап.
Құл құтылар құрықтан,
Күң құтылар сырықтан.
Кетік ыдыс, шөміштің,
Түтіні шығар бұрқырап.


Наурыз

Б.Тұсын қызы

Наурыз менің елімнің берекесі,
Жаңа жылы қазақтың мерекесі.
Шаңырағы биіктеп күнге жақын,
Ұлаңғайыр керілсін керегесі.

Қымбат білген адамға сөз өнері,
Бұрқ-сарқ етіп қайнасын көжелері.
Жаңа жылда елімнің көркі өсіп,
Гүлге толсын көгеріп көшелері.

Шат күлкіге шомылып замандары,
Бақыт кешсін ғайыптан адамдары.
Әрбір жанның арманы орындалып,
Сәтті болсын биылғы қадамдары.

Ел-жұртымның тілеуін тілесейік,
Жаңа жылда қалайық бір есейіп.


Наурызым

Ибрагим Исаев

Ақбоз үйді үлпілдеткен,
Боз даланы бүлкілдеткен.
Қуанышты күлкің – көктем,
Әсем едің, шіркін, неткен,
Наурызым!

Құлпырады сәнді бақтар,
Жұлқынады арғымақтар.
Сылқылдайды бал бұлақтар,
Мерекемсің мәңгі мақтар,
Наурызым!

Жарқыраттың шығыс Күнін,
Бар адамдар туыс бүгін.
Тілеп елдің тыныштығын,
Жүректерде жүр ұшқының,
Наурызым!

Аңсап жүрсең осы күнді,
Ашып таста есігіңді.
Болайықшы кешірімді,
Ән тербетсін бесігіңді,
Наурызым!

Бұл әлем қалғығандай,
Ұшты көкке ән қырандай.
Наурыз көже дәмді балдай,
Сенің көшің сәнді қандай,
Наурызым!

Аталардың – Қара Нардың,
Ақ жаулықты Аналардың.
Бас иетін саған әр күн,
Ақ батасын ала барғын,
Наурызым!

Ғашықтардың түр-түсінде,
Сәбилердің күлкісінде.
Ел үшін де, жұрт үшін де,
Қара Жерге кір түсірме,
Наурызым!


Науан Наурыз, армысың!

Сағынғали Сейітов

Наурыз келді, көктем келді ағайын,
Жадырайды, жаңғырады маңайым.
Назды, сазды науан Наурыз, армысың?
Сұлу мүсін саған біткен бар мүсін.

Қайнарындай қалың қуат, қайраттың,
Сен келдің де ғаламшарды жайнаттың.
Тіршілікке тіл бітіріп өзгеше,
Дүниенің бұлбұлдарын сайраттың.


Наурыз

Мақтымұлы
Аударған Дүйсенбек Қанатбаев


Жеткен кезде наурызымыз жапан біткен жаңғырар,
Тұман орнап, тау басын аспан үрпі салбырар.
Жансыздарға жан бітіп, әуен билеп маңды бар,
Жер көгеріп, шөп қаулап, мерейін бір қандырар.
Күнге тосып арқасын жан-жануар албырар,
Аунап-қунап барлығы жерге түгін қалдырар.
Келе сала наурызым жоқ нәрсені бар қылар!

Жапан шөлін қандырып, нұр тарайды қуысқа,
Тақырларда қақ тұрып, су толады ыдысқа.
Қозғалғанның бәрі де бірі шебер, бірі ұста,
Бұлбұл салса әніне, илеу салды құмырсқа.
Өз дауысын біреуі естіртуге тырысса,
Тумай жатып біреуі шығар сынды ұрысқа,
Келе сала наурызым өмір заңын жар қылар.

Бар тіршілік осылай жатқан кезде жаңғырып,
Мен отырмын оңаша, көңіл жүдеп, әл құрып.
Ақиқатқа табынған өмір сүрер мәңгілік,
Махаббаттан ада жан – қалар түбі қаңғырып.
Көктем баста тұрғанда бәрі де бір әңгүдік,
Ертең көктем кеткен соң қаламыз ба санды ұрып,
Келе сала наурызым тәттіні де зәр қылар.

Мақтұмқұлы, мұқалма, бұл фәнидің мақамы,
Бәрі-бәрі баянсыз, сол жаныма батады.
Көншімейді көңілім, көкірегім қапалы,
Таусылғанмен төзімім, сөзім болғай опалы.
Қолды жайып, телміріп кімге берем батаны,
Аман болсын кейінгі, аман болсын Отаны,
Келген наурызым адам басын даң қылар.


Наурыз сыйы тыныштық

Әли Ысқақбай

Жадырап күннің жанары,
Бетті өпсе жылы самалы.
Сай-сайға ақса жылғалар,
Бұл Наурыз хабары.

Ашылып аспан шүмегі,
Жауынмен құм да түледі.
Көкмайса жұмсақ құлпырған,
Бұл Наурыз кілемі.

Бусанып тарғыл атырап,
Нәрленіп торғын топырақ.
Жауқазын өссе күнеске,
Бұл Наурыз – жапырақ.

Көз тігіп Күнге барлығы,
Бүршігін жарса әр гүлі.
Халыққа бақыт тілеген,
Бұл Наурыздың жарлығы.

Бөктіріп көктем жаңбыры,
Тіріліп шөптің тамыры.
Бүрленсе жусан бұрқырап,
Бұл Наурыздың таң нұры.

Қауымға қалың дүр болған,
Шаттыққа бөлер жыр болған.
Шапағат төккен мейірлі,
Бұл Наурыз ғой нұр болған.

Себелеп жаңбыр жауып тұр,
Емшегін бұлттың сауып тұр.
Жақсылық нәрін мол сепкен,
Бұл Наурыз сауық-жыр.

Тілегін айтып ұнаған,
Арылса туыс күнәдан.
Көңілде күдік қалдырмас,
Бұл Наурыз – шын адам.

Тұқымын сеуіп ырыс-құт,
Дем алса диқан тыныс қып.
Тірлік пен байлық бастауы,
Наурыз сыйы тыныштық.

Тәуелсіз елдің адамы,
Бейбіт күн берік қамалы.
Құт болсын дейік ағайын,
Жаңа күн Наурыз қадамы.


Жасыл нұрға бөленіп төңірегім

Марфуға Бектемирова

Қырға көшіп келеді елім менің,
Малын жайып, салатын төріне егін.
Наурыз туып, жан бітті дүниеге,
Жасыл нұрға малынып төңірегім.

Түйе өткен жұп-жұмсақ жерді басам,
Бақыт құсым кеудеме қондың қашан?
Сүйіп тұрып Наурыздың атқан таңын,
Қуаныштан көңілім болды масаң.

Ән айтамын ақырын тұнық таңда,
Қазақ қызы ән-жырын ұмытқан ба?
Көңіл шіркін қарлығаш ұшып шыққан,
Жатқандай бір қапаста, құлыптауда.

Елең қылмай, сап-салқын түн ызғарын,
Тыңдап тұрмын құстардың сыбызғы әнін.
Ерте көктем жұтқызар жұпар ауа,
Таңдайыма әкелді қымыз дәмін.

Кеш оралған көктемнің ерке құсы,
Осы екен ғой көктемнің еркелісі.
Осы екен ғой атамның аманаты,
Осы екен ғой әжемнің ертегісі.

Щолпы тақты алтын күн қайыңға әсем,
Ән айтады бұлақтар, уайым бәсең.
Тек асығып барасың, алтын айым,
Не айтасың ақын қыз жайында сен?


Наурыз

Бейімбет Майлин

Біреуім екеу болды - мал қосылды,
Қораға бұзау, лақ, қозы толды.
Ызғарлы суық қыстың кәрі кеміп,
Аспаннан күн күлімдеп, шырай оңды.
Ұзамай қарда кетер, жаз да болар,
Сай-сала гүрілдесіп суға толар.
Бөленіп жер жібекке, мың құлпырып,
Шалғынға көкорайлы ауыл қонар.
Жаз иісі бүгін келді, жан жайланды,
Кешегі көрген бейнет артта қалды.
Өмірге жаңа жолдар ашатұғын,
Жаңа жыл - бүгінгі күн, жаздың алды.


Төкші нұрды

Нұрперзент Домбай

Келдің бе, Әз Наурызым – Жаңа күнім!
Оятып бәйшешекті – дала күн.
Көп болса қандай жақсы болар еді,
Жүректі жадыратар жаңалығың.

Әз Наурыз келген болсаң төкші нұрды,
Естіртпе сен әзірше әнді мұңды.
Бағзыдан әдетіміз бойға сіңген,
Күтетін зор үміттен Жаңа жылды.

Сен бізге құт болып кел, бақ болып кел,
Адалға ақиқатқа жақ болып кел.
Жамандық, қасіреттен ауылы алыс,
Жыл болшы бетегіне шаттық ерер.

Сәулеңді, шуағыңды аямашы,
Сәбидей жас-кәрімді аялашы.
Құтты қонақ секілді емін-еркін,
Даламды, тау-тасымды аралашы.

Кел, Наурыз! Құшағымды ашып тұрмын,
Қуанып сен келген соң тасып тұрмын.
Жылуды, жылылықты сағындым ба,
Әйтеуір, ғашық қылдың, ғашық қылдың...


Кел, Наурызым!

Орынбек Жолдыбай

Кел, наурызым, шық төріме думандат,
Жұрт қарасын бейнетіңе қайран қап.
Табиғаттың тұмса шағы тамсантып,
Халқым да бір жадырасын сайрандап.

Кел, наурызым, самалыңмен еркелет,
Қырға шығар, жамағатты жетелет.
Бала біткен болып жүр ғой мәз-мәйрам,
Наурыз келген, көктем келген екен деп.

Кел, наурызым, берекелі жыл басым,
Мәңгілікке замананың құрдасы.
Жылда мені қуанышқа бөлейсің,
Ғасырлардың және менің сырласым.

Кел, наурызым, бұла күшім, балғыным,
Сен келгенде қашар менен қайғы-мұң.
Құдіретің бар жаңғыратын ғаламда,
Сондықтан да асқақ сенің айбының.

Кел, наурызым, көргенің көп көнесің,
Жия алмаған кездер болды ел есін.
Бұқпантайлап қарсы алатын өзіңді,
Кездер болды, ұмытпайсың, білесің.

Кел, наурызым, ортаймайтын ырысың,
Тәуелсіздік және өзің тынысым.
Жалғастырып ұрпақтарды ұрпаққа,
Аралай бер сәнге бөлеп ел ішін.


Музафар Әлімбаев

Сен ортақ дастарқансың бәрімізге,
Татырған сары уыздың нәрін бізге.
Наурыз, сен көктемдегі үмітіміз,
Жарылқар берекеміз сары күзде.

Наурыз – ол емес әсте дырду-думан,
Киік емес қиқулап бір күн туған.
Ол – қыздың кісілікпен көшеленіп,
Рухани есеюі ұлдың туған.

Наурыз – ол ұсақтықтан арылуың,
Халықтың бірлігінің мығымдығы.
Күдіктің безбеніне тартылмайтын,
Қазақи Ата дәстүр Ұлылығы.


Наурыз

Несібелі Иманқызы

Қош келдің, Наурызым төрлет бері,
Қыр төсін жауқазындай өрнектеді.
Тіршілік тамырына нәр жүгіріп,
Жадырады адамдардың келбеттері.

Наурыз, жыл он екі ай елдің жүгін,
Арқалап арамызға келдің бүгін.
Дамытып бейбіт елдің еркіндігін,
Жайлауын жарастырдың елдігімнің.

Наурыз түріп тастап жер түндігін,
Айығып ақ күмістей серпілді күн.
Сұлудай сылаңдаған мөлдір сулар,
Жылғамен ағып жатыр еркін бүгін.

Халқымыз қастерлеген ежелден-ақ,
Келе бер аттың басын тежемей-ақ.
Наурыз көжемізден қанып ішкін,
Ұлыстың ұлы күні тұрма қарап.

Шуағы жер әлімді жандандырып,
Өріске барады өріп алуан түлік.
Дән сеуіп молшылықты жасаймын деп,
Барады диқан жігіт таңнан тұрып.

Бақыттың тігілген соң көк байрағы,
Шарықтап көңіл құсым көкте ойнады.
Нақышын Наурыздың арқау етіп,
Жырларын ақындар да төкті ойдағы.


Молшылық, мейір маңайым

Мейірбек Ақынбеков

Келдің бе наурыз – жыл басы,
Бар құтын жиып өлкенің.
Халқың сенің сырласың,
Өзіңнен өрбір көркем үн.

Туған жер жұпар тұр аңқып,
Гүл шашып жатыр бар аймақ.
Атады елді қуантып,
Көктемнің таңы арайлап.

«Селт еткізер», «Ұйқыашар» -
Ұнатқан түгел қыз, жігіт.
Өргізіп малды, сырды ашар,
Ауылдан шетте үздігіп.

Келісіп қызық ойынға,
Келеді ән-жыр айтысқа.
Өрмелеп баған бойына,
Жарысқа, арқан тартысқа.

Жастарды көріп жасарып,
Береді қарттар ақ бата.
Тілекпен игі жасанып,
Былай да берік салтқа ата:

«Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын.
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын,
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін.
Әумин!»

Қуанып сол сәт батаға,
Бастайды ел наурыз шаттығын.
Риза боп үлкен атаға,
Сөйлер ел баспай аптығын.

«Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жол болар».

Сәлем қып келін күнге Ұлы,
Бұлаққа ақ пен май құяр.
- Ашыл, - деп, - байлық түндігі,
Өзің, - дер, - Наурыз жайды ұғар!

Басталар елдің дәстүрі,
Өзге іс түгіл тежелер.
Басталар тамақ тасқыны,
Бұрқырап наурыз көжелер.

Басталар сыр боп мына елге,
Бабалар салған мереке.
Жайғасып қалы кілемге,
Елменен енер береке.

Байқадым бұл күн – дүбірлі,
Молшылық, мейір маңайым.
Басты ұран тойда бүгінгі –
Береке, бірлік, ағайын!


Наурыз көктем

Наурыз көктем, наурыз жыр,
Ана мейрім, шуақ нұр.
Жан иесін жаңартқан,
Аққан бұлақ, нәзік сыр.

Наурыз әлем, наурыз құс,
Сұлу дала, сағым түз.
Самғай ұшқан қарылғаш,
Аққу қаздар мамық төс.

Наурыз дала, наурыз гүл,
Тентек сезім, үнсіз тіл.
Ақ қайыңның аясында айқасқан,
Балуан білек, қыпша бел.

Наурыз жауын, наурыз сән,
Әсем әуен, сазды ән.
Қыз бозбала қыдырған,
Жаcыл желек, көк аспан.

Наурыз самал, наурыз таң,
Қалың орман ұйқысынан оянған.
Сағынышпен қауыштырған жұптарды,
Жылдың басы, он екі айда тоғысқан.


Наурыз жыры

Қазағым, наурызың құтты болсын,
Көтерген шаңырағың биік болсын.
Тілектері ұлтымның қабыл болып,
Жақсылығын бір Алла иіп тұрсын.
Наурыз тойы- ақ батаның бастауы,
Береке мен бірліктің жалғасуы.
Жеті түрлі қасиетті дәмменен,
Байтақ елдің бір толады астауы.
Наурыз келіп көктем сазы білінер,
Ойнап- күлген жас балалар жүгірер.
Жаңа жылы қазақ деген ұлы елдің,
Наурыз ай шаттықпенен нұр берер.
Гүлі шығып дала жайнап құлпырған,
Далам қандай тамаша еді ән тұңған.
Бусап жатыр далам бүгін терлене,
Баурайынан қары кетіп құрсанған.
Алтын күні шуақ шашып аспаннан,
Жаңа жылым жыр думанмен басталған.
Ақ дастархан жайып қазақ төріне,
Ақ ниетпен үлкендерден бата алған.
Жаңа жылым келіп жетті аңсаған,
Басқа ұлттармен татулыққа жар салған.
Дәстүрімен мақтанамын елімнің,
«Мен қазақ!»- деп дүниеге жар салам.
Қазағымның жаңа жылы келгенде,
Елім менің қуанышта жүргенде.
Мендегі өлең тау суындай тасйды,
Қазағымның шаттық жүзін көргенде.
Наурыз келді ал тойлаңдар, жараңдар,
Келген мына мерекеге қараңдар.
Шашу шашып ақ жаулықты әжелер,
Тойда бүгін ойнап- күліп тараңдар!


Сөзі: М. Ермекбаев
Әні: Қ. Сәтиев


Кәне, достар, биле, биле,
Құлағың сал ән мен күйге.
Наурызды тойлағанда
Отырмаңдар босқа үйде.
Наурыз! Наурыз! Наурыз!

Таң шапағы қарсы алып наурызда,
Құт-береке тілейміз ауылымызға.
Ұлыстың ұлы күнін қарсы алайық,
Шат көңілмен бәріміз ән салайық.
Наурыз! Наурыз! Наурыз!
Құтты болсын!
Наурыз! Наурыз!
Құтты болсын Наурыз!


Келіңіздер, келіңіздер,
Бізбен бірге еріңіздер.
Ақ көженің дәмін татып,
Тамсанып бір көріңіздер.
Наурыз! Наурыз! Наурыз!

Таң шапағы қарсы алып наурызда,
Құт-береке тілейміз ауылымызға.
Ұлыстың ұлы күнін қарсы алайық,
Шат көңілмен бәріміз ән салайық.
Наурыз! Наурыз! Наурыз!
Құтты болсын!
Наурыз! Наурыз!
Құтты болсын Наурыз!


Бақыт тілеп жолдастарға,
Жаңа өмірді қарсы алайық.
Ақ көңілмен, ақ тілекпен,
Асқақтата ән салайық.
Наурыз! Наурыз! Наурыз!

Таң шапағы қарсы алып наурызда,
Құт-береке тілейміз ауылымызға.
Ұлыстың ұлы күнін қарсы алайық,
Шат көңілмен бәріміз ән салайық.
Наурыз! Наурыз! Наурыз!
Құтты болсын!
Наурыз! Наурыз!
Құтты болсын Наурыз!


Қажетті сілтемелер:



Наурыз әуені

Ерте көктем күн нұры,
Еркін бұлақ сыңғыры,
Еміреніп Жер ана
Еркелейді қыр гүлі.

Қозы толып көгенге,
Уыз сүтке кенелген
Шаруа қожа ыңылдап
Қосылады өлеңге.

Ойы алаң ананың-
Оқудағы баланың
Нәуірзек құс сыңғырлап,
Жеткізгендей хабарын.

Әлденені сезе ме,
Бала шықты төбеге-
Жақсы көрер апайы,
Құшақ жайып келе ме?

Көктен аққан ырыс па-
Су тамшылар ыдысқа.
Жамау дәліз тағы да
Шыдап шықты бір қысқа.

Айналайын ән- елім,
Жайбасарым, мәуелім,
Кел шертейік биыл да
Наурыздың әуенін.

Өзденбаев Жанбай

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу
Пікірлер 13
  1. Оқырман Аделя
    Оқырман Аделя 18.03.2021 16:32
    9 + 2 -
    2+3-
    1. Оқырман аяулым
      Оқырман аяулым 18.03.2021 21:55
      4 + 2 -
      2+3=5
  2. Оқырман Аделя
    Оқырман Аделя 18.03.2021 16:31
    4 + 0 -
    5+8-
    1. Оқырман ayala
      Оқырман ayala 18.03.2021 21:58
      3 + 1 -
      5+8=13
    2. Kydyrbek Azamat
      Kydyrbek Azamat 14.03.2022 23:29
      2 + 2 -
      5+8=13
  3. Отеген Еркежан
    Отеген Еркежан 13.03.2021 17:19
    3 + 3 -
    Сіздерге коп рахмет
  4. Оқырман Нургуль
    6 + 2 -
    мынау татпақ ұйқаспайды????????
  5. Наурыз
    Наурыз 04.02.2021 11:58
    5 + 3 -
    Керемет өлеңдер
  6. Акбота Абдикаримова
    3 + 3 -
    Норма
  7. Анеля Толеген
    Анеля Толеген 10.03.2016 16:58
    4 + 3 -
    Да вродебы
  8. Анеля Толеген
    Анеля Толеген 10.03.2016 16:58
    5 + 2 -
    Не пойму это про Наурыз или нет?
  9. Нурдаулет Тажи
    Нурдаулет Тажи 16.03.2015 09:03
    5 + 2 -
    тамаша олен
  10. Бакдаулет Тургангали
    3 + 2 -
    өлеңі керек еді