Сұлтанмахмұт Торайғыров (Бір адам көп жасады жер бетінде)

 Сұлтанмахмұт Торайғыров (Бір адам көп жасады жер бетінде)

Бір адам көп жасады жер бетінде,
Мекендеп жақсы жайды ел шетінде.
Зорлықшыл, арам ойлы, ұры болды,
Құралған арамдықтан дәулеті де.
Нашарды зар жылатқан жалғызын жеп,
Тірлікте ойламаған «өлемін» деп.
Жалғанды жалпағынан басып өтті,
«Жазғанын көрге бара көремін» деп.
Сол сорлы ауырып жатыр өлейін деп,
Қимайтын аманатын берейін деп.
Тауысып ап желдей ескен аз өмірді,
Қойнына суық көрдің енейін деп.
Өлді ол мезгілінде ажал жетті,
Өлшеулі дүниеден демі бітті.
Оранып үш қары бөз басқа түк жоқ,
Сақтанбай тірлігінде көрге кетті.
Жатты ол қараңғыда зәресі ұшып,
Тірлікте молда айтқаны еске түсіп,
Дейтұғын: «имансызға періштелер
Көрсетер көр азабын тәнді қысып».
Қозғалып, шамасы жоқ тұратындай,
Созылды қараңғылық таң атырмай.
«Қайда жүр періштесі сұрайтұғын,
Кешікті-ау, бұлар қайда, деп жапырмай?»
Сонымен әлденеше жылдар өтті,
Тән шіріп, топырақ боп, тозып бітті.
Шыбын жан айналсоқтап, сасық көрде
«Періште келеді» деп, босқа күтті.
Ал енді молда қайда, сөзі қайда,
Беретін ұжмақ, дозақ анау жайда?
Білмеймін анығын да, танығын да
Бас қатты шешемін деп, жоқты ойда.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?