Сұлтанмахмұт Торайғыров (Жүрегім, тулап шабасың)

 Сұлтанмахмұт Торайғыров (Жүрегім, тулап шабасың)

Жүрегім, тулап шабасың,
Жоқты қайдан табасың,
Уытын жайған сыртына,
Оны қайтіп жабасың?

Өртендім десем, отың жоқ,
Баяғы күш-қуатың жоқ.
Келтіретін жігерге
Тағдырдан басқа сотың жоқ.

Дүниеде жоқ сүйгенің,
Қасірет-қайғы үйгенің.
Көрініп тұған нәрсе жоқ,
Не қылғаның күйгенің?

Не түсіңе енген жоқ,
Не қасыңа келген жоқ.
Емізікті ез көңіл,
Бірақ әлі сәнген жоқ.

Емексіме теңің жоқ.
Аузыңа татыр жемің жоқ.
Мыңнан бірі жиһанның,
Мұң ғып шығар жерің жоқ.

Басыңа тас тиген жоқ,
Көзің перде киген жоқ.
Қанша күйіп, жансаң да,
Сүйгенің бой иген жоқ.

Өзім сүйсем, кімді айып,
Күн өткізем мұңайып.
Ондай жарды дүниеден
Таба алмадым қол жайып.

Кім таныды өзіңді,
Кім білдірді сөзіңді?
Желе жортып, жел қуып,
Құр шаршатпа өзіңді.
Ашсаң қалдың пәлеге,
Жұмып кір көрге көзіңді.
Тағдырыңа бой сұнып,
Салып көр енді төзімді.
Жібегің тұрсын оларға,
Ұстатпа кірлер бөзіңді.
Бағалау, тану болар ма,
Айырып алтын-жезіңді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
» 85 жастағы қызылордалық ақсақал 2 млн түп ағаш еккен