Кәкімжан Қазыбаев | Сұрапыл
Үркіншілік
Мынау ұйқы-тұйқы дүние не болып кетті? Дәмелінің есіне бәрі түсіп жатыр...
1
«Мұрагер, мұрагер» деп ер баланы тілейтін қазақтығына басып, бұл туғанда әке-шешесі тіпті қуанбапты да. Дүниеге үшінші қыз келді дегенде, әкесі кімге өкпелегенін қайдам, ауылына екі күн бойы жоламай қойыпты. Шешесі де айыпты адамдай қатты қысылған екен. Амал не, ақыры тағдырдың жазғанымен бәрі де келіседі. «Ұл көруге жазсын» деп мұның атын Дәмелі қойғаны да сол еді. Біржарым жасқа келгенше әкесі мұның, бетінен де иіскемегенін анасы талай айтып отыратын. Ақыры бақытына артынан үш ұл бірдей еріп, Дәмелі деген атын ақтаған екен. Ұл болғанда қандай, бірінен-бірі өтіп, балуан, батыр, мерген болып өседі. Осынау Қармыс ауылына олар үлкен атақ әкеледі. Тұрғанбектің үш арысы атанады — Нарғазы, Жанғазы, Ерғазы. Оның есесіне бой жетіп, толықси отырғанда, екі әпкесі де дүние салады.
Нарғазының ел аузына іліккені сонша, Дәмелі төркінінен жырақта жүрсе де, «а, құдай-ау, тіл-көзден сақтаға» басып, айналасына түкірініп отыратын. Сонау үркіншілік жылы, ақ пен қызылдың алма-кезек айқасында, осы Нарғазы болмағанда Қармыс ауылының қырылып қалуы да сөзсіз еді. Ақылыңнан айналайын азамат, әйтеуір, қиын кезеңнен алып шықты ғой. Жағдай ауырлап бара жатқан соң, ол жылдары Дәмелі бала-шағасымен төркінін паналаған-ды. Алты жасар Ақылжанның құдай сақтап ақтың қылышынан аман қалғаны да есінде.
Осы сәт көз алдына келгенде, біреу қойнына мұз тастап жібергендей дір ете қалады. .....
Әңгімелер