Өлеңдер ✍️
Жасай бер Алматы!
Қол жетпестей Алматы қиыр еді,
Бала кезде аңсатқан жиі мені.
Арбасына тиеп ап, арманымның,
Қақ төріне алып кеп, иіп еді.
Иіді қала, иідім, мұрат көріп,
Тау белінде жүрдім көп, құлап, көніп.
Алғаш ана атантып, келген жылы,
Бақ, жүрерін көрсетті құлақ түріп.
Ақкөңілдік, басыма жаңғақ шағып,
Көп жегіздім ақымды жанды қағып.
Таусылмадым, жөні жоқ кедергіден,
Алматы тек, ширатты, таңды таңып.
Көресің де, көнесің жаралғасын,
Көнбіс болмау күніңе, адамға сын.
Шайқап алып баласын бұл Алматы,
Бауырына құндақтап, бағар басын!
Баурайында бар қуат, қайраттылық,
Әр тасында тұр тарих, қайнап, тұнып.
Табиғаты, тылсымы, тіршілігі,
Жібереді жаныңды жайнаттырып.
Төрт мезгілі, нұр себер, келіп тұрып,
Кірген жанды жібермес зеріктіріп.
Алматыны аңсаған көп болғанмен,
Бәйге бермес, бәріне жел ұттырып.
Сыйын берген өзіңе дала мына,
Куә оған, тұрғының, бала мына.
Құтты болсын Алматым, туылған күн!
Құт дарытқын, талпынған талабына.
Мәңгі жаса, жасай бер қала мына!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter