Өлеңдер ✍️
Кешіріңдер!
Кешір ойым!
Бересің айла маған,
Сендегі маң, үнемі майдан алаң.
Пенделікті, кей-кейде айнытып ап,
Жанға қанжар сұғасың айналадан.
Кешір өлең!
Жазсамда халық қамын,
Бітпек емес, ел іші зарыққан үн.
Шешер болсаң, түйінді мен арқылы,
Сабалай бер, айнымас қалыптанмын.
Шешімі жоқ, уайыммен ауыртпағын!
Кешір ана!
Қыз жөні бөтен-бөлек,
Сөзбен кейде, ашынып, етем көмек.
Хал сұрамай, алдансам тіршілікпен,
Жөн сұрайсың, көңілді көтермелеп.
Астамшыл боп, қорқамын өтем бе деп?!
Кешір балам!
Болғанмен түрімде мұң,
Сендерсіңдер, өмірім, үнім-демім.
Өлең-өнер, жүректің емі деңдер,
Бағым жанған өзіңмен бүгін менің!
Кешір досым!
Сен жүрсең қараңғы да,
Қалай жүрем, мен тыныш ар алдында?
Күліп емес сырыңды аяп ашам,
Бұға берсең, сұғатын заман мына!
Кешір бауыр!
Ренжітіп түңілдірсем,
Қалауыңды бұзсам көп, күніңде сен.
Көк айдында тайғанап қалмасын деп,
Тұрып едім, алдында бұлыңғыр сел!
Кешіріңіз!
Білемін бар ызғарым,
Адалдықта, бір беткей жауыздаумын.
Күрсінбеңіз, күлмесін күншіл жандар,
Жарымын мен білемін, аңыз жанның.
Кешір Алла!
Емеспін құлқы харам,
Арзан ғұмыр сүймеймін жылтыраған.
Адастырма, құлыңмын арманы көп,
Күнәлардың төнбесін, бұлты маған.
Күнә деген адамды жұлқылаған!
Кешіріңдер!
Болмасын өшігулер,
Шүкір Алла, мен үшін есімің ер.
Уақыт, өмір, табиғат, бұл пендеңді,
Биігіне мақсаттың өсіріңдер.
Артық кетсем, бәрің де кешіріңдер!
Кешіріңдер!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter