Өлеңдер ✍️

  27.09.2022
  128


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Элегия

Бөлмеде сағыныштан басып қырау,
Көшеде шаттығынан тоналған күз.
Қараңғыға сіңуге асықтың- ау,
Іңірден қызыл шарфы оранған қыз.
Аңсаған арманыңа жетіпсің ғой,
Барлығын көңіліңнен өшірдің сен.
Аспанға сүмбіле боп кетіпсің ғой,
Мен жерде мұң теңізін кешіп жүрсем.
Баяғыдай тағы сол жүдеу үнім,
Сығанға да көргем мен бал аштырып.
Еркесі боп алыпсың Күн елінің,
Мен сорлыны ай жаққа адастырып.
Күте- күте бұл күнде көңіл кіршең,
Көктем келсе, сен қайта гүлдейсің бе?!
Қайтеді осы өңімде өмір сүрсең,
Түсімнің баянсызын білмейсің бе?!
Мезгіл жылап, тайды деп бастан бақыт,
Жапырақтан орамал оранған күз.
Амансың ба, шарфысын аспанға атып,
Күнмен бірге көгімнен жоғалған қыз.
Хабарласшы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу