Өлеңдер ✍️
Қазағымның күйлері ай
1. Сағынышты жүрегімнің назындай,
Қырдың әсем қалқып ұшқан қазындай,
Сырлы әсем Сырдария сазындай,
Аңыраған аққулардың мұңындай,
Анасынан айырылған құлындай,
Алатаудың аппақ ойлы шыңындай,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай!
2. Жеті өзені, Жетісудай салалы,
Сарыарқаның самалындай самалы,
Дүрілдетіп тебіренткен даланы,
Бабамыздың күңіренген зарындай,
Жайығымның жайлап аққан жанындай,
Даламыздың қайнап аққан қанындай,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай!
3. Сексеуілдей қатып-семген сенімдей,
Бедірейген Бетбақ дала шөліндей,
Бала жанар Балқашымның көліндей,
Қонағымдай келіп қалған күтінбей,
Жүректерден жаратылған бүтіндей,
Анамыздың уыз дәмді сүтіндей,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай!
4. Сай-сүйекті сырқыратқан төзімдей,
Қайта оралмас махаббаттың көзіндей,
Қайталанбас кимас асыл сезімдей,
Толқытады теңіз мұхит тасқындай,
Алдыңыздан арман елік қашқандай,
Құпиясы шексіз тылсым аспандай,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай.
5. Қатты мұңы – көктен түскен жасындай,
Сырлы мұңы – таудың тілсіз тасындай,
Ащы мұңы – көздің кермек жасындай,
Қүдіретті қос ішектен құйылған,
Күмбірдесе күллі дүние ұйыған,
Тәңіріме сыйынғандай сыйынам,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай! } 2 рет
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter