Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  129


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Ғасыр кетiп барады

Бұл ғасыр да ұрлана
Күлiп кетiп барады.
Кеудесiнде зiлзала
Ұлып кетiп барады.
Жендеттерiн сұмдықтың
Тойлаттырып барады.
Маңдай сорын шындықтың
Қайнаттырып барады.
Жазықсызды шарасыз
Сор қаптырып барады.
Жетiмдердi панасыз
Қорлап тынып барады.
Жер қойнына арысы
Қарғап кiрiп барады.
Күллi әлемдiк соғысы
Зар қақтырып барады.
Аждаһасы от үрлеп
Түршiктiрiп барады.
Тарихымды соқыр деп
Тұншықтырып барады.
Төңкерiстер санамды
Майдан қылып барады.


«Оң-терiстер«адамды
Айландырып барады.
Аз ұлттарды көбiне
Талаттырып барады.
Тарихына, тегiне
Қарап күлiп барады.
Дiнге бөлiп ғаламды
Сойқан құрып барады.
Дiн соғысы жаранды
Сайтан қылып барады.
Ғарышты да құлқыны
Тiнтiп кетiп барады.
Көзден шаттық, күлкiнi
Сiлкiп кетiп барады.
Не сыйладық халыққа?
Қайда арыс, асылым?
Хош, әйтеуiр, қамықпа,
Жиырмасыншы ғасырым!



1999 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу