Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  249


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Қазақстан картасы

(толғау)


Қазыұғрт – Ордабасы төрiм едiң,
Тарихтың, тарлан Каспий, шерi ме едiң?
Шерлi Арал, тұзы да ащы, мұңы да ащы
Жаралы әдiлеттiң серiгi едiң.
Қаратау, Алатауым, биiгiмсiң,
Көтерген қасiреттi иығымсың.
Ұлытау – ұлы дала құдiретi,
Көкшетау – көздiң жауы – киiгiмсiң.


Қызылжар – мұңды мезгiл өткелiсiң,
Арқалық – сен де азаттық көктемiсiң.
Кендi өлке, Қарағанды, байлығымсың
Қостанай – Ыбырайдың мектебiсiң.
Орынбор – тарихтың бiр астанасы,
Бабамның, қайран Омбы, бас қаласы.
Кешегi Астрахан Асанқайғы
Жоқтаған ол да нәубет бастамасы.
Оралым, танығанға жайдарысың,
Маңғыстау, сен де намыс айбарысың,
Ақтөбе, ел мен жердiң кеңдiгiсiң,
Атырау – төкпе өнердiң қаймағысың.
Сарытау, Томбы, Ор боп сайрау үшiн,
Едiлдiң шаттығына бойлау үшiн,
Мырзашөл, Құлжа, Түмен, Челябiден
Жетпейдi Шәуешекке қай дауысым?
Таразым – Әулиеата, жыр елiсiң,
Ұлтымның, Қызылорда, тiрегiсiң.
Бауырмал, базарлы өлке –
Шымкентiм сен
Әулие бабалардың жүрегiсiң.
Ертiстiң шұрқыратқан қос кемерiн –
Зиялы Семей және Өскеменiм.
Алтай мен Тарбағатай, арты Шыңжаң
Үш аймақ – берекелi өскен елiм.
Жарқ етсе Жезқазғандай жездi өңiрiм
Сергiтсiн Бетпақ дала өз көңiлiн!
Қосағаш, Баянөлгей дәстүрiмнiң
Қаймағы бұзылмаған өзге өмiрiм.


Шырқалса Ташкен болып алыста әнiм
Кереку, қосыл қанi, қалыспағын!
Көк туды желбiретiп Ақмолаға
Тарихтың аманатын табыстадым.
Өршiтiп өр Алматы намысымды
Жат жұттың Желтоқсанда сағы сынды.
Тiрлiктiң Талдықорған бағы сынды
Дәм-тұзын Жетiсудың тағы ұсынды.
Тусам да жарылыста күйiп бекем,
Бойымды Байқоңырдан биiктетем.
Әзiрге тiрi тұрсам ұлы ұрпақтың
Түгендеп жалпақ жерiн жиып кетем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу