Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  799


Автор: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

«ТРАНС»

Тәнді қайтем?
Ертең шіріп қалар тән.
Жанды қайтем?
Жанымды ұғар жоқ ортам.
Мына қала өгейлігін танытты-ау, өлмей
тұрып, көзімді енді жоғалтам.
Сөзді қайтем?
Буып тілді тұр мүлдем.
Сөнген қылын суырарсың бір-бірден.
Үйім жоғы үрей болды-ау басыма.
Дүмбілездер дүлей болды-ау, кім білген!
Сұр кісілер,
Сұр көшелер... Сұр
– бәрі.
Сұрғылт қала – сұрғылт Ойлар құрбаны.
Бұл Жалғанның ауыр екен басыңнан
баспананың елесімен ұрғаны!
Айтшы, күнім,
итке айналу қиын ба? Итарқаның
елесі жүр мыйымда. Үй түгілі,
үйшігін де сатпайды саудагерлер,
біз жинаған тиынға.
Егер, күнім, жалпақтасам жаманға, су
қосып бер, у қосып бер тағамға.
Басын иер ұл болмаймын, оллаһи,
баспана үшін құл қылатын қоғамға.
Қаңғып өлу жақсы шығар онанда!
Солай, жаным.
 Алаңдасаң алаңда:
қарауытқан баққа кетем, кешкісін.
қалың қарға тосып отыр мені онда!
Тыңдашы енді,
құлақ түрші күбірге,
Қара Өлөңнің қасиетінен түңілме:
Қапер-Есім қалш-қалш етіп, қарайып...
қарға-құсқа айналамын іңірде!
Солай, әне, Қара Өлөңнің
Дұғасы! Қарға болу қиын емес,
расы.
Қара түнде,
Қара Ағаштың басында,
қандай жұмсақ қанаттастар ұясы!
Ал, төменде – сен қорқыныш, сан күдік...
Қала жатар, ұл-қыздарын қаңғытып.
Қақ төбеден,
қайырымсыз қоғамға,
қандай раһат, отырсаңыз саңғытып!
* * *
Жалғыз қызыл Пұт қалыпты басты алаңда. Қоладан.
Түбіндегі қайыршылар (қалпақтарына қараған)
кіп-кішкентай пұттар сынды, мылқаулана қалшиып,
қайыры бар алақанның қабылдарда дәм-сыйын,
көзбояушылар телекөзден дәріс оқып халыққа;
құдайлықтың барлық түрін балағаттаудан жалыққан жас
бұзықтар
тегін тоқаш іздеп шығып пұшпақтан, әкелерін алып жатқан
кезде нағыз қыспаққа; әкімшілік
әр-әр жерде жалаңаштар жарысын
дүрілдетіп (Мәдениет Сарайларының наны үшін);
қорғаны жоқ кейуаналар
 үкіметтің дәлізін
мекен етіп...
ұл-қыздары шайнаңдайды сағызын!
Олардың да сілекейлерін одан сайын ағызып,
біржолата хайуандарға айналдырса!.. ә Қызыр?!...
* * *
Бір сұрақты жүз етіп, мың бір етіп,
келер Ойдың ең соңғы түнгі реті.
– Көрдік, білдік, естідік! – деп көкір жұрт.
Жалғандықты, шындықты кім біледі?
Бір-бірінен күнәсін ел жасыра,
күнелтуде.
Күнелту – олжа, сірә?
Мадағының білтесін көп озбыр жүр,
майлап алып момынның көз жасына.
Солайы солай-ау, бірақ, сол момын шіркіндердің де жылап
жүргендерінің өзі – өтірік. Өтірік жылайды ылғи. Әйтпесе,
оз- бырлықтың ғұмыры не ғып ұзақ болсын!?
Құдай ұрып, елдің бәрі шын жылауды ұмытып қалған
тәрізді немесе соның не екендігін де білмейді. Егер, шын
жылай білсе, шын көңілден күлу дегеннің де не екенін ұғар
еді ғой ол дауасыздар.
Бір жыласаң, міне, осы қасіретке жыларсың! Өтірік
күлу ел-елдің бәрін өлтіріп болды. Қалалары –
қояншық,
Дала – сұлық.
Өзен-көлдің суалып қарашығы, орман-тоғай
орнында – қара шілік... Елін сүйген Ерлердің
санасы ұлып!.. Жаны бітеу тобырдың тәні
ашылып!.. Жүрегіңе қадалып нала-сүлік,
 сорып алар болғанда бар асылын,
ТІЛ АЙНАЛЫП ЖҮРЕККЕ БІР-АҚ СӘТТЕ,
СЫЙМАЙ КЕТЕР АУЗЫҢА, АЛАСҰРЫП!..
Әй, сол кезде Өмірді Әмір етіп,
Тәңір бізге дарытса ед
Қабілетін:
күліп жүрген көзі – өсек, көңілі – өтірік;
киіп жүрген ток-жейде, темір етік;
қуып жүрген Кійені (мөңіретіп!)
жұрт біткенді берер ме ек
еңіретіп!.. Қой ол елді,
кезі жоқ құбылмаған:
базар-мазар арасы – дуылдаған. Бірақ,
ертең айтпады деп жүрмесін:
БІР ЖЫЛАТПАЙ ҚОЙМАЙДЫ ТҮБІНДЕ ҚАН!
Сонда бар ғой,
көз жастың үзілгені
өксік емес,
өксігің – «қызыл керік»...
«Бақ» дегеннің сасырсың боқ екенін,
«шоқ» дегеннің шошырсың мұзын көріп!
«Хақ» дегеннің де білерсің жалғандығын!
(тышқандықтың шиқылы – қалған ғұмыр)
«Қас» дегеннің де достығын тосын танып...
Жұмақ болып кетер ме ед сосын Тамұқ!.. Ал,
МЫЙЫҢНЫҢ ТОПЫРАҒЫНА
АҢҚЫЛДАҒАН
СӨЗДЕР ҚАУЛАП ШЫҒАДЫ, ЖАСЫЛДАНЫП!..
Ағыл-тегіл еңіре, жыла, ғаріп, Ақыл-Есті
ең соңғы шүбә қарып! Көздің жасы
буған Дәт – мына халық қоса егілсін,
кемсеңдеп тұра қалып! Көлкілдеген
 көзіңнің жасы арқылы жүре алмассың
сен сонда бозаң күліп; кеудең іші –
кеңсірік бітіп...
дәл сол
кеңсірігіңнің де қызарар назар қылы!
Сол ғой, әне – ОЙ ысып, КӨҢІЛ суып,
КӨҢІЛ ысып, ОЙ суып – тәңірсуің!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу