Өлеңдер ✍️

  21.09.2022
  142


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Жиындағы Жұбан. 1986 жыл

...Кейбір майдангерлеріміз қазір жиналыс сценарийлерінің таптырмайтын
деталіне айналып барады...
...«Ерлесе де,
алды – жарық, арты – мұң
Майдангер көп, бойламаған ар түбін»
дейміз қазір.
Мұндайды тек терістеп,
Бұзды Жұбан жиналыстың тәртібін.
Бұзды дағы топан шерді ақтарды,
Шер де екпіндеп,
жалтақ біткен сақтанды.
Қалтырауық Жазушылар Одағын
Шындық керіп жарылуға шақ қалды.
Жанарынан шашыраған азат күн
Жастарымнан бетін қақты азаптың.
Құламайтын құдіретін байқатты ол
Мың жерленіп, мың тірілген қазақтың.
Біреу шықты – күйін шертті «сезбестің»,
Ал, біреудің қалды ішінде төзбес мұң.
«Беделдінің» бес алтауын «сайратып»,
Қалғанына бұйыртпады сөзді ешкім.
Шіркін, маған жалғасын деп бұл «әнді»,
Сөз берсе егер сөз де айта алмай «ұнамды»,
Қуылған ем,
Оқу да жоқ қорқатын,
Толықтырып кетер ме едім Жұбанды.
Кеудесінде тірі ақиқат тұншығып,
Сонда отырды талай «Жұбан» құлшынып,


Бәріне оның бұйыртпады тарихты
«Шүрегейге» жалтақтаған құлшылық.
...Құқын бүгін шабармандық шектеген,
Қарттарым көп соғыс табы кетпеген.
Өліп кетпей олар да енді,
Жұбанша
«Азаттығын» алып кетсе деп келем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу