Өлеңдер ✍️

  21.09.2022
  226


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Жаркенттегі ескерткіш

Ербол Сыпатаевқа
Еркіндікке аударған ел қонысын
Шын егілдім мен сонда Ербол үшін.
Сен әкелген азаттық мәңгі жасап,
Азат болсын бейіште енді өрісің!
Намыс оты көзіңде ыршып, күліп,
Отарлықты кеттің бе түршіктіріп?
Сен өлсең де «өлді» деп сенбегесін
Темір табыт әкелді тұншықтырып.
Темір табыт әкелді шыға алмасқа,
Темір қоғам қандай сыр ұғар басқа?
Жылап қалған,
Құдайға сыр ақтарған
Ұлттың үнін аспанға шығармасқа...
Сол қоғамның жарамсақ қасқырлары
Әкелді де табытты аштырмады.
Әруақты тағы да қамауға алды,
Аз болғандай алаңның басқа ұрғаны.
Намысты елге жарасқан дарқан қылық
Ұзақ тұрмас бас еркін арқанға іліп.


Ербол да елін ұшпаққа алып шықты
Табыт түгілі, тамұқты талқан қылып.
Қамауға алған табыт та сынды ақыры,
Тірі көмген жендеттің тынды ақылы.
Сенсің Ербол қазақтың қанға бөгіп,
Шаршы алаңда көз жұмған шын батыры.
Өктемдікке мойымай наз ақтарып,
Тас мүсінге айналдың Ләзатты алып.
Ұл, қызымның танытып қайсарлығын
«Міне осындай, деп тұрсың, азат халық».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу