Өлеңдер ✍️
«Қиян» фильмiн көрген соң
(Менiң екi көзқарасым)
1. Қайран достар, бiр туған құрбым едi,
Жамандықтың жиi есiп тұрды лебi.
«Қияндағы» қиянат қылқындырып,
Бiр өкiнiш аяусыз ұрды менi.
Жүрегiмнен жұлқылап кесiмдi үмiт,
Қайта үңiлдiм фильмге, есiм кiрiп.
Жатыр, әне, режиссер, аруды емес,
Абыройдан елiмдi шешiндiрiп.
Кемпiр-шалдың үйiнен ұрыс тiлеп,
Кеттi экран әрненi тiмiскiлеп.
Жер жаратқан жаранды тыныстатпай
«Жертөлеге» қамауға тырысты кеп.
Iшiмдiкпен уланса қиялы шын –
Көзден шарап ағыздым ұям үшiн.
Күнәсi деп адамның құптамадым
Жаратылыс жаратқан «Қиян» iсiн.
...Жо-жоқ, мерейлi әулеттер иесi боп,
Шақырады құрбылар «Үй осы» деп...
Шымылдығын жанымның жұлқылайды
Қалғып кеткен экран жиi есiнеп.
Қайта кеттiк фильмге бiз асығып. –
Жаз арудың мойнына күз асылып,
Бұлттың сұрғылт құрсауын бұза шығып,
Ұясына күн кеттi қыза сiңiп...
1988 жыл.
2. Өзгерiстер сананы алаңдатса,
Ащы шындық қоғамды арандатса
Жалған намыс жеткiзбес нарқына елдiң
Өз ауруын жасырып арам қатса.
Бермесе де көзқарас көздерге есеп,
Намыс та орға жығады өзгермесек.
Адасады ұрпақ та тарихынан
Өз кезiнде шындыққа сөз бермесек.
Мақтанышын шындай қып қостамасаң
Көрсетушi ед жыртығын дос та қашан.
Мойындай ма өз мұңын намысшыл ел
Өз төбеңнiң мұңынан бастамасаң?
Қаңғыртса да қасiрет шалғайына
Жазғаны бұл Тәңірдiң маңдайыңа.
Намыстанба, ел!
Бағалат тарихыңды
Төтеп берген нәубеттiң қандайына...
1998 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter