Өлеңдер ✍️
Балаға ат қоюдың дауы
Дүниеге бір ұл келсе қуантады алашты,
Құттыған туған туыс ат қоюға таласты.
– Жеңіс келген күнде туды,
қойсақ қайтер «Жеңісті»?
– Жоқ, әлі де соғыстардан көз ашпады жер үсті.
– Дарын дейік...
ол да сендей төкпе болсын тоқтамас?
Сарай ақын көп онсыз да, кілең «жиен», бақталас...
– «Темірлан» деп қойсақ қайтер?
– Алма олардың мазасын,
Патшалардың тарих білер пенделіктен тазасын.
– Онда атаңның атын қойсақ...
– Айтуға тіл күрмелер.
– Мұқағали атын берсек...
– Атына оның кір келер.
– «Сұлтан» десек...
– Өзін елден биік қою арға сын.
– «Әбу» десек...
Орыс бітіп, қалды ма араб?
Болмасын!
Мен айтайын,
Қала болып баршылыққа мастандық.
Ауыл болмай ұлтымызға болар ма еді бостандық?
Тәуелсіздік тамыры – ауыл,
арға қазы болатын,
Ауыр демей, «Ауылғазы» қойсақ қайтер бала атын?
– Ауыр, – деді.
Ауырлықты ұл емес пе көтерер?
Өз тамырын өгейсітіп менсінбейді бекер ел.
Ұқтырмаған дәуір шығар – «Дәуірғазы» десек те
Шуылдасты көп дауыстар оны да алмай есепке.
Онсыз да от ем ауыл сөзін «Д» әрпіне жасырдық,
Дауылғазы атадық та дауыл болып басылдық.
Дауыл бірақ тұрақтамай іштегі үрлеп намысты,
«Ауылғазы» деген есім құжатыңмен табысты.
Таяз болып өссе ұлым, өкінеді өскенде,
Биік болса бұл есімге мақтанады,
Сескенбе!...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter