Өлеңдер ✍️
СОЙДАҚТIСКЕ НЕМЕСЕ «SOS!»
Шөбересi шабақтың – жайын шырақ,
Майданы жеп семiрген майың – сынап.
Өкiмет пен халыққа кезек жайған
Алақаның тойымсыз, қайыр сұрап.
Шабақ едi арғы атаң жарымаған,
Ұзап кете қоймапсың əлi де одан.
Қоятындай теңiздiң өзiн жұтып,
Бiр жалмауыз болыпсың озбыр аран.
Жоталанып, жалданып, кит болам деп,
Айналаңды жұтаттың, дəнiге жеп.
Жер-жаһанға жар салып жүрсiң ендi,
Шабақтарды аштықтан құтқарам деп.
Құтқармақсың... Ал, сонда, сойдақтiсiм,
Құлқыныңа құлып сап қоймақпысың?
Шабақтарды асырап, бағамын деп,
Бiр-ақ қылғып, бiр өзiң тоймақпысың?
Су iшiне өрт қойған сұмырай-ау,
Жасырмайды сұрыңды жаққан бояу.
Жəрдем күткен жəутеңдеп жəудiр көздер
Болмайтынын бiледi сенен аяу.
Жетiм-жесiр көз жасын бос төкпейдi,
Нəсiбiн жеп, сендейлер кес-кестейдi.
Кiмге пайдаң тигендей кесiр едiң,
Қайда барсаң – сол жерден «SOS!» кетпейдi.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter