Өлеңдер ✍️
Жылдар маған өктемдiгiн жүргiздi....
Жылдар маған өктемдiгiн жүргiздi,
Өмiр маған өз дегенiн бiлгiздi.
Көктен түскен тəңiр нұры тəрiздi
Жан-жүрегiм ардақ тұтқан гүлдi үздi.
Ол гүл – менiң сəби көңiлiм едi ғой..
Көкке шығып, құшқан жарық жұлдызды.
Кең əлемге еркелеудi бастадық,
Өлiп-өшiп ұнатудан бiр қызды.
Сол өлкеге... сонау алыс қиырдан
Ғашық жүрек аттың басын бұрғызды.
Амал қанша, шарқ ұрсам да таппадым,
Көңiлiмде табы қалған нұрлы iздi.
Махабаттың ескi жұрты – қиялдың
Саусақтарын тiкенiне тiлгiздi.
Көктем мен жаз көзден бұлбұл ұшқан соң,
Қойсаңшы ендi қолға түскен бұл күздi.
Күз артынан, қылышын бiр сүйретiп
Қыс келген соң... аяр дейсiң кiм бiздi.
Керегенi сипалайтын кезiң де
Алыс емес, түнге балап күндiздi.
Уақыт деген осы, мiне, е демде
Аяғыңа ауыр тұсау iлгiздi.
Адымыңды керi тартып, артыңа
Қайта-қайта мойыныңды бұрғызды.
Адам үшiн өткенiнiң бəрi арман,
Сол арманды өмiр бойы қуғызды..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter