Өлеңдер ✍️
Тыныш мекеннен шықтым дауылға
Тыныш мекеннен
шықтым дауылға.
Кештiм лайсаң,
Көштiм жауында.
Менi ешкiм де
үйден қуған жоқ,
Жақын қашаннан
Жаным ауырға.
Жайлы қоныстан
жылжып кеттiм мен,
Шықтым алыстан
Сол бiр екпiнмен.
Көне сүрлеуден
кеттiм көз жазып,
Түстiм тiкенге
сырып ет тiлген.
Жылы ұядан
ұштым қашыққа,
Ықтан ығыстым,
шықтым ашыққа.
Менi қарсы алды
шақар ызғырық,
Ұят, ибадан
жұрдай пасық па?
Ыстық құшаққа
қанша бөлендiм?
Шықтым жұлқынып,
ытқып жөнелдiм.
Болды болары,
қайда шегiнем?
Тiлек толқынын
қалай бөгермiн.
Менi тағдырым
жұлқып тiсiмен,
Алды суырып
пештiң iшiнен.
Жұмсақ тоқаш ем,
тастай қатайдым,
Қара дауылдың
қайсар күшiмен.
Мейлi, қатайсам,
Неге өкiнем?
Тағдыр желiне
Жетем отымен.
Желдi қайрақ қып,
Оттай ойнап тiк,
Өрлеп, өрмелеп,
Өршiп жетiлем.
Қыран баласы
жылы ұяда
Туар, бiрақ та
оған сыя ма?
Жайлы мекенiн
тастап шығады ол,
Бағын сынауға
алыс қияда.
Лаулап, лапылдап,
жанып көргенмiн,
Жайнап, жалындап,
Жарық бергенмiн.
Күннен жаралған
–
Анам махаббат,
Жүрек жылуын
алып келгенмiн.
Сол жылуымды
сыйлап басқаға,
Өшiп барамын,
өзiм, масқара!
Күмiс күмбiрлi
күмбез көңiлiм,
Ендi қарасаң,
ескi тас қора.
Сызды үңгiрдiң
аузы ашылды..
Көздiң бұршағы
ыршып шашылды.
Шоқтан алынған
қара шəугiмдей,
Дем де суыды,
Ентiк басылды.
Албырт, балғын шақ –
Ұқсас жас талға,
Шын-ақ өттi ме
Бiздiң бастан да.
Күйдiм. Қарайдым.
Жан ба?
Басқа ол да.
Күйрей қараймын
Күңгiрт аспанға.
Кiмдi кiнəлап,
Кiмдi сөгейiн.
Өзiм тiледiм,
Өзiм көрейiн.
Жанып таусылсам –
Жазу сол шығар...
Жақсы атақпен
Сөнсем сөнейiн.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter