file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  131


Автор: Ғұсман Жандыбаев

БАЛАЛАРЫ ШЫНДЫҚТЫҢ

Балалары шындықтың
Бiр-бiрiмен түртiсiп
ойнаушы едi, сұмдықтың
Зоры болды: қырқысып!
Балалары шындықтың
Таласты да оймаққа,
Пиғылдары бұзылды,
Бiрiн-бiрi жоймаққа.
Қырық пышақ болды ақыр,
Бiр-бiрiмен соттасып.
Ал, өтiрiк ол жатыр
Сылқ-сылқ күлiп, к...ттi ашып.
Əуселесi шындықтың
Осы болса, əй, тегi.
Өтiрiктiң тасы өрге
Домаламай қайтедi.
Балалары шындықтың
Бiрiн-бiрi жейтiндей.
Жексұрынға айналды,
Жалмауыздың кейпiндей.
Жаудан бетер – жақыны,
Əй, ақымақ шiркiн-ай.
Асып туған ақылы –
Өтiрiктiң ұрты май.
Балалары шындықтың
Ойлы-қырлы жүгiрдi.
Өтiрiктi пiр тұтып,
Алдына кеп жүгiндi.
Бiрiн-бiрi көрсетiп,
Шайтанарыз жаудырды.
Ал, өтiрiк мырс етiп,
Желге қарсы ау құрды.
Балалары шындықтың
Өтiрiктi паралап,
Бiр-бiрiнен айласын
Асырмақшы, о, ғажап!
Ал, өтiрiк əккi сұм,
Бiр-бiрiне айдап сап,
Балаларын шындықтың
Өздi-өзiне жайлатпақ.
Екi қарға таласса,
Құзғын келiп жемей ме.
Ит пен мысық жарасса,
Заманақыр емей не?
Бiр-бiрiнiң жер басып
Жүргенiн де көре алмай,
Соған бола жауласып,
Сорлылар жүр өле алмай.
Басындағы бақытты
Көтере алмай байғұстар,
Өтiрiкке, ақыры,
Күнi түсiп, аңдысты, ал.
Бiлдi өтiрiк: бұлардың
Ел болудан кеткенiн.
Қулық ойлап: тұр бəрiн
Құлданбаққа теп-тегiн.
Құл болмаса, бұл шындық,
Кiм болады, ал, ендi?
Өрге басқан өтiрiк
Билеп алды əлемдi.
Бiз шындықтың қолына
Тапсырмап па ек, оны əлде?
Бұл дүниенiң сорына,
Сатып кеттi ол, амал не.
Əлем – бiздiң анамыз,
Оны кiмге тапсырдық?
Түсер деп пе ек бағамыз,
Қара бет боп ақ шындық.
Анамыздың құдайдан
Тiлеп алған шындығы
Неге қайтып райдан,
Жалғанға бас шұлғыды?
Мұнысы не, мұнысы,
Əлде, шайтан түрттi ме?
Жазылып бой құрысы,
Өтiрiк тұр шырт күле.
Үмiт күткен шындықтың
Болғаннан соң сиқы осы,
Қайтушi едi жұқармай
Анамыздың жүйкесi.
Шыншылдар жоқ жолында
Жөн айтатын жамырап,
Өтiрiктiң қолында
Қалды Қара шаңырақ.
Шаңырақты құлатпай,
Жүргенi үшiн ие боп,
Өтiрiкке – мың лəббай,
Оған жұғар күйе жоқ.
Бiр тұтам боп қалғанмен,
Ұстатпайды құйрығы.
Заты өтiрiк болғанмен,
Аты аяулы, сыйлы, iрi.
Ал, шындық та аяққа
Оралуын қоймайды.
Сан түссе де таяққа,
Жығылғанға тоймайды.
Келерi жоқ қолынан –
Кiмге керек ол сорлы.
Ергендердi соңынан –
Сан соқтырып, қанша өлдi?
«Уа, шындық!» деп, əнеки,
Тағы бiреу аттан сап,
Жəне өзi дəрет үй
Таба алмай жүр... Мақтаншақ!
Сондайларға ерем деп,
Жемедi екен кiм опық.
Айтшы ендi «Өлем!» деп,
Селт етпеймiз, мiне, түк.
Шыңғыра бер, елеңдеп
Қарамайды ендi ешкiм.
Өтiрiктi жеңем деп,
Өз атаңмен белдестiң.
Абыройдан жұрдай боп,
Ашылған соң бар сыры,
Өтiрiкпен ыңғай кеп,
Кəрi шындық алжыды.
Екi ұшынан бiр жiптiң
Ұстап едi, iлеспей –
Елесiнде шындықтың,
Қалды өтiрiк жiп еспей.
Балалары шындықтың
Қырқысумен келедi.
Күн нұрынан жаралып,
Күнəһар боп өледi.
Арам өлген пақырды,
Өтiрiк кеп көмедi.
Ақиқаттың, ақырғы
Барар жерi со ма едi?
Балалары шындықтың
Бiрiн-бiрi жоймаққа,
Қамалында құлдықтың
Таласып жүр оймаққа.
Үрейленiп халық тұр.
Шындық дейдi-ау, о, надан!
Кем дерт емес анық бұл –
СПИД пенен обадан.
Есi шыққан ел аң-таң:
Жұқпалы дерт – өртпен тең.
Өрттiң алдын алмасаң,
Өзiң де бiр – күйген көн.
Бiз шындыққа сенiп ек,
Ол сертiнен тайқыды.
Аты шындық демесек,
Қалды дейсiң қай құны.
Қайыршыдай ұсқыны –
Шындық қайда барады.
Тiзе жақта – ышқыры,
Жырым, сатпақ – балағы.
Бұл түрiне қарасаң –
Мүсəпiрдiң сорлысы.
Нақақ жанға санасаң –
Сенi алдаған сол кiсi.
Өзгерткенмен пошымын,
Дəмесi əлi жоғары.
Мойнында ғой осының –
Талайлардың обалы.
Шыр-пыр болып сен деген
Қорғаштайсың оны əлi.
Шындық болып көрмеген –
Қалай шындық болады?
Сенген өзiң болмасаң,
Айыпты емес алдаған.
Шындық деген – далбасаң,
Өтiрiгiң – дəл бағаң.
Құр мақтанды асырып,
Шындық аштан үйде өлдi.
Семiздiгiн жасырып,
Өтiрiк əбден күйлендi.
Көптi алдаған көмусiз
Қалар дейдi кекшiл үн.
Екiжүздi, сенiмсiз
Шындық неткен жексұрын!
Арсыз, құдай атқырлар
Бұлғағанмен өз асын,
Бiз сенемiз:
сатқындар
Тартады деп жазасын.
Бiз сенемiз...
Сенумен
Ғұмырымыз өтсе де.
Сол бiр уды сорумен
Махшар күнi жетсе де.
Ал шындықты соттайық –
Жүзiқара жүлiктей.
Өтiрiктi мақтайық –
Қыз жақтаған жiгiттей..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу