Өлеңдер ✍️
Түн
Естiмептi жанымды түн құлағы,
Үнсiздiктен үрейлi үн құлады.
Сорлы тарих санамда қабат-қабат
Секундтарға қысылып шыңғырады.
Киемiздi сүзем деп құлыптастан
Киесi ұрып тозақтың сыныпты аспан.
Көлеңкемдi жымқырған қара түндi
Қылғыттым да жайрадым дым ұқпастан.
Түндi жұттым,
жарқ етiп жасын өттi,
Жарқанаттар жазықсыз басы кеттi.
Бекер жұттым, iшiмде байыз таппай
Байғыз үнi жаудырды қасiреттi.
Бойламады санамды түктiң мәнi,
Айналаны жүрегiм тұтқындады.
Қағып кеттiм өзiмдi аңдаусызда,
Қараңғыны дым қоймай жұттым дағы.
Аңғалдыққа сүрiнiп намыс тағы.
Құлағыма құрдымның жабысты әнi.
Жыртығынан жанымның тамшылап түн,
Қараңғының салмағы жаныштады.
Бiр түн өттi,
Сол түннен мың түнектi
Жымқырды да жанымның шырқы кеттi.
Санама кеп кеп тығылған азаттығым
Көлеңкемдi өзiмнен қырқып өттi.
Жарқ еткiзiп жай оты жүректi де
Уысыма жиналды түнек, мiне.
Жыр-жарыққа соғылды жарқанаттар
Қап-қараңғы жанымнан пыр еттi де.
Жетiм ажал жарыққа түнесiн бе?
Тәңірдiң де тағдыры тұр есiнде.
Сынып кеттi жүрегiм.
Жанарымнан
Түстi ғұмыр сау етiп күресiнге.
Бағы дәуiр кеткенде мантырап тым –
Тiтiркендi сұсынан қалтырап түн.
Түннiң сонда жейдесiн бiр-ақ тартып,
Омырауын ай қылып жарқыраттым.
Шыңның бiрде намысы қайнап ағып,
Өгiз бұлттар өкiрдi жай қадалып.
Өксiгенде өзекке ой қамалып
Өлiп кеттi кеудемде ай жоғалып.
Айды аңдыған көк бөрi ем,
Жатпай ұлып,
Жұлдыз жұтып масайдым,
от қайырып.
Қансырата таң нұрын сорғалаттым,
Қара түннiң маңдайын қаққа айырып.
Күлкiсiнен адасып сан сұрақтың,
Қарашығын түнектiң қансыраттым.
Әлсiз нұры шытынап бара жатты
Шағылғанда күл болып “шамшырақ” түн.
Әр секундтың есiгiн баптап ашқан
Егiлдi iште Тәңірiн жоқтап аспан.
Менiң ұзақ ойларым керiп кетiп
Түн тiгiсi сөгiлдi тоқтамастан.
Түндi бекер үркiттiм түсiм қашып,
Құтқарусыз қалды үмiт iшiмде ашып.
Көлеңкемдi суырып ала кеттiм
Қараңғының қинамай мысын басып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter