Өлеңдер ✍️
Сырқат
Түзеген болдым сыртымды,
Iшiмде әлi – төңкерiс...
Көзiмнен ытқып жыртылды
Iшектi жарған теңселiс.
Жарым естердiң сарабы
Намысты тағы бұрғылап,
Жанымды жайғап барады
Жүректiң жыны ұрғылап.
Сезiмдi сезбес тас құрлы
Өреге бiткен олқыны
Толтырмақ едi...
Басқа ұрды
Қысылған қанның толқыны.
Дәуiрлер берiп, ел iшкен
Ащыны құсып асқазан,
Тепкiлеп жатыр менi iштен
Бауырдан өткен тас – тозаң.
Тұнбасы қырсық санамның
Бүйрекке жеттi жаншылып,
Тамырын кестi ғаламның
Үрейден үркiп қанша үмiт.
Тұздықтай берме жанымды,
Дәрiгердiң соқыр дәрмегi,
Ажалға тартсаң барымды
Арымды қоссаң нәрлi едi.
Нәрi ем боп талай шерiмнiң
Жұтты да менi туды ажал.
Кеденiн өмiр, өлiмнiң
Босатпай кеттi қу базар.
Босатпай кеттi кiл мықты
Фәнидi тұтас жастанып,
Ұйықтатып тынды тiрлiктi
Қасiрет шеккен мас халық.
Жараттың мендей мүсiндi
Өнерiң тасып, бiр Құдай,
Өз қолың қылған iсiңдi
Ұрғылай берме, ұрғылай...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter