Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  114


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Жоғалу

Айыра алмай тағы да ақ-қараны
Болмысымды болмысым ақтарады.
Жаратылыс марқұм да мұрағат боп
Менiң тозған жүйкемде қап барады.
Өзiмдi өзiм тағы да бөлшектедiм,
Таразылар таласты...
Өлшетпедiм.
Қиялымды жанымнан суырып ап,
Жұттым дағы Тәңірге көрсетпедiм.
Кеңiстiктiң кетiрдiм күйiсiн де,
Қиялымның күйiк бар иiсiнде.
Өзiме өзiм қамалып тұтқындалдым,
Ойларым да тұншықты ми iшiнде.


Ақыреттiң ақырғы айласы да
Сол қиялдың шешiлдi пайдасына.
Кеңiстiк те тыпырлап қала бердi
Көңiлiмнiң қысылып айнасына.
Керуенiн тарта алмай үмiт көптiң
Абыройы шашылды сынып көктiң.
Жылдамдықтан жарықты қағып алып,
Сәулесiне жарқ етiп сiңiп кеттiм.
Жүрегімді аңдып ем, шешiп еттi,
Менен қашып ғұмырдың көшi кеттi.
Өйткенi ол да тұтқын боп,
Шындық деген
Жаратылыс жауынан шошып өттi.
Өгейлiктi өкшелеп өрем менiң,
Қалды әлсiреп ала алмай өлең демiн.
Жиып берiп ғаламды уысына
Құдiретке бәрiбiр еленбедiм.
Тiрлiк армен төлей ме жол бағамды,
Табыстай ма жұмаққа жолдамамды,
Құдiреттiң құйылсам құлқынына
Сорғалатып көзiмнен сорлағанды?
Ләззат тапсам мезгiлдi түршiктiрiп,
Кезедi үрей санамды ыршып, күлiп,
Қиялымның түйiлген iшегiнде
Тiршiлiктен қалған-ау қылшық тұрып.
Жаратылыс мен десе жылымас-ты...
Жаратты да көре сап сұры қашты.
Менiң мысым кеттi ме тұншықтырып,
Ғайып құлпын қиялмен жұлып ашты...


Үнсiздiктiң үрейiн шала ұқтырып
Мазағына шыжғырды шабыт күлiп.
Кеңiстiк те кеудеме енiп кеттi
Шаттығымның әйнегiн шағып кiрiп.
Асау ажалды үйретiп көзiмде жын
Бола қалды селк етiп төзiм де жым
О дүние мен бұ дүние,
Бар дүниеден
Iздеу салып таппадым өзiмдi өзiм.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу