Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  118


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Мәңгiлiктi талатпай сүйреп келем

Тылсым – ғажап, түбi – мұң,
Бар ма осалы? –
Әдiлеттiң әлсiреп қалды ошағы.
Ғалам сыймай керiлiп кеткен сана
Шексiздiктiң қақпасын зорға ашады.
Құпияның шыңы – мұз, көркi күштi,
Мұз да еридi ләззаттан өр тынысты.
Ондайда өрлеу – оянсаң құлдағаның,
Қойылатын нүктесi қорқынышты.
Мезгiл iшiп масайған мұңға баттым.
Ендi өзiмдi өзiмнен ұрламақпын.
Жүрегiме масыл боп,
қиялымның
Мен де ығырын шығарған бiр қонақпын.
Қасiреттер сөнедi,
Сөнбейдi елес.
Өмiр сүргiң келедi,
келмейдi емес,
Бiрақ, ессiз табиғат еншiсiне
Бұйырмайтын сияқты мендей белес.
Жұбата алмай жанымды жылап қалған
Жығылды да
жылады жырақта арман.
Менiң жаным жалғасы мәңгiлiктiң
Құрастырып бiтпеген сұрақтардан.
Тәңір, ғалам – бiр тұлға...
Ендi өлшемi
түсiнiктi...
Қозғалтқыш мен – бөлшегi.
Мендегi шер – дертi оның,


Ем жетпесе
Менен бiтер ғаламдық шеңбер шегi.
Жаратушы қосылған Жаратылыс –
Мәңгiлiктен үзiлiп қалатын iс
болмағасын,
бұлардың қайғысынан
Қалғымады санамда нала тыныш.
Жуындым да шегi жоқ былыққа мың,
Шексiздiктi қиялға құлыптадым.
Санамыздың сыртында көп ойланып,
Жан айғайымды естiдiм,
Дым ұқпадым.
Тiршiлiктен нем қалды күйретпеген?
Дүниеге нем қалды үйретпеген?
О дүние мен бұ дүние қаһарына
Мәңгiлiктi талатпай сүйреп келем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу