Өлеңдер ✍️
ЖАН ОТЫ
Он сегiз жас – шар айна,
Тартып кетер сенi iшке.
Теңесер ме, алайда,
Ойнақтаған он үшке.
Жиырма бестiң жалауы
Көтерiлсе – алдамас.
Он сегiздiң алауы
Ендi қайтып лауламас.
Жиырма бестiң от ызған
Қызыл шоғы сөндi деп,
Салқын қанды отыздан
Шошынудың орны жоқ.
Оқтай зулап ол дағы
Өте шығар бiлдiрмей.
Көп қызықты жолдағы
Аңғартып та үлгiрмей.
От шайнаған отызым
Өтер-ау деп өкiнбе.
Ойдым-ойдым от iзiң
Қалсын жердiң бетiнде.
Отызында шоқ басып,
Күйгендерге күрсiндiк.
Елуiнде соттасып
Жүргендер де – бiр сұмдық.
Күзiң жетер бiр тайғақ,
Ызғырық та жел есер.
Жасын ойнат, бұлт айдап,
Жазың өтсе – деме сор.
Қырық жаста үгiлген
Елуiнде езiлер.
Ерте жатып, бүгiлген
Елден бұрын көз iлер.
Өмiр заңы бұлжымас,
Өз өкiмiн жүргiзер.
Өткен уақыт жым-жылас
Тiстен бұрын тiлдi үзер..
Үрей емес – жылдардың
Зымырап бiр өткенi.
Мұңсыз күнi мұндардың
Шошытады тек менi.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter