Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  118


Автор: Ғұсман Жандыбаев

НАУРЫЗ АЙЫ ТУҒАНДА

Шағыл тасты, шоқ талды, жусанды өлке
Шайға қанған қазақтай бусанды ерте.
Қалың шидiң түбiнде ағарған қар –
Жусап жатқан лақтардай мың-сан бөрте.
Сүйiншiсiн көктемнiң бұлақ сұрап,
Қуып кеттi сай-сайды, ұбап-шұбап.
Атты-арбалы, трактор-автобуспен
Мейман келгiш ағайын-жұратшылап.
Табиғаттың жадырап тоң қабағы,
Үлкен үйге ұқсайды он балалы.
Жер аяғы кеңiсе, қарттар да мəз,
Алты ай-қыста қараған қолға малы.
Наурыз айы туғанда дала түлеп,
Сезiм гүлдеп, бой сергiп, жан оты үдеп,
Ой көгерiп, көңiл де бүршiктенiп,
Жас түйiндей көз ашар жаңа тiлек.
Жас-кəрiге наурыздың назы бiрдей,
Қалқашыңның күлкiсi – қаз үнiндей.
Ақ самалдың лебi желпiп өткен –
Аңқылдаған жеңгенiң əзiлiндей.
Қауқылдасқан қауым ел – жамиғаттың
көздерiнен көкейiн таниды ақ Күн.
Ойын-сауық отаны болған дала –
Отау үйi секiлдi табиғаттың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу