file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  120


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Алғандай айғыр-бұлттар от теңдесiп...

Алғандай айғыр-бұлттар от теңдесiп,
Жөңкiлiп бара жатыр бөктерлесiп.
О шiркiн, мына дүние қандай ғажап,
Келедi сең үстiнде көктем көшiп!
Қос дүлей шарпысқанда өктемсiнiп,
Түседi қылыштары көктен сынып.
Балқытып жер бауырын, мұзды жарып,
Келедi қар астынан көктем шығып!
Келедi сеңдер көшiп үйiрлi, алып,
Қақпайлап бiрiн-бiрi, киiп-жарып.
Қашанғы маңғаз қалпын өзгертпей тұр
Өр таулар тiршiлiктiң күйiн бағып.
Қалқитып төбелер де көк құлағын,
Жазыққа жамыратты көп бұлағын.
Жатқандай жалпақ дала биге басып,
Қара жер жалғастырып көктiң əнiн.
Шешiлiп аяқ-қолы көк тұманың,
Ала бұлт iлестiрiп кеттi қарын.
Тамам құс жиылып кеп талма түсте
Шырқап жүр аспанымда тоқтық əнiн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу