Өлеңдер ✍️
БҰЛБҰЛДЫҢ МҰҢЫ
Асыранды бүркiтпенен қолдағы,
Сыр шертiскен едi бұлбұл тордағы.
Я сұрамақ, я сынамақ болғаны –
Бүркiт айтқан гəп едi бұл сондағы:
– Неге сенiң түсiп отыр ұнжырғаң,
Бақытты құс бар ма сендей, бұлбұлжан?
Адам бiткен əуенiңе тəнтi боп,
Ақын бiткен өзiңдi айтып жыр қылған.
Сонда бұлбұл басын шайқап көп тұрды,
Көмейiнен өзгеше бiр төктi үндi.
Сып-сыпайы, сырбаз шiркiн, шатынап,
Бола кеттi орақ ауыз, от тiлдi:
– О, Бүркiт дос! Айтқаның шын... Алайда,
Жұбатқанға көңiл мұңы тарай ма?
Сайрағанмен салтанатты сарайда,
Бар тағдырым бағынышты тоғайға.
Адам ойы құс түйсiктен көп алыс,
Шара қайсы? Қайнайды екен соған iш.
Кiсi ұққанмен, құс ұқпаса тiлiмдi,
Менiң бұлбұл болғанымнан не мəнiс?
Үнiм, жырым – бақытым ба, сорым ба?
Жауабына жете алмадым соның да.
Ата-бабам үйiр бопты адамға,
Жүрмеймiн деп қарғалардың соңында.
Адамға тəн ұлы сезiм – құштарлық,
Құштарлықпен сыйысар ма дұшпандық?!
Обалы не, жасаған жоқ еш адам
Маған деген iлтипатқа iштарлық.
Мазалайды кейде менi бiр күмəн,
Сондай кезде қарап тұрып бұлқынам.
Екi көршi керiлдесiп жатқанын
көзiм шалып қалып едi сыртынан...
Бұл да шындық, сөзiмде жоқ бiр жалған:
Атақ-даңқы қатарласа жер жарған
Екi əншiнiң шекiскенiн мен көрдiм,
Кетiскенiн – қос мергеннiң оқ жонған.
Бұл бiр жұмбақ – түпсiз терең иiрiм,
Шермендемiн – шешпей соның түйiнiн.
Содан берi содырлы бiр iс көрсем,
Ең алдымен мен тартамын күйiгiн.
Адамдарды жамандыққа қимаймын,
Мен оларға табынамын, сыйлаймын.
Сондықтан да “Шықпаса, деп, бiр сойқан!”,
Мынау əсем тор-ұяма сыймаймын.
Қиюласпас ерсiлiкке қарашы:
Адам бiткен – бiр атаның баласы.
Сөйте тұра, құсқа қиған құрметiн
Өздi-өзiнен қызғанады, шамасы.
Дегiздiм бе “бұлбұлыңның сөзi-ай тiк!”,
Азды-көптi мұң шағып та наз айтып.
...Бiр күмəнiм – адам болсам, құс болмай,
Алмас па екем қадiрiмдi азайтып?.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter