file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  195


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Қыран

Көз талдырар қиянда
Көк мұнарлы құяңға
Бiр батқанда –
Тұйғын көкiрек тұншыққанда,
Бiр шыққанда –
Ыстық ұшқын ыршып қанда,
Қылп ете қап–
Түсiп кеткен түймедей,
Жылт ете қап–
Көзге iлiккен инедей.
Жел сəуiрдей түйлiгiп,
Жетi қат көктен шүйлiгiп,
Жай оғындай килiгiп,
Серiппелi сом болат
Жебе-сынды сорғалап;
Балғын етi бал дəмдi
Балпанақтай бағланды
Ала қашқан арланды
Қаншық иттей жұмарлап,
Басын жерге нығарлап,
Темiр шеңгелдi тереңге
Тебендейiн сүңгiтiп,
Жылы өкпесiне демде
Құшырлана қылғытып,
Жемтiкке емес, Жеңсiкке
Шаттана бiр шаңқ етiп,
Жапан түздi жаңғыртып,
Көк төрiне көсiлте
Қайта шығар салдыртып

Жарты патша сал бүркiт:
Жол берместен ойранға,
Жауын жайпап майданда,
Туған жердiң көгiне
Қалқан етiп қанатын,
Туын жықпай, Елiне
Салтанатпен баратын,
Дақ түсiрмей тегiне,
Қыран болып қалатын,
Достасқанның бауыры,
Қастасқанның дауылы,
Елiм деп туған марқасқа
Ерлердi еске салмас па?
Уай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу