file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  178


Автор: Ғұсман Жандыбаев

АРМАН-БАҚЫТ

Арман-бақыт! Ғұмыр бойы мен саған
Екi аяқпен омбы кешiп жол салам.
Жетермiн де, жанға азық етермiн,
Аспандағы ақ Күнiмдей болшы аман!
Арман-бақыт! Жүрегiме мұң артып,
Iңкəр еттiң, қайғыртып та қуантып.
Асқақтайсың, қашқақтайсың неге сен,
Сағым жапқан сары белдей мұнартып?
Сынға шыдар, шыңға шығар дара күш
Таба алар ма уыз қанат бала құс?
Арман-бақыт, ынтықтырып келесiң,
Жұмбағы мол жұлдызымдай ең алыс.
Арман-бақыт! Алыстасаң алыста,
Саған созған қолым жетсiн ғарышқа.
Нар тəуекел, шегiнбестен түсемiн,
Шексiздiктiң өзiмен де жарысқа.
Арман-бақыт! Сен де менi сынап көр,
Ешкiм шешiп көрмеген көп сұрақ бер.
Қашықтан-ақ жақын тартып тұр өзiң,
Көзiме – нұр, көңiлiме шуақ бол.
Арман-бақыт! Аярлардан сақ бол сен,
Топ еткiзер арбауына тап келсең.
Кетесiң ғой алаяққа жем болып,
Айласы жоқ адал жанды жат көрсең.
Жылпостар бар тегiн олжа дəметкен,
Сондайлардан қорып сенi əлек мен.
Дайым саған iзгi жандар жолықсын,
Еңбегiмен гүл өсiрiп, дəн еккен.
Ғашықтарды жебей жетсең – сүйiндiм,
Пасықтарды мерейлi етсең – күйiндiм.
Қағамын деп сенi төнген қатерден,
Қақ төбеден қыран болып шүйiлдiм.
Қайран бақыт! Сен кiмдерге бұйырдың?!
Тоғыштарға тон болып та киiлдiң,
Беттiлердiң беделiне иiлдiң,
Ептiлердiң көмейiне құйылдың.
Маған олай орын берме қасыңнан,
Есiркеп кеп сипама да басымнан.
Өр мiнезбен өскен жанмын мен өзi,
Қиындықпен қидаласып жасымнан.
Өзiңнен де, өзгеден де жасырман,
Кездерiм көп жасыған да, ашынған.
Жолыңды да тосып едiм, сен бiрақ,
Көрмегенсiп өте шықтың қасымнан.
Есте менi мүсiркеген кездерiң,
Сенiң ыстық демiңдi де сезгенiм.
Қолыңды өзiң созып едiң – безбедiң,
Керi қарай ыршып түстiм – төзбедiм!
Асыл, iзгi сезiмiмнiң серiгi ең,
Тек биiктен көрейiншi сенi мен.
Аласарсаң, жара салсаң жүрекке,
Арам асты көргендей боп жерiнем.
Мысық тiлеу, сұғанақ көз, кең өңеш,
Дайын асқа əзiр қасық – мен емес.
Жалған күлiп алдарқатпа сен менi,
Арзан қызық шын бақытқа бөлемес.
Арман-бақыт, ар жолында табыстық!
Таңдайыма су тамызбай, талықсыт.
Арып-ашып мекенiңе мен жетсем,
Күллi азаптан өзiң сонда алып шық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу