Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.09.2022
132
ТҮСІНБЕДІМ
Түсінбедім,
Түсінбедім түкке мен.
Дәл осылай болар-ау деп,
Күтпеп ем.
Көбік сөзге тоя-тоя тырсиып,
Көңіл күпті, арман күпті,
Күпті өлең!
Қаулы бөлек,
Шешім бөлек,
Ел бөлек.
Бір орнында шыр айналды дөңгелек.
Төзе-төзе,
Терімізді сүйретіп,
Тулақ қылған сабауға да
Көнген ек.
Өмір бойы
Өтіріктен құралған,
Қазір құлақ
мезі болды
Ұраннан.
Сенім дейтін бар еді,
рас,
Серігім,
Серігімді кім ұрлаған,
Кім алған?!.
Жетемін деп
Сүлдерімді сүйредім,
Жете алмадым.
Сілелеген күйдемін,
Күте-күте
Күдер үзген көңілде,
Жылу да жоқ,
Жасуындай иненің!
Түсінбедім,
Түсінбедім түкке мен.
Дәл осылай
болар-ау деп,
Күтпеп ем.
Көбік сөзге тоя-тоя тырсиып,
Көңіл күпті,
арман күпті,
Күпті өлең!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter