Өлеңдер ✍️
Сол қазақтың мейірінен нəр алғам...
Сол қазақтың мейірінен нəр алғам,
Дəстүріне басымды ием сан-алуан.
Əжей айтқан сол бір шағын əңгіме,
Көтерілмей келеді əлі санамнан.
Кейде өкіндім, жолым болып жіңішке,
Кейде өкіндім, қолым жетпей биікке.
Қамшыны ойлап қашқалақтай берем деп,
Уəде бере алмай келем жігітке.
Бойжеттім бе санамды аршып мол ұғым,
Əйел заты баспай кетпес жолы бұл.
Өткендегі ойларым жоқ ал, бүгін,
Сабасына түскендей сəл көңілім.
Қыз атымен жазып талай асқақ əн,
Қызын қорғап қырғын соғыс бастаған.
Жерін қиып қашсадағы, қазағым,
Жау қолына қызын тастап қашпаған.
Мақтанышым, қазақ қызы болғаным,
Айтып қайтем, қамшы жайлы, ол жағын,
Əжеміздің əжесінен жалғасқан,
Керек сынды дəстүрімді қорғауым.
Жаны нəзік жаралғанмен жарты əлем,
Əжесінің аңсағанын аңсар ол.
Қадіріне жете алмаған қамшының,
Маңымызда мандырап жүр қаншама ер.
Кейде отырып қамшы жайлы ойланам,
Таспасымен талай жаудан қорғаған.
Қамшы ұстаған даласында қазақтың,
«Ажырасу» деген ұғым болмаған.
Бүлдіргелі қамшы ұстатып бұла ғып,
Қамшы ауысып жасалатын құдалық.
Қамшылы ерге айтпақ түгіл қатты сөз,
Əйелдері қарайтұғын ұялып.
Қамшы деген қателікті сынаған,
Əйел затын сақтап келген кінəдан.
Қамшыменен тартып-тартып жіберсе,
Ашулы еркек жібір еді ыздан.
Сонда тоқтап ер-əйелдің айтысы,
Сонда қорғап салтымыздың сарқыты.
Аласталып əр үйдегі бар пəле,
Бақытты боп жүрер ме еді бар кісі.
Кей əйелдер аналығын ұмытқан,
Сылтау таба бермей ылғи сынықтан.
Ерін сыйлап, енжарлықтан арылып,
Қабақтарын жазарма еді тырысқан.
Қанша ұзақ болар дейсіз қыз əні,
Қамшы аластар деген сөз бар кінəні.
Қазақ болғандығынан ба? Кім білсін?
Төріме əйтеу, қамшы ілгім кеп тұрады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter