Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  438


Автор: Гүлайша Ерахмет

Жігіттерге

Басынан құс ұшырмай бағзы заман,
Адам еткен анасы баулып аман.
Үлпершекке оранған ұяң қыз көп,
Өте алмайтын қарамай əрбір адам.
Сол қыздардың бағы да еркектерден,
Сол қыздардың соры да еркектерден.
Сендерге еріп адасса адасады ол,
Ханша болса болады ертектердей.
Қыз уайым шекпесін, қыз уайым,
Шошындырған мені де өмір-аю.
Сор сыйламай қыздарға бақ сыйлаңдар,
Онсыздағы тірліктің соры қалың.
Сол қыздардың құшақтап мұң-наласын,
Ақын болдым бұл күнде жыр жазатын.
Жігіт болған, ер болған осы екен деп,
Жылатпаңдар қазақтың қыз баласын.
Тұнық көлін қыздардың шайқамаңдар.
Кездессе егер алдыңнан аңсаған жан.
Шын сүйетін аруын алып қашқан,
Ер Сəменнің ерлігін қайталаңдар.
Салғанына тағдырдың көнбекте мұң,
Қыздың жаны емес қой ермек те ойын.
Қыздың жасы қиын деп айтады жұрт,
Жылатпаңдар қазақтың бойжеткенін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу