Өлеңдер ✍️
Əдемі мұң
Болар мүмкін жастық шақтың толқыны.
Кездесуге неге асықтық сол күні.
Кездеспесем жаным шығып кетердей,
Ширықтым-ау салмағы ауыр кеселдей.
Арманым-ау арты өкініш, басы үміт,
Кездесіп ек, кездесіп ек асығып.
Кездестік те көзімізде от жанды,
Үзіп кете жаздап тұрдың ноқтаңды.
Алақаннан шыққан жылу жанды өртеп,
Аулақ кетіп тепкіміз кеп əткеншек.
Айтқымыз кеп əлде бір əн шарықтап,
Қиялдармен отырдық біз қалықтап.
Неғып ертіп шығып едім досымды,
Көп сөзіміз солар болып тосылды.
Сенің де ертіп шыққан əлгі ұл досың,
Екеуімізден бір жақындық білгесін.
Жаныңа əкеп отырғызды мені еппен,
Одан кейін биге шықтық кезекпен.
Билеп жүрдім дірілімді баса алмай.
Құлагерін тірі көрген Ақандай,
Шаттығыңды айтып тұрдың көзіңмен,
Мен сол күні би билеппін сезіммен.
Қос жанарың жанымды үнсіз аймалап,
Кеудем жаққа кетіп тұрды тайғанап.
Саусақтарың саусағымды сүйіп көп,
Мұрныма тым жағымды бір иіс кеп.
Əрбір айтқан сөздеріңе балбырап,
Бір жылы сөз айта да алмай ал, бірақ.
Əн де тоқтап, би де бітіп, тарадық,
Қоштасарда қимастықпен қарадық.
...Одан кейін талай биде болдым мен,
Оның бəрі аспай қалды сол биден.
Əсерінен қалып кеткен бір бидің,
Менде əдемі бір мұң жүр.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter